Жұма, 26 Сәуір 2024
Білгенге маржан 7296 5 пікір 8 Сәуір, 2020 сағат 12:40

Егеухан Мұқамәдиқызы: Этнографиялық әңгімелер (жалғасы)

Басы: Егеухан Мұқамәдиқызы: Этнографиялық әңгімелер

Жалғасы: Егеухан Мұқамәдиқызы: Сәулетті көш

Теріден жасалған ыдыстар

Сабалақ теріні илеу

Қыста соғымға сойған аттың терісінің жүнін соя сала Алдаберген өзі өткір пышықпен қырып алып, қан-сөлінен түгел арылтып, жуып, тазалап, суын сорғытып жаяды. Зылиқа ағаш астауға үш литр суды шым-шым болғызып құйып, үш шөміш ұн салып, үш литр қатықты езіп, бір шөміш тұзды ерітіп, бір қапшық ашытқы қосып, бәрін араластырып жылы пештің түбіне бүркеп, қымтап, жауып қойды. Ертеңінде әлгі ий астаудың ернеуінен иісі аңқып, асып, боза болып ашыпты. Зылиқа тобарсып тұрған жылқының терісін еденге жайып, ашыған ийді баттастырып жағып, сіңіруге қалың киізге орап тастайды. Жарты айдан кейін терінің арасын ашса, ешқандай қатпаған. Балқып ий болып қалыпты. Ийін қырғымен қырып, тағы да тобарсытып керіп, созып қойды.

Саба тігу

Анасынан көргеніндей   терінің жұқа шап пұшпақтарын түсіріп төрт емізік болдырып пішіп алды. Жылқы, сиырдың жіліншіктерінен кезінде алып кептіріп, қолмен тарап ширатқан тарамыстарын әзірлеп, кебіс тіктіргенде қалған көк сауыр ұлтанның қиқымынан оймақ жасатты. Алдаберген етік тігетін жіңішке бізінің ұшын өткірлеп қайрап берді. Зылиқа кебеқұрғақ терінің қоспасына шүберек салып, жуан инеге тарамысты сабақтап, біздің орнынан тебе тігіп бітірді.

Қара саба

Жылқының  мұндай қалың жондамасынан тігілген әрі ий қанған саба күтіп ұстаса, көпке шыдайды. Қазанға үш литр суды құйып, бір килограмдық  шайды салып, шайдың бояуын құрымғып шығарып, қайнатып шым-шым болғанда сабаға құйып, үш күн бойы ұдайы өн-бойына тегіс  тигізіп, шайқайды кеп, шайқайды кеп. Шай әбден сіңген соң, сабаны тағыда тобарсытады. Сонымен  ірікіт, қымыз құюға болады. Сонда сабаға құйған  іркіт, қымыздан іші терінің иісі немесе ашыған иидің иісі шықпайды әрі саба шірімейді. Қара саба осылай жасалады. Қара саба халықтың құты болып есептеледі.

Сүйретпе торсық

Сойылған түйенің мойын терісінен бітеу күйінде сойып, сылып алады. Түйенің өндіршегінен қамтыңқырап, екі қолдың иығынан да түйенің мойнақ терісіне жіберіңкіреп сояды. Өйіткеніол өндіршек жақ сүйретпе торсықтың түбі  «мойнақ саба» деп те атайды немесе мойнақ сабаның түп жағы болады. Түйенің өте берік, қалың өндіршек терісінен түп салады. Терінің ішкі сары етін, шелін, майын түгел арылтады. Теріні кебе құрғақтап алған соң түппен өн-бойының арасына сыздық салып, өткір бізбен тесіп, қалдылау ширатылған тарамыспен жуантық инеге сабақтап алып, тебе тігеді. Бұл мойнақ сабаның берік болуына тұла бойының тұтас бітеу сойылуы да көп әсер етеді. Сондықтан түбі мен бойының аражігін аса берік тігеді. Тігіліп болған соң аузының әр жерін танап піспек сиятындай мөлшерге келтіріп, сәндеп қояды. Тігісі қолдан шыққан соң, қарағайдың қабағын қайнатып шым-шымдағанда малып қояды. Бірнеше тәулік өтен соң, малмадан шығарып тобарсытады. Қою, құрым болып қайнаған шайға салады. Сіңіріп шайқайды. Түйенің мойнақ терсінен жасалғандықтан жүз елуден екі жүз литрге дейін қымыз сияды. Мойнақ сабаны «Сүйретпе торсық» атау себебі анандай алыс ауылдар той жасағанда қымыз құйып түйеге артып, атқа өңгеріп апаруға шыдайтын берік болғандықтан «сүйретпе торсық» атаған.

Өркеш торсық

Өркеш торсық дегеніміз – түйенің өркеш терісінен жасалады. Түйенің екі өркеш терісін теріден сылып алып, бітеу сойып алады. Өркеш терінің майын өте мұқият қырып-арылтады да тобарсытады. Тобарсыған соң екі өркештің терісін беттестіріп тігеді. Жалпақтау жағын орнықты түбі болдырады. Жіңішкелеу жағын аузы болдырады. «Батырдың өзіне лайық сойылы бар» дегендей мұныңда өзіне лайық піспегі болады. Тігілу, өн-бойындағы иіс, қоқыстан арылту, ыдыстық қасиетке жеткізу – бәрі сүйретпе торсықпен бірдей айла-амал қолданады. Өркеш торсықтың үлкен-кіші болуы – түйе өркешінің үлкен-кіші болуына байланысты. Өркеші баладай үлкен өркештен жасалған торсық бір-екі биенің қымызын ашытып отыруға, аз ғана қой-ешкінің, бірер сиырдың сүтінен іркіт жиып пісуге жарап тұрады.

