Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3418 0 пікір 5 Қыркүйек, 2011 сағат 02:29

Жасарал Қуанышәлин. Міндеттемейтін заң - заң емес (басы)

Ерлік, елдік, бірлік,
қайрат, бақ, ардың
жойды бәрін – не бардың!
Алтын  күннен
бағасыз бір белгі боп
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі,
сен қалдың!
МАҒЖАН

 

Иә... Қазақтың ұлы ұлт ақыны ғасыр басындағы халқының мүшкіл халіне күйіне отырып, тым болмағанда баба тілінің сақталып қалғанына шүкіршілік еткенге ұқсайды. Шынында да, орыс отаршылдығы құрсауындағы қандастарымыздың о кездегі өзге шаруалары күйреп жатса да, дүние жүзіндегі ең бай, ең қуатты тілдердің бірі - қазақ тілі салыстырмалы түрде әлі бүтін қалпында болатын. Салыстырмалы дейтінім, мемлекеттік қызметті іске асыруда, іс қағаздарын жүргізуде, басқа да ресми салаларда анамыздың тілі өгей тірлік кешкенімен, о жылдары "Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін" ұраны әлі дүниеге келе қоймаған және келешекте оның керегі болады-ау деген қауіпке де негіз жоқ тәрізді көрінген. Керісінше, әлімсақтан сөз өнерін пір тұтқан ақын, шешен халықтың тілі көп ұзамай төрт аяғынан тік тұрып кетеді деген үміт басым еді. Әттең!..

Ерлік, елдік, бірлік,
қайрат, бақ, ардың
жойды бәрін – не бардың!
Алтын  күннен
бағасыз бір белгі боп
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі,
сен қалдың!
МАҒЖАН

 

Иә... Қазақтың ұлы ұлт ақыны ғасыр басындағы халқының мүшкіл халіне күйіне отырып, тым болмағанда баба тілінің сақталып қалғанына шүкіршілік еткенге ұқсайды. Шынында да, орыс отаршылдығы құрсауындағы қандастарымыздың о кездегі өзге шаруалары күйреп жатса да, дүние жүзіндегі ең бай, ең қуатты тілдердің бірі - қазақ тілі салыстырмалы түрде әлі бүтін қалпында болатын. Салыстырмалы дейтінім, мемлекеттік қызметті іске асыруда, іс қағаздарын жүргізуде, басқа да ресми салаларда анамыздың тілі өгей тірлік кешкенімен, о жылдары "Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін" ұраны әлі дүниеге келе қоймаған және келешекте оның керегі болады-ау деген қауіпке де негіз жоқ тәрізді көрінген. Керісінше, әлімсақтан сөз өнерін пір тұтқан ақын, шешен халықтың тілі көп ұзамай төрт аяғынан тік тұрып кетеді деген үміт басым еді. Әттең!..

Ұлтымыздың ұлылары көңіліне медет тұтқан сол арман неге орындалмай қалды? Әлбетте, мұның бір емес, бірнеше себебі болды. Бірақ, солардың арасында ең басты себеп, меніңше, - алдымен "Қырғыз Автономиялық Советтік Социалистік Республикасын" құрып, кейін оны "Қазақ Советтік Социалистік Республикасына" айналдырған империя астанасы - Мәскеудің қазаққа шын мәніндегі ұлттық мемлекет құру мүмкіндігін беру ниеті ешқашан болмағандығы. Ұлт саясатында қашанда "бірді жазып, екіні есте сақтау" ("один пишем, два в уме") отаршылдық қағидатын ұстанған Кремль бер жағында "бұратаналарды ұлттық жаңғырту" мақсатын алға қойғандай түр көрсеткенімен, кейбір шешуші рөлі жоқ салаларда (олардың өзін міндетті түрде "ұлыорыстық" элементтермен қойыртпақтай отырып) "жеңілдіктер" мен "артықшылықтар" бергендей болғанымен, ар жағында ұлттық мемлекетке іс жүзінде тірек боларлық ештеңенің нығайып, бекуіне жол бермеу тактикасы мен стратегиясы мақсатты һәм жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатты.

