Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Арандату 9012 27 пікір 6 Ақпан, 2020 сағат 16:17

Елді арандатқан ессіздер «кешіріммен» құтылмауы керек, Ерлан мырза!

ҚР Ішкі істер министрі
Ерлан Тұрғымбаевтың назарына

Кешеден бері әлеуметтік желіде жартылай жалаңаш жас жігіттің (өзге ұлт өкілі) домбыраны сабалап мазақ еткені аздай, жерге ұрып шаққан видеосы таралып жатыр. Оның айналасында дәл өзіндей үрпек бас үркердей топ езулері құлағына жетіп мәз болып тұр. Әумесер жастардың әрекеті көрген жанның күйінішін тудырып, ызасын қайрайтындай. Әсіресе, қара домбырасын қадір тұтқан қазақты ашуландырғаны сөзсіз...

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 174-ші бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздырғандарды жауапқа тарту көзделген. Онда «азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiне» қол сұғуға болмайтыны анық жазылған. Егер адам қандайда бір араздықты қоздыру үшін әрекет етсе я болмаса сол әрекетке шақырса, онда ол аталған бап бойынша жауапқа тартылады. Заң солай дейді.

«Бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекет» деген әсіреұранға мастанған қазақ билігі жоғардағы бап бойынша талай азаматты темір торға тоғытқаны белгілі. Мақұл, қылмыс жасаса, заң бойынша жазалануы тиіс. Бірақ заң бәріне ортақ. Қылмыс жасағандардың бәрі ортақ заңмен жазалануы керек. Өзгелерге «бірлігіміз жарасқанын» білдіру үшін мемлекет құраушы ұлттың мүддесін аяққа таптай беруге болмайды. Қазақ ұлтының ар-намысына тиіссе елдегі өзге диаспора өкілдері де қатаң жазаға тартылуы керек.

«Таяқ та жедім»: домбыраны еденге ұрып сындырған өзге ұлт өкілі қазақтардан кешірім сұрады (ВИДЕО)

Мәселен, біз сөз етіп отырған видеодағы жастардың әрекеті - ұлттық араздықты қоздыру! Қанша жерден ақылы ағып кеткен әумесер адам болса да, қазақ халқы үшін домбыраның киелі дүние екенін білетіні сөзсіз. Қазақстан азаматы ретінде бұны білуге міндетті, тіпті. Сол үшін бұл жерде «білмей қалдым» немесе «жастықпен істедім» деген уәж бұларды ақтап ала алмайды.

Екіншіден, оқиғадағы «бас қаһарман» кейін «ол кезде не істеп, не қойғанымды білмейтін күйде едім» деп ақталыпты. Елді арандатқан ессіздер «кешіріммен» құтылмауы керек!

Ендігі мәселе, домбыра бұл есерлердің қолына қайдан түсті? Домбыра тартып, ән айтатын адамдарға ұқсамайды. Бұндайлардың үйінің төрінде домбыра ілініп тұруы тіптен мүмкін емес. Ендеше, бұлар киелі аспапты қасақана алып келіп, қорлаған болуы мүмкін. Бұны таза арандату деп бағалауға болады.

Қазақстанның суын ішіп, шөбін жеп жүрген соң, қазақ ұлты өзінің салт-дәстүрін қадірлейтінін сөзсіз біледі бұлар. Домбыраны қасиетті санайтынын да бес саусағындай біліп тұр. Оны қорласа халықтың ашуланатынын, намыстанатынын да біледі. Біле тұра әдейі осындай қадамға барып отыр. Мақсаты - арандату, араздық тудыру. Біз осылай қабылдадық.

Бұлардың әрекетіне ашуланған халық қазірдің өзінде жалпы диаспораға қарата теріс пікірлер айтуда. Тіпті ашынған жұрт қарымта әрекеттерге бару туралы да сөз еткен екен. Осыдан барып, екі ұлт арасына араздық түсуі ғажап емес. Екіншіден, бұл бассыздыққа намыстанған әлдебір азамат мына әумесерлермен «жеке сөйлесуі» де мүмкін. Қысқасы, бұл жігіттер осы әрекетімен арысын айтқанда ұлтаралық алауыздықты қоздырып, берісін айтқанда біреуді қылмысқа итермелеп отыр.

Біз көрген бейнежазбада бір емес бірнеше жігіт бар. Олардың біреуі домбыраны сындырады, қалғаны шаттыққа шомып қарап тұрады. Кейін тек домбыраны сындырған «бас кейіпкер» ғана кешірім сұрап, өзгелері үнсіз қалған екен. Біздің ойымызша, бұл жеткіліксіз. Жаңағы азаматтардың бәрі заң бойынша жауапқа тартылуы керек. Қазақстан азаматы өз әрекетіне Қазақстан заңы бойынша жауап беруі қажет!

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 188
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 85
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 73