Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әліпби 7495 18 пікір 5 Ақпан, 2020 сағат 11:18

Әліпбиімізге фонетикалық таңбаларды алған тиімді

Алға қойылатын мақсаттар:

Шұбарланып кеткен тілімізді табиғи қалпына оралту. 

Ғылым мен технология жетістіктері жөнінде ақпарат алу үшін қажет ағылшын тілін меңгеруді жеңілдету

Түркі халықтарымен жазу бірлігіне жету.

Міндеттер:

Әліпбидің жазуға қолайлы, оқуға жеңіл, үйренуге қолайлы болуы.

Әліпбидің мақсаттарымызға жеткізуі.

Елімізде кирил әліпбиі де қолданылуына байланысты орыс  мектебіне ауысушылықтан сақтану үшін әліпбиді орыс тілділер үшін де тартымды ету.

Ноқатты әріптер жөнінде

Н1. Әліпби түзудегі негізгі қиындық латында жоқ дыбыстарымызды белгілеу екені белгілі. Осы орайда әліпби жобасын жасаушылардың көпшілігі мұндай дыбыстарды ноқатты таңбалармен белгілеуді ұсынып жүр. Ноқат деп акут, умлаут, бревис сияқты әріптен тыс диакритикалық белгілерді айтамыз. Біздіңше, қазақ әліпбиінде ноқатты таңбаларды қолдану тиімсіз. Оған төмендегідей дәлелдеріміз бар.

а) Біздің латында жоқ дыбыстарымыз мәтіндегі әріптердің 25%-ын құрайды. Егер олардың бәрін ноқатты әріппен белгісек, жазуға қиыншылық келтіреді. Сондай-ақ мәтінде ноқаттың көп болуы көзге де күш түсіріп, оқуды қиындатады. 

ә) Ноқатты әріптерді көбейтпеу үшін латында жоқ дыбыстардың кейбірін латын әрпімен белгілесек, ол сөзді дұрыс оқи алмауға соқтырады. Мысалы, Ақпан әліпбиінде ұ, і, ж, ы, х дыбыстары латынның u, i, j, y, h әріптерімен белгіленген. Бірақ бұл әріптер ғылыми-техникалық және ағылшын тілі пәндерінде, сондай-ақ дәрілер мен шетелден келген тұтыну тауарларында латынша дыбысталады. Сондықтан аталған әріптер екі түрлі оқылып, шатастырылады. Мысалы:

Uran – ұран, уран; Bit – біт, бит; Ajar – ажар, аджар, айар, ахар;

Sony – соны, сони; Mashat – масхат, машат; Ayazhan – аязхан, аяжан. 

б) Акут белгісі − ноқаттардың ішіндегі салуға оңайы. Ақпан әліпбиін құрастырушылар акут таңбасын соған байланысты таңдаған болуы керек. Алайда онда акуттың ғылыми жүйесіз, бірде жіңішкерту белгісі бірде жуандату  белгісі (ǵ), бірде ұқсас дыбыс екенін ғана көрсететін белгі (ń), ал енді бірде еш негізсіз колданылуы жазуымызды өзімізден басқа елдің тіл мамандарының да оқи алмауына, соның салдарынан жалқы есімдерімізді өз тіліне бұрмалап транслитерациялауына соқтырады. 

Олай болса, ноқатты әріптерді қолдана отырып, бір мәнді оқылу және жазуға қолайлы болу шарттары қатарынан орындалатындай әліпби түзе алмаймыз.

Н2. Ноқатты әліпби мақсаттарымызға да жеткізе алмайды. Дәлелімізді келтірейік.

а) Тілдің табиғи қалпына ораламыз дегенде оны бөгде дыбыстан арылтып қана қоймай, бар дыбысымыздан айырылып қалудан да сақтануымыз керек. Бұл орайда жоғарыда көрсетілгендей кейбір әріптердің екі түрлі дыбысталуы дыбыстың бірінің жойылып кету қаупін тудырады. 

ә) Ноқатты әліпбиде латын әрпі мен ноқатты әріптерді танумен ғана шектелеміз. Бірақ латын әрпін тану арқылы адам ағылшынша оқи алмайды.  Мысалы, математик, физик, химиктер бүкіл формулаларды латын әрпімен жазады, бірақ ағылшынша оқи алмауы мүмкін. Ал ноқатты әріптерге келсек, оның ағылшынша үйренуге ешқандай қатысы жоқ. 

б) Басқа түркі халықтары да ноқатты әріптерді пайдаланғанмен әрқайсысының әліпбиі әр түрлі. Сондықтан бірінікімен бірдей қылсақ, екіншісінен алшақ кетеміз. Ал олардың өз әліпбилерін біздікіндей етіп өзгертуі, сірә, мүмкін емес. Олай болса, ноқатты әріптерді пайдалану арқылы түркі халықтарымен жазу бірлігіне жете алмаймыз.