 

ӨТКЕНГЕ КӨЗ САЛСАҚ...

Қырғыз (Қазақ) АССР ОАК-нің 1923 жылғы 22-қараша күні қабылданған арнайы Декреті негізінде "мемлекеттік аппаратты қырғыздандыру (қазақыландыру - Ж.Қ.) және тұрғылықтандыру" ("киргизизация и коренизация госаппарата") науқаны басталған болатын. Оның негізгі мақсаты - мемлекеттік мекемелерді ұлттық кадрлармен жасақтау және қазақ тілін іс қағаздарын жүргізуге ендіру деп жарияланды. "Тұрғылықтандырудың" ақыры немен тынғанына тек тарих қана емес, "тұрғылықтылардың" тікелей ұрпақтары - бүгінгі қазақтар куә.

Қазақ тілін басқа жерде емес, оның әлемдегі жалғыз Отаны - Қазақстанда өз орнына қайтаруға тиіс болған сол науқанның қалай жүргенінен аз да болса түсінік алу үшін енді Ақтөбе облыстық архивінің кейбір құжаттарынан алынған үзінділерге сөз беріп көрелік ("тарихи колоритті" бұзбау үшін түпнұсқа тілінде келтіріледі):

"Обслуживать в полной мере нужды казакского населения может тот госаппарат, который говорит с посетителем казаком на его родном языке, пишет на его языке. Отсюда встает перед всеми учреждениями и организациями задача усиления работы по коренизации (перевод работы учреждений на язык коренного населения). Губ.КК и РКИ разработали план проведения работы по коренизации. План предусматривает, что в течение 9 месяцев, начиная с 1 марта 1927 г., в учреждениях, обслуживающих казакское население, должен быть произведен перевод делопроизводства на каз.язык. Перевод этот должен идти, с одной стороны, путем казакизации учреждений, а с другой - путем изучения европейскими работниками каз.языка. (...) Каждый европеец должен осознать необходимость проведения этой работы и всесторонней поддержки ее и всех мероприятий, связанных с ее проведением. Каждый европейский работник без принуждения, без понукания должен взяться за изучение каз.языка. Успешное проведение работы по казакизации будет являться большим шагом вперед в советском строительстве. Каждый новый успех в строительстве национальной республики улучшает отношение других национальностей с коренным населением, укрепляет их союз, дружбу с ними" ("Степная крестьянская правда" газеті, 1931 жылдың наурыз айы).

"Первые решения, принятые КАССР, наряду С ОБЪЯВЛЕНИЕМ ГОСУДАРСТВЕННЫМИ РАВНОПРАВНЫМИ ЯЗЫКАМИ - КАЗ. И РУС. (бөлектеген біз. - Ж.Қ.), намечали мероприятия к обслуживанию казакских трудящихся, но эти мероприятя не были полностью выполнены. С одной стороны, коренизировались низшие руководящие функции госаппарата, а средне-технические функции не затрагивались, с другой - такой механический подход давал повод неправильным толкованиям коренизации и кое-где вызывал обострение межнациональных отношений. Этот период работ по коренизации весьма характерен тем, что почти повсюду намечалась недооценка значения коренизации, слабая разъяснительная работа. Этим и объясняется, что в течение 1927 и 1928 г.г. Каз.ЦИК не менее 10 раз ставил вопрос о ходе коренизации на рассмотрение, проводя обследование и проверку работы по коренизации на местах. (...) Мало чувствуется ответственности руководителей учреждений за коренизацию и, главное, усилилось проявление великодержавного шовинизма и местного национализма" ("Степная правда" газеті, 25.09.1930 ж.).

"Наблюдается явная недооценка значения коренизации и даже сопротивление выполнению директив партии и правительства по этому вопросу. В ряде областных организаций до сих пор не составлены планы корензации, руководители учреждений и организаций вопросами коренизации не занимаются. Переписка с животноводческими районами не на каз.языке все еще продолжается. Облзу, облразнопромсоюз, заготскот, облсвязь, горфинотдел, гордортранс, горсберкасса и др. ведут переписку с казахскими советами и колхозами на русском языке. А те руководители областных и городских оганизаций, которые имеют планы по коренизации, не выполняют их" ("Актюбинская правда" газеті, 18.09.1936 ж.).

