Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2444 0 пікір 6 Қазан, 2011 сағат 18:04

Айнара АШАНОВА. Ұлтты зерттейтін орталық бар ма?

«Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?». Өзінің тоғызыншы қарасөзінде осылай толғаған Абай туған ұлтының жақсы көрерлік, һәм жиіркенерлік мінездеріне жаны ауырып, ағынан жарылыпты. Алып ақынның жүрегін сыздатқан сол мінездерімізден бүгінде арыла алдық па? Бүгінгі қазақ қандай? Осы бізде ұлтымыздың бүгінгі бет-бейнесін ашып беретін, кемшіліктері мен жетістіктерін жіпке тізгендей айтып беретін зерттеу орталықтары бар ма? Болса, олардың зерттеу нәтижелері қайсы? Данышпан ақынның атқарған ісі бүгінгі оқымысты көп ғалымның қолынан келмей жатқанына не себеп? Әлде ұлтқа деген жанашырлық азайып бара ма? Бізді өзімізден гөрі өзге елдер көбірек білгісі келетіні несі екен? Мамандарымызға жолдаған бүгінгі сауалдарымыз осы төңіректе өрбіді.

Гүлмира ИЛЕУОВА, «Стратегия» әлеу­меттік және саяси зерттеулер орталығының ди­ректоры

«Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?». Өзінің тоғызыншы қарасөзінде осылай толғаған Абай туған ұлтының жақсы көрерлік, һәм жиіркенерлік мінездеріне жаны ауырып, ағынан жарылыпты. Алып ақынның жүрегін сыздатқан сол мінездерімізден бүгінде арыла алдық па? Бүгінгі қазақ қандай? Осы бізде ұлтымыздың бүгінгі бет-бейнесін ашып беретін, кемшіліктері мен жетістіктерін жіпке тізгендей айтып беретін зерттеу орталықтары бар ма? Болса, олардың зерттеу нәтижелері қайсы? Данышпан ақынның атқарған ісі бүгінгі оқымысты көп ғалымның қолынан келмей жатқанына не себеп? Әлде ұлтқа деген жанашырлық азайып бара ма? Бізді өзімізден гөрі өзге елдер көбірек білгісі келетіні несі екен? Мамандарымызға жолдаған бүгінгі сауалдарымыз осы төңіректе өрбіді.

Гүлмира ИЛЕУОВА, «Стратегия» әлеу­меттік және саяси зерттеулер орталығының ди­ректоры

ШЕТЕЛДІК ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҚТАРЫ БІЗДІ БІЛУГЕ ҚҰШТАР

