Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3954 0 пікір 4 Қазан, 2011 сағат 09:57

Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ: «Шетелдегі менің екінші атым. Ол – Қазақстан!»

Тәуелсіздік қандай тәтті, киелі сөз десеңізші. 1991 жылғы 16 жел­тоқ­сан - Қазақ елі ғасырлар бойы аң­саған Тәуелсіздігіне қол жеткізген, төрткүл дүниеге жар салып, ала­қай­лап сүйінші сұраған тарихи да қа­си­ет­ті күн. Бұл - көзайым хабар жұ­мыр жерде шашылып жүрген иісі қазақтың да жүрегіне үміт отын жаққан күн. Өздерінің қазақ болып туғандарына қуанған ба­қытты күн. Өйткені, әркімнің туған жері, туған отаны өзіне жерұйық. Міне, сол уақыттан бастап шеттегі қан­дастарымыздың тарихи Отанына ұлы көш-керуені басталды. 1994 жы­лы сол көшелі көшпен көшіп келген ағайындардың арасында бүгінде Қазақстан Республикасы­ның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ­тың мемлекеттік Абай атындағы акаде­мия­лық опера және балет теат­ры­ның әншісі Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ да бар еді...

Тәуелсіздік қандай тәтті, киелі сөз десеңізші. 1991 жылғы 16 жел­тоқ­сан - Қазақ елі ғасырлар бойы аң­саған Тәуелсіздігіне қол жеткізген, төрткүл дүниеге жар салып, ала­қай­лап сүйінші сұраған тарихи да қа­си­ет­ті күн. Бұл - көзайым хабар жұ­мыр жерде шашылып жүрген иісі қазақтың да жүрегіне үміт отын жаққан күн. Өздерінің қазақ болып туғандарына қуанған ба­қытты күн. Өйткені, әркімнің туған жері, туған отаны өзіне жерұйық. Міне, сол уақыттан бастап шеттегі қан­дастарымыздың тарихи Отанына ұлы көш-керуені басталды. 1994 жы­лы сол көшелі көшпен көшіп келген ағайындардың арасында бүгінде Қазақстан Республикасы­ның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ­тың мемлекеттік Абай атындағы акаде­мия­лық опера және балет теат­ры­ның әншісі Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ да бар еді...

- Майра Мұхамедқызы, есіңізде ме, сіздің Республика сарайында өткен тұң­ғыш концертіңізге ат арытып сонау Ас­панасты еліндегі ата-ана, бау­ыр­ла­рыңыз да келген-ді. Міне, сол кештегі үзілісте ана­ңыз Камал Қуанышқызына жолы­ғып, сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Сонда анаңыз: «...Баламның концерті өте­ді деген соң Қытайдан ар­мандаған қа­зағымның жеріне келіп, қызымның үл­кен сахнада ән шыр­қа­ғанына жүрегім жарылардай қуанып тұрмын. Балапа­ным­ды бауырларына ба­сып, құшағына алған мейірімді хал­қы­ма, оны басқарып отырған Елбасы Нұр­сұлтан Назар­баев­тың көрсетіп отыр­­ған қамқорлығына басымды иіп, рахметімді айтамын», деп еді. Одан кейін де тамаша табысқа қол жеткіздіңіз. Мемлекеттік сыйлыққа ие болдыңыз. Әрине, ең алдымен баласы аламан бәйгеден оза шауып келіп жатса, тілеуін тілеп отырған ата-ана үшін бір ғанибет сәт, үлкен қуаныш, зор мақта­ныш емес пе...

- Иә, ата-анамның қуанышында шек жоқ еді. Ол кезде әкем тірі, менің осы қуанышымды көріп кеткені үшін Аллаға мың разымын. «Балам, бұл жеңісің ең алдымен, тәуелсіздіктің құдіреті, тәуел­сіздіктің арқасы. Сол тәуелсіздікті баянды етіп, елдің еңсесін көтеріп, барын-жоғын түгендеп, басқа елдермен тереземізді тең ұстап отырған Елбасының жанкешті ең­бегінің арқасы. Қарғадай кезіңде Отаным, елім-жұртым деп келгенде шетке қақпай, сенің өнеріңді бағалап, көрсеткен қам­қор­лықтың, халықтың өнерге деген пейілінің арқасы. Ендеше, бұл сыйлықтың артында үлкен салмағы бар. Яғни, ел алдындағы жауапкершілігің бұрынғыдан жүз еселенді деген сөз. Осы биіктіктен түспей, одан әрі де еңбектенуің керек», деген еді. Анамның сөзіне қосарым, жүрегіммен де, көңіліммен де айтарым, Аллаға да, Қа­зақстанға да ризамын.

