Жексенбі, 28 Сәуір 2024
46 - сөз 3531 9 пікір 3 Ақпан, 2020 сағат 11:47

Ұсақ-түйекке дауласқан қоғамдық сананы жаңа сатыға шығару керек

Сайлаудан кейінгі елдегі саяси процестерді бақылап отырсаң көзге көрініп тұрған 3 факторды айтуға болады:

1. Халық жүйеден шаршаған. Өзгеріс күтеді. Осы тақырыпта қанатты сөз айтқан кез келген бастамашыл топты қолдай береді. Себебі қоғамға ұнайды мұндай тақырыптар.

2. Елде негативі көп қоғамдық көзқарастар қалыптасқан уақытта партия құрамыз деген ұйымдар мен қозғалыстардың бүгінгі деңгейі ел басқаратын сатыға жетпегенін де көріп отырмыз. Бірлік жоқ, дауы көп, сауатты кадрлары қалыптаспаған, тәжірибе мен қаржысы да жоқ. Бұл факт. Қазір елдегі оппозициялық бағыттағы ұйымдар мен қозғалыстарды бір ғана фактор біріктіреді. Ол - жүйені кетіру. Бірақ ертең жүйе кетсе оларды біріктіруші фактор да ортадан кетеді. Сол заманда ары қарай не істейміз деген заңды сұрақ туады. Дәл осы нүктеге келгенде мемлекетті басқаруда тәжірибесі жоқ, үлкен қаржыны басқарып көрмеген, халықаралық саясат пен саяси технологиядан тәжірибесі аз бұл топтар өзара дауласады. Бірін-бірі мойындамай, демократия деп 15-20 партияға бөлініп елдің ырду-дырдуын шығарады. Деңгейіміз сол бүгінгі. Бұл толықтай олардың да кінәсі емес. Кінә 30 жылда бізде саяси реформаның жасалмауында. Сабақтастық жоқ. Саяси мәдениет өспей төмен деңгейде қалған. Бүгінгі барымыз да, нарымыз да осы деңгей.

3. Тәуелсіздік алған 30 жылда біз жаңа Қазақстандық құндылықтарды қалыптастыра алмадық. Халық дінге, тілге, саяси көзқарасына, тіпті жүз бен руға дейін бөлінетін деңгейден кете алмаған. Кейбір тақырыптар тіпті өршіп тұр.

Бәріміз өзгерісті қалаймыз. Бірақ келіп тірелген бүгінгі нүктеміз осы. Ары қарай не істеу керек?..

1. Менің ойымша билік саяси көзқарасы үшін жастарды, ел азаматтарын қудалауды қоюы қажет. Оппозициялық көзқарастағы жастармен конструктивті диалогқа келуі шарт. Сын айтқанның бәрі жау емес. Олардың ішінде де елге жанашыр, білімді тұлғалар жетерлік.

2. Партия құрамын деген ұйымдар мен қозғалыстар да өздерінің мемлекетті басқаруға шамасы жетпейтінін, билікке келсе елдің басын шашып алатынын, тәжірибесінің жоқтығын мойындауы шарт. Билік ұсынған келіссөз платформаларына қатысып, шынайы саяси ойындарда, елдік мәселеге қатысты сұрақтарды шешуде тәжірибе жинауы керек. Деңгейлері көтерілуі тиіс. Бүгінгі қозғалыстардың арасынан өз басым Тансу Чиллер, Ли Куан Ю, Маргарет Тетчер мен Мохатхир Мохаммадтарды көріп тұрғаным жоқ.

3. Біз ұсақ-түйекке дауласқан қоғамдық сананы жаңа сатыға шығаруымыз керек. Саясаттану мен қоғамдық ғылымдарды әлеуметтің барлық саласы оқитындай жетілдіріп, дамытуымыз қажет. Демократия атты үлкен дүниені өзара қырқысқан, ортақ құндылығы қалыптаспаған, саяси тәжірибесі жоқтар партия құрып, билікті аламын дейтін деңгейдегі халықтың қолына ұстату маймылдың қолына граната ұстатқанмен бірдей. Өзегің өртеніп кетсе де шындық осы.

Алдағы уақытта соңғы 30 жыл жүрген жолдан кете отырып, жаңа Қазақстандық бағытты қалыптастыруымыз керек. Ол бағыттың негізгі принциптері - сауатты дискуссия, сауатты бәсеке, көзқарастар әралауандылығы, шамаға қарай қозғалыс құрып, деңгейді көтеріп партия құратын, орындай алмайтын сөзді халыққа жағады екен деп оңды-солды шашпайтын, билік пен оппозицияның сауатты бәсекесіне негізделген саяси жүйе орнату.

Жалпы алғанда ұсақ-түйек дауды айта беріп, шамасы жетпейтін дүниеге уәде беріп, елді сол деңгейге үйретіп, халықты шаршатып алмауымыз қажет. Каспий голдты әлеуметтік желіге салып, партия құрамыз деп елден ақша жинайтын деңгейді мүлдем доғару керек. Ұят тіпті. Ел мен қоғам бұдан да шаршайды бір күні. Бәрінен көңілін қалдырып, халықты саяси нигилизмге түсірмей есі дұрыс, сауатты қадамдар жасау қажет.

Бауыржан Серікбайдың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

9 пікір