Қазақстанда тек қана қазақ ұлтын зерттейтін арнайы институт бар деп айта алмаймын. Зерттеу институттары еліміздегі өзге ұлт өкілдерін соның ішінде басым­дыққа ие болып отырған қазақ ұлтын бірге зерт­тейді.
Негізінен,  ұлтымыздың кешегі өткен тарихын Тарих және этнология институты жақсы зерттейтіні белгілі. Ал ұлттың бүгінгі жағ­дайын зерттеу үшін біз жақында бір жоба құрған болатынбыз. Жоба бойынша қа­зақтардың бір-бірімен ішкі қарым-қа­тынасын нысанаға алып, зерттеу жүргізгіміз келген. Бірақ, өкінішке орай, мен бұл жобаға қаржылай демеуші таба алмадым. Сөйтіп, аяқсыз қалды.
ХХІ ғасыр рухани құндылықтардың орнын материалдық қызығушылық басқан ғасыр ғой. Осының кесірі қазақтарды айналып өтті дей алмаймын. Қазір бұрынғыдай адамды ақыл-парасатына емес, қалтасына қарап  бағалайтын заман. Сенің  абы­ройыңды асқақтататын да, ісіңді алға домалататын да сол көк қағаз. Ал басқалары екінші орынға ысырылып қалды. Тіпті бізде қазір биікке өр­леуге, мұратқа жетуге кедергі келтіретін болса, ар-ұят пен салт-дәстүрді де аяқ асты етіп, кез келген құрбандыққа баруға дайын қоғам қалыптасты. Енді міне, ұлттық мен­талитетімізге жат нәрселерге де етіміз үй­рене бастаған жайымыз бар.
Бір қызығы біздің өзімізден гөрі шетелдік зерттеу орталықтары бізді зерттеуге құштар болып тұрады. Олардың нендей мақсатта жұмыс істеп жатқанын кім білсін? Жақында бір шетелдік қордың өкілімен сөйлескенімде менен: - Қазақтың жүз дегені не? Олар қалай, не үшін бөлінеді. Жүздер мен рулар­дың өза­ра қарым-қатынасы қандай? - деген сияқты сұрақтарды қарша боратты. Мені таңғал­дырғаны - олар біз туралы бәрін білгісі келеді. Ал бізде осы нәрселер зерттеу обьек­тісіне әлі де айнала алмай отырғанына өкінемін. Өйткені, осы ұлттың өкілі бола тұра, осы елде жұмыс істейтін, қоғамды зерт­­тейтін орталық бола  тұра  бұл нәр­се­лер­ді өзіміздің білмеуіміз біз үшін ұят-ақ! Біздегі рулық, жүздік қатынастар бүгінгі қоғамға әсер етіп отыр ма, қалай әсер етіп отыр деген сияқты көптеген сұрақтар жауапсыз қалып жатқаны бізге сын.
Жалпы айтқанда, біздің бүгінгі жағ­дайымыз  жақсы  деп немесе жаман деп ке­сіп айта алмаймыз. Өкінішке орай, бұл біздің бүгінгі шындығымыз, шынайы өміріміз. Бірақ барған сайын теріс жолға қарай бір қадам жақындап бара жат­қан­дығымызды айтқым келеді. Әрине, бұл өз­ге­ріс тек қа­зақтан ғана емес, өзге кез келген ұлттан байқалатыны рас. Бұл сыннан тек рухы мық­ты, діні нығыз, салт-дәстүрі берік, им­мундық жүйесі төзімді ұлттар ғана сү­рінбей өте алады. Құдайға шүкір, бізде әлі де болса, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген сияқты жақсы қасиеттер бары рас. Ха­лық­тың білім-ғылымға деген ұмтылысы да жаман емес. Осы нәрселер жұбаныш бола ала­ды.

Мәнсия CАДЫРОВА, әлеметтану ғылымының докторы, профессор

ТІЛДІ БІЛМЕУДІҢ СОҢЫ...