- Ұмытпасам, сіз сол Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаныңызда шетелде жүрген едіңіз. Сүйінші хабарды естігенде қандай күйде болдыңыз? Бұған қо­са, бірнеше халықаралық сыйлық­тар­ды алдыңыз. Айтыңызшы, сіз үшін сол сыйлықтардың ара салмағы, айыр­масы қаншалықты?

- Айтары жоқ... Еліміздегі ең мәр­тебелі - Мемлекеттік сыйлықтың маған бұйырғаны туралы хабарды естігендегі көңіл-күйімді жеткізу мүмкін емес шы­ғар. Бойыма қанат бітіп ұшып кетердей бол­­дым. Сондай бір керемет бақытқа бөлеп жіберді. Дәл сол кезде Францияның Тулон қаласындағы Ұлттық опера теат­рын­да өтіп жатқан спектакльде ойнап жатқанмын. Үзі­лісте әріптестеріме жеткізіп едім, бар­лығы қуанып, құттықтағаны есте. Спек­такльдің екінші актісін сондай бір ерекше шабытпен орындап шықтым. Осы қуа­нышымды бөлісуге, әрі өз елінде әншісін қалай қарсы алып, бағалайтынын көрсін деген оймен театр директоры мен жеке менеджерімді Тәуелсіздік тойына, сыйлықты тапсыру рәсімін көруге ертіп келдім. Бұл мен үшін өмірімдегі ең қым­бат марапат деп білемін. Өйткені, халық­аралық бай­қау­ларда жеңімпаз атану бір бөлек те, өз еліңде еңбегің жанып, сені қолдап, қол­паштаған, сені бағалаған қуанышты сезіну одан да ерекше, одан да әсерлі де ыстық, жүрегіңе жақын екен. Өзім ғана емес, менімен бірге ел де қуанды. Интернеттегі жәшігім сондай құттықтауларға толып кетті. Ең қуа­ныш­ты­сы, атамекенге келген орал­мандар ара­сынан өнер саласында жо­ғары сыйлыққа ие болған жалғыз қазақ­пын. Ендеше, бұл сонау екі өкпесін қо­лына алып туған Отанына жеткен ағай­ын­дарға да берілген марапат деп білемін.

- Майра Мұхамедқызы, сіздің тарихи Отаныңызға оралғаныңызға да аттай он жеті жылдан асыпты. Сол туған жер деп аңсарыңыз ауып келгенде Отаныңыз сізге не берді?

