Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6382 0 пікір 30 Қыркүйек, 2011 сағат 07:43

Ұлттық «болмысты жалаңаштаған» кино түсiруге қарсымын

Ол қандай рөл ойнамасын, өз рөлінің режиссері  бола біледі. Ол қандай рөл ойнамасын, рөліне мәңгілік ғұмыр сыйлайды. Ол сомдаған образда жасандылық жоқ. Себебі, жасандылық оның болмысына жат. Шынайы болмысты актер ғана шынайы бейне жасай алса керек-ті. Қазақстан Халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың рөлдерін  шынайы да шебер сомдауының сыры неде? Оның жауабын осы сұхбаттан таба аласыз.

Бiреудi «көшiретiн» актер - актер емес

Жас қазақ: Досхан аға, көптен көкейіңізде жүрген «Біржан сал» фильмін түсіріп, өзіңіз серінің образын сомдадыңыз. Режиссураға біржола бет бұрған секілдісіз.  Нұрқанат Жақыпбай бір басылымға берген сұхбатында: «Досхан Жолжақсынов, Лидия Кәденова, Ғазиза Әбдінәбиева төртеуміздің ойнайтын спектакльдерімізге көрермен билет таппай жататын» дейді. Шындығында да, театрға сіздер үшін баратын көрермендеріңіз көп еді. Театрға оралу ойыңызда жоқ па?
Досхан Жолжақсынов: Киноның бір сиқыры бар. «Біржан салды» түсіргеннен кейін киноға шырмалып қалдым. Киноға қатысты көптеген жоспарым бар. Бұрыннан ойымда пісіп-жетілген идеяларымды іске асырсам деймін. «Қазақфильмге»  Томирис туралы киносценарий ұсындық. «Қазақфильмнің» басшылығы «мұндай күрделі дүниені түсіруге көп қаржы кетеді»,  - деген соң қазір басқа жобаны қолға алып жатырмыз. «Құнанбай» туралы фильм түсірсем деген мақсатым бар. 

Ол қандай рөл ойнамасын, өз рөлінің режиссері  бола біледі. Ол қандай рөл ойнамасын, рөліне мәңгілік ғұмыр сыйлайды. Ол сомдаған образда жасандылық жоқ. Себебі, жасандылық оның болмысына жат. Шынайы болмысты актер ғана шынайы бейне жасай алса керек-ті. Қазақстан Халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың рөлдерін  шынайы да шебер сомдауының сыры неде? Оның жауабын осы сұхбаттан таба аласыз.

