Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2939 0 пікір 6 Қазан, 2011 сағат 18:33

Мәриям ӘБСАТТАР. Суицид жәрмеңкесі немесе әзәзіл сайттардан қалай сақтануға болады?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Біреу өлмей, біреуге күн жоқ... Шымбайға батса да, шындықтың аты - шындық. Ерік берсе, ауаны да сатып, ақша жасағысы келетін қуаяқтар енді бүгін адамды өлімге итермелеу кәсібіне кірісіпті. Қалай деріңіз бар ма? Кәдімгідей сайттар ашып алған. Және онда «мойынға арқан сал да, өле қал» емес, өліп жатып та қалай әдемі болып қалудың түрлі-түрлі тәсілдерін көз алдыңызға жайып салады. Ананы көрген адамның «көзі қызығып», «өліп көрейінші осы бір» дегісі келетіндей.

Нақты дерекпен бастар болсақ, өз жанын өлімге итермелеуге үндейтін №1 сайт деп бүгінде мамандар alt.suicide.holiday, қысқаша a.s.h (ағылшын тілінде күл деген мағынаны білдіреді) сайтын айтыпты. Өздерін эшер (Ashers) деп атайтын әлгі топ табысын өздері арқылы өлімге бел шешкендер санымен өлшеп, мақтанатынға ұқсайды. 1991 жылдан бері 10 жыл ойран салып келе жатқан эшер деген есерлерді қалайша қолға түсіріп, бір шара қолданбайды деген сұрақ туады. Себебі олар өз жұмыстарын анонимді түрде жүргізетін мықты хакер­лерден болса керек.

Сол секілді www.lossofsoul.com cайтына кірген сәтте ең бірінші тілдей қағазға жазылған хат ашылады. Өліп бара жатып өмірмен қош айтысқан адамның хаты. Бірақ хат иесі Құдайдың құдіретімен тірі қалған. Сайтты құрушы да - сол адам. Өзінің бір кездері өлім туралы ойға жұм­саған бар күшін енді осы сайтты ашуға жұмсапты. «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» демекші, өзі өлмей қал­ғанымен қоймай, әлгі адам енді өлім жайлы идеяны дәріптегенде тура суицидтің тарихы мен статистикасынан бастап, неше түрлі афоризмдер бар ма, қалай өлуге бола­тыны туралы роликтер бар ма, бәрін-бәрін ал­дыңызға жайып салады. Қыл аяғы, қыл арқанның қай­сысы үзілмей, жаныңды бірден кеудеңнен ұшыра­тынына дейін айтқан уақытта, дені сау, ақыл-есі дұрыс адамның жаны түршігерлік.

Суицид-статистика

Осындай ажал арқалаған ақпараттардың арқасында ма, әлде басқа да себептері бар ма, әйтеуір суицид атты суық өлім статистикасы сұмдық! Тек қана бізге мәлім ресми деректер бойынша, жылына Жер бетінде 1 млн 100 мың адам өмірін өз қолымен қияды екен.

Егер оны әлем халықтарына жіліктер болсақ, бірінші кезекте қытайлар - 350 мың, сосын үнділер - 110 мың, орыстар - 55 мың, америкалықтар 31 мыңды құраса, 30 мыңмен келесі орында жапондар, украиндер - 12 мың, француз халқы - 10 мың. Өмірінің құнын көк тиынға бағаламаған қазақстандықтар саны да қалысар емес, қазірдің өзінде онсызда халық санын жеткізе алмай отырған біздің елімізде жыл сайын шамамен 8 мыңға жуық адам суицидке барады екен, ең қызығы, оның көбі - әйелдер. Бұл сандық көрсеткіш тіпті адам өлтіру секілді ауыр қылмыстан әлдеқайда көп болып шығады. Ендеше, «неге осыған мән бермеске, әлгіндей сайттарға «неге тыйым салмасқа, жалпы, әу баста оларды аштырмай тастауға болмай ма?» деген сұрақ туады екен. Және ондай жымысқы сайттардан балалар немесе өз отбасы мүшелерін қалай қорғауға болады?

Осындай сайттарды тіркеуге қалай рұқ­сат береді? Тыйым салуға немесе әл­де­бір тәсілдермен оны үйге кіргізбей тас­тау­ға бола ма?

Суицид-пікір

Серікқазы Кәкібаланов, Қазақ интернеті қауымдастығының төрағасы:

- Негізінен, мұндай сайттарға ты­йым салуға әбден болады. Блок қойып тастаса бітті. Бірақ бізде интернетті, сайт­тарды бақылап, қадағалап отыр­ған ешкім жоқ. Ондай идеология да жоқ. Мысалы, Қытайда қаншама адам күн­делікті түрлі зиянды деген сайттар­ды қадағалап отырумен айналысып, сол үшін кәдімгідей жалақы алады. Се­бебі оларда елдің ақ­па­раттық қа­уіп­сіздігіне қатты мән беріледі. Жат пи­ғылды сайттарға дер кезінде блок қо­йып үлгереді. Интернет деген - шексіз кеңіс­тік қой. Мысалы, сізден нешеге де­йін санай аласың десе, шегін айта ал­май­сыз ғой. Сол сияқты интернетті де шектеп не қадағалау деген - қиын нәр­се. Елімізде оған мүмкіндік бар, заң да бар, тек ол орындалмайды. Бірақ мұ­ның екінші жағы тағы бар, не нәр­сеге тыйым салынса, сол керісінше өрши түсетін жаратылыс заңы бар ғой. Нақты айтқанда, өлтіру, зорлық-зом­былық т.б зияны басым сайттарды ауыз­дықтауға қазір құлықсыздық танытып отырмыз.