Н3. Ноқатты әліпбидің кирилмен жазатындар үшін ешқандай қажеттілігі жоқ. Сондықтан ноқатты әліпби орыс тілділер үшін тартымды емес.

Н4. Ноқатты әліпби бойынша қорытынды.

Біздің ноқатты әріпке қатысты сынымызға «тиімсіз болса, басқа халықтар неге оны қолданып отыр» деп дау айтатындар табылар. Басқа халықтар әліппесін қабылдаған уақытта баспа құралдарының кез келген таңбаны басып шығару мүмкіндігі жоқ еді. Сондықтан латын таңбаларының асты-үстіне ноқат қоюмен шектелуге мәжбүр болды. Ал бүгінгі заманда компьютерлік технологияның дамуына байланысты қандай таңбаны болсын қолдана аламыз. Сондықтан әліпбиге қойылатын талаптарды толық қанағаттандыратын және латын графикасына көшудегі алға қойған мақсаттарымызға жетуге көмектесетін басқа таңбаларды ойластырған орынды. 

Фонетикалық таңбалар жөнінде

Фонетикалық таңба деген не? Әр түрлі халықтардың әліпбилеріне назар салсақ, олардың бірдей дыбыстарын бірдей етіп белгілей бермейтінін байқауға болады. Мысалы біздің ң-ымызды түркмен ň, ағылшын ng деп белгілейді. Немесе ж-ны түркмен ž, түрік j, ағылшын zh деп белгілейді. 

Алайда әрбір дыбыстың барлық халыққа ортақ таңбасы да бар. Мысалы ң-ның барлық халыққа ортақ таңбасы – ŋ, ал ж-ның  барлық халыққа ортақ таңбасы − ʒ. Дыбыстың барлық халыққа ортақ мұндай таңбаларын фонетикалық таңбасы деп атайды. Олар «Халықаралық фонетикалық әліпбиге» жинақталған. Біз латында жоқ дыбысымызды өзінің фонетикалық таңбасымен белгілеуді ұсынамыз.

Дыбыстарымызды «Халықаралық фонетикалық әліпби» бойынша анықтағанымызда әліпбиіміз мына кестедегідей болып шықты. Мұндағы ш, ғ, і, х дыбыстарының да ілмексіз, ноқатсыз таңбалары бар, алайда қолдануға қолайсыздығына байланысты оларды кестедегідей таңбалармен ауыстырдық. Бірақ мұнда да фонетикалық әліпбидегі диакритикалық таңбаларды қолдану ережелеріне бағындық. Ғ, ш, х дыбыстарының таңбаларындағы солға қараған ілмек бұл дыбыстардың жасалатын орны [g], [s], [x] дыбыстарына қарағанда кейініректе болатынын көрсетсе, ал і-дегі гравис ноқаты оның [ɪ] дыбысына (бізше е) қарағанда жуан дыбысталатынын білдіреді.

Ф1. Фонетикалық әліпби әліпбиге қойылатын талаптарды толықтай қанағаттандырады.

 а) Бұл әліпбиде қолды үзіп жазуға тура келетін әріптер көп емес, олар ғ мен і-нің таңбалары ғана. (Ş әрпінің ілмегін қолды үзбей салуға болады.) Сондықтан қолмен жазуға жеңіл. Осы орайда жиі кездесетін і-нің үстіне ноқат қойылуына байланысты айтарымыз: оның зиянынан гөрі пайдасы басым, өйткені ол і-ні аңғарылғыш етеді.

ә) Фонетикалық таңба бір ғана түрде дыбысталатындықтан, сөздің қате оқылуы болмайды. Сондай-ақ оны пайдалансақ, жазуымызды басқа халықтар да бізше оқиды. Сондықтан жалқы есіміміз басқа тілге барынша дұрыс транслитерацияланады.

б) «Бұл әліпбиде әр тұрпатты әріп көп, сондықтан үйренуге қиын» дейтіндер бар. Пайдаланып отырған кириліміздегі 42 әріптің 33-інің тұрпаты әр түрлі, соны да үйрене алып отырмыз. Ал мұндағы әр тұрпатты әріп одан аз, сондықтан бұл әліпбиді үйрену қазіргі кирилді үйренуімізден қиын болмайды.

г) Сондай-ақ әріпті үйренудің оңай-қиындығы қолданған тәсіліңізге де байланысты. Мен адамдарға үйреткенде мынадай тәсіл қолданып жүрмін. 