"Полное осуществление введения делопроизводства на кир.языке в уездных отделах потребовало бы снятия с работы всех русских работников, т.к. никого из их среды, знающих киргизскую грамоту, нет. (...) Принимая во внимание ряд препятствий, не позволяющих полного делопроизводства на кир.языке в уездных органах, президиум считает желательным переход отделов на таковые в тех из них, где это возможно" (3 ф., 290 іс. 59,68,69 беттер).

Қазақша мақалаға жат тілдегі үзінділерді осыншама көлемде кіргізгенім үшін ғафу өтіне оттырып, сұрақ қойғым келеді: кейбір өзгеше атаулар мен терминдер болмаса, жоғарыда келтірілген фактілер құдды бүгінгі күннен алынғандай әсер етпей ме?!.

 

Енді мына тақырыптарға назар аударыңыз: "Тіл орындалмайтын заңның құрсауында қалды", "Мемлекеттік тілде ант қабылдаған ешкім болмады", "Тіліміз кәдеге аспай тұншығып тұр", "Қазақша оқығаным пайдаға аспады", "Қазақша өтінішке - орысша жауап", "Орал көшелері орысша "сөйлей" бере ме?", "Іс қағаздары мемлекеттік тілде неге жүргізілмейді?", "Астананы қайтсек қазақыландырамыз?.."

Бұл не, сіздіңше? Тағы да сол өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарының, бірақ енді қазақ газеттері беттерінен естілген жанайқайы ма? Әлде беріректегі 50-70-ші жылдар "зар заманының" үні ме екен? Бәлкім, тіпті, 80-ші жылдардың аяғы, 90-шы жылдардың басындағы ана тіліміз үшін алашапқын айтыс-тартыстар жаңғырығы болар?..

Жоқ, қадірлі замандас, бұл - күні кеше, 2000-шы жылы, басқаша айтқанда, тәуелсіздік лебімен алғашқы тіл туралы заң қабылданғаннан бері өткен он бір жылдан соң "Егемен Қазақстан" мен "Жас Алаш" газеттерінде шыққан материалдардың кейбірінің ғана тақырыптары! Бұл жерде мен саналы түрде "Ана тілі", тіпті "Қазақ әдебиеті" тәрізді газеттерді әдейі қозғамай отырмын.

Сонымен, айналып келіп, қазақ тілінің тағдырына қатысты тарих тағы қайталанып жатыр ма, қалай өзі? Олай болса, тағы да: "Неге?" - деген сұрақ туады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, кеңес кезіндегі Мәскеудің "тышқанмен ойнаған мысық" саясаты салдарынан "қазақыландыру һәм тұрғылықтандыру" науқанының, түптеп келгенде, мүлде кері нәтижеге жеткізгені тек түсінікті ғана емес, заңды да. Жат империя құрамындағы қуыршақ "мемлекеттілік" те, формалды "тіл бостандығы" да оңды нәтиже бермеуі  о бастан жоспарланған болатын.

Ал енді бүгін, өз алдымызға дербес, тәуелсіз ұлттық мемлекетімізді қайтадан тірілтіп жатқанымызға тоғыз жыл толып, оныншы жылға жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықпен бірге аяқ басып тұрғанда бұлай болуын немен түсіндіреміз? Оның себебі

 

ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ АЛМАУЫМЫЗДА!