Қазіргі уа­қыт­та ұлт мә­се­ле­сін зерттеу шынымен де өзекті болып тұр­ғаны рас. Се­бе­бі тәуел­сіз­дік алған жылдардан бастап, ұлттық мемлекет құру, ұлттық құн­дылықтарды жандандыру, ұлттық экономиканы қалыптастыру және ұлт ретінде әлем кеңістігінен белгілі бір орын алу біз үшін маңызды. Бүгінгі күн тәрті­бін­дегі мәселе, ұлттық құндылықтарды қайта­дан жандандырып, пат­риотизмді қалып­тастыру, тілімізді  өз тұғырына қондырып, елімізде тұратын барлық ұлттар сөйлейтін тілге айналдыру. Ұлттық мәселелерді зерттейтін орталық болмаса бұл істер қалай жөнге келтіріл­мек. Осы мәселелер төңірегінде біздің әлеумет­танушылар аз жұмыс жасап жатыр дей алмаймын. Бұл салада Президент жанындағы зерттеу орталығы, сонымен қатар ұттық қарым-қа­ты­нас­тарды зерттеп жүрген Раушанбек Әбсаттаров, Сәрсенбай Өтешов, Философия және саясаттану институ­ты­ның директоры Зарема Шаукенова, т.б. мамандарымыздың еңбектерін атап өткен жөн.
Қазақ о бастан терең тарихы, аталы салт-дәстүрі, мол мұрасы бар ұлт.  Кейде Кеңес үкіметі ұлттық құндылықтарымызды тұншықтырды дей­тін кереғар пікірлер айтылып жатады. Ал менің ойымша, одақ құрамында болған 70 жыл бізге оң өзгерістерді көбірек әкелді. Біз тек тіл мә­селесі жөнінен ұтылған сияқтымыз. Тіпті мұның өзі Кеңес өкіметі саясатының нәтижесі емес, халық ұстанымына байланысты екенін айтқым келеді. Біз кез келген өзгерісті қабылдауға, егер өзімізге ұнаса соны сіңіріп алуға дайын ұлтпыз. Халқымыз қонақжай, данышпан, кең пейіл екені екібастан белгілі. Осы мінезіміздің кейде осындай салдары болып жататыны жасырын емес. Себебі ,қазақтан өзге одақ құрамында болған елдердің ешқайсы­сында дәл біздегідей тіл мәселесі ушығып тұрған жоқ. Ұлттық тілді білмеудің соңы, ұлт дәстүрінен мақұрым қалуға әкеліп соғады. Тіпті қазір кейбір жастарымыз ұлттық тамырдан ажырап қалғаны сонша, не қазақ емес, не өзге ұлт емес, екі ортада дүбәрә болып қалды. Қазіргі кезеңдегі жастарды мен үш топқа бөлген болар едім. Біріншісі, жаңағыдай Батысқа еліктеп, батыстық мінез-құлықпен жүретін жастар. Екіншісі, батыстың озық мәдениетімен қатар өзіміздің ұлттық дәстүрімізді бірге алып жүретіндер. Ал үшіншісі, Батысты мойындамай, тек қана қазақ салтын ұстанатын жастар.
Жалпы айтқанда біздің қоғамда жұмыссыздық, кедейлік, парақорлық, діни экстремизм секілді мәселелер жоқ емес. Бірақ шамадан асып кеткен, ұлтқа қауіп төндіріп тұрған проблема жоқ деп ойлаймын. Осы күні жастардың діни сауатын ашып, адасудан сақтап қалу өзекті болып тұр. Хиджап киіп жүрген қазақ қыздарының, діндар жігіттердің қоғамдағы орны қандай? Олар жұмысқа қалай орналасып жатыр? Осы секілді мәселелер ойландырады.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы

ӨТКЕН МЕН БОЛАШАҚ НЕМЕСЕ «ЖАҢА АБАЙЛАРДЫҢ» БЕЙНЕСІ

Ұлт пен мемлекет егіз ұғымдар. Құ­дайға шүкір, бүгінгі күні еліміздегі тал­дау-зерттеу орталықтарының, инс­ти­туттарының саны артып келе­ді. Әсіресе қуантатын жағдай тәуел­сіз, мемлекеттік емес орталық­тардың да саны өсіп жатыр. Дегенмен, сан мен сапаның мәселесі бар екені анық. Өз басым осы көптеген ғы­лы­ми-зерттеу институттар мен талдау орталықтарының жұмысын мардымды, көңіл көншітерлік деп айта алмаймын. Олардың жұмысында, өкінішке орай, уақытша, коньюн­кту­ра­лық зерттеулер басым сияқты. Еліміздің, мемлекетіміздің, ұлты­мыз­дың болашағы үшін өте маңызды кейбір тақырыптар мүлдем зерттелмей жатыр. Өкініштісі, құрдымға кетіп бара жатқан кешегі кеңестік қалыптағы қоғам мен жаңадан қа­лып­тасып келе жатқан қазақ қоғамы туралы жөні түзу әлеуметтанушылық зерттеулер жоқтың қасы. Біздің елдегі әлеуметтану ғылымы негізінен мұратты-мақсатты зерттеулерден гө­рі ағымдағы саясаттың мәселелері­мен, билікке қызмет етумен ғана ай­налысып жатыр. Маған десеңіз мен еліміздегі бірде-бір әлеуметтік сауалнамалардың нәти­желеріне сенбеймін. Қоғам да, сарапшылар да толық сенетін әлеуметтану­шылық орталықтар, институттар жоқтың қасы. Жап-жақсы мемлекеттік бағ­дар­ламалар да бар. Мысалы, «Мәдени мұра». Алайда, осындай кешенді бағ­дарламалардың аясында жүр­гізі­ліп жатқан жұмыстар әзірге мұраны жинау мен сақтаудан аспай жатыр. Ол да қажетті кезең. Бірақ, бүгінгі күні бұл жұмыспен қатар үлкен философиялық, тарихи рефлексия қажет. Біздер үлкен саяси-фило­со­фия­лық зерттеулер, үлкен тарихи, геосаяси тұжырымдамалар деңгейіне шығуымыз қажет. Ортақ тарихи сананы қалыптастыру, кеңістігіміз бен ғұмыр кешіп отырған уақытымызды дұрыс түсіне білуіміз қажет. Онсыз жинақтаған мұрамыз, ғылыми деректер мен дәйектер тек қана шашы­ра­ған, тоз-тоз ақпарат болып қала береді.
Әрбір қоғам, әрбір ұлт уақыт өт­кен сайын өзгеріп отырады. Ұлттың қатып қалған қалыбы, стандарты болмайды. Сондықтан біздер мынадай едік, осынымыз мәңгі қалыбы­мыз деу артық әңгіме. Қоғамдық са­на, қоғамдық ой-пікір, соларға қатыс­ты іс-қимыл - барлығы да құбылмалы құбылыстар. Бір ғана қазақтың өзі соңғы 2-3 ғасырдың өзінде талай қиындықтарды басынан өткерді. Сол қиындықтарға ұлт, қоғам ретіндегі жауаптары да, іс-қимылдары да өзгеріп отырды. Мысалы, орыстың отарлық саясатына қарсы қозғалыс ешқашан тоқта­ған емес, жүріп жатты. Бірақ, кейбір ке­зең­дерде бұл күрес өте қызу жүріп отыр­са, кейбір кезеңдері мүлдем жоға­лып кеткендей болды. Сөзсіз, әрбір ұлттың, әрбір қоғамның өзіндік ерек­шеліктері болады. Біздің сахара даламыз, көшпелі ғұмырымыз бізге үлкен әсерін тигізді, болмысымызды қалып­тас­тырды. Күнделікті тірлігі­міз, бізді қоршаған табиғат, ландшафт бізді басқадан ерекше ұлт етті. Біздің бойымыздағы қасиеттерді қалыптас­тырды. Соларға қатысты қо­ғамдық-саяси институттарды, салт-дәстүрді, менталитетті, ұстын­ды қалыптастырды. Бұлардың бар­лы­ғының ізі, әсері әлі күнге дейін бойымызда бар, біздің сөзіміз бен ісімізге әсерін тигізуде.
