Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4083 0 пікір 28 Қыркүйек, 2011 сағат 05:17

Жасарал Қуанышәлин. Бағдарлама «тілдерді» емес, мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға арналуы керек

(«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» жобасы туралы Жасарал Қуанышәлиннің «Күретамыр» ҚҚ ұйымдастырған дөңгелек үстелде жасаған баяндамасы)

Жуырда Қазақстан жұртшылығының назарына ұсынылған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» жобасымен танысып шыққан соң менің көкейімде: «Ал, сонда «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» қандай болып еді және ол қандай нәтиже беріп еді?» - деген заңды сұрақ туды.

Сондықтан бұрынғы бағдарламаны да алып, оны соңғы бағдарламамен салыстыра қарап шықтым. Соның нәтижесінде көзім анық жеткен ақиқат - осыдан он жыл бұрын қабылданған бағдарлама мен қазіргі бағдарлама жобасы шын мәнінде екі бөлек бағдарлама емес, екеуі - бір бағдарлама! Бұлардың арасындағы бар айырмашылық - бүгінгі бағдарлама жобасының бұрынғы бағдарлама негізінде біраз жетілдіріліп, өзгертілгендігі ғана. Яғни, бұл жобаны, меніңше, ЖАҢА БАҒДАРЛАМА жобасы деуге келмейді, ол бар болғаны - араға он жыл салып, осы уақыт ішінде орындалуға тиіс болған, алайда, басқа жақтарынан орындалса да, тек мемлекеттік тіл - қазақ тіліне қатысты ғана ОРЫНДАЛМАЙ ҚАЛҒАН бұрынғы бағдарламаның ізімен жасалған сол бағдарламаның ЖАҢА НҰСҚАСЫ ғана!

(«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» жобасы туралы Жасарал Қуанышәлиннің «Күретамыр» ҚҚ ұйымдастырған дөңгелек үстелде жасаған баяндамасы)

Жуырда Қазақстан жұртшылығының назарына ұсынылған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» жобасымен танысып шыққан соң менің көкейімде: «Ал, сонда «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» қандай болып еді және ол қандай нәтиже беріп еді?» - деген заңды сұрақ туды.

Сондықтан бұрынғы бағдарламаны да алып, оны соңғы бағдарламамен салыстыра қарап шықтым. Соның нәтижесінде көзім анық жеткен ақиқат - осыдан он жыл бұрын қабылданған бағдарлама мен қазіргі бағдарлама жобасы шын мәнінде екі бөлек бағдарлама емес, екеуі - бір бағдарлама! Бұлардың арасындағы бар айырмашылық - бүгінгі бағдарлама жобасының бұрынғы бағдарлама негізінде біраз жетілдіріліп, өзгертілгендігі ғана. Яғни, бұл жобаны, меніңше, ЖАҢА БАҒДАРЛАМА жобасы деуге келмейді, ол бар болғаны - араға он жыл салып, осы уақыт ішінде орындалуға тиіс болған, алайда, басқа жақтарынан орындалса да, тек мемлекеттік тіл - қазақ тіліне қатысты ғана ОРЫНДАЛМАЙ ҚАЛҒАН бұрынғы бағдарламаның ізімен жасалған сол бағдарламаның ЖАҢА НҰСҚАСЫ ғана!

Менің «2001-2010 жылдарға арналған бағдарлама мемлекеттік тіл - қазақ тіліне қатысты орындалмай қалған» деуіме қандай жағдайлар негіз болды?

Оған бірінші негіз - заң жүзінде (де-юре) алғашқы тіл заңы қабылданған 1989 жылдан бері, яғни - 21 жыл бойы алдымен Қазақ КСР-ның, одан соң - Қазақстан Республикасының «мемлекеттік тілі» болып табылатын, ал іс жүзінде (де-факто) күні бүгінге дейін, яғни, 21 жыл өткен соң да шын мәніндегі мемлекеттік тіл дәрежесіне жете алмай, өз Отанында жетім тірлік кешіп келе жатқан қазақ тілінің баршамызға мәлім мүшкіл хал-ахуалы.

Екінші негіз - 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламаның нақты мазмұны. Бұдан да гөрі нақтылай айтар болсақ - оның алдына қойылған негізгі мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру нәтижесі. Ал, ол нәтижені айқындау үшін сол мақсаттар мен міндеттерді қазір қаз-қалпында жаңғыртып, олардың орындалу жағдайын бірден, мақсаттар мен міндеттердің аталу ізімен, бағалап көрелік.

