Сенбі, 4 Мамыр 2024
Талқы 4353 26 пікір 24 Сәуір, 2020 сағат 18:00

Эпидемиологтар жетіспейді

Елімізде індеттілер саны 2300-ден асты. 24 адам қайтыс болды. Бүгінгі, қазіргі дерек. Өкініштісі, күн батқанда бұл сандар тағы өзгереді. Өйткені, Үкіметтің «алгоритимі» солай боп тұр.

Қауіпті вирустың қарқыны қатты. Билік жақтағы болжағыштар 4 мыңға жетпей тоқтамайды деді. Індеттің бетін қайтару үшін күн демей, түн демей күресте жүрген дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне құрмет те, қамқорлық та артты. Президент пәрмен беріп, үстеме жалақы төленетін болды. Мұны білесіздер...

Қазір елдің күні эпидемиологтарға қарап тұрғаны белгілі. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде! Әлгінде, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев елімізде соңғы 15 жылда эпидемиологтар даярланбайтынын айтып, дабыл қақты. Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдап, эпидемиолог мамандығын қайта құруды талап қылды.  Ол 22 сәуір күні «Abai.kz» порталында жарияланды.

Перуашевтың талабы:

- Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы немесе Батыс Қазақстан медицина университеті (бұрын сәйкес факультеттер болған) базалары жанында мамандандырылған Эпидемиологиялық орталық (институт) құру;

- медициналық жоғары оқу орындарында «эпидемиология» мамандығын қалпына келтіру, оқу бағдарламалары мен біліктілік талаптарын бекіту;

- жаңа оқу жылынан бастап аталған мамандық бойынша абитуриенттер үшін қосымша гранттар, оның ішінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шет елдерде оқу гранттарын бөлу;

- жергілікті жерлерде эпидемиологиялық ахуалды бақылау үшін медициналық мамандардың қажеттілігі үшін қайта даярлау;

- Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі Комитеті қызметкерлері үшін медицина қызметкерлерінің бейіндік деңгейінде санитарлық-эпидемиологиялық міндетті біліктілік талаптарын енгізу...

Есмағамбетова: 800 эпидемиолог жетпейді

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» депутаттарының бұл талаптары бізде ғана емес, бірқатар БАҚ-та жарияланды. Қоғам талқысына түсті. Жұрт пікір білдірді. Әңгіме министрлікке дейін жетті.

Сол 22 сәуір күні еліміздің Бас санитары Айжан Есмағамбетова қазір эпидемиологтардың жетіспей жатқанын айтты.

«16 мыңдай медқызметкер коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған. Эпидемиологтар жетіспей жатыр. Олар коронавирус инфекциясын зерттеумен айналысатын адамдар. Жалпы 800 эпидемиолог жетпейді», - деді Есмағамбетова.

Қазіргі уақта елімізде ұзын-ырғасы 250 мың медициналық қызметкер бар екен. Оның 72 мыңы дәрігер. Жалпы Денсаулық сақтау жүйесіне 4 мың адам керек. Коронавируспен күреске бас-аяғы 16 мың медқызметкер жұмылдырылған. Тағы 800 эпидемиолог жетіспейді.

Біртанов: 300 маманды қайта даярлаймыз

Одан 23 сәуірге өттік. Елімізде эпидемиологиялық қызмет бойынша 300 маманды қайта даярлап шығатын болды. Және 9 мың медқызметкердің біліктілігін арттыру жоспарланған. Ол үшін бакалаврды бітірген медициналық оқу орындарының студенттерін эпидемиолог және гигиенис мамандықтары бойынша қайта оқытады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министр Елжан Біртанов айтты.

Мамандар жетіспей жатқанын мойындап сөйлеп, қысқа және орта мерзімдік жоспар әзірленетінін, бакалаврда оқып жатқан 120 студентті санитар (эпидемиолог) және гигиенист мамандықтары бойынша қосымша сағат бөліп, қайта оқыту керектігін айтты. Маман даярлау ісін қайта реформалау туралы ЖОО ректорларымен онлайн кеңес өткізді. Бұл туралы ҚР ДСМ-ның «Facebook-тағы» ресми парақшасында жарияланды.

Депутаттар айтқан ақпарды министрліктегілер де растай сөйлеп, эпидемиологтардың жетпей жатқаны, қысқа және орта мерзімді курстардан соң аталған мамандық иелері даярланатыны айтылғанда, «Айқын» гәзетінде Айзат Айдарқызы дейтін әріптесіміз «Депутаттың айтқаны - жалған», депті.

«Перуашевтің Мәжілістегі мәлімдемесі елді елең еткізді. Эпидемиолог мамандар даярлауды 15 жыл бұрын тоқтатқан. Шынымен солай ма?», деп сауал қойып, Астана медициналық университетінің баспасөз орталығының басшысы Динара Қожахметованың пікірін жариялапты. Сөйтіп, «өтірік пен расты» анықтаған бопты. Демек, сараптама қылған. Шынтуайтына келгенде, Айзат Айдарқызының ақпаратын сараптама деуге келмейді. Әйтпесе, баспасөз хатшысының пікірін бір беріп, артынан пікірдегі әңгімені қайталап айтып беру - сараптамалыққа жатпайды, рас. Сондықтан, оны гәзеттегі пікір деп есептейік. Ал пікірге әркім құқылы!