Бірақ, мынаны естен шығар­майық! Жиырмасыншы ғасыр көш­пелі өркениет пен экономиканы толы­ғымен жойды деуге болады. Егер қазақ өркениеті кезінде «нар заман­ды», «зар заманды» басынан өтке­рсе, жиырмасыншы ғасырды әсірелеп, «тар заман» деуге болар. Өлім аузынан аман қалдық. Көрме­ген қорлықты, қиянатты, геноцид­ті басымыздан өткердік. Бұның барлығы да біздің санамызға, ойлау-түсіну, түйсіну қабілетімізге, дүниеге және бір-бірімізге деген қарым-қаты­наста­рымызға әсер етті, жүре­гіміз бен жадымызда өшпес із қал­дыр­ды. Осы ға­сырдың сызы мен ызға­рын бойымыздан шығару үшін үлкен психологиялық, саяси, мәдени сілкініс, катарсис қажет. Қоғам­ның, барша ұлттың, оның әрбір мүше­сінің рухани жұмысы, рухи ізденістері жан­дануы тиіс. Бүгінгі күні орын алып жатқан ұлттық мемлекет, ұлттық тарих, мемлекеттік тіл, ортақ дін мен діл үшін жүріп жатқан саяси-рухани күрес қазақ­тың жаңа сапа­дағы ұлтқа айналуы­ның қажетті алғышарты. Біз бір формадан, бір қалыптан, бір стандарттан шықтық. Алайда, жаңа қалыпқа кірген жоқ­пыз. Елдегі әрбір мәселе бойынша болып жатқан тартыстар, айтыстар осының дәлелі. Бір қуантатыны осы айтыстардың, тартыстардың болуы! Яғни қоғам, ұлт ұйықтап жатқан жоқ! Яғни біздер мазасызданып, тағатсыз­данып өзімізге «Біз кімбіз?», «Қайдан шықтық?», «Қайда бара жатырмыз?», «Қалай жүруіміз керек?» деген өмірлік, философиялық сұрақтарға жауап іздеп жатырмыз. Бұл, негізі, жақсылықтың нышаны. Бұл ізденістердің немен аяқ­та­латы­нын ешкім дөп басып айта алмайды, бірақ олардың бар екендігі, жүріп жатуы ұлтымыздың тірі екендігін паш етеді. Негізі барлық мәселе өзімізге, әсiресе зиялы қауымға, ақ­па­рат өндіру­ші және таратушы корпорацияға байланысты. Дұрыс жұмыс істей білсек, мәмілеге келе алатын болсақ, мұра­ты­мызға жете аламыз.
«Нар заман», «зар заман», «тар за­ман» сияқты кезеңдерді басынан кешкен ұлттың «ар заманын» іздеуі заңды. Тәуелсіздігіміздің басты жемісі - жаңа­дан өмірге аяқ басқан жастар. Тәуелсіз за­манда өсіп-өнген, құлдық пен отар­лықты көрмеген қыздар мен жігіттер. Басты мәселе осы буынның қандай құндылық­тарды қабылдап, қай бағытқа бет бұруында. Негізі ұлт дегеніміз не? Ол атам заманда үңгірде өмір сүре баста­ған тас ғасырындағы аты жоқ бабамыздан бастап бізден кейін мың жылдар өткеннен кейінгі соңғы қазаққа дейінгі адамдар, олардың арман-мұраты мен ойларының жиынтығы. Біздің әрқайсымыз құм­са­ғаттың қылтасымыз, құбырымыз. Біз өткен мен болашақтың арасын­дағы көпірміз. Санамыз, ақыл-ойымыз, жан-жүрегіміз таза болса, ашық болса, рухымыз тасып жатса, құмсағаттың жоғары жағындағы «құм» бізге келгенде тұрып қалмай, әрі қарай құйылып, ұлтымыздың уақытын, мерзімін өлшеп жатады. Біздің ұрпақтың басты мақсаты дұрыс бағыт ұстану. Бұл жолда бір ғана мәңгі қағида бар - ұлттың амандығы мен қазақ мемлеке­тінің бірлігі мен тұтастығы. Осы қағи­даны іске асыру үшін біздер өт­­кені­міздегі бар жақсылықты алып, жаңа ғасыр мен мыңжылдыққа, жаңа заманға лайықты қазақ ұлтын жасақтап, қалыптастыра білгеніміз абзал. Біз өзіміздің жұмағы­мызды, жер­ұйы­ғымызды өткеннен емес, бүгініміз бен болашағымыздан құра білуіміз керек.
Шынын айтсақ, өзге елдер мен ұлт­тарды зерттеп жүргеніміз шамалы. Бүгін біздер айналамызды, әлемді дұрыс түсіне алмай жүрміз. Уақыт пен кеңістігімізді білмейміз, дұрыс сезін­бейміз. Оларды дұрыс түсінетіндей мәдениет пен тілді қалыптастыра алмай келеміз. Өткен ғасырдың, құрдымға кеткен өрке­ниет­тің түсініктері мен тілін жаңа заманға таққымыз келеді. Басты қайшылықтың бірі осында.