Әуелі латында жоқ ж, ш, ә, і, ң, ғ, ү, ұ, ө, ы, х дыбыстарын жіңішке дауысты, жуан дауысты және дауыссыз дыбыс түрлеріне бөлдірем. Содан кейін олардың таңбаларын еске ұстау тәсілін түсіндірем.

Бұл ерекшеліктерді түсінген соң әріптерді жаздырам. Содан кейін қысқа-қысқа сөздерді жаздырам, оқытам. Мұнда ɛ, ə, ʒ әріптерінің кирил әрпімен шатастырылмауына айрықша назар аударылады. Бұдан әрі мәтінді оқу, жазу жалғасады. Біздің тәжірибеміз латын әрпін танитын адам осындай тәсілмен бір-ақ күнде оқып, жазуға үйреніп кете алатынын көрсетті. 

ғ) Фонетикалық таңба үйренуге қиын дегеннің өзінде де оның ноқатты әріптен гөрі оқу мен жазуға жеңілдігі даусыз. Үйренуге қиын болса, ол − бір мезеттік нәрсе, үйреніп алғаннан кейін қиыншылығынан құтыласың. Ал оқу, жазуға қиыншылық өмір бойыңа кетеді. Сондықтан екінің бірін таңдауға мәжбүр болсақ, әріптің үйренуге оңайынан гөрі оқу, жазуға жеңілін таңдаған дұрыс. 

Ф2. Фонетикалық таңбаны пайдалану латын графикасына көшуден күтетін мақсаттарымызға да жеткізеді. Дәлелімізді келтірейік.

а) Фонетикалық таңба дыбыстың қалай айтылатынын көрсетеді. Сондықтан ол дыбысымыздың сақталуына, сөзіміздің дұрыс айтылуына жағдай жасайды.

ә) Ағылшынша оқу үшін не оқу ережесін білу керек, не ағылшынның транскрипциялық таңбаларын меңгеру керек. Біздің әліпбиімізде ағылшынның транскрипциялық таңбаларының көпшілігі қамтылған, сондықтан оны меңгеру ағылшын тілін оқып, үйренуді жеңілдетеді.

б) Барлық түркі халықтары өз әріптерінің дыбысталуын біздікіндей фонетикалық таңбалар арқылы көрсетеді. Сондықтан фонетикалық әліпбиді ортақ әліпби ретінде қолдануға болады.

Фонетикалық әліпбиге көшсек, оны үйрету үшін ешқандай шығын шығармауға және өтпелі кезеңде уақытша сауатсыз болып қалу деген жағдайдан құтылуға да болады. Бұған қалайша қолымыз жететінін айтайық. Барлық елдердің күнделікті қолданып отырған қарапайым әліпбиімен қатар ғылыми әліпбиі де болады, мұндай әліпби бізде де бар. Онда әріпке қоса оның дыбысталуын көрсететін фонетикалық таңбасы да беріледі. Мысалы, ж [ʒ], т [t], ң [ŋ], тағы сол сияқты. Ғылыми әліпби заңды нәрсе болғандықтан, жаңа әліпбиге көшпей тұрып та қарапайым әліпбидің орнына соны беріп қоюға болады. Бұл жағдайда фонетикалық таңбаларды халық жаңа әліпбиге көшуге дейін-ақ меңгеріп ала алады. Сондықтан әліпбиді үйрету үшін шығын шығарудың қажеті болмайды. 

Ф3. Фонетикалық әліпби орыс тілділерге де тартымды. Өйткені фонетикалық таңбаларды білу оларға да керек және қиындық келтірмейді.

а) Біздің фонетикалық әліпбиіміздегі әріптердің 3-4-еуінен басқаларын орыс мектебіндегілер ағылшынша оқығанда пайдаланады. 

ә) Фонетикалық таңбаның қалай дыбысталатыны «Халықаралық фонетикалық әліпбиде» сипатталып көрсетілген және онда дыбысталу үлгісіне дейін бар. Оны интернеттен қарай отырып, қазақша білмейтін адам да әріптеріміздің дыбысталуын өз бетімен үйрене алады.

Ф4. Фонетикалық әліпби бойынша қорытынды.

Латында жоқ дыбыстарымызды ноқатты әріппен белгілегеннен гөрі фонетикалық таңбаларымен белгілеген тиімді. Өйткені бұл жағдайда мақсат, міндеттеріміздің толықтай орындалады.

Фонетикалық әліпбимен жазылған жазудың көрінісі мына мәтін тәрізді болып келеді.

Бұл әліпби бойынша жазып қараймын деушілер болса, компьютеріне біздің уақытша пернетақтамыздың драйверін жүктеп алып, пайдалануына болады.

Ванов Қуантқан Ырзаұлы

Abai.kz

18 пікір