Сенбі, 4 Мамыр 2024
Ел іші... 5503 23 пікір 7 Ақпан, 2020 сағат 16:53

Ысқақов үшін қаланың қалай аталуы маңызды емес екен

Павел мен Петрдің атын иемденген солтүстіктегі қазақтың қос қаласы Тәуелсіздік дейтін киелі ұғымның қадірін кетіріп тұр. Астананы Нұр-Сұлтанға әп-сәтте ауыстыратын біздің билік осы екі қалаға келгенде неге күмілжи береді?!

Бұл мәселе қоғам тарапынан аз айтылып, аз жазылып жатқан жоқ. Әсіресе, былтыр астана атауы өзгергенде қоғам белсенділері қос қаланың атын қазақшалау туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Олар Павлодар қаласын Сарыарқа яки Ертіс деп атауды немесе шаһарға қазақтың соңғы ханы Кенесарының атын беру туралы бірнеше рет ұсыныс жасаған. Алайда, ол ұсыныстардың бірде-біреуі билік тарапынан қолдау таппады.

Енді бұл мәселе облысқа жаңадан тағайындалған әкім Әбілхайыр Ысқақовты да айналып өтпеді. Алайда ол бұл мәселеге аса бас қатырмайтынын, одан да аймақ тұрғындарының жағдайын жақсартуды ойлайтынын айтыпты. Ысқақов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында:

-Қаланың атын ауыстыру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Қаладағы белгілерді өзгерту, барлық құжаттама мәселелері үлкен шығын. Бұл бизнес үшін де, мемлекеттік органдар үшін де өте үлкен жұмыс. Бұл мәселенің тек бір жағы. Әрине, тарихи мәдениетке, келбетке, қаланың қалыптасуына маңызы бар. Бірақ менің ойымша, қазір біз бұл мәселені бірінші орынға қоймауымыз керек. Бұл менің пікірім...,- деді.

Сондай-ақ, ол қаланың атын ауыстыру барлық мәселенің шешімі емес дегенді айтыпты. Яғни, Ысқақовқа қаланың аты қандай болса да маңызы жоқ.

Алайда, экс-президенттің "Рухани жаңғыру" дейтін бағдарламасын бірінші болып қолдай кететін де Ысқақов сияқтылар емес пе? Ендеше, нағыз "Рухани жаңғыру" кеңестік кезеңнің атрибуттарынан арылудан басталатынын жап-жаңа әкім түсінсе дейміз. Бәлкім, бұл мәселеге шенділердің ақылы жеткенмен батылы жетпейтін болар. Бірақ, азаттық алғанына 30 жылға жуықтаған елдің ең болмаса екі қаланы қазақшалауға батылы жетпесе, Тәуелсіздікке де күмәнмен қарайтындар көбеймей ме?

Оның үстіне қазір қаладағы қазақтардың үлесі артып келеді. Әкімдік мәліметіне сүйенсек, шаһардағы қазақтар - 46,9 %, орыстар – 41,8 %-ды құрайды екен. Сонымен қатар, Павлодардан тарихи отаны Ресейге көшіп жатқандардың көптігінен өңірдегі кей ауылдар тіпті бос қалып жатқаны айтылған болатын. Ал, бос қалған жерлеге оңтүстіктен көшіп жатқан қазақтар саны аз емес. Демек, бұл қаланың аты орыстанып тұр демесеңіз, заты қазақыланып келеді. Ендеше, неге осындай сәтті пайдаланбасқа?

Түйін. Жуырда ғана осы Павлодарда 13 көшенің аты қазақшаланып, көпшілікті қуантты. Карл Марксты Әлиханның атына ауыстырып, Володарский көшесін - 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрметіне атаған Кереку жұрты қала атын да қазақшалауға мүдделі деп сенеміз. Тек, оған басшылықтың батылы ғана керек боп тұр.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1107
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1006
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 739
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 851