Біз қазір өткен ғасырдағы 20-30-жылдардың "қазақыландыру" науқанында жіберілген қателіктер мен олқылықтарды сол қалпында қайталап отырмыз. Байқадыңыз ба, О КЕЗДЕ ДЕ, ҚАЗІР ДЕ ешкімді, әсіресе тіл саясатын тікелей жүзеге асырып, қазақ тілін мемлекеттік қызмет саласына енгізуге тиіс лауазым иелерін сол тілді білуге міндеттемейтін, демек - олар бұл салада түк істемесе де ешқандай жауапкершілікке шақырмайтын тіл заңын қабылдап, тек сол себептен ғана орындалуы мүмкін емес заң актісін жалаң үгіт-насихат арқылы орындатуға тырысып, арамтер болды және болып жүрміз. О КЕЗДЕ ДЕ, ҚАЗІР ДЕ тіл қолданысының барлық саласында дерлік онсыз да өз үйінің босағасынан сығалап, өгей тірлік кешкен қазақ тілі мен бұл үй үшін ерке бала - орыс тіліне бірдей, "тең құқықты" мемлекеттік мәртебе (20-шы жылдар) мен ресми мәртебе (90-шы жылдар) беру арқылы алғашқысының қолына кісен, аяғына тұсау салып, тырп еткізбей тастадық. О КЕЗДЕ ДЕ, ҚАЗІР ДЕ қазақ тілінің іс қағаздарын жүргізуге (тіл қатынастарының басқа салаларын айтпағанда) ену-енбеуін... орыстардың қазақ тілін (заң бойынша міндетті емес тілді!) білу-білмеуіне тікелей тәуелді етіп, демек, ешқашан енбейтін жағдайға тіреп қойдық. О КЕЗДЕ ДЕ, ҚАЗІР ДЕ төменгі буын ұйым, мекеме, кәсіпорындарды басқарып отырған жекелеген "қаны бар" азаматтардың қазақ тіліне жол ашу әрекеттерін жоғарғы мемлекеттік құрылымдар, әсіресе министрліктер мен ведомстволар, өз қызметтерін түгел дерлік орысша жүргізуі арқылы жоққа шығарды және шығаруда...

Өстіп тізе берсек, әлі де бірталай жерге  баруға болады, бірақ, меніңше, жағдайға қанығу үшін осының өзі жетіп-артылса керек. Бұл жерде тек астын арнайы сыза кететін ащы ақиқат - о кезде бұл келеңсіздіктердің бәрі, қайталап айтам, шын мәнінде "қате" де, "олқылық" та емес, Мәскеу тарапынан қазақ тіліне қарсы мақсатты түрде бағышталған астыртын орыстандыру саясатының зардабы болса, бүгінгі келеңсіздіктер - тіл саласындағы тәуелсіз Қазақстан саясатының әлі де сол ескі қалыптан шыға алмай, шын мәнінде тәуелсіз саясат деңгейіне көтерілмеуінің салдары демеске амал жоқ!

Өткен он бір жыл ішінде қазақ тілін қайта жаңғырту бағытында түк істелмеді деуге, әлбетте, болмайды (Ескерту: 2001 жылдың 23-қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласын автор Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына қайтадан ұсынып отыр.-ред).

Сөз жоқ, бұрынғымен салыстырғанда ілгерілеу бар және оны жұртшылық жақсы біледі. Бірақ қол жеткен жетістіктердің аталмыш тарихи мерзім үшін, әділін айтса, тым мардымсыз болғандығын да ешкім теріске шығара алмас. Және де қазақ халқының, оның тілінің алдында небір ауыр сынақтар дайындап отырған жаңа ғасыр талаптарына төтеп беру үшін барымызды тәптіштей бергеннен гөрі жоғымызды айқындап алу анағұрлым маңызды болса керек.

 

ОСЫ МІНДЕТТІ БІЗ ҚАЛАЙ ОРЫНДАП ЖҮРМІЗ?

