Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4642 10 пікір 29 Сәуір, 2020 сағат 11:54

Тұрғымбаевтың тапаншасы һәм Мұсабаевтың атақтары

Сенаттағы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында Қазақстанның Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сенатор Талғат Мұсабаевқа марапат ретінде қару табыс етті, - деп хабарлайды ҚР Сенаттың ресми сайты. 

«Сізді елімізге сіңірген еңбегіңізбен құттықтаймыз және Қазақстан Үкіметінің шешімі бойынша тапанша табыс етеміз. Сіздің атыңыз республикамыздың тарихына лайықты жазылды», - деді министрТұрғымбаев.

Талғат Мұсабаевқа мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін Үкіметтің қаулысы бойынша иір ойықты атыс қаруы табыс етілді.

Ол 1994 жылғы 1 шілде – 4 қараша аралығында «Мир» орбиталық кешеніне «Союз ТМ-19» ғарыш кемесімен ЭО-16 экипажының бортинженері ретінде Ю.Маленченко мен В.Поляковпен бірге ғарышқа бірінші рет ұшты. Ұшу ұзақтығы 125 тәулік 22 сағат 53 минут 36 секунд құрады. Ашық  ғарышқа екі рет шықты, жалпы ұзақтығы 11 сағат 07 минутты құрады.

1998 жылғы 29 қаңтар – 25 тамыз аралығында «Мир» орбиталық кешеніне ЭО-25 (НАСА-7/» Пегас») бағдарламасы бойынша «Союз ТМ-27» ғарыш кемесінің командирі ретінде Н. Бударин, Л. Эйартц және Э. Томаспен бірге ғарышқа екінші рет ұшты. Ұшу ұзақтығы 207 тәулік 12 сағат 51 минут 02 секунд құрады. Ұшу кезінде ашық ғарышқа 5 рет шықты, жалпы ұзақтығы 30 сағат 08 минут құрады.

Талғат Мұсабаев осыдан 19 жыл бұрын 28-сәуірде «Союз ТМ-32» ғарыш кемесінің командирі ретінде үшінші мәрте ғарышқа ұшып, алғашқы ғарыш турисін орбитаға алып шыққан болатын. Мұсабаевтың экипажы «Союз ТМ-31» кемесімен жерге оралды.

Сондай-ақ өткен жылы Т. Мұсабаевтың ғарышқа алғаш ұшқанына 25 жыл толды. 2017 жылдың шілдесінен бері Сенат депутаты.

«Қазақстанның Халық Қаһарманы» мен «РФ Батыры» атақтарынан басқа 20-ға жуық орден-медальдермен марапатталған. Әскери атақтарын қосақанда 20-дан астам дәрежелі атақтары тағы бар екен. Біле жүріңіздер:

Қазақстанның және шетелдің марапаттары:

  • Қазақ КСР жоғары наградасы. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының «Құрмет» грамотасы (1984),
  • «КСРО халықтарының Достығы» ордені (1991),
  • «Австрия Республикасы алдында сіңірген еңбегі үшін» құрмет ордені (1991),
  • «Ресей Батыры» (1994),
  • ҚР «Халық Қаһарманы» (1995),
  • «Отан» ордені (ҚР, 1998),
  • «Отан алдындағы еңбегі үшін» ІІІ дәрежелі ордені (РФ, 1998),
  • «Ғарышқа ұшқаны үшін» NASA-ның арнайы медалі (АҚШ, 1998),
  • «Салмағы үлкен ғарыш объектісін құрастырудың әлемдік рекорды үшін (248 673,7 кг)» Де-Лаво атындағы FAI арнайы медалі (Халықаралық авиация және астронавтика федерациясы, 1998),
  • «Астана» медалі (1999),
  • «Барыс» І дәрежелі ордені (ҚР, 2001),
  • «Отан алдындағы еңбегі үшін» ІІ дәрежелі ордені (РФ, 2001),
  • «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» ҚР ҰҚК медалі (2007),
  • «Астанаға 10 жыл» мерейтой медалі (2008),
  • «Құрметті Легион ордені» Францияның жоғары наградасы (Франция, 2010),
  • «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көсшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев» Ордені (2011),
  • «Ғарышты игерудегі еңбегі үшін» медалі (РФ, 2011),
  • «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтой медалі (2011),
  • «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтой медалі (2016),
  • «Жауынгерлік айбыны үшін» І дәрежелі медалі,
  • «Мінсіз әскери қызметі үшін» медалі.

Құрметті атақтары:

  • РФ ұшқыш-ғарышкері (1994),
  • ҚР ұшқыш-ғарышкері (1995),
  • Жыл инженері - ҚР Ұлттық инженерлік академиясы «Машина жасау және ғарыш саласы» номинациясының жеңімпазы (2008),
  • Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2015),
  • Алматы қаласының, Алматы облысының, Байқоңыр қаласының, Қазақстанның, Ресейдің және АҚШ-тың басқа да көптеген облыстары мен қалаларының Құрметті азаматы,
  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҒТУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан МУ, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т. Я. Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері Әскери институтының және Қазақстан мен Ресейдің басқа да көптеген жоғары оқу орындарының құрметті профессоры.

Әскери атақтары:

  • Запастағы лейтенант-инженер (1974),
  • Запастағы аға лейтенант (1978),
  • Міндетті әскери қызметке шақырылғаннан кейін (КСРО ҚМ),
  • Майор (ерекшелік ретінде, кезектен тыс) (1991),
  • Подполковник (мерзімінен бұрын) (1993),
  • Полковник (мерзімінен бұрын) (1995),
  • РФ ҚМ ӘӘК Генерал-майоры (2003),
  • ҚР авиация Генерал-лейтенанты (2007).

Ғылыми қызметтері:

  • Зымыран-ғарыш техникасы саласындағы техникалық ғылымдарының докторы, профессор,
  • ҚР Ұлттық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі,
  • ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі,
  • Халықаралық астронавтика академиясының академигі,
  • Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,
  • К. Э. Циолковский атындағы Ресей ғарыш академиясының академигі,
  • Ресей жаратылыстану ғылымдар академиясының академигі.

Ал қазақтан шыққан екінші ғарышкердің саяси қызметіне қатысты ел ішінде пікір де әралуан.

Abai.kz

10 пікір