Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2695 0 пікір 3 Қазан, 2011 сағат 07:08

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)

Ахмет Байтұрсыновтың осы хатқа қаратыла жазылған жауабының түпнұсқасы көзге түспеді. Тәржіма арқылы беріліп отыр.

«Қадірлі (құрметті) Әли!

Астананың Қызылордаға ауысу мәселесі түпкілікті шешілмегендіктен де, сенің көптеген хаттарыңа дер кезінде жауап бере алмадым. Енді, Қазақ институтының онда ауыспайтынына қарамастан, оқушылардың кетіп жатқанын көрген соң, мен де Қызылордаға көшуге бел байладым, сондықтан пәтер қарап іздестіре беру үшін әйелімді сонда жібердім. Биыл орталықтағы тәржіманың шығуына байланысты еліме баруға да мүмкіндік алдым. Қалғанына және көшудің қамына тамыз бен қыркүйекте кірісерміз деп ойлаймын. Егерде сенің профессорың Торғай мен Ырғыз уезіне баратын болса, онда менің де сонымен бірге жүріп кетуім керек шығар. Ән-күйлерді жиыстырып, фотографияға түсіру менің де көптеген ойымда жүрген іс еді. Егерде мен оны профессордан үйреніп алсам, маған да пайдалы болар еді.

Ахмет Байтұрсыновтың осы хатқа қаратыла жазылған жауабының түпнұсқасы көзге түспеді. Тәржіма арқылы беріліп отыр.

«Қадірлі (құрметті) Әли!

Астананың Қызылордаға ауысу мәселесі түпкілікті шешілмегендіктен де, сенің көптеген хаттарыңа дер кезінде жауап бере алмадым. Енді, Қазақ институтының онда ауыспайтынына қарамастан, оқушылардың кетіп жатқанын көрген соң, мен де Қызылордаға көшуге бел байладым, сондықтан пәтер қарап іздестіре беру үшін әйелімді сонда жібердім. Биыл орталықтағы тәржіманың шығуына байланысты еліме баруға да мүмкіндік алдым. Қалғанына және көшудің қамына тамыз бен қыркүйекте кірісерміз деп ойлаймын. Егерде сенің профессорың Торғай мен Ырғыз уезіне баратын болса, онда менің де сонымен бірге жүріп кетуім керек шығар. Ән-күйлерді жиыстырып, фотографияға түсіру менің де көптеген ойымда жүрген іс еді. Егерде мен оны профессордан үйреніп алсам, маған да пайдалы болар еді.

Қазақ мемлекеттік баспасымен жасасқан шартым бойынша жаңа жазу үлгісіне орайластырып үш грамматика оқулығын және қырғыздардың әліппесін құрастырып: біріншісін - 15 маусымда, екіншісін - 1 шілдеде, үшіншісін 1 тамызда және төртіншісін 20 тамызда бітіріп беруім керек. Міне, осы уақытқа дейін басқа жұмыстарға мойын бұруға мұршам жоқ, содан кейін де, егерде Қазақ институтында дәріс басталатын болса, бос уақытқа тағы да ділгір болып қаламын. 20 тамызға дейін Ибрагимнің (Абайдың) өмірбаянын жазып бере алмаймын дегенім сол. 20 тамыздан кейін де уақыт бола ма - оны да айта алмаймын. Өзіңе өзімнің фотографқа түскен суретімді жіберемін, бірақ байқарсың, менің суретім сенің шығатын қатираңа кірмей қалып жүрмесін.

Біздің коммунистер, сендердің мәскеуліктерің сияқты жарты емес, нағыз "96-пробаның" өзі.

Алтынсарының баласының суретін "Шолпан" журналының № 6,7,8 кітабынан таба аласыңдар. Одан басқа оның суреті менде жоқ.