Былтырғы жылдың 8 маусым күні Қостанайда "Мемлекеттік тіл ғасырлар тоғысында: мәртебесі, дамуы мен болашағы" атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Өзіңіз де көріп отырсыз, тақырыбы өте күрделі. Алайда бұл жиын, өкінішке қарай, ешқандай сын көтермейтін деңгейде, өрт сөндіргендей жағдайда өтті. Үш күн болады деген конференция іс жүзінде... жарты-ақ күн жүріп, алыстан ат арылтып, арнайы дайындалып келген көптеген қатысушыларға (соның ішінде осы жолдар авторына да) сөз берілмеді, ақыр аяғы конференцияның қарары да түрлі мақал-мәтел, ұрандар жиынтығы тәрізді іліп алар ештеңесі жоқ бірдеңе болып шықты. Нәтижесінде бұл мәслихат әншейін тек белгі соғу үшін ғана ұйымдастыылғандай болып, шын мәнінде өз алдына қойған міндеттерін орындаған жоқ.

Ал, енді, ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы мемлекеттік тіліміздің мәртебесі, дамуы мен болашағы, ақиқатқа жүгінсек, қандай жағдайда?

Қанша ауыр болса да, бұл  мәселеде алаңсыз оптимистік көзқарас ұстанатындардың көңілін қалдыруға мәжбүрмін. Реті келгенде айта кетейін: мен де оптимистпін. Бірақ өзімді прагматиктер қатарына жатқызамын. Сондықтан да қазіргі нақты жағдайда қазақ тілінің болашағы тұманды деп есептеймін, өйткені (тым болмағанда өзімізді өзіміз алдамайық) тәжірибе жүзінде мемлекеттік тілдің қолдану аясы әлі тұрмыстық тіл деңгейінен көп аса қоймаған, демек, оның мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық дамуы жөнінде де әңгіме айтуға әзір негіз аз. Тіпті, керісінше, бұрынғы қазақ тілін табан астына салып, жаншып келе жатқан орыс тілінің жаппай езгісіне қосымша алғылшын тілінің де басымдылығын алып келген жабайы "нарық" жағдайында айқын кері кету, регресс жөнінде айтқан орынды ғой деймін.

Сонымен қатар менің  ана тілімнің ашық және жасырын дұшпандарының да көңілін қалдыруға асығамын (ал, ондайлардың да аз емес екені белгілі ғой): бұл - әсте қазақ тілінің үкімі шығарылып қойды деген сөз емес. Тіпті де! Тағы да керісінше, оның "көпұлтты" Қазақстандағы көп тілдің бірі ретінде ғана емес, өз конституциялық мәртебесіне сәйкес нақты мемлекеттік тіл ретінде жан-жақты һәм толыққанды жаңғыруы, дамуы үшін барлық мүмкіндіктері мен перспективалары бар. Ондай жаңғыру мен дамуға қол жеткізу үшін жетіспей тұрғаны - тек сол мүмкіндіктер мен перспекиваларды шеберлікпен пайдаланып, жүзеге асыра білу ғана.

Бұлай дегенде мен не айтпақпын?

Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, мемлекеттік тіл болып жарияланғаннан бері өткен он бір жылдан кейін де өз үйінің босағасынан сығалап жүрген қазақ тілінің адам аярлық қазіргі ахуалына неізгі себептердің бірі - байырғы тұрғындардың тілін жаңғыртуға бағышталған шаралардың бәрі қашан да ЖАЛТАҚ, ЖАРТЫКЕШ болды, өйткені ол шараларды қабылдар кезде үнемі солтүстіктегі көршімізге және оның республикадағы шоғырлы диаспорасына АЛАҢДАУ орын алды.

Ең қызығы - қазақ тілінің басқа жерде емес, Қазақ Елінде жаңғыруы үшін де, мемлекеттік тіл мәртебесінде бекіп, орнығуы үшін де қажет табиғи һәм объективті шараларға қарсы не Ресей - мемлекет ретінде, не республика орыстары - диаспора ретінде ешқашан "тұтасқан майдан" құрып қарсы шыққан емес. Ал енді Ресейдегі Солженицын, Жириновский, Кириенко тәрізді, Қазақстандағы Своик, Бунаков, Михайлов, Макалкин, Черкашина сияқты бүкіл Ресейдің, бүкіл Қазақстан орыстарының, бүкіл славяндардың, тіпті бүкіл "орыстілділердің" атынан сөйлеу құқығын ұялмай-қызармай иемденіп алған "жалынды орыс патриоттарының" әр кездегі арандатушы һәм айдап салушы әрекеттерін әлдекімдердің - Ресей мен орыс диаспорасының тұтаса көрсеткен қарсылығы тәрізді ұсынуға тырысуы, әлбетте, мүлде басқа жағдай.

Алайда бұл жердегі таңғаларлығы - бәзбіреулердің Қазақстандағы жалған "орыс проблемасын" қоздырып, ушықтыру арқылы арзан саяси ұпай жинау үшін "орыс отаншылдығын" өзі үшін тиімді "мамандық" етіп алуға тырысуы емес, солардың бірі не бір тобы республикамызда "орыстарға және орыс тіліне қысым көрсетіліп жатқаны" туралы байбаламдап шыға келсе болды, біздің жоғары лауазымды шенеуніктеріміздің дереу тіл саласындағы онсыз да әлжуаз заң, заңға қосымша және басқа актілердің мән-мағынасын жан ұшыра, кешірерсіз, "піштіре" бастайтындығы!

Соның айқын көрінісі - 2000 жылдың 26-шы мамыр күні Астанадағы Парламент үйінің дөңгелек залында өткен ҚР Парламент Мәжілісінің "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңның орындалуы жөніндегі Парламенттік тыңдауына байланысты орын алған келеңсіз оқиға.

Әдеттегідей, тыңдаудың ұсыныстар жобасы дайындалады да, ол сол сәтінде-ақ тікелей барып қырағы "орыс отаншылдарының" бірі, кезінде Қазақстандағы орыстардың "жан түршігерлік жағдайына" көз жасын көл ғып төккені лайықты бағаланып, қазір Ресейдің әлдебір ғылыми-зерттеу мекемесінде (Ресей Парламентіне де әлдебір қатысы бар ғой деймін) қызмет ететін атышулы Докучаеваның қолына тиеді. Ал ол "Все языки равны, но казахский - равнее. Подлинная языковая политика в Казахстане" деген айқай "шәпкі" астында "Казахстанские праламентарии рекомендуют жесткие меры по переводу всех сфер жизни общества на казахский язык" деген тақырыппен жобаға "дабыл" байлап, 22 мамыр күні оның толық мәтінін Интернетке салып жібереді.

Оның ақыры не болды? Болғаны сол, күткендей-ақ (және докучаевалар ойлағандай-ақ), жоба авторы - ҚР Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитеті "Әміріңізге құлдық!" деп, редакциялауға кірісіп кеп кетеді де, жобаның құлақ-мұрны шұнтыйып шыға келеді!

Бұған көз жеткізу үшін "өңдеушілер" ұсыныстар жобасынан лақтырып тастаған баптарға назар аударалық.

Үкіметке ұсынылған баптардан:

- тілдердің құқықтық нормаларын қорғауды қамтамасыз ету  мақсатында 1991 жылдың 22-наурызындағы "Әкімшілік тәртіп бұзушылықтар туралы" Қазақ КСР-ның жұмыс істеп тұрған Кодексіне және 1997 жылдың 11 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңға өзгертулер мен толықтыруларды Парламент Мәжілісіне тезірек беру;

"Мемлекеттік қызмет туралы" Заңның мемлекеттік қызметкерлердің негізгі міндеттерін көрсететін 9-шы бабына, сондай-ақ мемлекеттік қызметке тұрған кезде қойылатын талаптарды айқындайтын 13-ші бапқа "мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті" (бөлектеген біз. - Ж.Қ.) екендігі туралы пункт кіргізуге ынта білдіру.

Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім Министрлігіне ұсынылған баптардан:

- мемлекеттік тілді қолдану саласында біртұтас мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету үшін Әділет Министрлігімен бірлесіп, іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру бойынша бүкіл жұмысты үйлестіретін және бағыттайтын, аумақтық басқару органдарына әдістемелік және техникалық көмек көрсететін, оқу-әдістемелік әдебиетті көбейтетін және тарататын, мемлекеттік тілдегі бланкілер мен басқа да құжаттар үлгілерін жасайтын оқу-әдістемелік орталық құру;

- қазақ тілін іс жүргізуге белсенді енгізу үшін меншік нысанына тәуелсіз барлық мекемелер мен ведомстволардың мемлекеттік қаржы-санақ есептерін қазақ тілінде жүргізуін бақылауды күшейту;

- республика бойынша ономастикалық жұмыстың перспективалы жоспарын жасау.