Сөйтіп, Қожахметова ханым бүйдепті: «Соңғы 13-15 жылда уни­верситет эпидемиолог дәрігер­лерді дайындамады деген пікір жалған. Қазір бұл мамандық «Қоғамдық денсаулық сақтау» деп аталады. Біз аталған мамандықпен жылына 70 студентті даярлаймыз. Қазақстан бойынша шамамен 400 түлек «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығын бітіреді. Айта кетерлігі, эпидемиология медициналық университеттегі барлық мамандықта оқытылады. Мәселен, 2 курста олар гигиена курсын өтеді. 3 курста да эпи­де­миология туралы білімін шың­дайды».

«Айқын» гәзетіндегі мақаладағы спикер Динара Қожахметованың айтуынша, білім жүйесі еуропалық стандартқа көшкен. Соған байланысты эпи­де­миология мамандығының ауқымын кеңейтіп «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультеті болып ашылған. Ал бұл факультетті бітіргендер эпидемиолог, тауар­лар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департа­ментінде және денсаулық сақтау менеджері болып жұмыс істей алады.

Енді Динара Қожахметованың пікірін талдап көрелік. Айналып келгенде, нақты эпидемиология мамандығы жоқ. Жоқ емес-ау, бар. Бірақ, ол пән ғана. Жаңағы «Қоғамдық денсаулық сақтау» деген факультеттің ішінде оқытылатын пән. Студенттер 2 курста «гигиена» деген сабақ оқыса, 3 курста «эпидемиология» деген сабақ оқиды. Яғни, 1-2 курстарда оқытылатын «социология», «психология» т.б. секілді бір пән. Ал мамандық ше? Әңгіме мамандық туралы болып отырған жоқ па?

Жаңағы «Айқынның» ақпары: Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде эпидемиология факультеті жоқ. «Санитарлық гигиена» және «Медико-профилактикалық іс» деген факултттертер болған. Бірақ, 2017 жылы еуропалық стандартқа сәйкестендіріліп - «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы болып өзгерген. «Бұл мамандықты бітіргендер эпи­де­миолог, нутрициолог дәрі­гер атанады және санитарлық эпидемиологиялық орталықтарда жұмыс істейді», депті.

Ал Азат Перуашев бұған дейін: «Медициналық жоғары оқу орындарының 2005-2007 жылдарға дейін жұмыс істеп келген санитарлық – эпидемиологиялық факультеттері емдеу факультеттері мен жалпы медицина факультетіне біріктірілді. Содан бері медициналық жоғары оқу орындарында «Эпидемиология» мамандығы жоқ, олардың біліктілік талаптары да жойылды.

Бүгінгі таңда эпидемиология саласының соңғы мамандары тауарлар мен қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау органдарында, немесе жеке меншік салада жұмыс істейді. Олар зейнетке кеткен соң олардың орындарын, қазіргі қоғамдық денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары, яғни, менеджерлер мен заңгерлер басады», - деген болатын.

Қазір елімізде 1,5 мыңнан аса эпидемиолог бар. Олардың тек 696-сы эпидемиолог-дәрігер екен. Бас санитар және 800 адамның жетпей жатқанын айтты. Министр, қосымша сағаттар бөліп, 300 маманды қайта даярлайтынын және айтты.

Түйін. Сонымен қазір елде эпидемиологтар жетпейді. Бұл бір деңіз. Екіншіден, бұрынғы Бас санитар Бекшин айтқандай, қазіргі эпидемиологтардың дені зейнеткерлер. Яғни, осыдан 40-45 жыл бұрын білім алған азаматтар. Үшіншіден, эпидемиология мамандығы арнайы оқытылмайды. Яғни, пән ретінде ғана оқытылады. Оның өзі бакалаврда ғана. Кейбір деректерге көз жүгіртсек, эпидемиология мамандығы бұрын магистатурада болған. Бірақ, сұраныстың болмауына байланысты кейбір ЖОО аталған мамандықты қысқартқан. Министрліктегілер, қалыптасқан жағдайға байланысты аталған мамандықтарды қайта ашу жайын сөз ете бастағанын жоғарыда тағы жаздық. Сондықтан, кежегеміз кері тартпай, министрлік мойындаған фактіні, дәлірек айтсақ, олқылықты бүгін түзету керек! Ол үшін әуелі эпидемиологияны пән ретінде емес, мамандық ретінде оқытудан бастау қажет! Эпидемиология мен эпидемилог мәселесіне қалам сілтеген әріптестеріміз осыны ескерсе екен!

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1127
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1027
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 764
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 879