Бiреудi «көшiретiн» актер - актер емес

Жас қазақ: Досхан аға, көптен көкейіңізде жүрген «Біржан сал» фильмін түсіріп, өзіңіз серінің образын сомдадыңыз. Режиссураға біржола бет бұрған секілдісіз.  Нұрқанат Жақыпбай бір басылымға берген сұхбатында: «Досхан Жолжақсынов, Лидия Кәденова, Ғазиза Әбдінәбиева төртеуміздің ойнайтын спектакльдерімізге көрермен билет таппай жататын» дейді. Шындығында да, театрға сіздер үшін баратын көрермендеріңіз көп еді. Театрға оралу ойыңызда жоқ па?
Досхан Жолжақсынов: Киноның бір сиқыры бар. «Біржан салды» түсіргеннен кейін киноға шырмалып қалдым. Киноға қатысты көптеген жоспарым бар. Бұрыннан ойымда пісіп-жетілген идеяларымды іске асырсам деймін. «Қазақфильмге»  Томирис туралы киносценарий ұсындық. «Қазақфильмнің» басшылығы «мұндай күрделі дүниені түсіруге көп қаржы кетеді»,  - деген соң қазір басқа жобаны қолға алып жатырмыз. «Құнанбай» туралы фильм түсірсем деген мақсатым бар. 
Жас қазақ: Киносценарийдың авторы Таласбек Әсемқұлов  па?
Досхан Жолжақсынов: Иә. «Біржан сал» фильмінің сценарийін жазған Таласбек Әсемқұлов екеуміз тығыз шығармашылық  байланыстамыз. Ол не жазса да зерттеп, терең жазады.  
Жас қазақ: Жас кезіңізде түскен «Бандыны қуған Хамит» пен «Гауһартас» фильмінде кейіпкерлеріңіздің жандүниесін толыққанды ашып, ұмытылмас бейнелер жасадыңыз. «Көшпенділердегі»  жоңғар қоңтайшысы мен  «Біржан салдағы» сері бейнесін де көрермен өте жылы қабылдады.  Десе де, театрда өзіңізді өзіңіз қайталаған рөліңіз  болды ма?     
Досхан Жолжақсынов: Кинода да, театрда да көптеген рөлдер ойнадым. Жастар театрында Байділдә Қалтаев, Қасым Жәкібаев, Мұхтар Бақтыгереев, Сәлима Саттарова, Әмина Өмірзақова, Мәкіл Құланбаев  сынды табиғатынан талантты жаратылған жандармен бірге жұмыс істедім. Саңлақтармен сахнада әріптес болудың өзі бір ғанибет еді! Олар әріптесін қамшылайтын. Олар сахна шымылдығының сыртындағы «тартысты» емес, сахнадағы тартысты сүйетін. Олар сахнада нашар ойнауыңа жол бермейтін. Олармен бірге нашар ойнау қылмыс еді. 
Қырағы режиссер ғана актерге рөл беруде жаңылыспайды. Өзінің көзқарасы, қабілеті бар актер кейіпкерін зерттеп, жандүниесіне бойлайды.  Сахнада біреуді қайталадың ба, онда өзіңді жоғалтқаның. Өзіңді өзің қайталадың ба, онда өзіңнен алыстағаның. Біреудің еңбегін «көшіретін» актер - актер емес. Ол - өнерде адасып жүрген жан. Өнер адамының өзіне ғана тән қолтаңбасы, өзіне ғана тән «Мені» болуы керек.
...«Қаладан келген қылжақбас» пьесасындағы рөлім жаныма жақын. Спектакльде басты кейіпкер бейнесін сомдадым. Спектакльдің әр қойылымы аншлагпен өтетін. Менің кейіпкерім қаланың баласы. Шашы мен сақалын өсіріп, жаттап алған французша сөздерін араластырып сөйлейді. «Қоғамға зиянды адамды» шартты түрде екі жылға соттап,  бір шопанға көмекші етіп жібереді. Шопан рөлінде  Байділдә Қалтаев, кейіннен Қасым Жәкібаев ойнады. Шалдың қызының образын  Лидия Кәденова сомдайды. Қылжақбас пен шал арасындағы тартыс,  қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынас қызықты өріледі. Өзін табиғи болмысынан артық көрсетуге тырысып жүрген жігіт табиғат жайнап, қой қоздағанда шынайы бейнесін көрсетеді.  Ол жүрегінің бір түкпірінде ұлтына деген махаббатын көрсете алмай, жасырып келген, адамдық қасиетінен айырылмаған азамат еді. Табиғаттың жаңаруы оны өз табиғатына оралтады. Рас, кеңестік кезеңнің саясаты тұрғысынан жазылған шығарма, бірақ өмірге жақын пьеса.  Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» драмасында өзбектің, Роллан Сейсенбаевтың «Өзімді іздеп жүрмін» пьесасында завод директорының образын сомдадым.  «Ақан сері-Ақтоқтыдағы» - Ақан,  «Індеттегі» - Әзберген менің актерлік қабілетімді танытқан рөлдер болды. Кейін театр директоры болып тағайындалдым. Директордың рөлін ойнадым. Директордың рөлін қалай «ойнағанымды» мен емес, әріптестерім айтсын.

