Жұма, 3 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 464. Жазылғандар — 29. Қайтыс болғандар — 3
Әлеумет 1988 2 пікір 3 Қаңтар, 2020 сағат 12:17

Жаңа жылдың таңғажайып сыйлығы

Мереке, мейрамдарда бір-бірімізге сыйлық жасау әдеті қалыптасқалы қашан. Ол да адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластықтың белгісі болар. Одан біреу байып кетпес, бірақ, есесіне сізге деген құрметі артады. Қазақ халқы жаңа жылды наурыз мейрамынан бастайды. Алайда, ертең күнтізбелік жаңа жыл. Бұл келетін жыл өзінің еңбек қорлығымен, қарапайымдылығымен, ептілігімен ерекшеленетін тышқан жылы. Тарихи деректерде бұл жыл халқымыз үшін берекелі болған жылдың бірі.

Бүгінгі айтпағым, басқа емес, жаңа жылдағы сыйлық, әсіресе балаларға жасайтын сыйлық туралы. Сыйлықты әркім, сыйлайтын адамның жасына, жынысына, кәсібі мен қызығушылығына қарай, қалтасының жағдайын ескеріп жасайды. Сол үшін сыйлықтың ауқымы мен түрі аса көп. Осы сыйлықтардың ішінде балалар сыйлығының мәні зор. Ересектер кейде балаларға ойланбастан сыйлық жасайды немесе баласының айтқан затын алып беріп құтылады. Бұлай істеу дұрыс болмайды. Себебі, балалардың дүниетанымы әлі толық жетілмегендіктен алған сыйлығының нарқын жан-жақты түсіне бермейді және сол сыйлығының әсеріне тез ұшырайды.   Сондықтан сыйлық тарту етуде баланың болашақ тағдырын ойлап жасаған сыйлық ең керемет сыйлық болып табылады.

Балаға арналған сыйлықта қай кезде де оның тәрбиесі мен өміріне пайдалы болуы басты назарда тұруы тиіс. Бала өсу үстінде болғандықтан оның талғамы мен қалауы жыл өткен сайын өзгеріп отырады. Олардың талабын қанағаттандыру да мүмкін емес. Кейде өзіне не нәрсе керек екенін нақты өздері де біле бермейді. Сол үшін оларға пайдалы дүниені, ұстанымды өзіміз ұсынуымыз қажет. Соның бірі - сыйлық. Сыйлық жәй дүние емес, ол - талғам, ұстаным. Ол - тағдыр, табыс. 

Біз балаларымызды қазіргі кезде  тіл алғыш, білім құмар, ақылды ал болашақта табысты азамат болғанын қалаймыз. Біздің осы қалауымызды орындауда оларға сыйлайтын сыйлығымыздың қаншама үлкен маңызды рөл ойнайтынын ескере бермейміз. Балаға сыйлар құнды дүниелер көп. Мәселен, жақсы кітап, музыка аспабы, шахмат, спорттық құрал секілді. Бірақ та, маңыз жағынан бұлардан еш кем емес, тіпті, артық та әсер етін сыйлық бар. Ол - банкте бала атына ашылған салым (депозит). Салым сомасының аз немесе көп болуының маңызы шамалы. Бастысы, оның болғаны. Ата-ана баласының банкте есеп-шотының бар екенін және онда сонша ақшаның жатқанын айтып, көрсетіп қоюы тиіс. Бұл салым жыл басында ашылып, жыл бойы міндетті түрде толықтырылып отырылуы қаажет. Сонда балалар ол ақшаның өсіп жатқанын бақылап, біліп  отырады. Әлде қалай қолына түскен ақшасын сізге беріп, жинақтағы соманың көбейгенін қалайды. Тіпті, басы артық зат алудан тыйылады. Жыл бойы келетін туған күн т.б. мерекелерде сізден сыйлық күтпейтін болады.  