_______________________________________

Қазақстан халықтарының тiлдерiн дамытудың стратегиясы үш негiзгi мақсатты айқындайды:

мемлекеттiк тiлдiң әлеуметтiк-коммуникативтiк қызметiн кеңейту мен нығайту; - Бұл мақсатқа қол жетті ме? Жеткен жоқ.

орыс тiлiнiң жалпы мәдени қызметiн сақтау; - Бұл мақсатқа қол жетті ме? Жетті!

этникалық топтардың тiлдерiн дамыту. - Бұл мақсатқа қол жетті ме? Жетті.

Мiндеттерi

Мақсаттарды іске асыру үшiн мынадай мiндеттердi шешу көзделедi (орысша «решение задач» сөзтіркесін аударған сиқы, қазақша дұрысы «міндеттерді шешу» емес, «орындау» немесе «жүзеге асыру» болса керек):

мемлекеттiк тiлдiң мемлекеттiк басқару тiлi ретiнде қолданылуын қамтамасыз ету; - Орындалды ма? Жоқ.

нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру; - Орындалды ма? Жоқ.

іс жүргiзудi мемлекеттiк тiлге көшiру кестесiн (нақты мерзiмдер мен iс-шараларды көрсете отырып) белгiлеу арқылы барлық мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында мемлекеттік тiлдiң іс жүргiзудегi негiзгi тiл ретiнде қолданылуын қамтамасыз ету; - Орындалды ма? Жоқ.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 және 93-баптарын iске асыру мақсатында республика көлемiнде республикалық және жергiлiктi бюджеттiң, ұйымдардың қаржылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен тыйым салынбаған басқа да көздерi есебiнен азаматтарға мемлекеттiк тiлдi тегiн оқыту курстарының бiрыңғай жүйесiн құру; - Орындалды ма? Жоқ.

Мемлекеттiк ұйымдар мен жергіліктi өзiн-өзi басқару органдарында ресми қолданылатын тiл ретiнде орыс тiлiнің қызмет етуiн қамтамасыз ету; - Орындалды ма? Асыра орындалды.

орыс тiлiнiң қолданылуын ғылыми-лингвистикалық тұрғыда қамтамасыз ету; - Орындалды ма? Асыра орындалды.

этникалық қауымдастықтар (диаспоралар) өкiлдерiнiң ана тiлiн оқытуға мемлекеттiк қолдау көрсету. - Орындалды ма? Орындалды.

мемлекеттік тілді насихаттауды және қоғамдық өмірдің түрлі салаларына енгізуді жүзеге асыру. - Орындалды ма? Жоқ.

_________________________________________

Міне, осыдан кейін «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының» басқа жақтарынан орындалса да, тек мемлекеттік тіл - қазақ тіліне қатысты ғана ОРЫНДАЛМАЙ ҚАЛҒАНДЫҒЫН растайтын өзге дәлелдер қажет пе? Қажет емес. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл ретіндегі жағдайы осыдан он жыл бұрын қандай болса, қазір де, сайып келгенде, тап сондай. «Баяғы жартас - бір жартас».

Яғни, бүгінгі таңда Қазақстан билігі «2011-2020 жылдарға арнап», жұртшылық назарына ұсынып отырған «тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының» жобасы, жоғарыда айтқанымыздай, - ешқандай да «жаңа кезең - 2011-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарлама» жобасы емес, бар болғаны осыдан он жыл бұрын қабылданып, бірақ орындалмай қалған ескі бағдарламаның біршама «жамап-жасқап», өңделген («реставрацияланған») және тағы да біраз уақытқа дейін қазақ қоғамының көңілін алдай тұруға арналған ЖАҢА НҰСҚАСЫ ғана.

Енді, осыдан келіп: «Он жыл өткен соң Қазақстанда қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытып, нығайтып, түбегейлі орнықтыруға тиіс болған бағдарлама не себептен жүзеге аспай, орындалмай қалды?» - деген көкейтесті сұрақ туындайды. Және бұл сұрақтың жауабын табу, меніңше, өте оңай. Неге десеңіз, аталмыш себептер тағы да сол ескі бағдарламаның өн бойынан «мен мұндалап», айқайлап тұр.

 

БҰРЫНҒЫ БАҒДАРЛАМА НЕГЕ ОРЫНДАЛМАДЫ?

