Сәрсенбі, 1 Сәуір 2020
373 2 пікір 25 Наурыз, 2020 сағат 17:41

Алматыда "карантин режимін бұзған" 39 адам қамалды

Алматыда "карантин режимін бұзған" 39 адам қамауға алынды деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengrinews агенттігі.

Ведомство дерегінше, "карантин аумағының шекарасын бұзу" бойынша 73 факт тіркелген, 11 кәсіпкер жауапкершілікке тартылған. Прокуратура сонымен бірге "медициналық маскаларды қымбат бағамен сатып, кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқан" бірнеше фактіні де анықтағанын хабарлады.

"Төрт миллионнан астам маска тәркіленіп, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына берілді" делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда "блокбекеттерді айналып өтіп, ақша табуға тырысқан" бірнеше таксист әкімшілік жазаға тартылған еді.

Коронавирус ең көп табылған Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында 19 наурыздан бері карантин жарияланған. Қазір қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылған. Қалаға қатынайтын жолаушылар пойызы, ұшақтар (негізінен ішкі рейстер) тоқтаған. Ойын-сауық орталықтары, азық-түлік емес тауар сататын сауда нысандары, балабақша, ұлттық саябақтар жабылды.

Abai.kz

2 пікір