- Бәрін берді. Ең алдымен, әрі ең бастысы - Қазақстан маған еркіндік берді. Қазақстан дегенде түсінетінім - Тәуел­сіз­дік, қарапайым сөзбен айтсақ - бостандық. Қараңызшы, сол бостандыққа қаншама ұлт күресіп жете алмай жатыр. Сол ер­кіндіктің болмауынан тағдырлары өзгеріп, отанының жоқтығынан өмірде де, өнерде бейшара болып жүргендер қан­шама. Со­ларды көріп, Аллаға мың шү­кір­лік жа­сай­сың. Егер Қазақстанға келмегенде, мүмкін осылай ән сала алмас па едім деп ой­лаймын. Олай дейтінім, Қытайда жүргенде бала кезден армандаған Чайковский атын­дағы дүниежүзілік байқауға қатысуға бел будым. Оған бес әнші қа­ты­сатын болдық. Қытай үкіметі тарапынан екі әнші қытай ұлтынан, қалғандары өз қаражатымен бар­сын дегенді естігенде, жүрегім қан жы­лады. Ондай мүмкіндік қайда? Ұстазым профессор Го Шу Джен: «Мен екі қытай әншісін дайындаймын, саған қолым ти­мейді. Шәкіртім ретінде айтарым, қатыс­қың келсе, Қазақстанға бар. Ондағы мық­ты оқы­тушылардың дені Мәскеу, Ленин­град­тағы орыс мектебінің түлектері, сонда барып дайындал, сол жақтан жолың болар», деп кеңес берді. Әрине, мен екі елдің мәдениетімен, екі елдің дәстүрімен өстім. Осыған дейін 5 мың жылдық тарихы бар Қытайдың мәдениеті, тәрбиесі, мектебінен өтіп, жақ­сы-жаманын көрдім. Ол бір алғашқы шыңдалу мектебі болды. Бірақ Қа­зақ­стан­ға келген соң түпкі санамдағы адамға керек еркіндікті сезіндім. Шек­ара­ны өте бастағанда ұшы-қиыры жоқ кең даланы көріп, тынысым ашылып сала берсін. Келдім. Көрдім. Қиындық та болды. Ме­нің қиналатыным, кейбір отандас­та­ры­мыз Тәуелсіздіктің, еркіндіктің не екенін біліп, түсініп жатпайтындай көрінеді. Қы­тайда, әрине, менде ондай сезім болған жоқ. Өйткені, әр мемлекеттің өз саясаты, өз дәстүр-салты бар демекші, көпті көр­генмен, ішкі еркіндікті сезінбейтінсің. Қазақстан Тәуелсіздігін алған кездегі он­дағы ағайындардың қуанғанын айтпаңыз. Мен сол еркіндікті іздеп келдім. 1994 жылы туған топыраққа аяқ басып, Ота­нымызға оралдық. Содан бергі 17 жылда қазағыммен, елімнің тарихымен бірге өсіп келе жатқанымды мақтаныш сезіммен айта аламын. Қазір тіпті Қытайда ту­ғанымды ұмытып кеттім. Қайда барамын деймін, барамын. Еркін сөйлеймін, еркін пікірлесемін, емін-еркін өлеңімді айта­мын. Маған бір адам тосқауыл қоя ал­майды. Өйткені, дербес тұлғамын. Ол - сол еркіндіктің арқасы. Міне, соны әр­қайсымыз түсіне білуіміз, сол еркіндікті қорғауымыз керек. Атамекен - сенің мәңгілік қайтар мекенің, айналып келер темірқазығың. Міне, сол тәуелсіздігімізге биыл жиырма жыл толып отыр. Қай заманда да, қай уақытта да адамзат баласы үшін тәуелсіздіктен асқан құдіретті сезім болмаған. Тойдың да төресі - осы Тәуелсіздік тойы.

- Өнер жолы қиын жол. Адамзат тағылымында атақты, белгілі адам­дар­дың өміріне ерекше сілкініс әкеліп, өміріне әсер еткен, болмаса өзін осы деңгейге жеткізген адамдарға деген ықы­лас, ниеті өзгеше болып жатады. Былайша айтқанда, өмір бойы қа­рыз­дар болып өтетін адамдары болады. Осы тұрғыдан алғанда, кімнің алдын­да өзіңізді борыштар сезінесіз?

- Ең алдымен, қазақ болып туғаным үшін халқыма қарыздармын. Одан кейін ата-анама. Бақытым шығар, өнерлі отба­сында дүниеге келіп, тәрбиелендім. Әкем Мұхамед Әбдіқадырұлы музыкант, әрі композитор, ал анам 40 жыл сахнада ән салған Қытайдың бірінші дәрежелі әртісі, біздің өлшеммен халық әртісі болды. Қазақтың кім, қандай екенін, көбіне анам орын­дай­тын халық әндерінің қасиетінен, сөзінен, нәрінен топшылап өстім. Бұл осы елге деген арман, құштарлығымды кү­шейте түсті. Үшіншіден, тағдырыма кезіккен, баулыған ұстаздарыма қарыздар­мын. Әрине, өнер жолы ауыр да, қиын жол. Осында келген соң қалай өмір сүріп, өнерімді қалай жал­ғастырамын дегенде игі жақсы адамдарға кезіктім. Ал үлкен байқауларға қатысу үшін қажымас қайрат, жігеріңмен қатар, қолдау да қажет. Бү­гінгідей жетістіктерге жетіп, бірден-бір үлкен сахналарға шы­ғу­ым­да Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Сон­дықтан да, одан кейін кімге қарыздарсыз деп сұрасаңыз, Елбасына қарыздармын деп айтар едім.