«Қазақфильмде» кино түсіретін режиссер кепілдікке үйін қойсын

Жас қазақ: «Біржан салыңыз» ұлттық киноға сусаған қазақтың рухани дүниесіне айналды. «Біржан сал» турасында Әбіш Кекілбаев пен Тұрсын Жұртбай зерттеп, зерделеп көлемді мақала жазды. Көрермен жақсы дүние мен нашар дүниенің арасын ажырата алмай, талғамсыздыққа бой алдырып жатқанда, Әбіш Кекілбаев пен Тұрсын Жұртбайдың жаңа фильмге пікір білдіруі көрерменге бағыт-бағдар көрсетті. Кейбіреулер «Дос­хан Жолжақсынов киносы туралы мақаланы Әбіш Кекілбаевқа ақша беріп жаздырды»  дейді...
Досхан Жолжақсынов:  (күледі) Егер ақша ұсынсам, Әбекең қабылдай ма екен? Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев ондай «жабайы сауданың» адамы емес. Бұрын қазақ осындай жаман ойлардан ада едік. Жылпос адамдардың өзін «Ол да қазақтың бір баласы» деп өлім түгілі, сөзге қимай жатамыз. Бұл пікірді айтқан адам да пенде ғой, қателескен шығар. Адам дегеніміз  - пенде. Адасады, өзін іздейді, табады, қайта адасады... Өзін ешқашан іздемесе, табуға ұмтылмаса, қиын. Ойламай сөйлеу, сөйлеген сөзіңе есеп беріп жатпау, бұл да - азғындаудың бір көрінісі. Рухани әлсіз адамдар алып-қашпа әңгіме айтуға әуес келеді. Діни секталардың шылауында кетіп жатқанда сол: рухани әлсіз адамдар.  Өзім туралы айтылатын ғайбат сөздерге мән бермеуге тырысам. Өзімді рухани тұрғыда өсірмейтін сөздерді есімде сақтап, көңілімді құлазытқым  келмейді.
Жас қазақ: «Біржан сал» фильмі кинофестивальдерге қатысты ма?
Досхан Жолжақсынов: «Біржан салды» кинофестивальдерге ұсыну «Қазақфильмнің» құзырындағы шаруа. Біз бұл мәселеге араласа алмаймыз. О баста «Біржан салға» қатысты кедергілер болды. Бұл туралы мен баспасөз беттерінде ойымды ашық айттым. Содан кейін тіпті қолдауды қойды. Киноны насихаттауды қойды. «Біржан сал» неге көрсетілмейді? Неге кинофестивальдерге қатыспайды?» деп жатқан ешкім жоқ.  
Жас қазақ: «Біржан сал» жарыққа шыққанда қазақ журналистері көрерменнен жарыса сүйінші сұрады. Кейіннен мерзімді басылымдарда «Біржан салдың» көрсетілмеуіне қатысты да мақалалар жазылды...
Досхан Жолжақсынов: Журналистерге  рахмет! Жазып жатыр, айтып жатыр. Бірақ мені жазылған жайға жауап болмай тұрғаны қинайды. Біздің елде көтерілген мәселені тиісті  орындар, талқылап, таразыға салмайды.  Жаңалықтардағы оқиғаларды көрсең, жүрегің ауырады. Сол мәселелердің түйіні шешіле ме? Айта алмаймын.  Айтылған сөз айтылған жерде қалады.
Жас қазақ: Байқасаңыз, орыстар белгілі тұлғаларын киноэкранға бірінен соң бірін шығарып жатыр. Одан қалса, әлемдік әдебиеттің маржандарын да кинокартинаға айналдыруда. Біз тұлғаларымыз туралы екі-үш фильм түсіріп едік, оның өзін қырғыз бен Голливуд актеріне беріп қойдық. Осы жаныңызға батпай ма?
Досхан Жолжақсынов: Рас, бұл мәселе мені де толғандырады.  Абылай бабамызды қазаққа қатысы жоқ, көшпенділердің өмірінен хабарсыз  актердің ойнағаны бәріміздің  жанымызға батты.  Марқұм Ақаң, Ақселеу Сейдімбек фильмнің көркемдік кеңесшісі болды. Сол кісі екеуміз  Рүстем Ибрагимбековке Абылай ханның рөлінде қазаққа қатысы жоқ актердің ойнағанына қарсы екенімізді айттық.  Р.Ибрагимбеков: «Қазақ ойнасын» дейсіздер ғой. Түсінем. Киноға қаншама миллиондаған қаржы жұмсалып жатыр. Сонда кеткен шығынды қайтарып алғыларыңыз келмей ме? Ауру балалар мен  кәрі ата-аналарыңызға зейнетақы болып қайтқанын қаламайсыздар ма?»,  - деп бізді алдап соқты. «Осы кино арқылы әлемге қазақ деген ұлт барын, Қазақстан деген мемлекет барын көрсетсек» деген бәріміздің  көкейімізде арманымыз бар еді. Меніңше, бұл фильм белгілі бір дәрежеде өзінің о бастағы миссиясын орындады.      
Жас қазақ:  «Көшпенділерде» жоңғар қоңтайшысының бейнесін сәтті сомдаған Досхан Жолжақсынов көрерменнің пікірінше,  «Абылай ханды» басып озып, екінші планға түсіріп жіберді.  Рөлдеріңізді шынайы да шебер сомдауыңыздың сыры неде?
Досхан Жолжақсынов: Өзіме берілген рөлді ұзақ зерттеймін. Көшпенділер өмірі туралы, қазақ пен жоңғар соғысына қатысты  тарихи-ғылыми дүниелерді парақтадым. Оның мақсаты не, мүддесі ше? Өмір сүру түсінігі қандай деңгейде? Қиялымды шарықтатам. Ойланам. Кейіпкерімді көз алдыма елестетем. Оның жандүниесіне үңілем. Ол қалай күледі, мысқылдайды, жымияды, күрсінеді, мұңаяды... ой елегінен өткізем.   
Жас қазақ: Саяси текетірестен көз ашпаған Иран ұлттық фильмдерімен әлем көрермендерін тамсандыруда. Біздің көрермен болса, «ұлттық фильмді менсінбейтін» режиссерлермен «айтысып» шаршады. Сіздіңше, ұлттық болмысқа жат, «болмысымызды жалаңаштайтын» режиссерлерге қалай тойтарыс беруге болады?
Досхан Жолжақсынов: Режиссерден ұлттық фильм түсіруді көрермен ғана емес, билік те талап етуі тиіс. Әйтпесе, бәрі бекершілік. «Қазақфильмде» кино түсіретін режиссер кепілдікке жылжымайтын мүлкін қоюы тиіс. Сонда ол үйінен айырылып қалудан қорқады. Ал ұлтқа жаны ашитын режиссерлер қорықпастан, кепілдікке үйін қойып, кино түсіреді. Ұлтқа жаны ашымайтын режиссер неге  халықтың ақшасын шашуы керек. Жауап беруі тиіс.

Біздің көрермен неге батыстың қоқысына таңсық?

Жас қазақ: Франция мен Кореяда голливудтық  фильмдер экспансия­сынан қорғанудың нақты шаралары қарастырылып, жолға қойылған. Бұл елдерде шетел фильмдерін көрсеткені үшін кинотеатрлар мен телеарналар қыруар қаржы төлейді. Ал, бізде бәрі керісінше. Біздің де голливудтық фильмдер экспансиясынан қорғануымыз керек шығар?
Досхан Жолжақсынов: Халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орын алып жатқан киноларды көрсетіп,  Голливудқа бас ұрамыз. Голливудтың түсіріп жатқан фильмдерінің бәрі шедевр емес. Рас, жақсы дүниелер бар. Отандық арнада ең жақсы фильмдерін ғана іріктеп көрсету керек. Эротиканың элементтері бар киноларын  көрсетуге болмайды. Бұған тосқауыл қою керек. Рухани құндылықты ысырып қойып, тек қана ақша табу мақсатында түсірілген, шығармашылық ізденістен ада фильмдер қазақ көрерменіне не береді? Ештеңе. «Оскарда» «саяси ойын» негізінде ұпай жинаған фильмдерді көрсетуді - көрерменді сыйламау деп білем. Ұлтын қорлап кино түсірген режиссерлер «Оскарда» жүлделі орын алса, әсте таңғалуға болмайды. Меніңше, өз ұлтының «болмысын жалаңаштап» ұлттық намысы мен ұяты жоқ адам кино түсіреді. Олар - ұлт үшін өте қауіпті адамдар. 
Адамзаттың басымен ойлап, әлемге ұлттың көзімен қарайтын жазушылардың шығармаларын киноға айналдыру керек. Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтiң шығармаларын таспалап, отандық арналардағы Батыстың арзанқол дүниелеріне тосқауыл қоятын уақыт жетті.
Енді тәуелсіздігімізді алып, дағдарыстан еңсемізді көтере алмай жатқан кезде Батыстың «жалаңаш әлемімен» таныстық. Батыстың қоқысы біздің көрермен үшін таңсық болды. Ұлттық мәдениеттен алшақтап, маргинал мәдениет жасадық. Өкініш пе, өкінішті, әрине.
Жас қазақ: Режиссер ретінде актер таңдауда ең бірінші кезекте нені негізге аласыз?
Досхан Жолжақсынов: Актер режиссер, режиссер актер бола білуі керек. Сонда ғана сәттілікке  қол жеткізе аласың.  Мен үшін бойында жасандылығы жоқ, сезімтал актерлермен жұмыс істеу қызық. Сезімтал, ойы ұшқыр актер режиссердiң айтқанын бірден қағып алады. Таланты кемшін актер режиссер мен әріптестерін де, өзін де қинайды.  Мінезді шығармашылық иелерін жақсы көрем. Мінезсіз өнер жасалмайды. Мінезсіз атты әркім ерттеп мініп алады. Ал жалынан сипатпайтын асау атты нағыз ержігіт қана ерттейді. Тұлпарлар ғана алысқа шабады. Әрбір актердiң бойынан ешкімге ұқсамайтын, өзіне ғана тән ерекшелігін іздеймін. Ойлау жүйесі ерекше, идеясы бар адамдармен жұмыс істеуді ұнатам. 

Менің «менім» мен «ол»-дың арасындағы саудаға орын жоқ

Жас қазақ: Кеше ғана өмірден өткен дарынды, мінезді актер Қасым Жәкібаев  кезінде театрдан шеттетілді. Сіз театрға басшылық қызметке келген соң, ол кісіні шақырып, Халық әртісі атағына ұсындыңыз. Ал өзіңіздің басыңызға қиын күн туғанда сатып кеткен достарыңыз болды ма?
Досхан Жолжақсынов: Өнер адамының болмысы мен өнерінің арасында шекара жоқ. Екеуі біте қайнасып кеткен.  Өнерге сатқындық жасауға болмайды.  Менің түсінігімде, өнер адамына жасалған сатқындық - оның шығармашылығына жасалған сатқындық. Нақақтан-нақақ сатқындық жасаған адамдар болды. Олар - менің досым емес, дұшпаным да емес. Өкініштісі сол: біз өзіміздің ұлттық болмысымыздан алыстап барамыз. Ұлттық болмыстан ажыраған адам  ұлттық құндылықтарды қастерлемейді. Айналасындағы адамдарды сатып үйренген адам ұлтын да, Отанын да сатады. Себебі, сатқындық - жазылмайтын дерт. Мен осындай адамдардан қорқам.
Жас қазақ: Сіз танымал актер ғана емес, бірнеше атақтың иегерісіз. Атақтарыңыз сізге «қызмет» етті ме?
Досхан Жолжақсынов: Барған жерлерімде халық танып жатады. Сол қарапайым көрермендерім менің қандай атақтардың иегері екенімді де білмейді. Егер Халық әртісі деген дардай атағың болып, халық танымаса, қиын.  Біздің қаншама ағаларымыз атақпен ауырды. Қазір Еңбек сіңірген әртіс, Халық әртісі деген атақтардың бәрін алып тастап, Еңбек сіңірген өнер қайраткері деген жаңа атақ ойлап тапты. Меніңше, бұрынғы атақ беру үрдісін өзгертпеу керек еді. Онда атақтардың сатысы бар еді. Бір сатыдан екінші сатыға секіру үшін актер еңбектенетін, көрерменге, өзіне өзін дәлелдеу үшін тер төгетін.
Жас қазақ: Досхан аға, «ішкі сыныңызбен»  қарым-қатынасыңыз қандай?
Досхан Жолжақсынов: Менің ең үлкен сыншым - «ішкі сыным».  Ол маған босаңсуға жол бермейді. Мені ылғи да қамшылайды. Өз кемшілігімді өзім жақсы білем.
Жас қазақ: Өзіндегі өнерді емес, өнердегі өзін жақсы көретін өлермен актерлер көп пе? Өнерді саудаға салған әріптестеріңізді көргенде не ойлайсыз?
Досхан Жолжақсынов: Өнердегі  менің  «Менім» мен «Ол»-дың  арасындағы саудаға орын жоқ. Және ешқашан болмайды. Өнерін саудаға салған адам намысын, «Менін» жоғалтады. Өзінің «Мені» жоқ адамнан ештеңе күтуге болмайды. Біреу өмір бойы атақ пен марапат алу үшін қызмет етеді. Сол үшін жанталасады. Ол адам өмірден өнердің мақсаты не екенін түсінбей  өтуі мүмкін. Дүниеден өткен күні оны халық ұмытып кетеді. Енді біреуді атақ өзі іздеп табады. Атақ пен марапат алуға ұмтылмайтын адамдар бар. Бірақ олар аз. Нағыз шынайы таланттар да солар. Өкінішке қарай, таза өнерді бағалауға келгенде, дарақылыққа орын беріп жатамыз. Түсінген адамға нағыз өнер адамының қоғамдағы орны атақпен айқындалмайды.
Өнерді саудаға тоғышар, ашкөз, өз талантына сенбейтін адамдар салады.  Олар ең бірінші қоғамға емес, өзінің отбасына зиянын тигізеді. Бала-шағасына дұрыс тәрбие бере алмайды. Олар рухани құндылықты ешқашан іздемейді. Өмірдің мәнін материалдық құндылықпен бағалайды. Олар ешқашан өзіне-өзі есеп беріп жатпайды. Иә, әркім дүниені өзінің таным-түсінігімен қабылдайды. 
Жас қазақ: Америкалықтарда мынандай тәмсіл бар: «Ақылды екенсің, онда неге кедейсің?».  Батыста ақыл-ой еңбегімен, шығармашылықпен айналысатын адамдар бай тұрады. Білетіндер сізді де «бай актер» дейді... 
Досхан Жолжақсынов: (күледі). Өнер біздің жанымызды бай етті. Ешкімнің алдына ештеңе сұрап барған емеспін. Өнерімді сат­падым. Саудаға салмадым. Өзіме және Өнеріме сенем. Екеуі мені екі жақтан алып шығады.
Жас қазақ: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Аягүл МАНТАЕВА

http://jasqazaq.kz/post/%D2%B1ltty%D2%9B-%C2%ABbolmysty-zhala%D2%A3ashta%D2%93an%C2%BB-kino-t%D2%AFsiruge-%D2%9Barsymyn

0 пікір