Білім және ғылым Министрлігіне ұсынылған баптардан:

- негізгі оқыту тіліне тәуелсіз республика ауқымындағы барлық мектептерде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде міндетті түрде оқытылуын қамтамасыз ету;

- мемлекеттік тілді үйрету бойынша сағаттарды көбейту жағына қарай оқу бағдарламаларын қайта қарау;

- балалар үйлеріндегі тәрбиеде қазақ тілінің басымдығына айрықша көңіл болу;

- мектеп бітіру емтихандары, орта арнаулы және жоғары оқу орындарындағы қабылдау және бітіру емтихандары тізімдеріне мемлекеттік тілді міндетті түрде енгізу;

- "Болашақ" бағдарламасы бойынша білім алатындарды таңдаған кезде мемлекеттік тілді білетіндерге артықшылық беру.

Жергілікті өкілетті және атқарушы органдарға ұсынылған баптардан:

- тілдерді қолдану және дамыту бойынша жаңа мемлекеттік Бағдарламаға сәйкес мемлекеттік тілдің басымдығын және іс қағаздарын кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіруді қолдайтын аймақтық бағдарламалар жасау және оның орындалуын қатаң бақылап отыру (бұл баптың біз астын сызған, төтесін айтқанда - оның өзегі боп табылатын бөлігі алынып тасталған!);

- іс жүргізуді, іс қағаздарын, санақтық есептерді, қаржы және техникалық құжаттарды мемлекеттік тілде дайындауды, кенестер мен жиналыстарды мемлекеттік тілде жүргізуді жеделдету;

- тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды күшейту, лауазым иелерінің мемлекеттік тілді қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізу үшін жауапкершілігін арттыру (бөлектеген біз. - Ж.Қ.);

- мектептердің материалдық-техникалық базасын дамыту және сыныптарды компьютерлеу барысында қазақ тілінде драйверлер еңгізу қажеттігін ескеру" (үзінділердің аяғы).

Сонымен,  жобадан ең пісуі жеткен, көкейтесті, маңызды һәм қажетті баптар алынып тасталғандығына, қадірлі оқырман, сіз де келісесіз ғой деймін. Мәселен, Заңға "Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті" деген түзету енгізу жөніндегі ұсынысты алайық. Оны тағы да бейне бір артық нәрсе тәрізді лақтырып тастаған!

Қорытындысында парламенттік тыңдауда жобаның құлақ-мұрны шұнтиған, ақиқатын айтса - қазақ тілінің қазіргі мүшкіл халін жақсартуға еш әсер етпейтін нұсқасы қабылданып кете барды...

Әрине, менің пікіріме қарсы: "Жоқ, бұл ешқандай да Докучаеваның қоқанлоққысымен емес, біздің өз ықтиярымызбен жасалды", - деген немесе тағы да басқа уәж айтылуы мүмкін. Егер біз, тіпті, бұған сене қойдық дегеннің өзінде мұндай қаракет те проблеманың мәнін түк өзгертпейді. Қалай болғанда да біз үшін маңыздысы - қасіреттен көзі ашылмай қойған қазақ тілінің болашағына қатысты аса маңызды мемелкеттік құжаттарды бет-бейнесінен айырып, бейтараптандыратын зиянды тәжірибенің сақталып отырғандығы. Керек десеңіз, біздің тіл туралы дәрменсіз заңымызға нәр беріп, күш қосу мәселесі қолға алынған бойда осы тәжірибе дереу іске қосылатын әлдебір әмбебап нормаға айналып отыр.

(Жалғасы бар)

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1393
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1221
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 979
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1057