Міржақып Қостанай уезіне кетті. Кеше одан: "Гая (Ғайнижамал, Міржақыптың әйелі - Т.Ж.) жеңілдеді, ұл тапты!", - деген телеграмма алдым. Пішпек қаласында өткен қырғыз мұғалімдерінің құрылтайынан (бұл арадағы бір әріпті не санды ажырата алмадық. «Келдім» бе, жоқ «Е, келді» ме. Егерде қысқартылып жазылған кісі аты болса, онда бұл "Елдес Омаров" деген сөз. Ал "2" деген сан болса - онда "2 күні Пішпектен келдім» деген сөз. Аудармашының өзі де түсінбеген сияқты. Сондықтан Пішпектегі съезге Ахмет Байтұрсынов барды ма, Елдес Омаров барды ма, ол арасын анықтау керек. Ахмет Байтұрсыновтың "Әліппесі" сол жылы қырғыз мектептері үшін басылып шыққаны анық - Т.Ж.) 2-де келдім. Күн тәртібіне қойылған мәселе мынадай: тіл, қарып, жазу үлгісі, ғылыми терминдер, көне сөздерді жинастыру және мектептің бағдары.

Латын алфавиті туралы бұларда осы уақытқа дейін бір жиналыс болыпты да, қаулы қабылдапты. Сияз оны қолдады. Ол қаулының мазмұны мынадай: қырғыздардың келешегі үшін латын жазуы пайдалы, бірақ та, оны бірден қолданудың ыңғайы келмейді, оған дейін араб қарпіне біраз өзгерістер енгізу қажет - делінген. Олар: латын - "назира" қарпінен нашар. Бізде үлкен және кіші қаріп деген болмау керек, сондай-ақ, баспаша және жазбаша түрінің де қажеті жоқ. Академиялық орталық жағырафияны орыс тілінде басып шығара алмайды, - дейді.

Бұл ұсыныстарды қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының талдауына ұсынамын, нәтижесін кейін хабарлаймын. Соңғылар оны шығаратын шығар деп үміттенемін, себебі, оларға қырғыз жағырафиясы өте қажет.

Құшақтап сүйдім. Ахмет . Орынбор. 11/ҮІ - 25 жыл».

 

Осындағы "Ибрагим" - дегенді аудармашы Жақыпов жақшаның ішіне Абай деп көрсеткен.

Ахмет Байтұрсыновтың бұл хатына Әлейхан Бөкейханов маусымның 23 күні жауап жазыпты. Оның да фотокөшірмесі ғана сақталған. Бұл да Д.Қамзабектің тәржімасы арқылы ұсынылып отыр.

"Бауырым Ахмет!

Сенің 11 маусымда жазған хатыңды алдым. Профессор тамыз бен қыркүйек айларында Ырғыз бен Торғайға барып, сол жақтан Қызылордаға соғатын боп уәде беріп, Берлин қаласына қайтып кетті. Мен одан (сапарды) Қостанайдан бастауды өтіндім. Ол бұған келісті. Мен оған: «Егер осы өңірге барсаңыз, Ахмет Байтұрсынұлын жолықтыруға тиіссіз. Бұл кісі сізге серік болады», - дедім. Енді сенің келісіміңді білген соң, оған хат жазып, хабарласып, ақпарымды Мәскеудегі неміс өкілдігіне тастап кетпекшімін. Қалғанын оның өзі біздің қазақ өкілеттігіне соғып, анықтап біліп алатын шығар.

Тамыз айында өзің қайда болмақсың? Мырзағалиұлын (Германияда оқыған - Т.Ж.) неміспен ұшырастыруға жіберерсің. Еуропа сүзектің микробын әлдеқашан тапқан. Лизажанның (Ә.Бөкейхановтың қызы Елизавета - Т.Ж.) профессоры дәріс үстінде айтатын көрінеді: «Макс па (менің немісім), жоқ мен бе, бұл микробты тапқан сияқтымыз», - деп. Макс бұл жөнінде ештеңе демеп еді. Бәлкім, оның зерттеуінің бағыты да сол шығар. Егер сен оған қосылсаң, тіпті жақсы болар еді.

Біздің Орталық баспада көрнекті құралдар шеберханасы бар. Олардың қаржысы жеткілікті. Жұмыс жоспары ауқымды. Бүкіл КСРО бойынша халық ағарту ісіне қажетті нәрселер әрбір ұлттың жағдайы мен ерекшелігіне қарай жасалынбақшы. Мен оларға қазақ академиялық орталығымен байланысыңдар деп кеңес айттым. Академиялық орталық енді қазақ мектебі мен көшпелі оқу отауларына келеді-ау деген Ережелерін көрсетіп, арнайы жұмысымен қоса осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ұсынысын берсін. Академиялық орталықтағылар осыны орындауға тырыссын.

Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде-бір ән сөзін білмейді ғой. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны әншілердің арнайы үйіне апарып, ән салдырттым. Дауысын мақтастық, әйтсе де, ән салған кезде, мен қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы. Парижде ойлы әнді талап етеді. Әншіні Парижге жібере отырып, бір әннің сөзін болса да жаттатқызуға болатын еді ғой. Әміре орыс мещаны сияқты киініпті. Оны дұрыстап киіндіру де соншалықты қиын іс пе еді?

Абай мен Алтынсарының баласы жөніндегі жазуыңды күзге дейін бітірсең де кеш емес. Нәзір де (Нәзір Төреқұлов - Орталық баспаның қазақ секциясының меңгерушісі, «Темірқазық» журналының редакторы) Абай туралы жазбақшы. Мейлі, жазсын. Алтынсарының баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, соның ісін жасарың хақ.

Сенің ересек сауатсыздарға арналған кітабыңда «бізге» керексіз қазақ хандары мен билерінің сөздері бар екен. «Еңбекші қазақтың» 30-санындағы №9 қосымшасында Ғаббас (Тоғжанов - Т.Ж.): «Кітапта бір де бір коммунист жоқ», - деп жазыпты. Оған жолдас Мардан (бүркеншік аты болуы керек, кім екені анықталмады - Т.Ж.) «Ақ жолдың» бетінде жауап қайтарды. Мардан жақсы айтыпты. Мен Марданның мұны неге жазғанын білдім: Біздің «жазушы» қазақ коммунистеріміз саған риза емес әрі наразы көрінеді. Сен кітабыңда Мағрифаның (-?) інісіне орын беріп, мына «жазушылардың» еңбектерін кіргізбепсің. Орыстың мұндай кітаптарында Лениннің мақалалары толып жүреді екен. Ондайлар біздің қазақ кітаптарында, байғұс Сәкендікінен өзгелерінде жоқ. Мұны маған жақында ғана мүшелікке өткен коммунистің бірі айтты. Мен оның есіне мына мысалды түсірдім: «Көктем шығып, күн аспанға жоғары көтеріліп, тіршілік атаулы ояна бастағанда, Юпитер бұқа кейпінде жерге төмен түсіп, сиырлардың арасында ұрпақ өндіру қамымен жүреді екен. Бірде жай ғана кәдімгі бұқа аспандағы Юпитер-құдай болуды ойлапты. Сонда біреулер айтыпты: «Бұқаның Юпитер боламын деп армандауы - сандырақ, бос қиял», - деп. Қазақ коммунистері Ленин болуды қаласа, жол ашық. Әлгі бұқаның кебін құшып жүрген қазақ коммунистері Ленин бола ала ма», - дегенімде, әлгі «төрем» көңілсізденіп әрі маған өкпелеп қалды.

Келініне барды деп, Күрден әкесі Едігеге қол жұмсағанда, Едіге айтқан екен: «Арғымақты арытсаң, арданы қайдан табасың? Ақ сұңқарды аздырсаң, құмайды қайдан табасың? Қара жерді өртесең, жеміңді қайдан табасың? Қара суға қан ағызсаң, қара суды кім берер? Шашыма ақ кіріп, көзімді шел басып, қартайған шағымда өз атаң - мені сабасаң, қайдан ғана оңарсың», - деп. «Көксілдір» мен «Шайырда» осындай өлеңдер бар. Осыны жазуға болады ғой.

Орталық баспаның тапсырмасы бойынша Мағжан Жұмабайұлы «Әліппені» және өз бетімен сауатын ашушыларға арнап «Кіріспе» жазған еді. Кеше Нәзір: «Мағжан Жұмабайұлының жазған кітабы Байтұрсынұлының кітабынан жақсы», - деді. Ол кітаптар әлі басыла қойған жоқ. Маған көрсетпеді. Бірақ, оған сын айтатын Нәзір емес қой.

Меңдешұлы (С.Меңдешев, сол кездегі Қазаткомның төрағасы - Т.Ж.) жолдас «Бөкейханұлы «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады», - деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық Комитеттің жанындағы Баспа бөліміне түсіпті. Сол шағым бойынша мені сонда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді. Мәскеу коммунистері: «Қазақтар - ұлтшылдар», - деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан: «Айтып жүргендерің не?», - деп сұрасам, олар: «Өздеріңе өздерің шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған - өз қазақтарың», - деп айтады.