Жанторсық

Кішілеу өркешті түйенің өркешінен жасалған торсық –  жанторсық орнына пайдалана беруге жарайды. Жанторсықты түйенің, сиырдың берік терілерінен мөлшерлеп пішіп алып, тігіп жасайды. Жанторсық алысқа атпен жолаушылап жүргенде, жаугершілік заманда, бейбіт өмірде қойшылар қой жайғанда бәрінде  сусын құйып, ердің қанжығасына байлап немесе иық бауынан мойынға аса салып жүре беретін жанынан тастамайтын жанторсығы ғой бұл. Бұл торсықтарды да тігіліп біткен соң, қарағайдың қабығын қайнатып салып, шай қайнатып құйып, шайқап, сіңіріп, қалыпқа келтіреді. Жанторсыққа құйылған қымыз, іркіт, айран өз қалпын сақтап тұрады. Алыс жолда шөліркегенде ішкен сусын тіптен балдай болады.

Көнек

Қазақ халқы ертеде малды темір ыдысқа саумаған. Сиырды, қойды ағаштан ойып дөңгелетіп түп салып жасаған ағаш шелектерге сауған. Көз тимесін деп ағаш шелектің құлағына тесік тас тағатын. Биені көнекке сауған. Көнекті түйенің үлкен өркешінен сылып алатын, не мойнақ терісінен өлшеп алып құммен кетпеп шелек қалпына келтіретін. Бір жақ ернеуінен шүмек шығарып, екі жақ ернеуінен бау өткізетін тесік тесіп қалыпқа келтіріп қатырып сірі болдырып жасайды. Ол сірі жөбі – шөкім жаңа сауа салған сүтке әл беріп қалпын бұзбайды. Жылқы малы секемшіл, сергек мал ғой. Темір шелекке сауған сүттің дыбысынан да сыңғыр-сылдыр болғызып естіртпейді. Биенің аяғы тиіп кетсе даңғырлап-саңғырлап кететін темір шелектен үркіп иімей қоятын. Сондықтан арнаулы абзал ыдыс «көнек» жасап сауған.

Көнқап

Халқымыз барды бағалап, ұқсатып қолдан жасап қажетіне жаратқан халықпыз ғой. Сойған ешкінің, серкенің терісін ащымен сорлап, шылғилап, икемге келтіріп нәрсе салатын қап жасаған. Екі жағына екі құлақбау таққан. Мұның тігісінде тарамыспен тіккен. Серкенің терісінен жасаған қап өте берік болады. Мұны «көнқап» деп атайды.

Талыс

Жылқының бас терісін бітеу сойып сары етін арылтып, тұз жағып илеп икемге келтіреді. Екі құлағын тікейтіп кекілін күлтелендіріп өз мөлшерімен дорба жасаған.  Ашатын аузын жұқалап жонған.  Ағашпен қышқаштап екі жерінен тесіп қайыс өткізген. Бұған отағасы біз, тістеуік, қайрақ, жануыш, сүмсуір, егеу, тескіш дегендей ұзақ-түйек заттарын салатын. Мұны «талыс» деп атаған.

Тұлып

Сиырдың туа салып өлген бұзауының терісін бітеу сойып, аударып тері жағынан тұз жағып шылғилап кептіріп тұлып жасайды. Бұған көшпелі ауыл үйінің ұсақ-түйек қажетті заттарын салып қояды. Мұны «тұлып» дейді.

Тарамыс ширату

Жылда соғымға сойған жылқы, сиырдың жіліншігіндегі сіңірлерін ұзынына пышақ тигізбей сүйектен сылытып алып мұқият кептіреді. Тісі барында Мәнура әжей тарамысты өзі ширататын. Тісі кеткелі Зылиқаға үйреткен. Кепкен сіңірді қайнаған қара шай бүркіп сырмақтың арасына тығып қойып жібітеді. Ылбырап жібіп кеткен кебе құрғақ болып жұмсаған шағында сіңірді ағаш тоқпақпен ағаш жаңғырыққа салып аса қатты емес ақырын-ақырын допсылап ұрыптоқпақтап жұмсартады. Жұмсаған сіңірді тарап-тарап келептеп шоқтап қояды. Арнаулы уақыт бөлініп таралған сіңір тарамысты тісімен тістеп артық ауасын сыдырып алып тастайды. Тармысты ширатарда алғаш екі талын басын айқастырып сол қолымен ұстап отырып оң қолымен жымдастырып ширатады. Тарамысты бір бастап алған соң көбіне құлаш жарымға дейін ұзағынан ширатады. Сиырдың сіңірі жұмсақ тарамыс ширатуға үлпілдеп тартылып жымдасып ширатылады. Тарамыспен етік, кебіс, саба, көн қап торсықтарды тігеді. Ол өте берік жіп саналады.

Етік тігу

Ертеректе етікті аударма бас болғызып тіккен. Ұзын ширатылған тарамыстың екі жақ ұшын бірдей ұштап алып жуантық инеге сабақтайды. Сыздық қабаттасқан жұлығын біріктіріп өткір бізді шаншып қайта бізді суырып алып орнына екі жағынан айқастырып тарамыс сабақтаған инені өткізіп тігеді. Тарамысты ұзын ширату себебі етіктің жұлығының екі жағынан бірдей айқастырып тіккенде үзіліссіз жету қажет.  Етік тіккенде ұзын ширатылған жарамысты берік болу үшін етікші құлаштап қатты тартады. «Етікшіден құлаш қаш» деген мақал осыдан пайда болған. Тарамыспен етік, саба, торсық, оайыл-тұрман қап сиқты өмірге қажетті жабдықтарды тігеді. Тарамыс осылай жасалып, пайдаланылады.

Ағаш ыдыстар

Қазақ халқы ежелден ағаштан түйін түйген халық. Көбіне ағаштан ойып ыдыс жасайды. Теректен, басқа да үйлесетін ағаштан кесіп алып жастай жұмсақ ағашты мөлшерімен кесіп өлшеп алады. Содан кейін асықпай-аптықпай жасайтын ыдыс-аяқтың формасын шығарады. Ол үшін темір, шот, ыңғуыр, тескіш, кескіш, түрпі, ара, балта, балға тәріздес саймандары бәрі де сай. Іске кіріседі.  Ағаштан ет жасайтын табақ дөңгелек. Астау сопақша, қымыз құятын тегеш, қос бүйірлі ожау сырлы тегешуке үйлескен сырлы аяқ, тостаған, қалақ, қалақша, мал жайғағанда қорықтық жасайтық саптыаяқ, мал суаратын шелек, келі-келсап, шайгелі, түйгіш, итаяқ, мал суаратын науа, жүкаяқ, қайқыбас төсек, жай төсек, шай тақтай орындық бәрі ағаштан екені айтпасада түсінікті.

Тұрмыста қажетті заттар

Үй тірейтін бақан, ашабақан, адалбақан, қашаған жылқыны ұстайтын құрық, түңлікке тірейтің сырық. Бие баудың қой қосағының, қозы көгеннің желілеріне бәріне екі жағына қағатын қазықтардың бәрі қайың ағашынан алып кептірсе темірдей қатып қалады. Ол қазықтарды ұрып қағуға да қайың ағашынан шоқпар жасап қояды. Тесе, күрек, кетпен, балта, балға, ұршық бәрінің сабы да ағаштан. Түйенің мұрындығы, ұн оқтаулап жұқартатын оқтау, түйенің жүк артқан арқанын беріктеп бұрайтын бұрауда ағаштан, көріктің де асты, үсті, мойны ағаштан. Ер, ашамай, есік, ергеншек, үй ағаш бәрі ағаштан.

Өнер аспаптары

Ән-күй өнер аспаптарының небір түрлері ағаштан жасалған. Домбыра, қобыз, жетіген, сырнай, сыбызғы, пианино (күй сандық), барабан, дабыл дегендей, бәрі-бәрі шеберлердің туындысы. «Шебердің қолы ортақ» кейбір шеберлердің жасаған аспаптарын халқымыз түгелдей игілігіне жаратады.

Ши тарту

Тамыз айының ортасына қарай ат жететін жердегі ауыл әйелдері түйесін қомдап, азығын қамдап ши тартуға аттанатын. Бұл кезде ши кемеліне келіп, буыны қатып, әбден өсіп, жетілген шағы. Ши әр өңірде кездесе бермейтін сирек өсетін өсімдік. Ол жұмсақ құмды, құнарлы, дымды ойпат жерлерде, өзен-көлге жуық жиектерде қанаттас аумақтарында өседі. Ел жайлаудан көшпей мал аяғы баспай, шиге мал аяғы тимей тұрғанда барып әркім өз қалауынша, шамасына қарай ши тартуы ләзім. Шиді әйелдер қармаулы азаматтар бірігіп тартады. Ыңғайы келсе белге, білекке орап тартады. Сол орнында шидің түбінің қарақұсының сыртындағы көп қабаттарын түсіріп басының шашағын кертіп жеңілдетіп құшақ толатындай тобын қапқа кигізіп жіппен таңып түйеге теңдеп алып кетеді. Келе қабығын аршып, көлеңкеге жайып  керптіреді. Осылай тартып алған шиді ары қарай қажетіне жаратады.

Ақши

Қазақ халқының көшпелі өмірінде ши өте маңызды орын алады. Шидің қай түрі де киіз үйдің керегесі мен туырлық арасынан ұсталады. Ол жылылыққа септігін тигізеді. Әрі киіздің сыртынан керегенің көздерінің табы бунақ-бунақ  көрініп тұрмауы керек. Үйдің ішкі жағынанда ораулы шилер әсем, көркем көрініп үйдің сәнін келтіреді. Ақши ораған шиге жалғас ұсталады. Шиді барлық әйелдер орап, сәндеп тоқи бермейді. Өйткені кейбір әйелдер шиді сәндеп орай алмайды. Енді біреуер шиді орайтын, көркемдейтін түрлі-түсті бояу, жүн, түрлі жіптер дайындап алуға дәті жетпейді. Сондықтан ақшиді киіз үйдің айналасына жеткендей мөлшерде тоқып алады да үйге ұстай береді. Ақшиді ауқатты адамдар киіз басуға арнаулы бір мөлшермен төрт қанат тоқиды. Ұзындығы төрт кезден болса айқастырып  көктегенде сегіз  кез болады. Бір шидің биіктігі бір кезекі қарыстан болады. Оны ара-тұра кереге сыртына ұстаймыз ба деген-ді де ойластырып тоқиды.