Фархад Молдахметұлы, «Қаламгер ТЕН» ЖШС-нің атқарушы директоры, бағдарламашы:

- Ондай өлім-жітім, суық ойға жетелейтін, сондай-ақ ұятсыз сайттарға шектеу қойып, жауып тастауға әбден болады. Мейлі Қазақстанда ашылсын, мейлі шетелде, хостинг пен доменді қай жақтан сатып алса да бәрібір, тыйым салып тастауға мүмкіндік бар.

- Мысалы, сіз бағдарламашы маман ретінде өз бетіңізше тосқауыл қоя аласыз ба?

- Жоқ, оны кез келген бағдарламашы не басқалар емес, алдымен Үкімет тарапынан, министрлік немесе Ұлттық қауіп­сіздік комитеті тарапынан тыйым салып, сол арқылы жүзеге асыра алады.

- Негізі, бізде ақпараттық қауіпсіз­дік жағы қадағалана ма, соның ішінде осы интернет сайттар, блогтер ше?

- Әрине, Ұлттық қауіпсіздік кеңесі, Іш­кі істер министрлігі тікелей сонымен айналысады.

- Тіпті тыйым салынбаған күнде де, әр отбасы өз қауіпсіздігі үшін үйіне келетін интернетті бақылап, зиянды сайттардан сақтана ала ма?

- Әрине, болады. Мәселен, интернетке Opera немесе Chrome т.б сол сияқты браузерлермен кіресіз ғой, сол браузерлерден-ақ блок қойып тастау арқылы жүзеге асы­руға болады. Әркім өз отбасын солай қор­ғауына болады.

Біз баланың немесе адамның бұл сайт­қа кірмеуін, содан сақтану жағын айттық, алайда өне бойы бақылап отырғанның өзінде әлгін­дей сайттарға балаңыздың көзі түсті делік, күдікті ой көкейіне ұялады делік, алғашқы белгілерін берді делік, ен­ді біржола құрдымға кетуден оны қа­лай құтқаруға болады? Қазақта өз-өзіне қол жұмсаушылық деген өте сирек ұшы­расқан, оны көбіне аспа кесел деп, одан айықтырудың жолын қарастырған. Мәсе­лен, арқанды мойнына тақап тұрған жерінен ұстап алса, енді соны қайталамауы үшін мысықты не күшікті көз алдында асып қойған. Сонда әлгінің жаналқымға тіреліп, тыпырлағанын көрген адам өзінің де сол күйге ұшырауынан қорқып, қайтып ондайға қолы бармайтын болады. Ал енді психолог не дейді?

Психолог пайымы

Әбдуәлі Мамәділ, психолог:

- Қазақта «Бәленің атын айтпа, же­тіп келеді» деген сөз бар. Сол сияқты суицидтен де қорғанудың ең бірінші жолы - ол жайлы мүлдем айтпа. Білесіз бе, ол қазір неге өршіп кетті? Біріншіден, БАҚ суицид жайлы көп айтып, көп көрсетіп кетті. Антижарнаманың өзі - жарнама. Бала бір күн болмаса бір күні әке-шешесіне өкпелеген сәтінде сол естіген ақпары ойына оралады да, со­ған баруы әбден мүмкін. Өмірдің кер­тарт­па заңы деген бар ғой. Сіз айт­қан­дай, сайттардың пайда болуы­ның өзі оған деген сұраныстың артуынан. Ал, ке­рісініше, суицид жайлы, жалпы, өлім жай­лы ештеңе айтпай, өмірге құл­шын­ды­ратын нәрселер айту керек, сонда бала да, үлкен де жақсы нәрсемен су­сын­дап, жақсы істерге баратын болады.

Түйін

Мамандар пікірінен түйгеніміз, қазіргі кезде біздің елімізде жалпы ақпараттық қауіпсіздіктің қадағалануынан гөрі ең әуелі әр адамның өзін, сосын өз отбасын қорғағаны жеңілдеу секілді. Әсіресе бала өсіріп отырған отбасыларға бұл мәселені ескермесе болмайды. Бұрынғылар «қызым үйде, қылығы түзде» десе, бүгінде оны «балам интернетте, ой-санасы әлемде» деп түсінуге де болатындай. Әлем болғанда да қандай әлемде? Виртуалды әлем, яғни агент, скайп т.б «дерт» өз алдына, ал енді күтпеген тұста жылт етіп шыға келіп, баланың бар назарын өзіне аудартатын әзәзіл әлемнің жыры тым қорқынышты. Балғын санаға өлімнің уын сеуіп, дән етіп өсіріп, бетін аулақ етсін, түбі қыл арқанға сүйреп, қабірден бір-ақ шығармасын.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

http://www.alashainasy.kz/main/28005/

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1650
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1581
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1323
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1267