Бірінші себеп - бағдарламаның бастан-аяқ тек жалаң ұрандар мен декларацияларға құрылып, бірақ олардың өміршеңдігі үшін қажетті ешқандай жүзеге асыру механизмімен қамтамасыз етілмеуі. Яғни, бағдарламаны жасаушылар әу бастан-ақ біржақты теориялық «негіздерді» жетекшілікке алып, шын мәнінде тіл мәселесін шешуге емес, «шешіп жатқандай» түр көрсетіп, «есеп беріп», «белгі соғу» үшін ғана ойластырылған бұл құжатты таза формализм құрбандығына шалып жіберген.

Екінші себеп - бағдарламаның негізгі мақсаттары мен міндеттерінің нақты Қазақстан жағдайына сәйкес дұрыс айқындалмай, өрескел бұрмаланып кетуі. Атап айтқанда, біздің елімізде ғасырлар бойы және бірінші кезекте өзгелер емес, оның байырғы тұрғындары - қазақтар ғана мақсатты түрде Кремльдің жаппай отарлаушылық-орыстандыру-ассимиляциялық саясатының объектісі болғандықтан, тәуелсіздік алған соң, халықаралық нормаларға сай, аталмыш саясаттың аса ауыр зардаптарын жою мақсатында мемлекет тарапынан нақты қазақтарға қатысты ашық, жан-жақты ғылыми негізделген және жоспарлы отарсыздандыру (деколонизация) саясаты жүргізілуге тиіс екендігі бағдарлама авторларының ойына да кіріп-шықпағандығы айқын көрініп тұр.

Басқаша айтқанда, Қазақстанда еш те бір басқа тілдің, әсіресе, мұнда неше ғасырлық отарлау барысында қазақ тілін басып-жаншу арқылы толық үстемдік етіп келген жат тіл, оның үстіне бұрынғы метрополия - Ресей Федерациясы тәрізді алып Отаны бар империялық ұлт тілі - орыс тілінің емес, мақсатты және жоспарлы отарлаушылық-орыстандыру-ассимиляциялық саясаттың құрбаны болған ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҒАНА ТАҒДЫРЫ ШЕШІЛЕТІНДІГІ олардың қаперінде болмаған. Соның салдарынан олар тек заң жүзінде (де-юре) ғана мемлекеттік тіл болып есептелетін, бірақ, өкінішке орай, іс жүзінде (де-факто) ондай мәртебеге ие емес қазақ тіліне қамқор болуға тиіс бағдарламаның өн бойында оған үнемі Қазақстандағы өз үстемдігін бұрынғысынша сақтап келе жатқан көрші елдің тілі - орыс тілін қосарлап, мемлекеттік тілге саналы түрде тосқауылдар қойып тастаған.

«Орыс тiлiнiң жалпы мәдени қызметiн сақтау» міндетін аса маңызды ресми құжат - мемлекеттік бағдарламаға енгізу нені білдіреді? Бұл - Қазақ мемлекеті қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейіне іс жүзінде көтерілуіне басты кедергі болып табылатын ОРЫС ТІЛІНІҢ еліміздегі байырғы ҮСТЕМДІГІН бұдан әрі қарай да САҚТАП ТҰРУ міндетін өз мойнына алады деген сөз! Ал, жат тіл - орыс тілі Қазақстандағы өз үстемдігін мемлекеттің көмегімен сақтап тұрған кезде қазақ тілі қалайша мемлекеттік тіл болмақ? Әлбетте, сіз қанша тырыссаңыз да, мұндай жағдайда қазақ тілін толыққанды мемлекет тіліне айналдыра алмайсыз. Мұны, міне, 21 жылдан бері өмірдің өзі-ақ айқын дәлелдеп келеді...

Үшінші себеп - бағдарламада Қазақстанның заң жүзіндегі мемлекеттік тілі - қазақ тілінің іс жүзінде мемлекеттің жалпы азаматтары түгіл, тіпті... МЕМЛЕКЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҮШІН ДЕ МІНДЕТТІЛІГІ мүлде қарастырылмаған. Өйткені, ондай міндеттілік не Қазақстан Конституциясында, не тілдер туралы заңда да жоқ! Ал, егер не заңнамада, не тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілдің міндеттілігі қарастырылмаса, ол қалайша мемлекеттік тіл болмақ??? Оның есесіне, заңнамада қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іс жүзінде жоққа шығаратын орыс тілінің РЕСМИ мәртебесі, ал бағдарламада орыс тілінің сол мәртебесін мемлекет тарапынан САҚТАУ міндеті шегелеп тұрып бекітілген! Ендеше, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қолдану мен дамытуға бұдан артық кедергі болуы мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін емес.