Кілемше

Тартылған шиді аршып тазалаған соң ең ірісін іребделдеп алып сәндеп орайды. Шиді неше түрмен түрлендіріп орауға болады. Үйге ұстайтын шиді көбінде үш түрлі ораумен өрнектейді. Ең шымы «кілемше» және «бәшіке» шаршы мүйізде салады. Шидің сәнді орауы «кілемше» аталады. Ақ, қара, қызыл-жасыл, сары, күлгін-қоңыр өңдерді сәйкестендіріп бояумен бояп жүнді түтіп, ыспалап алып ораған. Қазір түрлі-түсті дайын жіптермен орайды. Шиге салатын өрнекті әуелі ақ мата не ақ қағазға сызып алып соған әр шиді салып өлшеп отырып орайды. Кілемше өрнек екі шаршыны қатар келтіріп әр өрнекті тұспа-тұс сәйкестендіріп жарастырып түрлейді. Әр өрнектің дәлдігін көріп отыру үшін шидің басынанғ аяғынан, ортасынан үш жерінен жіппен тізіп отырады. Бұл екі шаршы қатар келгендіктен  шидің өрнегі өте шым көрген жан таңқаларлықтай көркем көрінеді.

«Шым ораулы болмаса шидің сәні келмейді» - деген мақал осы кілемше өрнекті шым оралған шиге қаратылып айтылса керек. Оратылып тоқылып біткен шидің бас-аяғын екі жағын өңді пұлмен көмкеріп қояды. Ол шидің бас аяғының сынбасына септігін тигізеді. Әрі көркем көрінеді.

Бәшке

Бәшке орау әдеттегідей шиді іребделінен таңдап алады. Бәшкенің шаршысы үлкендеу келеді. Шаршысын шидің ұзынана қарай жалғастырып орайды. Мұның да ақ матаға немесе ақ қағазға тағы шаршы өрнекпен сәйкестіріп отырады. Ақ-қара, қызыл-жасыл, сары, күлгін, қоңыр өңді бояуға боялған жүнді түтіп ыспалап алып сонымен орайтын. Ал қазір түрлі-түсті дайын жіп керектенеді. Оранған әр тал шиді үш жерінен тізіп отырады. Оралып тоқылып біткен шидің бас-аяғын көмкеріп қояды. Бәшке өрнекпен оралған ши осылай жасалады.

Өреше

Дыңды-қалды шилерді таңдап орауға ақши тоқуға іріктеп алған соң қалған шиден құрт жайып кептіретін ұзындығы екі құлаштай өреше ши тоқиды. Жерге төрт қазық қағып қазықтың жанына жерге сұғындырып төрт ағаш орнатады. Екі жағынан көлденең білектің жуандығындай ағаш байлап үстіне әр жерден шыбық қойып соның үстіне өреше шиді жазып оған құрт-ірімшік жайып кептіреді. Астынанда, үстіненде жел есіп жайылған құрт-ірімшік тез кебеді. Өреше шиді осылай жасап пайдаланады.

Шыпта

Жан-жағынан бір кезден мөлшерлеп төрт бұрыш ши тоқиды. Мұны «шытпа» деп атайды. Сүтті пісіріп, қатық айран құйып ірітіп тағы бұрқ еткізіп қайнатады. Қазанды түсіріп үстіне шыптаны қойып ақ ірімшікті сүзеді. Шыпта осылай жасалып, осылай өмірде қажетке жарайды.

Ши тоқитын бау

Ши тоқитын бауды шидің өңіне қарай әзірлейді. Ақ ши тоқитын болса ақ жүннен (ақ жіптен) екі тал жіпті екі жеке иіріп, екеуін қосып қайта иіреді. Ораған шиді тоқитын бауды ақ-қара жіптерді жеке иіріп одан соң қосып қара-ала бау иіреді. Немесе қызыл-сары жіптерден де солай жасайды. Қызыл ала бау ораған шиге өң береді.

Ши тоқу

Ши тоқитын арқалық ағаш бауды іліп қалмайтын тоқылған шидің жерге түсуіне бөгет болмайтын сыртқы қабығы жылмағайлап аршылған майда бұтақсыз, жұмыр, жіңішке, білектей, сындардай сыптығыр болуы шарт. Бұл арқадық ағаштың бір жақ ұшын уыққа тірелген ашаның адамның белуарынан төрт елі жоғары келетін ашасынан, бір жақ ұшын керегенің көгінен іліп байлап қозғалмастай бекітеді. Арқалық ағаштың арқасына ши тоқитын бау жылжымайтындай баудың санымен кертеді. Бау арқалыққа асылып тұратындықтан сыпырылып қалмас үшін бірыңғай сопақша тас таңдап алып бауды соған орап шалып қояды. Арқалықтың арқасына тоқитын шиді бірден-екіден қатарластырып қойып бауды ары-бері айқастырып тоқиды. Ши тоқылғанда қысқарған бауды жылжытып отырады. Ши тоқылып біткен соң қалған бауды есіп керегеге шиді байлайтын болдырады.

Ірге ши

Қазақ халқы өз жағдайын өзі жасаған ел. Киіз үйдің барлық жабдығы көшпелі елдің өмірімен ұштасқан құндылық. Киіз үйге байланысты құндылықтардың бір саласы болып келетін аты кішілеу болғанымен айтарлықтай міндет атқаратын айтулы ши «ірге ши» аталады. Ірге шидің биіктігі екі қарыс, төрт елі. Ұзындызғы киіз үйдің шеңберіне орай жасалады. Ірге шиді үш жерден бау келтіріп тоқиды. Сыртын киіз үйдің дөдегесінің оюымен сәйкес оюлап шүберекпен немесе киізбен қаптап тоқиды. Ол жылылыққа өте пайдалы. Киіз үйдің туырлығын жауын-шашында суға малтықпау үшін керегенің екі көзін ашық қалдырып жоғары ұстайды. Жел соғып, аңызақ болып күн суыта қалса ірге шиді ұстай қояды. Күн жылына қалса ірге шиді жинап алып, іргеден самал естіріп, серпіліп рахаттанады.

