Жұма, 3 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 464. Жазылғандар — 29. Қайтыс болғандар — 3
Бұ не мазақ? 881 4 пікір 27 Ақпан, 2020 сағат 14:05

LRT енді CTS болды...

Әңгімесі көп Астананың әлгі әйдік болған LRT-сі енді CTS болып өзгерді. Атауын өзгертті. Логотипін жаңартты. Сөйтіп ребрендинг жасады. Бұл туралы компания басшысы Бекмырза Игенбердинов мәлімдеген екен.

CTS. Толық атауы - City Transportation Systems. Қазақша қотармасы - қалалық көлік жүйесі.

Жаңағы Игенбердиновтың айтуынша, компания атауын өзгертіп, жаңашалау қала басшылығының шешімі екен. Сөйтіп, алқа-қотан отырып ақылдаса келіп, өзгелердің тәжірбиелерін ескеріп, ең жақсысы осы екен, дегенде тапқаны - CTS болыпты. Ал компания Халықаралық қоғамдық көліктер одағының мүшесі екен. Сондықтан да жаңа атау ағылшын тілінде таңдалыпты-мыс.

Ребрендингтің құны қанша? Немесе компания атауын ауыстыруға қанша қаражат жұмсалды?

Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, компания атауын, логотипін ауыстыруға бюджеттің бір тиын қаржысы жұмсалмаған.

"Біріншіден, біз өзін-өзі асырап отырған компаниямыз. Бюджеттен бір тиын да алмаймыз. Ал ребрендинг мәселесі бірте-бірте болады. Ол енді біздің шығынымыз және ол аса қымбатқа түспейді. Ал логотипті әзірлеуге бар болғаны 100 мың теңге жұмсалды", депті.

Астана LRT өз атауын әлгі даулы оқиғадан кейін өзгертті ме? Игенбердинов ребрендинг жасауға LRT дауының қатысы жоқ дегенді айтыпты.

Бекмырза Игенбердинов тізгінін ұстап отырған компания жалпы Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көліктер жүйесіне басшылық жасайды екен. Ал LRT - компания қызметінің бір саласы ғана-мыс.

© Тұрар Қазанғапов

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін LRT құрылысынан қаржы жымқыруға қатысты тергеу аяқталған. Есеп-қисаптары түгенделген соң, бюджетке 5,7 миллиард теңге шығын келгені анықталған. Әуелде жымысқы жоспарды құрушылар 24 миллиардты қолды қылмақ болған.

Аталған іс бойынша 10 адам жауапқа тартылған. Соның ішінде 3 адамға Халықаралық іздеу жарияланған. Атап айтқанда, Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке, Астана LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданға және жауапты қызметкер Абдулхамитовке іздеу жарияланған. Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың хатшысы Жанат Нұрпейісов тұтқындалған.

Ал 2019 жылдың шілдесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев LRT жобасын сынаған. Ал қазан айында тергеу жұмыстарын күшейту туралы тапсырма берген.

Abai.kz

4 пікір