Осыған орай менің көкейде жүрген бірқатар ой-пікірлерім 2001 жылдың қаңтар айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Міндеттемейтін заң - заң емес» атты көлемді мақаламда айтылған болатын. Сондықтан, баяндамада орын алмау үшін сол мақаламды бөлек көбейтіп, бүгін сіздердің назарларыңызға қосымша ұсынғанды жөн көрдім (баяндамаға тіркелді).

 

БАСҚА ЕЛДЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ НЕ ДЕЙДІ?

Дүниеде не де болса салыстыру арқылы айқындалады. Ал, егер Қазақстанның, қазақ халқының тіл мәселесіне бас қатырушы бірінші ел, бірінші халық емес екендігін, бұл проблеманың біздерден де бұрын талай ел, талай халықты қинағанын ескерсек, өзгелердің осы бағыттағы ұтымды тәжірибесіне назар аударған артық болмайды. Осы тұрғыдан алғанда өз басым қазақ үшін ең алдымен Израильдің тәжірибесі өте құнды тәжірибе деп есептеймін. Неге десеңіз, ол тәжірибе - көп жағынан тағдыры Қазақ Елінің тағдырына ұқсас аталмыш елдің екі мың жылдық үзілістен кейін дербес тәуелсіз мемлекет ретінде қайтадан құрылып, өмір cүре бастаған 1948 жылдан бері қарай басынан өткерген аса күрделі, небір дүрбелеңге толы алмағайып жағдайларда өзін қай жағынан да толық ақтаған тәжірибе.

Егер сол кезде еврейлердің жас мемлекеті әу бастан дұрыс тіл саясатын ұстанып, жүзеге асырмағанда, кім біледі, бүгінгі Израиль болар ма еді, болмас па еді. Қазіргі израильдік еврейлер - дүние жүзінің түпкір-түпкірінде екі мың жыл бойы тарыдай шашырап жүрген, көптеген мемлекеттердің сан-алуан тілдерінде сөйлеген диаспоралардың бірте-бірте Палестинаға көшіп келуі нәтижесінде құралған халық екендігін ескерсек, олардың көп ұзамай, бар болғаны 20 жыл ішінде түгел дерлік сол көптілділіктен арылып, жалғыз иврит тілінде сөйлейтін біртұтас ұлтқа айналғандығына еріксіз таң қаласың! Ал, бұл халықтың сол екі мың жыл барысында негізінен тек иудаизм дінінің тілі ретінде ғана сақталып, ешқандай мемлекеттік қолданыста болмаған «өлі тіл» - ивритті тарихи қысқа мерзімде қайта «тірілтіп» қана қоймай, қуатты мемлекеттік тілге айналдырғандығын ескерсек,  әлгі таңданысымыз одан бетер күшейе түседі.

Бұдан туатын заңды сұрақ - мұндай ғажап нәтижелерге қол жеткізу үшін еврейлер не істеді?

Олар, біріншіден, 1948 жылдың 14-мамырында қабылданған «Израильдің тәуелсіздік декларациясында» оны еш бүкпесіз, ашық түрде «еврейлердің ұлттық мемлекеті» деп жариялады, екіншіден, өздерінің байырғы ұлттық мемлекетін жаңғырту ісін қолға алған бойда алдарына мейілінше анық, реалистік және тұжырымды мақсаттар мен міндеттер қойып, оларды айқын заң нормалары түрінде бекітті және еш те бір кедергілерге қарамастан үлкен қажыр-қайратпен жүзеге асыра білді.

Соның ішінде мемлекет құру ісінің темірқазығы ретінде негізгі екі идеологияны біріктірді. Олар - «бүкіл әлемнің еврейлерін жинау» және «мәдениеттерді балқыту қазаны» деп аталатын идеологиялар болатын. Ал, ол үшін басты құрал ретінде иврит тілін әрі күнделікті сөйлесу тілі, әрі жазба тіл ретінде тірілтіп, оған мемлекеттік тіл мәртебесін беру мақсаты қойылды. «Иврит және тек қана иврит!» ұранын жариялап, мемлекеттің бүкіл мүмкіндіктерін осы ұранды жүзеге асыру міндеті мен мақсатына жұмылдырды. Сөйтіп, иврит тілінің жаңа мәртебесі «атамекенге оралушы» барша еврейлердің мәдени-рухани бірлігін қалыптастыру ісін мейілінше жеңілдетті. Сонымен қатар иврит тілі Израильдің қасиетті мемлекеттік символдарының және мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз етуші негізгі кепілдіктерінің бірі болып есептелді.