Тулақ

Қазақ ата-бабаларымыз ежелден тұрмысқа қажетті барлық жабдықтарды өз қолдарымен мал өнімдерінен, табиғаттан алып жасап алатынды. Әр ауыл әдетте жылда күзем алып, жүн сабап, киіз басады. Жүн сабау үшін қатты, қалың, төзімді тулақ қажет болған. Ол үшін сойған сиырдың әсіресе өгіздің терісін қан-сөлін қырып аздап тұз жағып төңірек пұшпағын алып дөңгелек формаға келтіріп көлеңкеге тегіс жерге жайып кептірген. Әдетте өгіздің терісі қалық, қатты үстіне жүн сабауаға төзімді болады. Жүн сабайтын тулақты осылай дайындап алады да жүн сабап біткен соң күтіп сақтап қояды.

Сабау

Сабау дегеніміз жүнді тулақтың үстіне төгіп қойып, сабап, додалап түтуге керектенетін ағашты «сабау» дейді. Бұрын мал шаруашылығымен айналысатын көшпелі ел үшін әр үйде жүн сабап киіз басқан. Сондықтан әр үйде кемінде 16-дан 18 пар сабау болуы қажет. Сабауды қайың, ырғай, тобылғылардың бұталарынан жуандығы ортан қолдай, ұзындық мөлшері кез жарымдай ағашты кесіп алып қол ұстайтын төрт елі сабынан басқа өн бойының қабығын аршып көлеңкеге жайып кептіреді. Жылда күзем алып жүн сабауға жиналған қыз-келіншектерге екіден таратып беріп, жүн сабап болған соң жинап алып буып сақтап қояды. Сабаудың басы жарылса жылда жаңалап отырады.

Мұрындықбау

Шиге жүн тартып, су сеуіп бүктеп орағанда шидің көлемі жалпақ ұзындығы ұзын болғандықтан бүктеп ораушылардың ырқына зорға көнеді. Бұл ши тартылған жүнімен арқанмен таңып ары-бері аунатқанда бір жағына қарай құсып ішкі қабатының ұшы сыртына қарай шығып кетіп киіздің пысуына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайды болдырмау үшін үш қабат есілген, ұзындығы үш құлаш арнаулы жіп дайындап қояды. Мұны жүнмен бірге шидің шетіне салып, екі ұшын тартып  шидің шетінен шығарып қойып орайды. Жүн тартылған ши оралып таңылғанда әлгі жіпті таңған арқанды тартып мықтап байлайды. Мұны «мұрындық бау» - деп атайды. Мықты «мұрындық бау» оралған шидің құсуына ары-бері қозғалуына жол бермейді. Мұрындық бауы осылай міндет атқарады.

Күземді алу

Жылда қыркүйек айының басынан бастап әр ауылда күзем алу басталады. Ол үшін қойды өзен суға айдап салып тоғытады. Бұл қойдың жүнін шуашынан арылту тәсілі. Қой тоғытылған соң жүні кебе салысымен қойды қосақтап қырқу басталады. Күзем алу жұмысы да үлкен науқан. Күземді әр ауыл адамдары бірігіп алады. Бүгін ана ауыл – үй қойын тоғытса ертеңіне қырықтықшылар сол ауылға жиналады. Онда қырқым басталған үй қой сойып, қол қусырып, сары қымызды сапырып, арқа-жарқа әзіл, күзем алу кіші-гірім той сияқты өтеді. Қатар-қатар үй-төрт керме қосық кереді. Біреуіне қызыл жүнді қойды, біреуіне ақ, біреуіне қара, біреуіне алашұбар  жүнді қойларды қосақтайды. Әр қырықтықшы бір-бір қосақтан бастап шетінен әкеліп жүн жиюшының жығып берген қойын ұстарадай лыпылдап тұрған өткір қырықтығымен төрт аяғы буулы қойдың артқы санынан бастап әп-сәтте қырқып шыға келеді. Қырқылған жүн таза болуы үшін қойдың астына кенеп, тері төселеді. Жүн жиюшылар өзінің жинаған жүнінің өңіне бір тал басқа жүн қосылмауын қатаң қадағалаған. Өйткені ақ киіз аппақ, қара киіз қара болуы жүн қырқымынан басталады. Жүнді өңімен қаптап жинап қояды. Күзем алу әр ауылда осылай аяқталады.

Жүн сабау

Қой қырқылып күзем алынып біткен соң ауыл-үй, қыз-келіншектері жүн сабауға белсене бастайды. Ерте тұрып таңертеңгі шайын ішкен соң, ана үйдің келіншегі шықты ма? - деп бір-біріне қарайлап жүріп қыз-келіншектер бір мезетте жүн сабайтын үйге  сау етіп келе қалады. Келеді де бізге не дейді деп қарап тұрмайды. Жүн сабайтын тулақты әкеліп үйдің ортасына орналастырып төңірегіне отырған адамдардың тізесіне жер батпайтындай сырмақ, маяуза, көрпеше төсейді. Буулы тұрған сабауды шешіп өзді-өздері екі-екіден  алып қолдарытың тұрғанда киіздің бетіне тартатын аппақ жүннен бір құшақ алып, тулақтың үстіне тастайды да жан-жағына отыра қалып,тарсылдатып сабай жөнеледі. Шуашынан арылған тірі жүн ілезде аппақ бұлттай додаланып, шудаланып ақ мамықтай жүн мап-майда болып түтеленіп қалады. Түскі асқа дейін киіздің бетіне тартатынын бітіріп жеке-жеке үлпілдетіп жұмарлап жинап қояды.