Жазуымды аяқтадым. 30-маусымда елге қарай шығамын.

Мадиярды сәбилі болуымен құттықтайын деп едім, бірақ мекен-жайын білмеймін. Осы жөнінде Мадиярға жазып жіберші. «Еңбекші қазақ» маған тиесілі ақшамды бөлер ме екен, соны Жолдыбайұлынан (Молдағали Жолдыбайұлы - Т.Ж.) білші.

Хат жаз. Әлихан. Мәскеу, 23/VI-25ж.»

Қатырмасына: «Алушы: Москва, Воздвиженка, Ә.Бөкейхановқа. Жіберуші: Қызылорда, С. Киловскийй п. 4, 15 пәтер. Желкен» деп жазылған дәл осындай мағлұматы мол хаттың шекесіне тергеушілер «10/ІV-28 ж.», - деп белгі қойған.

«Әлеке!

Сіздің «Жаңа мектепке» жіберген 27 мақалаңызды Мадиярдың қолынан алдым. Нағында 33 мақала екен. «Жарасын алдырған апа» №5 санға салынды. «Семенның әкесі» №6 санға барады. Сондай-ақ «Ақылсыз қасқыр да» («Жаңа мектептің» «Балаларға базарлық атты» №6 қосымшасында) сонда берілді. Қалғандары да бірте-бірте осылай жариялана бермек. Бір-екі мақаланы Мадиярға қайтардым. Сіз шамасы «Жарасын алдырған апаны» көрген жоқсыз-ау деймін. (Өйткені «Жаңа мектепті» жаздырып алмайсыз ғой). Сізге тиесілі төмендегі соманы «орамал ретінде» (қаламақы - Т.Ж.) «Жаңа мектептің» кезекті санымен қосып жіберіп отырмын. Жарияланған мақалаларыңызға тиісті қаламақыны алу үшін «қағаз жіберіңіз». Онсыз мында босатпайды «Жаңа мектепте» «Сырлы әдебиет» бөлімі ашылды. Соған да арнап мақала жіберіңіз. Бірден «басқарманың атына» жолдаңыз.

Енді алдағы уақытта «Жаңа мектепке» қандай мақалалар керек екеніне тоқталайын. «Жаңа мектептің» әр санында «Өлкетану» деген айдармен менің немесе басқа біреудің мақаласы тұрақты түрде беріліп тұрады. Оған ешқандай редакциялық түсіндірме жасалмайды. Сондықтан да редакция біздің пікірімізбен санасады ғой деп ойлаймын. «Жаңа мектеп» мұғалімдердің сұранысын қанағаттандырады деп үміттенеміз. Бір сөзбен айтқанда, «Жаңа мектеп» журналы мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне ем ретінде қонады деп үміттенеміз. Бұған «Жаңа мектептің» таралымының өсуі мен әр жерден келіп жатқан хаттар көз жеткізеді. Қаражаты тапшы, газет-журнал оқып үйренбеген, арнайы маманданған басылымға үйренбеген мұғалімдердің сұранысы күшейіп, ақшаларын жіберіп жатыр. Бұрын 50 адам ғана жаздырып алушы еді, қазір олардың саны 800-ден асты. Арнайы ұйымдастырушы ұстамаймыз, бірақ та кейінгі екі жарым айдың ішінде (№3 санынан бастап) жазылушылардың саны 1000-ға жетті. Оқу-ағарту коммисариаты «Жаңа мектепті» үлгі ретінде ұстанып отыр. Осыған қарағанда «Жаңа мектеп» дер кезінде ашылған сияқты. Сондықтан да олардың пікіріне қосылмау мүмкін емес. Оқырмандар мен талап етушілердің тілегі бойынша әдебиет бөліміндегі материалдарға берілетін түсініктермен келісу керек шығар.