Сондай-ақ, иврит тілінің қысқа тарихи мерзімде ел өмірінің барлық салаларын қамтитын толыққанды мемлекеттік тілге айналуына Израиль мемлекетін құрушы ұлт көсемдері орасан зор ықпал етті. Нақтылай айтсақ, олардың барлығы еуропалық еврейлер ортасынан шыққандықтан, ана тілдері неміс тіліне негізделген идиш тілі болатын. Бірақ, солай бола тұра, мемлекет құрылғанға дейін - ұлт көсемдері, мемлекет құрылған соң - ел басшылары тек өздерінің ғана емес, сол кездері жалпы еврейлердің де басым көпшілігінің ана тілі болған идиш тілінен, иврит тіліне қауіп төндіруші жат тіл ретінде, саналы түрде бас тартып, оған шын мәнінде соғыс жариялап, иврит тіліне жығып берді және осы тұрғыда бүкіл ел азаматтарына үлгі-өнеге көрсетті.

Енді «Израильдегі басқа тілдер мәселесі қалай шешілді?» тақырыбына келер болсақ, бұл елдегі еврей емес халықтар өкілдерінен мұнда тек арабтар ғана белгілі дәрежеде арнайы тілдік құқыққа ие. Және бұл түсінікті де, өйткені Израиль арабтары - келімсектер емес, олар осы жердің, яғни - Палестинаның байырғы тұрғындары.

Керек десеңіз, 1897 жылғы сионистердің Бірінші конгресінде бүкіл дүние жүзінің еврейлерін Палестинаға біртіндеп көшіріп, қоныстандыра бастау жөнінде шешім қабылданғанға дейін бұл жерді тек қана арабтар мекендеп, ал еврейлер жоқтың қасында болатын. Мәселен, аталмыш конгрестен кейін 20 жыл өткенде, 1917 жылы Палестинадағы қалың арабтың арасында бар болғаны... 84 мың ғана еврей өмір сүріп жатты. Ал 2010 жылы, яғни - биыл, содан бері өткен 93 жыл ішінде мұндағы еврейлердің саны 5 миллион 726 мыңға жетіп, 68,2 есеге көбейген. Сөйтіп, 7 миллион 587 мың Израиль халқының 75,5 пайызын еврейлер құрайды. Ал, арабтардың саны  - 1 миллион 548 мың (20,4 пайыз), басқа ұлттар саны - 313 мың (4,1 пайыз).

Осы тұрғыдан алғанда, Израильге соңғы 100 жыл ішінде ғана жиналған еврейлермен салыстырғанда арабтар анағұрлым байырғы тұрғындар болса да, бұл елдің заңы бойынша Израиль тек қана еврейлердің ұлттық мемлекеті болып, тек қана еврейлер «мемлекет құрушы ұлт» болып, ал арабтар «ұлттық азшылық» болып мойындалады. Сондықтан, Израильде мемлекеттік тіл екеу болғанымен, заң жүзінде Иврит тілі - бірінші, араб тілі - екінші мемлекеттік тіл деп белгіленіп, ал іс жүзінде араб тілінің қолданылу аясы мен мүмкіндіктері иврит тілінің қолданылу аясы мен мүмкіндіктерімен тіпті салыстыруға келмейді. Егер иврит тілі бүкіл мемлекет шеңберінде толық және жалғыз қолданылса, араб тілі шын мәнінде тек арабтардың өздері ғана сөйлейтін тіл дәрежесінде сақталған. Оның үстіне арабтардың басым көпшілігі иврит тілін біледі, ал еврейлер арасында араб тілін білетіндер және, әсіресе, оны күнделікті тірлікте қолданатындар некен-саяқ.

Араб тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесінің іс жүзінде қаншалықты екендігін мынадай мысалдан да аңғаруға болады: Израильде жол көрсеткіштерін немесе көше атауларын араб тілінде жазу үшін Жоғарғы соттың арнайы шешімі қажет.

Қорыта айтқанда, 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылған кезден бері жүргізілген айқын және шешімді мемлекеттік саясаттың арқасында көп ұзамай-ақ, небәрі 20 жыл ішінде, заң жүзінде де, іс жүзінде де Израиль - тек еврейлердің ғана ұлттық мемлекетіне, иврит тілі  - Израильдің толыққанды жұмыс істейтін жалғыз мемлекеттік тіліне айналды.