1997 жылы Португалияға байқауға ба­рып келген соң алғаш рет ол кісінің ал­дында сахнаға шықтым. Зеректігі, талант­ты тани білетін қасиеті шығар, сол жолы: «Бұл қай бала?» деп сұрастырып, жағ­дайымды біліпті. Ол кезде шетелден келген қазақтарға азаматтық алу өте бір қиын шаруа еді. Сөйтіп, екі жыл ала алмай жүрген азаматтығымды, оған қоса пәтердің кілтін өз қолымен табыс етті. Ал басыңда баспанаң болмаса, бүкіл зейі­нің­ді қойып, бірдеңеге қол жеткізу мүмкін бе? Міне, содан бастап жолым ашылды.

- Майра, сіз қазақ опера әнші­ле­рі­нің арасынан шетелде келісім-шартпен жұмыс істеп жүрген санаулы әнші­нің бірісіз. Олардағы өнердің деңгейі, баға­лануы қалай екен? Нені байқап, нені түйіп жүрсіз?

- 2002 жылы тағы бір үлкен жетістікке жеттім. Францияға келісім-шартпен ба­рып, жұмыс істейтін болдым. Онда өз өнерімді таныта жүріп, алпауыт ел - Аме­ри­каның үлкен сахнасына жолдама ал­дым. Үлкен-үлкен өнер адамдарымен бірге жүрдім. Бірақ, адам сыртта жүргенде жалғыздықты қатты сезінеді екен. Дегенмен, халықтың маған деген көңіл-күйі, үміті, сенімі, берген ақ батасы бөтен елде рух, күш берді. Мұның бәрін тәптіштеп айтып жатқаным, жүрегі нәзік өнер адамына кішкене ғана қолдау, осындай бір ауыз жылы сөз үлкен шабыт әкелмек.

Рас, сырттағы өнер жолы оңай емес. Өйткені, шетелде сахнаға қазағымның аты менімен бірге шығады ғой. Қазірдің өзінде мені кім десе - бәрі «Қазақстан» дейді. Сондайда одан бетер жауапкершілікті еселейсің.

- Әдетте өнер адамдары талант 1 пайыз, еңбек 99 пайыз деп жатады. Сол сөзге қалай қарайсыз?

- Иә, құдайдың беретіні бар да, еңбек, уақыт, тәжірибемен келетіні де бар. Қазір мен кез-келген сахнадан - ол үлкен бе, кіші ме, қорықпаймын. Өйткені, Қытайдың да, кеңестің дау-дамайы көп сахнасын да көріп, шыңдалдым. Қазақтың да, қытай­дың да әнін айтып, кез келген стилдегі кәсіпқойлардың айтқанының бәрін қағып алып, меңгердім. Неге десеңіз, сол тә­жі­рибенің бәрі жиналып, адамды бір сатыға шығарады. Соны ұғынғанда өнердің қан­ша­лықты қиын жол екенін білесің.

Қытайда Үрімші қаласында жүрекке операция жасайтын қазақ жігіті бар. Сол жүрекке жасаған операциясына 99 пайыз болмаса да, 90 пайызына кепілдік беремін деп отырады. Ал жүрекке екінің бірі ондай кепілдік бере алмайды. Күнделікті интернет арқылы АҚШ-тан, басқа елдерден «ананы қалай жасау керек, мынаны қалай жасау керек» деп сұрайтын көрі­не­ді. Оның құпиясы сол, күніне әр он минөт сайын бір операция жасап, қолы үйреніп, машық­танғаны соншалықты, әрі оңай, әрі тез болатын әдіс-тәсілін тауып алған. Со­ның нәтижесінде тоқсанға келген қарияға да жасай береді. Өйткені, өз кәсібін өте жақсы біледі. Міне, мұның бәрі тәжі­ри­бе­нің арқасында келіп отыр. Артына түс­кен­діктен, соның шыңына жеткен. Өнер­де де сол сияқты. Менің байқағаным, Алла тағала өзі талант бергенмен, жалқау­лықты қосып жіберетін көрінеді. Ал оны табанды болсаң ғана жеңесің. Көп адам­ның жете алмай жататыны сондықтан болса керек.

- Оныңыз рас, жалпы жалқаулық қазақтың қанында бар ма деймін. Оны тіпті өмір сүру салтымыздан да, жейтін тамақ, жүріс-тұрысымыздан да бай­қау­ға болатын сияқты.

- Меніңше, ол тәрбиеге де көп бай­ла­нысты. Ата-анамның санамызға сіңіргені, балам дүниедегі ең қасиетті нәрсе - ол үйрену. Қазір анамның жасы келсе де, кітапты сығырайып оқып, орысша үйре­ніп алайын дейді. Қазақта «болар бала ...» деген сөз тура айтылған. Ата-анамнан естіген сөздің бәрі рас болып шығады. «Білегі бар бірді, білімі бар мыңды жығады», «Білгенге бір тоғыз, білмегенге тоқсан тоғыз»... Кейін ойласам, бәрі рас.

- Майра Мұхамедқызы, сіздің өнер­дің ішіндегі таңдап алған салаңыз, күр­делі классикалық жанр - опера. Осы жанр жөніндегі тұжырымыңыз қандай, оның күрделілігі неде?

- Біріншіден, бүкіл мүмкіндікті беретін еңбек екеніне көз жеткіздім. Яғни, мүмкіндік - ол еңбек. Мүмкіндік жолы­ңыз­ды ашады, еңбектенсең ғана, оның ризығын көресің. Басқаны білмеймін, өзім сахнаны сүйіп туған екенмін. Сах­наға шығуға асығамын. Көп әншілер сахнадан қорқатын сияқты. Әрине, толқи­сың, толғаныс болады дегендей. Ол қан­дай жағдайда болады? Сен дайындалма­ған, өзіңді дайын емеспін деп сезінген шақта. Піспеген, шала болғанда қорқы­та­ды. Ал сақадай сай кезіңде барыңды са­лып айтқан сахна - сол киелі сахна. Не үшін киелі дегенде - сахнаны сүйіп, со­ған тағзым еткеніңде ол сенің бар мүм­кін­дігіңді ашады. Егер бұрын ел алдына «жоғары нотаны ала алмай қалсам, қай­темін?» деп қорқып шықсам, қазір олай емес, сахнада сенімдімін, батылмын, еркінмін. Сахнаны жақсы көретінім сон­ша­лық, кішкене балалар сияқты концертке шыққанша асығып, соған жеткенше құ­мар­ланамын. Бұрын концерттің алдында қобалжып, ұйықтай алмасам, енді «қашан концерт болады, дайындағанымды қашан айтамын» деп жақсылыққа асыққандай тағатсыздана күтемін. Мінеки, көрдіңіз бе, сонда бізге жетіспейтіні сенім екен. Мен сол сенімді тапқан сияқтымын.

- Шетел сізге тағы не берді? Не үйрендіңіз?

- Шет ел маған қалай өмір сүруді үй­ретті. Жаңа айттым ғой, шетелде тынбай жұмыс істеп, өзіңді, талантыңды көрсете аласың, соған қарай өмір сүресің. Ал оның бәрі - күрес. Мен сол күресе білуді үй­рен­дім. Ал күресу - қызғану, біреуге жа­ман­дық ойлау емес. Бұл - нағыз өнер жо­лын­дағы күрес. Ол - басқалармен емес, өзің­мен күресу. Міне, сол қасиетті еуропа­лық­тардан үйрендім. Олар ешкімнен ешнәрсе қызғанбайды. Әркімнің өзі­нің сағаты ми­нөтына дейін жазылып тұрған келісім­шар­ты бар. Ешкім сенімен таласпайды, есептеспейді. Тек агентің жұ­мыс істейді, ол та­лабыңа, кәсіби ше­бер­лігіңе, келісімшарт­тың азды-көптігіне байланысты. Ендігі жер­де сол жауапкершілікті абыроймен ат­қара аласың ба, мә­селе сонда. Қазақ оны ұят болып қалма­сын деп жатады. Яғни, Қазақстанның, бү­кіл бір мемлекеттің аты­нан келіп тұр­ған­нан кейін ұят болмасын, басқалар жеткен жетістікке неге жетпеймін, неге жасқа­на­мын деп барыңды сала­сың. Ол біреуді қызғанып, бағын кесу, жамандық ойлау емес.

