Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 4564 2 пікір 6 Қаңтар, 2020 сағат 11:19

Мешіттердің тарихын неге сөйлетпейміз?

Мешіттердің тарихын неге сөйлетпейміз? Ол да біздің тарихымыз емес пе?

Қазақ жерінің, Ұлы қазақ даласының тарихы мен мәдениетінің ислам дінімен, діни дәстүрлерімен, оның құрамдас бөлігі саналатын мешіт, медресе, мектеп, араб мәдениеті мен тілімен және тағы басқа діни-дәстүрлік әдет-ғұрыптармен біте қайнасқаны белгілі. Халқымыз исламды қабылдаған сәттен бастап діни білімділікке үлкен мән бере тұрып, отырықшылыққа ауысқан аймақтарында мешіттер салуға да ерекше мән берген. Мешіт салу жұмыстары 18-19 ғасырларда кең қанат жая бастаған. Атақты Қожа Ахмет Иассауидің кесенесі салынғаннан кейін Түркістан маңайында зәулім үлкен мешіт ғимараттарын салу көбейе бастаған. Егер олардың саны 1864 жылы 20 болса, 1910 жылы 41-е жетіпті (Р.Мұстафинаның деректері бойынша). А.И.Добросмысловтың деректері бойынша 1910 жылы Перовскіде 4 мешіт жұмыс істеген. Оның деректері бойынша 19 ғасырдың 70-і жылдары Қ.Бекмұрзаев деген қазақ өз қаражатына бұқар-қазақ мешітін салдырыпты. Тағы бір мешітті Бисембай деген қазақ салдырған екен, 1910 жылы Қазалыда 5 мешіт болыпты (Добросмыслов А.И. Города Сырдарьинской области. Казалинск, Перовск, Туркестан,Аулие-Ата и Чимкент,Ташкент. 1912. 135-136,97 беттер).

Бұл деректер тарихшылар А.Айдосов, М.Кереев және Ы.Қалиев жазған «Қызылорда» тарихи-танымдық кітабында («Тұмар», 2005) былай сипатталған: «1870 жылдан бастап қалада мұсылман мешіттері пайда болды. 1871-1872 жылдары Құлбай Бекмырза тегінің салдырған мешітіне барлық мұсылмандар барған. Азан шақыратын мұнарасы болған. Оның ең үлкені 1882 жылы салынып жұмыс істеген «Намаз» мешіті. Оны имам Қадырбай салғызды. 80-жылдардың аяғында ол Бисембай молданың иелігіне көшті. Ол тағы бір мешіт тұрғызып, қала мұсылмандарының парызын өтеді.Осы кезде өзбектер мен сарттарға арнап бұқар сарты Нұрбай Хайрулла тегі мұнарасы бар мешіт салғызды. Татарлар мешіті 1891 жылы саудагер-бай Камаловтың қора жайында ашылды. Оның да азан шақыратын мұнарасы болды. Қазақтың ең үлкен мұнаралы мешіті 1905 жылы салынды. Оны салдырған ауқатты қазақ Айтбай Балтабайтегі еді. Мешітке 40 мың сом қаражат жұмсалды. Перовск қаласы мұсылман діни сенімдерін тартуда Сыр өңірінде елеулі қызмет атқарды. Ислам дінінің орталықтары жоғарыда көрсетілген мешіттер болды».

Өкінішке орай, қаламыздың тарихының маңызды бір бөлігі саналатын мешіттеріміздің тарихы, оның ғимараттарын салған, тұрғызған, қаражат бөлген кісілер жайлы білетіндеріміз өте аз. Көптеген мешіт ғимараттары, кейбірі уақыт жетіп тозып құласа, көпшілігі кеңес заманында қиратылды, олардың тарихына еш мән берілмеді. Уақыт өтіп, көне көз қариялар дүниеден кетіп жатыр.. Аз ғана мешіттеріміздің өзінің тарихын білмейміз, деректер сақталмаған, керек емес деп жоғалтып алдық, мешіттер тарихына мән беріп іздеп жүрген жоқпыз. Білеміз деген «Айтбай» мешіті жайлы деректердің өзінде қайшылықтар аз емес....