 

БӘРІ САЛЫСТЫРҒАНДА АЙҚЫНДАЛАДЫ

Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстандағы тіл саясаты мен сол саясатқа тікелей тәуелді тіл жағдайын Израильдегі тіл саясаты мен, тиісінше, тіл жағдайымен салыстырған кезде екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей екендігін аңғару қыйын емес. Нақтылай айтқанда, Израильдің тіл саясаты ә дегеннен-ақ түгел және бірыңғай, еш қоспасыз, тек қана еврейлердің ұлттық тілі - иврит тілін мемлекеттік тіл ретінде орнықтырып, бекітуге жұмыс істесе, Қазақстанның тіл саясаты әу бастан-ақ «сізге де, бізге де» принципіне (шын мәнінде - принципсіздігіне) негізделіп, отаршылдық заманда әбден езіліп-жаншылып қалған қазақтардың ұлттық тілі - қазақ тілін бұрыннан үстемдік етуші империялық жат тіл - орыс тіліне байлап қойып, тұншықтырумен келеді деуге толық негіз бар.

Израильдегі тілге қатысты заң нормалары еш күмәнсіз баршаға міндетті мемлекеттік тіл - иврит тілін қолдану мен дамытуға арналып, ал заң нормалары мықты орындау механизмімен қамтамасыз етілсе, Қазақстандағы тілге қатысты заң нормалары, керісінше, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде ешкім білуге және қолдануға міндетті емес әлжуаз тіл жағдайында қалдырып, оның есесіне, бұрыннан іс жүзінде Қазақстанның жалғыз мемлекеттік тілі болған орыс тілін оған қосарлап қою арқылы оның одан ары қарай да үстемдік құрып, қазақ тілін езіп-жанша беруіне бүкіл жағдай жасады.

Сондай-ақ, Қазақстандағы осындай керітартпа заң нормаларынан туындаған тілдерді қолдану және дамыту бағдарламалары да әр он жыл сайын бірін-бірі қайталап, үнемі қазақ тілінің өз Атамекенінде бағынышты тіл, ал Қазақстан үшін жат тіл - орыс тілінің үстем тіл болып сақтала беруіне қызмет етіп келеді.

Израиль билігі 20 жыл ішінде иврит тілінің мемлекеттік мәртебесін заң жүзінде ғана емес, іс жүзінде де түбегейлі орнықтырып және бекітіп, бұл проблеманы күн тәртібінен сызып тастаса, Қазақстан билігі 20 жыл бойы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін орнықтырып, бекітпек түгіл, оны бітпейтін ұрыс-керіс, айтыс-тартыс, дау-дамай, жанжалдар объектісіне айналдырып, көкпарға салған лақтай жұлма-жұлма етумен келеді.

Оның үстіне, егер, жоғарыда айтылғандай, еврей халқының әрідегі ұлт көсемдері мен берідегі ел басшылары өздерінің және еврейлердің басым көпшілігінің ана тілі - идиш тілінен саналы түрде бас тартып, мемлекет шеңберінде тек иврит тілінің ғана үстемдік етуіне жатпай-тұрмай қызмет етіп, бүкіл мемлекетті иврит тілінде сөйлетіп, өз балалары мен немерелін түгел иврит тілінде оқытып, осы тұрғыда елдің қарапайым азаматтарына ғажап үлгі-өнеге көрсетсе, Қазақстанда бәрі керісінше - біздің басшылар, жығылғанға жұдырық дегендей, отаршылдық заманнан бері өздерінің ана тілі болып кеткен империялық орыс тілінен күні бүгінге дейін «ажыраса алмай», соның салдарынан бүкіл мемлекеттік басқару органдарын да орыс тілінде жұмыс істетіп, балалары мен немерелерін жаппай орыс мектептерінде оқытып, одан соң шетелге оқуға жіберіп, 20 жыл бойы қазақ тілін орыс тіліне жығып берумен келеді.

Осыған орай Израиль Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ран Ишайдың мынадай пікірі өзіне еріксіз назар аударады: «Біздің тәжірибе тілді қалпына келтіруге болатындығын көрсетеді. Қазір Израильде барлығы тұрақты сөйлейтін ең танымал тіл - ол - иврит. Сіз израильдік өмірді ивритсіз көз алдыңызда есестете алмайсыз. Және тап осындай жағдай Қазақстанда да болуы мүмкін, қазақтар ғана емес, ұлттық азшылықтар да қазақша сөйлей алады. Израильде де түрлі ұлт азшылықтары тұрады және олар да ивритше сөйлейді. Сондықтан адамдардың қазақша сөйлеуіне әлдебір кедергілер бар деп ойламаймын...» (http://www.kazakhemb.com/?CategoryID=209&ArticleID=716&Page=12).