Түстен кейін киіздің астына тартатын қызыл жүн, алашұбар жүн және қара жүнді сабап (қара киіз басатын) жеке-жеке сабап бітіреді. Бұл ертеңгі жұмыстың бастамасы.

Ежелгі еңбек күзем ап киіз басу,
Арқа-жарқа аралас дидарласу.
Жүніңді түгел сабап додаладың
Берсеңші зарықтырмай тулақ шашу, - деп әзілдескен.

Жүн тарту

Киіз басуға арнайы тоқылған әрқайсысының ұзындығы төрт кез, ені кез жарым бір мөлшерлі, төрт шиді айқастырып көктейді. Шиге жүн  шабақтаудың дағдылы шебері ересек  әйел шидің үстіне шабақ жейді деп шалалау сабап ала салған алашұбар, қызыл түсті болатын  киіздің астына арналған жүндерден құшақ-құшақ тастайды. Шабақшы әйел шидің үстіне екі тізесін бүгіп жүгініп отырып алады. Ұзындығы бір кез ғана жіңішке арнаулы  екі рғай сабауды алып шидің үстіндегі жүнді шипылдатып шабақтай бастайды.Біркелкі шабақталған жүннің үстіне ақ мамық жүнді тартатын екі әйел көктеулі үстіне жүн шабақталған шидің басынан қатар отырып жүн тартуға кіріседі. Сабаулы жүннен келептеп алып оң қолымен жүнді тартып, сол қолымен  басып отырып, алдыңғы  тартылған жүннің құйрығын бастырып, ала құйрық қалтырмай тартуға дағдыланған. Тартқан жүннің арасында әлде қандай баран жүннің бәр талы ілеспей тартылуы ләзім. Өйткені ақ киіз аппақ, қара киіз қап-қара болуы қажет.

«Қатынның жаманы қара ала киіз басады»- деген қатал сөгіс айтылады.

Киіз басу

Жүн тартылған шидің басына есілген арнаулы үш құлаш «мұрындық бау»  жіпті және екі сабауды шұбата салып шиді бүктеп орауға кіріседі.

Орарда шидегі тартылған жүнге үлкен қара қазандағы қайнап тұрған ыстық судан екі әйел екі шелекке су құйып алып келіп жайылған жүннің екі жағынан екі үлкен шөмішпен алып сүзгі шөміштің үстінен құйып шаша себеді. Су жерге ағып кетпес үшін екі-үш адам тез-тез орайды.Оралған жүн тартылған шиді арқан мен шырмалап қатты тартып таңып  байлайды. Таңылған кескен теректей шиидің үш жерінен  үш арқанның орта тұсын орап ұшынан алты адам  тартып екі жаққа  кезек домалатады. Жақын үйге:

-«үйіңді қой басты»,-деп айқайлайды. Олар шашу, құрт-ірімшік т.б. дәм алып шығады, киіз басушылар шашуды бөліп жеп ,күлісіп арқа-жарқа  болып қалады.Киіз ширай бастағанда шиден шығарып астына ши төсеп, екі басы келетін жаққа биік қатты зат қойып, киіздің басын соған тіреп, жұмсақ  құрмен 5-6 жерден буып сол құрдан ұстай 5-6 әйел білектейді.Басын биіктікке сүйкете  аунатады ол басы желінсін дегені 3-4 рет ауыстырып буып, білектейді.Киіз пысып, шираған соң  екі рет бос шиыршықтап білектейді. Болды дегенде  бүктеп, буып судың жағасына апарып киізден аққан су тұнғанша су құяды.Бұл киізді кірлеу дейді.

Киіз пысыру

Киізді басып болған соң жайып кептіріп бір аптадан соң ауыл әйелдері қайта жиналып үлкен қара қазанға су қайнатып алады. Кепкен киізді жайып қойып ыстық судан әжептеуір сеуіп шиыршықтап орайды. Отырған адамның санына қарай шиыршықталған киізді құрмен шалып буып қатар отырғандар буылған жіптен ұстап аунатып білектейді. Үш-төрт қайта ішін сыртқа ауыстырып қайта-қайта шиыршықтап буып білектейді. Киіз ширап қайрақтай болып қатаяды. Мұны «киіз пысру» - дейді. Киіз осылай дайын болады.

Текемет басу

Қазақ халқы «текемет басу» үшін де қойдың күзем тірі жүнінен ауыл әйелдері жиналып тулаққа салып сабайды. Жүн ақ түтек болып шарбы бұлттай шудаланып мап-майда түтілген соң, шетін айқастырып көктеген шиге салып шабақтайды. Шабақталған жүннің бетіне арнаулы талдырмалап ойып қойған оюды ара-арасын толықтырып жүн тартады. Жүн тартылған шиді орарда қазанда қайнап тұрған судан шелектеп әкеліп екі әйел екі жағынан шөмішпен себезгілеп су шашады. Оралған шиді арқанмен шандып қатты буады. Таңылған шидің үш жерінен үй арқанның ортасын орап 6 ұшын 6 адам ұстап екі жаққа кезек-кезек домалатады. Киіз пысып білектеуге жараған соң шиден шығарып қолмен білектейді. Киіз әбден шираған соң бүктеп судың жағасына апарып құйылған су тұнып мөлдірегенше киізге су құйып кірлейді. 4-5 тәулік жайып қойып, кепкен соң әйелдер қайта жиналып, су қайнатып сеуіп, қайта білектейді. Киіз нағыз бабына келіп қатайған соң жайып кептіреді. Текеметті де осылай пысырады. Текеметті кепкеннен соң бас-аяғын қиып теңеп, тегістеп ыңғайға келтіріп қояды. Текемет осылай жасалады. Үйге қонақ келгенде төсек орнына қолданылатын көлемді, әрі қалың төсеніш осы текемет.