Айналып келгенде, қазақ ұлты үшін маңызды не маңызды емес деген мәселе жоқ. Барлығы да маңызды. Барлық қауіптер ұлтымыздың бола­шағы үшін қауіп болып табылады. Өкінішке орай, біздің ұлтымыздың «мына мәселені биыл», «ана сұрақты он жылдан кейін шешеміз» дейтін тарихи уақыты жоқ. Барлық мәселені дәл бүгін шешпесек ұтыламыз. Барлық мәселеге бірдей көңіл бөліп, бірдей күш-қайратпен, жігермен шешуге тырысқанымыз жөн. Оны бастау үшін дәл бүгін керемет қаржы-қаражаттан гөрі ұлттық рух, ұлттық жігер, ұлттық идея мен ұлттық іс-қимыл, әрекет керек дер едім.
Мен баяғыда бір мақаламда айтып едім; «Біздер Абайдың кейіпкері емес, оқырманы болғанда ғана ба­бамыздың алдындағы борышымызды атқарып, жаңа ұлт боламыз» деп. Абайды оқыған сайын өзімізді танимыз да отырамыз, налимыз, күйі­неміз. Бірақ, Абай деген кезде алданбауымыз керек. Абайдың шы­­­­ғар­­ма­шылығында  екі  бағыт бар. Бірі - жалпы адами, жалпы гу­манис­тік идея. Оның сыны кез келген адам баласына лайық. Ұрлық та, көреалмаушылық та, еріншектік те басқа да жаман қасиеттер кез келген елде, ұлтта бар. Яғни Абай­дың көптеген идеялары мәңгілік және барша адамзатқа ортақ. Екіншісі, қазақ­қа қатысты сын. Бұдан сабақ, тәлім ала біліп, бабамыз айтқан кемшіліктерді жоюға тырысқанымыз дұрыс. Бірақ, Абайды оқып, оны ұлттық пессимизмге, ақырза­ман­шы­лықтың сарқылмас көзіне айналдыруға мен үзілді-кесілді қарсы­мын. Абай бізді жаман болсын деп сынаған жоқ, жақсы болсын деп сынады. «Бабамыз айтып еді, ешқа­шан адам, ел, ұлт болмаймыз» деген пессимистік, нигилистік көзқарас­тардың қайнар көзі болсын деген жоқ. Осыны естен шығар­масақ.
Бүгінгі күннің «абайларына» келетін болсақ, қиындау, әрине. Жақында мен бүгінгі күні жалпы қазақ баласына сөзі өтетін бес ақса­қалы қалмай бара жатыр дегенді айтып едім. Осы сөзімді қай­талай­мын. Кешегі кеңес заманынан бері келе жатқан зиялы қауым мен элитаның бүгінгі қазақ жастарына сөзі өте бер­мей­ді. Жаңа «абайлар» қазақ ұлтының, қа­зақ жастарының қазақ ұлттық мем­лекетін, жаңа қазақ қоғамын орнату жолындағы рухани күресі нәтижесінде дүниеге келеді. Жаңа тұлғаларды қол­дан жасай алмаймыз. Оларды уақыттың өзі сұ­рыптап шыға­рады. Қазақ тарихында бір керемет фено­мендер бар. Тарих­тың қиын кезең­дерінің алдында дүниеге бір ғажайып буын, ұрпақ келіп отырған. Мысалы, жиырмасыншы ғасыр­дың басында ұлтымыз­дың бақытына Абайдан сусындап өскен Алаш азаматтары келді. Солар­дың арқасында біз аман қалдық. Алдағы жиырма жылымыз арттағы жиырма жылымыздан да қиын болмақ. Бәлкім, ұлтымыздың жаңа Абайлары, алашордашылар Тәуелсіз­дік кезінде ер жетіп, дүниеге келген­дердің арасында жүрген болар! Алаш азаматтары атқа қонып, ұлт үшін күресе баста­ған кезде көбісі отызға да жетпеген бо­ла­тын еді ғой! Үміт жоқ емес, бар. Өмір бар жерде үмітке әрқашан да орын та­былуы керек сияқты. Тарихи оптимист бола бі­лейік. Соған қолымыздан келгенше қызмет ете берейік. Түбі сол жұ­мы­сымыз өз жемісін беретіні хақ, анық.

Дайындаған Айнара АШАНОВА.

http://www.writers.kz/journals/?ID=10&NUM=80&CURENT=&ARTICLE=2404

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1685
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1639
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1371
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1304