«Сын бөліміндегі» материалдар жеткіліксіз. Бұған сіздің араласуыңыз керек деп есептейміз. Сіздің келіспейтініңізді білсем де (әрине бұл менің өз күдігім), «Табиғаттану бөліміне» жазып тұрыңыз. Жер, ауа райы, топырақ, су, құм, өсімдік, геология, Қазақстан тарихы туралы жазыңыз. Осының өзін ғылым деп есептеймін. Көп адам бізге қатыспаса да, кеңес бермесе де, мұғалімдер бұл туралы жазып тұрады. Тым болмаса 1908 жылы қазақ жері туралы Сібір журналдарына шыққан мақалаларыңызды қазақ тіліне аударып жіберіңіз.

Желкен. 13/V - 26 ж.»

«Желкен» деген кім? Біздің пайымдауымызша бұл сол тұста «Жаңа мектеп» журналында қызмет еткен, алдыңғы хатта аты аталған алаш рухты қаламгер Молдағали Жолдыбайұлы. Дегенмен де нақты анықтауды қажет ететін аса мүдделі әдеби тұлға. Өйткені мұнда Әлихан Бөкейхановтың баспасөзге ұсынған 33 мақаласының саны көрсетіліп, оның тақырыбы анықталып отыр. «Жарасын алдырған апа», «Семеннің анасы», «Ақылсыз қасқыр» сияқты балаларға арналған тәржімалары нақты айтылады. Мұның өзі алаш қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын барынша толық зерттеуге негіз қалайды.

Осы томның 168 бетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Әлди-әлди» өлеңінің қолжазбасы да бар. Зады Ә.Бөкейхановтың пәтерінен тәргіленсе керек.

4.

Әлқисса, түрме тарихын ұрпақ шежіресімен жалғастыра әфсанамызды аяқтаймыз. Әлихан Бөкейханов 1902 жылы публицист Я.Севастьяновтың қызы Елизавета Яковлевнаға үйленеді. 1903 жылы туған қызы Лиза дәрігер мамандығын алған, Смағұл Сәдуақасовқа тұрмысқа шыққан, Ескендір атты баласы ұлы отан соғысында қаза тапқан. Медицина ғылымының докторы, Жоғары аттестациялық комиссияның мүшесі болған. 1971 жылы Мәскеу қаласында дүниеден қайтқан. Ал 1905 жылы туған ұлы Үкітай (Сергей) тау-кен инженері, Қ.Сәтбаевтің қамқорлығында Жезқазған кенішінде геолог болып істейді, мыс және уран кені жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізген. «Халық жауының» ұлы ретінде қуғын-сүргінге ұшырап, 1957 жылы Хакас автономиялық облысының Сороскі қаласында белгісіз жағдайда қаза тапқан. Үкітайдың 1938 жылы туған ұлы Евгений техника ғылымдарының кандидаты, доцент. Москвадағы байланыс министрлігінде ұзақ жылдар бойы қызмет істеген. Оның ұлы Петрес - атом энергетикасының маманы. Ұлт көсемінің рухын арқалаған Евгений Бөкейханов 1992 жылы тарихи отанына аяқ басқанда:

«Мен Ақтоғай деген елді, жерді бұрын естіген де, көрген де емеспін. Атамның әруағының арқасында қадірлі мекеннің суын ішіп, дәмін таттым. Ақтоғайға келіп бүкіл қазақ халқының қонақжайлылығын, ұлылығын, еңбекшілдігін, ұйымшылдығын көрдім. Менің де бойымда қазақтың қаны бар. Сол арқылы Ақтоғай менің жүрегімде мәңгілік орнығып қалатын болды», - деп тебірене сөйлепті (С.Аққұлұлы).

Мәскеуге қайтып оралған соң да көп уақыт бойы алай-дүлей сезім құшағындағы ой аясында болады:

«Көрген, сезген жайлар көз алдымнан кетпей қойды. Оны дос-жораларға ауызша айтып та жүрдім. Бәрібір, көкірегімді бір тәтті сағыныш, шырын сезім қытықтай берді. Даңғайыр дала, дархан туыстарым жайында ақыр соңында өлең жазуға отырдым. Бұл өлеңдерде әлгі көргенім мен сезгенім, бабалар мекені, менің ұлы атамның тағдыр-талайы, ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен үн, менің ағайын-туыстарымның бүгінгі тіршілік-харекеті... болса дедім. Жергілікті халық менің атам Әлихан туған аймақты Сарыарқа деп атайды екен. Осы атаудың өзінде де ғажайып сыр, ғаламат әуен бар сияқты», - деп толғаныпты.