Бұл да қазақ халқының барды бағалап қолмен жасап колдана білгендігінің бір көрінісі.

Ұршық

Дөңгелек құс тастың ортасын тесіп және қайың ағаштың  үйілінен (безінен) дөңгелек формаға келтіріп ортасын теседі.Жылқының ортан жілігінің шоқпар басынан да опырып алып қорғасыннан майға қайнатып ерітіп те ортасына сап болатын ағашты  шаншып тұрыпөлшеулі дөңгелек затқа құйып та ұршықтың бастарын жасайды. Жуандығы шынашық қолдай  рғай. Тобылғы, сексеуіл ұшқат қайың ағаштарының бұтағын кесіп алады.Ұзындығы екі қарыс, төрт елі немесе екі қарыс, бір сүйем ағашты аршып кептіреді. Ұршықты кепкен сапқа саптайды. Ұршықтаң басқы жағынан  төрт елі шығарған  ұшын тесіп, мұрындық  ағаш не темір өткізеді. Бұл ұршыққа мақта жіпте, жүн жіп те иіруге болады.

Шуда жіп иіру

Қос өркешті түйені күзеген соң  тамақ шудасынан, не өркеш шудасынан майдалап түтіп, ыспалап қолға ілінетіндей ілмек шығарып, шоқпардай шүйке жасайды. Шүйкенің ілгегін сол қолының ортан қолына іліп түтілген майда жүнді жіңішкертіп  ұршықтың мұрындығына орайды. Оң қолымен ұршықты оң жамбасына  салып, өзіне қарай  тартып иіріеді. Қолдағы шүйке тасуылғанша  иіріп ұршықтың сабы жағына орай қояды. Шүйке таусылған соң жіпті екі қабатағыны да бір кез болатындай  мөлшерлеп сол қолының саусағына орап үзіп алып, шумақ жіп жасайды.Бұдан бірнеше шумақ жіп шығады. Онымен сырмақ, үй жабдығы барлығын тіге береді.

Жиек иіру

Қойдың жаз шыға қырқылған өлі жүнінен жабағы емес шудаланған биязы жүннен таңдап алады. Оны әбден жуып шуашынан арылтып, қыстайғы жабысқан шөп-шалаңнан тазартады. Жүн кепкен соң майдалап түтеді. Жүннен сүйемдей жұмырлап бұрап  оны бүктеп бір жағынан  тұйықтап, сол  жұмырланған жүнге түткен жүнді ыспалап орап, шоқпардай шүйке жасайды. Шүйкенің ортасындағы қолға ілуге қолайлап қойған ілмекті сол қолдың ортанғы саусағына іледі. Шүйкенің ұшын тарқатып  ұршықтың бұдасына орап, ұршықты оң жамбасқа салып, оңқай иіргенде ұршықты алға қарай зырылдатып, солақай иіргенде  ұршықты артқа қарай зырылдатады. Ұршықты алға қарай ирігенде  оң қай, артқа қарай иіргенде солақай жиек блып шығады. Тек бір тал жиекті үш мәрте иіргенде ғана, өңді таңдай жиек болып үйлеседі. Жіпті жиекті иіріп келептеп қойып қызыл-жасыл, қызыл, сары, күлгін дегендей қажетке қарай әртүрлі бояуға бояйды. Ежелгі уақта бояу көп кезікпегенде рауғаштың (сары ағаш) деп те атайды тамырын қазып алып, аршып кептіріп. Кепкен соң түйіп қайнатып сүзіп басытқысына ашутас салып, соған бояған. Ойыстырған сырмақ жасау үшін жиекті осылай дайындайды. Жиек басатын жіпті түйенің  тамақ, өркеш шудасынан шумақ-шумақ иіріп қояды.

Қара ала сырмақ ою

Ақ қара киізді беттестіріп көктеп қара киіз жағынан бормен не сабынмен, ақ сары түсті бояу қарындаштарымен әр мүйізін тең, анық сызып алады. Өткір пышақпен, икемді орташа өткір қайшымен екі қабат киізді қатар ұстап бір қалыптан аудармай ояды. Ойғанда жаңағы бүтін киіз бытықы-шытықы болып қопарылған, қопсыған бір ретсіз үйілген  қиқымға ұқсап қалады. Ойған  оюшы мұқият қарап, әр ойған мүйізін өзінің орнына қойып  көктейді. Ойған мүйізді ақтың орнына қара киізді, қара киіздің орнына  ақ киізді салып таптадайғып көктейді.

Қара ала сырмақты жасау

Әбден көктеп алған соң қалта түсірмей, ірку қалтырмай жөрмеу қажет. Екі қабат киізді ойғанда екі  сырмақтың беті шығады. Екеуінде жөрмеп болған  соң қалың ширақ киіз бен  астарлап көктейді.Содан соң жиек басады. Жиек бір өңнен жетуі пар өңді  болады. Жиек басылып біткен соң ақ өңді оюға ақ, қара өңді оюға қара салу жіп салып, жіптің өңімен жиіғып сыриды. Төңірегіне төрт-төрт саусақ пен іліп бір жақ  қолдағы сары, бір жақ қолдағы қызыл жіп болады.Бір адам қолындағы жіпті ары-бері өткізіп шалады.Бір адам сырмақтың  шетіне жапсырып тігеді.Сонда таңдай түсіп сырмақтың  көркемдігін, арттырады.Қараала сырмақ киізден осылай жасалады.

Қара ала сырмақтың мөлшері

Қараала сырмақтың ең үлкені ұзындығы үш кез, көлденеңі кез жарымнан екі кез болады. Мұндай сырмақ шамалы бай, би-төрелердің үйінде 20-30-ға дейін болады. Үлкен қараала сырмақ үйдің көркі. Төр алдына салғанда үйге көркем сән берген және қонақ қонғанда астына төсектік болған. Үлкен қараала сырмақтың  ең айтулы қажеттілігі, ел көшкенде  түйеге артқан жүктің үстіне жапқан .Ол қазақ көшінің  ерекшелігін  айқындап көштің сән-сәулетін арттырған. Тағы бір ерекше қажеттілігі қыз ұзатқанда 9-дан жасаған жасаудың бас тоғызы  осы үлкен қараала  сырмақ. Төсек бойымен жасап төсектің алдына салады. Бір кісіге арнап жан-жағы бір кезден төрт бұрыш жасалған түрін бір кісілік  маяуза дейді. Осыған ұқсас дөңгелек түрі де болады. Ердің үстіне арнап ықшамдап жасайды. Ал, қазыр заман талабына сай ойыстырған қараала сырмақты диванның көлемімен жасап үстіне салып жүр. Бір кісілік орындықтың үстіне де өлшеп тігеді. Машинаның кісі отыратын орындықтарына сай жасайды. Әйтеу ойыстырған киіз сырмақ  замана талабынан қалар емес. Қазақ барда жасай бермек.

Теріні илеу тәсілі

Малды сойған соң қанын, сөлін, шуашын арылтып жуып тазалап алады. Алдымен теріге ащы жағып сорлайды.  Сор сіңген соң қырғымен қырып тастайды. Күн ысып тұрғанда сабаға пісілген іркіттен бір тон шығатын 6-7 теріні қатарластырып жайып қойып соған жағалай жағады. Іркіт теріге әбден сіңгенше теріні күн жалап кетпеу үшін иді іркітті кеберсінген терінің жері болса соған жеткізе жағып қайта-қайта іркітті құйып қолмен сипап сіңіреді. Ии әдбен сіңген соң бір апта бүктеп қойып иді әбден терінің бойына сіңіреді. Тері иде жатқанда мал басып кетуден сақтайды. Өйткені идегі тері өн бойы балқыған бос болады. Егер мал басып кетсе кейін иленгенде сол жері ойылып түсіп қалады. Ий терінің бойына сіңген соң теріні жайып тобарсытып үй тірейтін ұзын бақанның ашасына берік жіп байлап терінің пұшпағынан мықтап байлап терінің пұшпағынан мықтап байлап илейтін адам жаналайды. Одан соң иректейді. Одан соң қалған-құтқан жалбыраған зат болса қырғымен қырады. Жақсы иі болған тері аппақ болып тон тігуге дайын болады.

Терінің түрлері

Қыс айында соғымға сойған қойдың терісі өңі қалың, жүні жетілген тері. Жазғытұрым өлі жүнді қырыққан соң 2-3 айдан кейін сойған қойдың терісі түлеме тері деп аталады. Өңі әлі қалыңдамаған жұқа, жеңіл болады. Туа сап өлген қозының өңі жұқа, жүні қысқа бұйра болады. 3-4 ай болған қозының терісі жүні өсіңкі «көрпелдес» жүнді тері аталады. 7-8 ай болған қозының терісі жүні өсіп жетілген сеңсең жүнді қозының терісі аталады. Бұл терілердің бәріне де айран іркіттен ий жағып илейді. Екшкінің терісі өңі қалың илегенде қиындық туғызады. Аңның терілері қасқыр, қарсақ, тауешкі терісінде солай илейді. Түлкінің терісіне соя салып тұз жағып соңында оны қырып тобарсытып айран жағып, не сүт бүркіп илейді. Түлкінің терісін бітеу сояды. Жүнінің алтын өңдес талдарын сындырмау үшін бітеу жерінің ішіне екі ағаш сұғып айқастырып ары-бері керіп жүніне күш түсірмей илейді.

Жанай ирек

«Аңға шықпас аңшы да сайламай қару сайманын»  демекші қандай бір нәрсе жасау үшін алдымен оны жасайтын құрал, сайманы дайын болуы ләзім. Тері илеу үшін ий жаққан теріні икемге келтіретін «жанай» аталатын айтулы аспап қажет. Басы имек тік бұрышты бір кездей ұзын ағаштың иіліп келген жеріне ұстараның жүзіндей өткір бір қарыс темір келтіріп мықты бекітеді. Ағаштың соңғы ұшын тесіп аяқ етігімен сиятын берік қайыс өткізеді. Жанай осылай жасалады. Тері илейтін адам қайыстан аяғын осылай өткізіп бақанның басына байлап төмен салбырап тұрған теріні бір қолымен ұстап жанаймен қырып теріні құрыс-тырысынан тазалап, майдалап, өңдеп шығады. Содан соң бір кездей қатқан қайың ағаштан үш елі қалыңдықтағы ағаштың бір қырын жұқалап кептіріп ирек шығарады. Бұл «ирек» аталады. Әлгі теріні сол ирекпен иректейді. Ең соңында қалған-құтқан жалбыр жапырақ болса темір қырғымен өңдейді.

(Жалғасы бар)

Егеухан Мұқамәдиқызы

Abai.kz

5 пікір