-Таза өнердің бәйгесі демексіз ғой...

-Иә, таза өнердің бәйгесі. Ондай кезде жаңағы қызғаныш, басқа ойлар түкке тұрмай қалады. Мен табиғатымнан адам­ды қызғанбаймын. Ал қызғаныш әр адамда болатын нәрсе. Адамның қолынан келетін нәрсені ол істей алса, саған неге істемеске. Тек қана өзіңнің жұмысыңды біл. Яғни, өзіңді біліп басқара білсең, өнер­дің алдында арың таза болады.

Бір айта кетерлігі, біздің қазіргі өнер­де, әсіресе, классикада әлемдік деңгейге көтерілген өнер иелері саусақпен санар­лық. Сол топ тезірек көбейсе екен деймін. Өйткені, Астанада опера театры салыну­да, оған жақсы режиссер, әншілер керек. Оны кім істеуі керек? Жастар. Ал көп­ші­лігінде сол жастардың жағдайы түзелген жоқ. Жалақы көтеріліп жатыр, бірақ әлі де аз. Аз болған соң, олар екі-үш жұмыс­қа бөлінеді. Ал таза өнер адамы жалақы, басқа нәрселерге көңіл бөлмей, тек қана ән айтуға тиіспіз. Бүгінде сондай дәре­жеге жеткен Жәния, Айман, Маратпен мақтанамыз. Бірақ, олар аз. Ол үшін талант тәрбиелеуіміз қажет. Біздің театрда жаңа опералар қоюға бас, баритон, тенр жетіспейді, көпшілігі әйелдер. Ал таланаттар қайда? Ауылда. Соларды інжу-маржандай талмай іздегеніміз абзал. Ал бар деген көп таланттың материалдық жағдайы жоқ. Қытайдың бір жақсы жері, талантты көріп қалса, қайдан болса да жұлып әкеліп, оқытады. Тіпті, Италияға жібереді. Көп қытай қазір Италияда оқып жатыр. Себебі, операның бастау жері, бұ­лақтың көзі - Италия. Біздің өнердегі келе жатқан ұрпағымыз жалғасын табуы керек. Қарап жүремін, концертке барып тың­дап жүремін, бір-екеуі бар. Бірақ, олар­­ға қол­дау жоқ. Не үй, не күй жоқ. Олар бір күн айтса, бір күн айтпайды. Ал таза өнер соңына түскенде ғана жемісін береді.

Тағы да шетелдіктерге тәнті болға­ным, олардың әрқайсысы өз елінің пар­тиоттары. Мәселен, америкалықтар өз ту­ын қалай құрметтейді. Құдайға қатты сенеді, әрі адамға жақсылық жасау керек деп тұрады. Сонан кейін Отанына деген сүйіспен­шілігі. Ойпырмай, десеңізші! Өзі­нің туын майка, шалбар етіп киіп ала­ды. Мысалы, мен «Көк туы желбіреген» деген әнге еліме деген сүйіспеншілігімді білдірейінші деп, концертімде экранға Ел­басының жүргізіп келе жатқан саяса­тын көрсететін бейнефильм жасап, Көк туды сахнаға гвардия сарбаздарымен ал­ып шығамын дегенде маған көп адам қар­сы тұрды. «Бұлай жасайтын сен кімсің?» деп режиссер екеумізге пәле салды. Сонда қатты қапа­ландым. Бірақ, түсінетін адамдар сол әнді дәл солай айтқанда жылап тұрды. «Майра, жарайсың!» дегендер көп болды. Сол кездері Қазақ­станда Туды сахнаға алып шығып айтқан әнші мен ғана шығармын. Міне, сол арқылы халыққа деген махаб­ба­тымды, өзімнің еркін елдің азаматы екенімді көрсеттім деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге көп рахмет. Алар асу­ла­рыңыз, шығар асқарларыңыз биіктей берсін.

Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.

http://www.egemen.kz/315029.html

 

0 пікір