Қорыта айтқанда,  салым шотының ашылуы балалардың өсіп-жетілуіне, тұлға болып қалыптасуына аса мол пайдасын тигізеді. Бастысы:

- Бала қаржылық сауаттылыққа бейімделеді; 

- Ұқыпты әрі үнемді болады; 

- Болашағына үмітпен және сеніммен қарайды; 

- Кім болғысы келетінін, қандай үлкен жұмыстар жасауға болатынын санасында жоспарлап бейімделе бастайды; 

- Еркеліктен, жалқаулықтан арылады; 

- Тіл алғыш әрі оқуға зейіні артады. Осы секілді оң әсерлерді тізіп жаза беруге болады. Негізгісі сол - бала өз болашағының, өз тағдырының иесі өзі болудың алғашқы шарт-жағдайын жасайды. 

Еврейлер: "Жұмсаған бір тиын ақшаң 100 пайыз пайдасын ақтасын"-демей ме? Сондықтан бауыр етіміз баламызға жұмсаған әр тиынымызға өте жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Бұл менің маман ретінде қаншама жылдардан бері ұстанып келе жатқан көзқарасым. Бұл жөнінде кітап та, мақала да жаздым. Алайда, осы бір кішкене болғанымен маңызы үлкен дүниеге мән бермей жүрген ата-аналар өте көп. "Ақша тиыннан, жылқы құлыннан құралады"-деп айтқанымен, соны өмірлік практикасына енгізетін қазақ кемде-кем. "Дүние - жалған, адам өмірге қонақ"-деп қабылдайтын қазақы түсінік расында да өзімізді қонақ ретінде көретін деңгейге жеткізді. Бірақ, сыйлы қонақ болу үшін де құр-алақан келмейтінімізді ескеретін кез де келді.  Оның үстіне біз кеткенімізбен балаларымыз, ұрпағымыз қалады ғой. Сондықтан біз бұл дүниеге қонақ болсақ та, тым ұзаққа келген "қонақпыз". Осыны ұмытпағанымыз жөн. 

Біздің көпшілігіміз банкте ұзақ мезгіл ақша жинап, болашақта істемек болған мақсатымызға қаржы топтауға дағдыланбадық. Бұған қаржылық сауатсыздық па, еріншектік пе, жоспарсыздық па? білмеймін әйтеу бір себептер кедергі жасап келеді. Қолда бар дүниені құрамағандықтан күндер өтіп, аяқ-асты тықыр таянғанда қолдағы барды арзанға сатамыз немесе жоғары пайызбен банктен несие аламыз, тіпті, ағайын-туыстан қол жайып көмек сұраймыз. Қай-қайсынын алсақ та, ақылды шешім емес екені түсінікті. Сөйтіп, экономикалық жақтан қыспаққа қаламыз, банктің әлде біреуден алған қарызды қайтара алмай сабыламыз. Үйден береке, көңілден мереке кетеді. Осыны көріп отырған балалар сізге қандай көзқараспен қарайды деп ойлайсыз?  Қазіргі жастар сізге түсіністікпен қарап, қиыншылықтың бір жағына шығайын деген ойда болады дейсіз бе? - Жоқ, олай ойламауы мүмкін. Керісінше, сізді қолыңыздан түк келмейтін, пайдасыз, өмірі текке өткен пенде ретінде қарауы, жазғыруы бек мүмкін. Ал енді басқаша ойлап көріңіз. Балаларыңыз әлі кішкене, әлі көп шығын қажет етпейтін кезден бастап банктен депозит аштыңыз да жинай бердіңіз. Арада жылдар жылжып өткенде сол балаңыз бір іс бастар да, оқуға түсер де аспанан жауғандай немесе Құдайдың өзі терезеден тастағандай бір бұда ақша алдыңызда жатады. Оны көрген балаңыз сіздің бетіңізден сүйіп, "Әке -ана керемет жансыңдар, мен сендерді жақсы көремін"-дейді. Балаңыз қуанады, баладан бетер өзіңіз қуанасыз. Осы екі түрлі көріністің қайсы көңіліңізге ұнады? - әрине соңғысы. Бәрімізге де ұнайтыны сол. Олай болса, "Тіршілігін ең мықтылар немесе ақылдылар емес, жағдайға дер кезінде бейімделгендер ғана ары қарай жалғастырады" - деген Дарвиннің осы сөзін басшылыққа алыңыз да, жағдайға әуел бастап бейімделіп, балаңызға таң-ғажайып сыйлық жасаңыз.  Жаңа жылда қуанар жаңалықтарыңыз көп болсын.

Қастер Сарқытқан

Abai.kz

2 пікір