Осы орайда, қаламыздың байырғы тұрғыны, ақсақал Ашур Әбдіқалымұлы Хамидовтың қала мешіттері жайлы білгендерімен бөлісуді сұраған едім.
-Қызылордада өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін ізі қалған 6-7 мешіттің болғанын білемін, соларды жадыма түсіріп айтып көрейін. 1. «Ноғай» мешіті – Қазіргі Мұратбаев көшесіне жақын, Панфилов көшесінің артында орналасқан еді. 2. Мұратбаев пен Карл Маркс көшелерінің қиылысында «Тәшкент» мешіті бар еді, оның ғимаратында профтехучилище орналасты. 3. Бұрынғы «Динамо» деп аталатын жерде, кешегі жылдарға дейін «Айша» кітап дүкені орналасқан жерде Бұқар мешіті тұрды. 4. Бұрынғы Шумилов көшесі, қазіргі өрт сөндіру мекемесінің ғимаратының орнында «Өзбек» мешіті болды. 5. Сол көшеде «Құрманғали» мешіті болған. 6. Сырдария өзенінің арғы бетінде, Шіркейлі каналы мен Сырдарияның аралығында «Ақмешіт» мешіті (қасында ескі бейіттер тұрған болатын) болған.

Әшекеңнің «Айтбай» мешітінің тарихы жайлы да өз көзқарасы мен айтары бар екен. – «Айтбай» мешітін салдырған Айтбай Балтабаев емес, оның атасы. Мешіт 1878 жылдары салынған. Мешіт құрылысы біткен соң мешіттің атын немересі Айтбайдың атымен қойған. Құрылыстың бастығы Айтбайдың атасы. Мешіт біткен соң он жылдай бос тұрыпты, келушілер аз болған. Ақылдасып Түркістаннан ғұлама білімді молда шақырайық деп келіседі. Арнайы Түркістанға делегация барып молда таңдап менің нағашы атам, анамның әкесі Ғайыпов Ысқақ деген молданы Перовскіге алып келеді. Ол кезде Сырдариядан салмен өтеді екен, Ысқақты отбасымен алып келеді. Менің анам сол Ысқақтың қызы Хаири осы Ақмешіт жерінде туған. Келіп «Айтбай» мешітінің қорасына қоныстанады. Ысқақ молда мешітте бас имам болып, інісі Жолдас азаншы болған. Атам өсы жерде өсіп өніп, бес қыз, төрт ұлды болады. Мешіттің астында құдық бар екен, атам оны білмеген, кейін ғана біліпті. Құдық туралы мен бұл мешітті күрделі жөндеуден өткізген кезде естіп, келіп көрдім, суы таза, жарамды.Бірақ, жауып тастаған болар. Мешіттің қасында молдалар тұратын бір қабатты бөлме болыпты. Сол бөлмеден Перовск қамалына дейін жер астымен баратын жер асты жол болған деген әңгіме бар. Өткен ғасырдың аяғы кезінде қаладағы ең ескі үй – облыстық жүйке аурулары ауруханасының ғимаратын бұзған кезде жер астынан жол бар екені анықталды. Бірақ, біздің жергілікті басшылар бұл жәйтті ешкімге айтпай үн-түнсіз жаба салыпты.

Неге ол кездерде, мешіттер мен шіркеулердің астынан құдық қаздырған дейсіз ғой. Ол кезде ойлаған, егер төтенше, жаугершілік немесе басқа қиын жағдайлар бола қалса халық мешітке немесе шіркеуге келіп тығылатын болған. Адам бірнеше күн тамақсыз өмір сүре алады, сусыз өмір сүре алмайды ғой. Сол себептен де мұндай жерлерге құдық қазып, қажет болар деп жасырын ұстаған. Менің топшылауымша қазіргі орыс шіркеуінің астында да жер асты жолдың болуы ғажап емес. «Айтбай» мешіті жайлы бар білерім осы. Менің деректерім бойынша Айтбайдың екі әйелі болған, бірі қазақ, бірі өзбек. Айтбайдан қалған екі бала бар дейді, бірі қазір Тәшкенде, екіншісі Бұқарада тұрып жатса керек. Өткен ғасырдың аяғында қызылордалық бір азамат, политпростың бастығы болған Нұртілесов деген кісі Тәшкенде Айтбайдың бір баласымен кездесіпті, ол айтыпты «мешіттің жобалық жоспары, кескіндік схемасы менде сақтаулы» деп айтқан көрінеді.
Ашур аканың айтуынша «Айтбай» мешітін салуға орыс үкіметі де қаржы бөлген. Себебі, олар әуелі орыс шіркеуінің ғимаратын салуға үкіметтен қаржы бөлгеннен соң, мұсылмандарға да мешіт салуға көмектесейік деп ұйғарған дейді.

Қаламыздағы мешіттердің тарихы жайлы әңгімемізге арқау болған Әшур аканың пікірлерін тура ақиқаттың шегі деп санамаймыз. Бірақ, қаламыздың тарихын саралау мен жаңғыртуға бастау болады, мұрындық болады деуге күмәніміз жоқ.

Сағат Жүсіптің әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

2 пікір