 

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТІЛ САЯСАТЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ ТИІС?

Қазақстанның тіл саясаты оң нәтиже беріп, жалпы тіл проблемасы объективті шешім табуы үшін, меніңше, мемлекет тарапынан төмендегідей шараларды белгілеп және бекітіп, жүзеге асыру қажет.

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» жобасында оның авторлары: «Бағдарламаны даярлау барысында 30-дан астам шет елдердің мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға байланысты мәселелерді құқықтық реттеудің тәжірибесі зерттелді», - дей келе, 28 мемлекеттің тілге қатысты заңнамалар тізімін келтіреді. Солардың жартысынан астамы - 15-інде, атап айтқанда - Әзірбайжан, Армения, Франция, Латвия, Мальта, Польша, Ресей Федерациясы, Сингапур, Словакия, Тәжікістан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Филиппин, Эстонияда - заңнама тек бір тіл, яғни - мемлекеттік тіл жөнінде. Және де бұлардың 9-ы - бұрынғы «кеңестік республикалар». Неге екенін, Литва мен Грузия тізімге ілікпепті, ал олардың да заңнамасы тек мемлекеттік тіл жөнінде екендігі белгілі, демек, бұрынғы 15 «бауырлар» арасынан тек Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан мен Молдова - төртеуінің ғана заңнамасы «тілдер» жөнінде.

Осыдан келіп заңды сұрақ туады - егер аталмыш елдердің заңнамаларындағы көзге ұрып тұрған осындай ерекшелікті «байқамаса», сондықтан оны қаперге алмаса, бағдарлама авторлары ол заңнамаларды не үшін «зерттеген»? Әлде олар империялық заманда бүкіл бұрынғы «одақтас республикалар» арасында отаршылдықтың ең ауыр түріне ұшырауы салдарынан мемлекеттік тілінің жағдайы да ең ауыр, сондықтан оған айрықша қамқорлық жасауға тиіс Қазақстанда күні бүгінге дейін мемлекеттік тіл туралы заң әлі күнге дейін қабылданбағандығын білмейді ме екен? Федерациялық мемлекет - Ресейдің өзі онсыз да бүкіл империяның заң жүзіндегі де, іс жүзіндегі де жалғыз мемлекеттік тілі - орыс тілі туралы арнайы заң қабылдағанда, біртұтас (унитарлық) мемлекет болып табылатын Қазақстанның өз мемлекеттік тілі - қазақ тілі туралы заң қабылдамауын қандай қисынға (логикаға) сыйғызуға болады?

 

Бұдан келіп шығатын БІРІНШІ қорытынды және ұсыныс - Қазақстан парламенті көпке созбай, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» Заңын қабылдап, іске қосуы керек.

Жоғарыда айтылған әңгімелерден туатын және бір сұрақ - сан жағынан қазақтар көп тұратын әлем мемлекеттерінің қайсысы өз заңнамасында немесе тіл қолдану және дамыту бағдарламасында қазақ тіліне қатысты қандай да болса бір қамқорлық нышанын білдіріпті? Өз басым 2 миллион қазақ тұратын Қытайда да, 1,5 миллион қазағы бар Өзбекстанда да ондай факті жоқ екенін білемін. Ал, аталмыш екі мемлекетте тым құрығанда азды-көпті қазақ мектептері жұмыс істесе, 1 миллионнан астам қазақ мекендейтін  Ресейдің тек Алтай өлкесіндегі Қосағашта ғана жалғыз қазақ мектебі болуын қай қамқорлыққа жатқызамыз? Әлде тілге қатысты Қазақстан заңнамасы мен мемлекеттік бағдарламаны жасаушылар орыс тілінің еліміздегі үстемдігін сақтау жөнінде айрықша баптар енгізіп, шаралар белгілегенде, мұны Ресейдің бір миллион қазақты жалғыз мектеппен қатырып қойып, жаппай орыстандырып жатқаныдығы үшін жүрекжарды алғыс ретінде жасады ма екен?

 

Бұдан келіп шығатын ЕКІНШІ қорытынды және ұсыныс - Қазақстан өкіметі 2011-2020 жылдарға арнап, «тілдерді» емес, «мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» жобасын жасап, жүзеге асыруы керек.