Иә, қаракөктің тұқымының өзегіне далаға деген ұлы сағыныш ыстық аптап болып басылыпты. Ұлы атасының рухына, ата мекеніне, туыс-бауырларына арналған мына өлең ұрпақ сағынышын да жеткізеді:

Апай төс қар жамылған,

Баурайында - ауылдар.

Сол бір таудың ар жағында,

Ағайын бар, бауыр бар.

Бұл даламен Батый өткен,

Шыңғыс та өткен айбарлы.

Ақын өткен, батыр өткен,

Ақиықты, айбарлы.

Шексіз дала қасиетті,

Ғасырлардың көшінде.

Ұлы баба өсиеті -

Ұрпағының есінде.

Ата-баба атырабын,

Қалай көрмей шыдармын!

Мен де бір тал жапырағы,

Дала деген шынардың.

Қолын бұлғап бозаң қырда,

Түсіме енді қаншама ол.

Бүгін менің көз алдымда -

Сол бір дала аңсаған.

Арқалаған заман жүгін,

Тағдыр жолы - тарамыс.

Мына адамдар маған бүгін,

Әрі жақын, әрі алыс.

Тілім менің күрмеледі,

Дірілдейді үнім де.

Айтпақ болсам бірдеңені,

Кешегіден бүгінге.

Гүлі оралып балағыма,

Лүп-лүп соғып жүрегі.

Жүрген сайын дала мына,

Құшағыма кіреді.

Көркіне оның тіл жетер ме,

Кім болжайды өлшемін?!

Бар ғой, бар ғой бұл мекенде,

Менің де бір бөлшегім!

(Аударған И. Сапарбай).

Иә, ол да - Евгений Бөкейханов та ұлы даланың ұлы бөлшегінің бірі! Әлихан Бөкейхановтың рухына арналған мұндай махаббат пен сағынышқа толы толғауды ол туралы кітапқа енгізбеу де қиянат. Өйткені бұл оның ұрпағының, туған немересінің оның белгісіз қабіріне салған бір уыс топырағы.

Жалпы, Бөкейхан ұрпағының ата қорымы Тоқырауын өзенінің Жіңішке атты саласының күншығысындағы «Талдыбейітте». Әуелде сегіз қырланып салынған зираттың ауқымы кең. Кейін бұрышталып, қабірдің қарасы молайған. Басында жалғыз түп мәуелі шетен тамырын жая жайқалып тұр. Тұқымы Бразилиядан алынған бұл шетенді 1905 жылы Әлихан Бөкейханов Санкт-Петербургтан арнайы әкеп әкесі Нұрмұхамедтің басына отырғызыпты. Әуеліде үш түп боп жамырай өскен екен. 1932 жылғы ашаршылықта Қарқаралыдан Балқашқа босқан босқындар осы зиратты паналап, екі түп шетенді кесіп, отқа жағыпты. Бұл да нысаналы оқиға. Әлиханның молаға еккен ағашы да өлмеші қазақтың өзегін жалғап, мұздаған жүрегін жылытып, бір кәдесіне асты. Міржақып айтқан, жоңқасы да алаштың керегіне жараған аласа да киелі ағаш, осындай-ақ болар.

Желтаудың аңғарында самалдап тұрған сол мықан ағашының саясына ұлт көсемінің туған бауыры Смахан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан: жұрты үшін шаһид кеткен перзенттің рухы фани мен бақидың арасындағы ғайып кеңістігінде имансыз көшіп жүрмесін деп және мүһминнің дұғасы бұйыруы үшін де Әлиханның өзі киген құлақшынын әке зиратының ішіне лаһаттап көміпті. Құлпытасқа:

Қыр баласы,

Ел ағасы,

Қазақтың болған панасы.

Жел жағында панасы,

Ұмыта ма Әлиханды,

Қазақтың баласы, -

деп қашап жазыпты.

Көмусіз қалған Әлиханға жоқтау сөзді де қимаған «қазақтың тағы бір баласы» тұғыртасты балғалатып, сүймендетіп сындыра алмаған соң, жазудың бетін сүргілетіп тастапты.

О, қастаншықпағыр, атадан арсыз туған, лағынет!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір