Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Әңгіме 4742 1 пікір 17 Сәуір, 2020 сағат 13:06

Екі қорап темекі (әңгіме)

Сол күнгі нөсерді айтсаңшы! Үнді киносындағыдай селдетті-ау бір... 

Қыркүйектің соңы еді.  Ауада күздің салқын демі бар. Суық нөсер шелектеп төгіп тұр.  

Қалибек Алматы-1 вокзалынан анасын пойызға отырғызып, ауылға шығарып салды. Жүрдек пойыз кестеден кешікпей жөнелген. Нөсер басылар емес. Қолшатырын мығым ұстап, автотұрақтағы көлігіне қайтып келді. Үлкен қара джиптің жүргізуші жағындағы артқы есігін ашып, қолшатырын қапылыса бүктеп, еденге тастады. Осы мезетте ғана байқады, артқы орындықта өзінің қайыс портфелі жатыр екен. Бағана жұмыстан асығып келіп, анасын үйден алып шыққанда портфель жайлы ұмытып кетіпті. «Үйге қалдыра салмаған екенмін-ау» деген ой санасын сызып өтті. Машинаны оталдырып жатып «Портфельдің ішінде не бар еді?» деп, салған заттарын ойша түгендеді. Жұмыс қағаздары ғой. Айтпақшы, қаланың жоғарғы жағынан үй салу үшін жаңадан сатып алған жер учаскесінің құжаттары да бар. Бүгін күні бойы жүгіріп, сол құжаттарды тіркетіп, қолына алған. Үйге барған соң келіншегіне көрсетіп, сүйінші сұрамақ. Портфельде тағы екі қорап темекі бар еді. Түнделетіп туынды жазғанда темекі тартпаса ойы сабақталмайды, қолы жүрмейді. Талай жылдан бергі әдеті. Иә, кеңсесінің қасындағы дүкеннен екі қорап темекі сатып алған. Түнде тың дүние жазбақ. 

Бұл автотұрақтан қозғалғанда қара нөсер тіпті күшейе түскен еді. Вокзалдың аумағынан шығып, Сейфуллин даңғылына қарай бұрыла бергенде көлік тоқтатпақ болып, жанұшыра қол көтеріп тұрған жастарды байқап қалды. Бір жігіт, үш қыз. Бәрі қолшатырсыз. Бәрінің үсті-басы малмандай. Қар астында қалған гүлдің қауызындай суықтан бүрісіп тұр. Жолға қарай жанталаса ұмтылады. Өзінің баласымен қатар бәрі. Жаны ашып кетті. «Мыналар ауырып қалар» деп ойлады да жақындай бере тоқтады. Есікті жұлқа тартып ашқан мұздай жастар ай-шай жоқ машинаның ішіне күмп берді. Олармен бірге суық жаңбырдың суы да сорғалай кірді.

–  Саламатсыз ба, аға? Саламатсыз ба?- деп жамырасты артқа отырған қыздар.

– Ассалаумағалейкум!- деп алдыңғы орындыққа жайғасқан жас жігіт су-су қолын ұсынды. Бұл оларды өз баласындай көріп, әкелік пейілмен ашыла сөйледі:

– Әй, бәтшағарлар-ау, қолшатыр қайда? Ауырасыңдар ғой, мына түрлеріңмен. Қайда барасыңдар? 

– Мүмкін болса, Сейфуллина – Гоголяға жеткізіңізші,- деді жігіт,- 500 теңге. Бола ма?

– Жарайды, көрерміз. Отырдыңдар ма?

– Отырдық, жүре беріңіз!- деді арттағы қыздардың біреуі нәзік қана дауыспен.

– Пешті қосыңызшы, аға. Қатып қалдық,- деді тағы бірі наздана. 

– Міне, міне! Қазір жылытамыз,- деп Қалибек мейірлене сөйледі. Пешті қосып, газды басты. Қара джип жолға түсті. Жастар біраз жылынып, ес жиған соң жөн сұрасты. Үш қыз ЖенПИ-дің студенттері екен. Олар бір құрбысын пойызға шығарып салыпты. Ал Нұрлан деп танысқан мына бала қыздардың бірінің жігіті сияқты. «Медициналық университетте оқимын» деді.

– Сіз болмағанда точно ауыратын едік. Сізге рахмет! - деді Нұрлан Қалибекке бар денесімен бұрылып,-  Өзіңіз кім болып істейсіз?

– Мен қарапайым жазушымын. Анамды ауылға шығарып салып едім.

– Жазушымын дейсіз бе?- деп арттағы қыздар шу ете түсті. Ортадағы қыз еркелей сөйлеп:

– Ой, ағай, мен де жазушы болғым келген. Бірақ түк шықпады,- деді бұртиып,- Мектептен жазатынмын. Кейін қойдым. 

– Сендер жассыңдар ғой. Талаптансаң әлі де бірдеңе шығар,- деді Қалибек қызға маңдайшадағы айнадан қарап. Өзі сүйріктей әдемі қыз екен,- Қай факультетте оқисыңдар?

– Педагогика. Биыл бітіреміз.

– Бәрің бе? 

– Иә, бәріміз бір топта оқимыз.

– Бес минутсыз ұстаз екенсіңдер ғой. Өмірде ұстаздан асқан құрметті мамандық бар десе сенбеймін,- деді Қалибек сабырлы қалыппен, жолдан көзін алмай,- Менің бала кезгі арманым әдебиет пәнінің мұғалімі болу еді. Мектепте мұғалім болуды армандайтынмын. 

– Өмір деген қызық қой,- деді әдемі қыз өкінгендей,- Менің жазушы болғым келді, ал сіз ұстаздықты армандапсыз... Адамның ойлағаны бола бермейді екен.

– Бұны – жазмыш дейді . Жазмыштан озмыш жоқ,- деп Қалибек терең ойды қозғап келе жатты да,- Жаратушының дегені болады, тек адам жақсылыққа ұмтылуы, талап қылуы керек,- деп қысқа қайырды.  

Машинаның ішіне тамсана көз жүгіртіп отырған Нұрлан сөзге араласып:

–  Мен мынадай машинаға бірінші рет отырып тұрмын. Қымбат шығар, ә?-деп сұрады.

– Әркімнің табысына қарай ғой,- деді Қалибек баяу ғана мақтанғандай болмайын деп,- Біреуге арзан, біреуге қымбат. Кімге қалай?

– Қымбат тұрады бұл,- деді Нұрлан алақанымен панелді сипап,- Бұрын джипті кеденшілер ғана мінетін шығар деуші едім. Жазушылар да мінеді екен ғой. 

– Мінсе жазушы мінсін,- деді Қалибек күтпеген сөзге қитығып қалғандай,- Жазушы мінсе көз майын тауысып, адал еңбек, маңдай терінің ақысына мінеді. Ал кеденші деген кім? Шекараны майшелпек қылып жүргендер ғой. Сенің мына сөзің қызық екен.  

–  Жазушы деген – адам жанының инженері. Ұстаз да солай. Менің атам солай деп айтатын,- деді әдемі қыз Қалибекті жақтағандай,- Бұрын ең бай адамдар ақындар мен жазушылар болған. Солай емес пе, иә, аға?

Қыздың сөзі Қалибекті толқытып жіберді. 

– Сендер білмейсіңдер ғой. Ол бір молшылық заман еді,- деді қызға қарап  терең күрсініп,- Сенің сөзіңнің бәрі рас. Кеңестік кезеңде ақын-жазушыдан бай адам болмады. Ол кездің үкіметі ой еңбегін қатты бағалайтын. Әдебиет пен өнерді қадірлейтін. Қаламақыны аямай беретін. Ақын-жазушы өз тапқанымен бір әулетті асырай алатын. Қазір қаламақы да, үкіметтен қолдау да жоқ. Жазушы мен ақынның абырой-беделі қалмады. Көбі әупірімдеп жан бағып жүр. Сөздің де қасиеті қашып кетті. 

– Қойыңызшы, аға!- деді Нұрлан күлімсіреп,- Жоқ болса, джипті қайдан мініп жүрсіз? Бар ғой демек, бар!

– Құдайдың бергеніне шүкір, көрсеткеніне тәубә! Адамның бәрі бірдей емес. «Кәсіп түбі нәсіп» деген. Адалынан әрекет жасасаң, Алла берекетін береді. Осы машинаға отырғаныма он бес жыл болды. Талай жылғы тынымсыз еңбегіміздің арқасы бұл,- деп Қалибек сөзін нығырлап қойды.

– О-о! Ол кезде біз мектепке де бармаған екенбіз. Енді міне, университет бітіріп жатырмыз. Келешекте мен де джип алғым келеді,- деді Нұрлан тамсанып. Қалибек оған көзінің қиығымен қарады да, аз-маз ағалық ақылын айтып қойғысы келді:

– Бұйырса, аларсың. Құдай соған жеткізсін де. Қазіргі жастардың бәрі асығыс. Бәрі бірден болса дейсіңдер. Үй. Машина. Әйел. Ақша. Көзсіз кредитке батып жатқан да жастар. Қит етсе ата-анасына, ағайын-тумасына салмақ салып, несие алдырады. Артын ойламайды. Кредит деген несібе емес, ол – несие. Қарыз. Қазақ атамыз «Қарызың барда малым бар деме» деген. Адамға дүние бірден аспаннан түспейді, біртіндеп құралады. Соны түсінсең жаман болмайсың.

Әңгіменің қызығына кіріп, айтқан жерге келіп қалғанын байқамай да қалыпты. Күздің күні қысқа. Әп сәтте қаланы қою қараңғылық басқан. Кептелекте  келе жатқан көп көліктің жарығы ғана айналада не барын аңғартады. Нөсердің соңы майда жаңбырға айналып, себезгілеп бүркіп тұр.

– Осы жерден тоқтаңыз!- деді Нұрлан. Ары-бері қозғалақтап, тар шалбарының қалтасынан умаждалған 500 теңге шығарып Қалибекке ұсына берді. Бұл Қалибектің ойына кіріп те шықпаған. Бірден Нұрланның қолын кері қайтарды:

–  Жоқ! Ақша алмаймын! Өздерің жаратыңдар. Сендер суықтап, ауырып қалмасын дедім. Ақша өздеріңе керек болады,- деп бәйек болды.

– Ой, аға! Ыңғайсыздау болған жоқ па? Сонша жерден келдік қой. 

– Сонша жерден келсек, бірталай әңгіме айттық. Жол қысқарттық. Таныстық, бауыр таптық дегендей. Өзіміздің қазақтың жеткіншектері болған соң нөсердің астында, суықта қалдырмайын деп... Мен осы көшенің бас жағында тұрамын. Аман болыңдар! Жақсы адам болыңдар!

Нұрлан ақшасын қалтасына салып, ризашылық сезіммен Қалибектің қолын қысты:

– Онда жақсы, аға! Рахмет сізге! Сіз сияқты ағаларымыз аман болсын!- деп машинадан түсті де артта отырған қыздарды біртіндеп сүйемелдеп шығара бастады.

– Ағай, сау болыңыз!

– Сау болыңыз! Көп рахмет!- деп қыздар да жамыраса қоштасты.

Қалибектің көкірегін өзіне деген ризашылық сезім кернеді. Өзінің сауапты ісіне шын риза еді. Жан дүниесі нұрланып, әдемі күй кешті. Біреуге істеген жақсылықтан асқан рахат болмайтынын ол бұрыннан білетін. Өзінің баласындай жастарға пана болғанын ойлап, жол бойы көңілі көтеріңкі болды.

Зәулім үйдің астындағы паркингке кіргенше оның жаны жадырап келді. Машинаны сөндірген соң ғана артқы орындықта жатқан манағы портфелі есіне түсті. Жүрегі зырқ ете қалды. Есікті ашып қарап еді, су болған потфель еденде тұр екен. Аяқтың астында қалып, лай болған қолшатыр да жатыр. «Портфельдің барын мүлдем ұмытып кетіппін ғой. Әлгі қыздар ашып қарамады ма екен?» деген суық ой санасын қарып өтті. Жалма-жан қолына алғанда портфелінің ашылғанын байқады. Әйтеуір жер учаскесінің құжаттары аман екен. Олар басқа қалташаға ауысыпты. Екі қорап темекі жоқ. Темекіні жымқырыпты. 

Осыны түйсінгенде Қалибектің аспандап келген көңілі жерге соққандай болды. Көз алдына артта отырған қыздардың кәнігі ұрыдай жанталасып, нәзік саусақтарымен портфельдің ұңғыл-шұңғылын тіміскілеп жатқаны елестеп кетті. Нұрлан болса мүләйімсіп, бұны әдейі әңгімеге айналдырып отырыпты. «Не деген оңбағандар еді! Осынша жақсылық істеген адамға иттік жасағандарын қарашы. Ал, портфельде ақша болса не болар еді? Оны да жымқыратын еді ғой. Мыналарың адам емес екен! Ертеңгі ұстаздармыз дейді». 

Қалибектің жан дүниесі астаң-кестең болды. Мәселе екі қорап темекіде емес еді. Оны қойшы... Ол темекіден айрылғанына өкінген жоқ, ертең мұғалім боламыз деп отырған жастардың осындай азғындыққа барғанына күйіп-пісті. Олардың әрекетін тереңірек ой елегінен өткізіп көріп еді, жаны түршікті. Өзіне өзі кіжініп: «Үміт күткен болашақтың сиқы осы ма? Атасына нәлет!» деп іштей күбірлей берді. 

Темірғали Көпбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2199
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2584
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2521
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1684