Ал, мемлекеттік тіл туралы болашақ заң да, бағдарлама да өздеріне жүктелген міндеттер мен мақсаттарды ойдағыдай орындауы үшін оларда мынадай негізгі шаралар қарастырылып, бекітілуі шарт:

1. Еліміздің Конституциясына мемлекетіміздің «Қазақстан Республикасы» емес, «Қазақ Республикасы» аталатындығы және оның «Қазақтардың ұлттық мемлекеті болып табылатындығы» жөнінде өзгерістер енгізу.

2. Қазіргі Конституция мен тілдер туралы заңдағы «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады» дейтін баптарды алып тастау және ондай бапты, әлбетте, жаңа заңға кіргізбеу.

3. Жаңа заңға мемлекеттік тілдің барша мемлекеттік қызметкерлер үшін түгел міндеттілігі жөнінде бап енгізу.

4. Жаңа заңға, бүкіл әлем тәжірибесіне сай, мемлекеттік тілдің барша ел азаматары үшін де түгел міндеттілігі жөнінде бап енгізу. Бірақ бұл бапың мемлекеттік қызметкерлерге қатысты баптан айырмашылығы - оның өз күшіне түпкілікті енетін тастай мерзімін белгілеу қажеттігі. Айталық, бес жыл немесе, ең көбі, он жыл мерзім, ал, одан соң бұл тұрғыда ешқандай әңгіме болуы тиіс емес. «Заң нашар, бірақ ол - заң» қағидасы мүлтіксіз жұмыс істеуі керек.

5. Жаңа заңға оның сапалы орындалуын  мұқият қадағалап, жүзеге асыру мақсатында нақты өкілеттіліктері бар тіл полициясы (Қытайдағыдай) немесе тіл инспекциясы (Эстониядағыдай) құрылып, жұмыс істейтіндігі жөнінде бап енгізу.

6. Конституцияға енген өзгерістер мен мемлекеттік тіл туралы жаңа заң негізінде жасалған жаңа бағдарламаға мемлекеттік тілдің сөзсіз міндеттілігі мен іс жүзінде мемлекет өмірінің барлық саласында түгел қолданылуға қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырушылық және материалдық сипаттағы барша қажетті шараларды енгізу, соның ішінде:

-  қазақ тілінің мұғалімдері мен оқытушыларын жедел және кәсіби деңгейде даярлау, оларға лайықты жалақы төлеу, сапалы, барлық талаптарға жауап беретін оқулықтар, көрнекі құралдар мен басқа да әдебиеттерді дайындап, жарыққа шығару;

- мемлекеттік қызметкерлер үшін бөлек және өзге азаматтар үшін бөлек, қажеттілікке сәйкес барлығын түгел қамтитын мөлшерде мемлекеттік тіл курстарын ашу және оларды барлық қажеттіліктермен жеткілікті дәрежеде жабдықтау;

- еліміздің бюджетінде мемлекеттік тілді қысқа мерзімде орнықтырып, бекіту мақсатына толық жететіндей көлемде қаражат қарастыру;

- барша БАҚ-тарда (әсіресе, орыс тіліндегі) іс жүзіндегі тәуелсіз ұлттық мемлекет - Қазақстанда бүкіл ел азаматтарының, ұлтына қарамастан, қазақ тілін білу қажеттілігі мен артықшылығын, жалпы алғанда мемлекеттік тіл мәселелерін белсенді және мақсатты түрде насихаттау.

Бүкіл айтылғанды қорыта келе, сөздің түйіні ретінде атап өтуді қажет ететін мәселе - мемлекеттік тіл мәселесімен мемлекеттің өзі тікелей және мүдделі түрде айналыспайынша, елімізде қазақ тілін іс жүзінде дамытып, оның позициясын бекітуге бағытталған осындай және бұдан да басқа ұсыныстар бар болғаны игі ниет болып қала береді. Ал, қазіргі Қазақстан билігінің, өкінішке орай, мұндай шаруалармен айналыспайтындығына баршамыздың көзіміз әбден жетіп отыр. Сондықтан біздердің, яғни, Қазақстан жұртшылығының басты міндеті, меніңше, - бүкіл күш пен амалдарды қайткен күнде де, және мейілінше тезірек, мұндай билікті өзгерту мақсатына жұмылдыру...

2010 жылдың 30-қыркүйегі

«Абай-ақпарат»

0 пікір