Сенбі, 4 Мамыр 2024
Дидар-ғайып 11851 17 пікір 27 Желтоқсан, 2019 сағат 13:05

Софы Сматаев. Қарағым, Имашжан !

Мен жауыздықтың тас қамалын жаулап алатын да Ана, сәбиі сәл қабақ шытса, жабырқай қалатын да Ана деумен келем.

Мен Анадан ардақты, Анадан қадірлі, Анадан асыл, Анадан абзал ешкім жоқ деуді жүрегімнің тілімен айтудан еш жалыққан емеспін. Өйткені Ана – өмірдің бастауы, даналықтың көзі, гұмырдың тірегі. Қадірменді Имаш бауырым! Сенің Анаң – менің Ділдә апайым – Өзіңнің ғана емес, халықтың анасына айналған асыл адам еді-ау. Анаңның тілегі – адамзат тілегі еді-ау. Ол тілекте нұр болатын. Анаңның жүрегі - Әлемнің жүрегі еді-ау. Ол жүрекке сезім толатын. Сен Анаңның нұрына шомылып, сезіміне бөленіп өсіп, атаның ұлынан Адамның ұлына айналып кеткенсің. Анаңның ақ сүтімен кеудеңе адалдық қана сіңіріп, жаныңа тазалық  сіңіріп жеткенсің.

Ділдәдай Аналар көз жұмғанда, жұмыр жердің бір бәйшешек гүлі солады. Сондай Ана ақтық демін шығарғанда, Тіршіліктің шуақты бір күні сөнеді. Сондай асыл Ана бақиға көшкенде, асыл сөздің бір мөлдір бұлағы тартылады.

Имашжан! Сен Анаңнан, біз Адамнан айрылып қалдық. Амал не... Сен аяулы Анаңды ақырғы сапарына аттандырып, азалап отырсың. Мен сол асыл Адамды – сүйікті кейіпкерімді қимай, жаралы жүрегімді мазалап отырмын.

Қайтеміз енді... Кейбіреудің кеткенінен кетпегеніне өкіне өкситін, сенің кеткеніңнен кетпегеніңді өтіле көксейтін Елің бар. Адал арыңа аппақ жүрегін тосатын, жаралы жаныңа жүрек жалынын қосатын халқың, қазағың бар. Қайғыңды қабырғасы қайысып, ет-қолқасы майысып көтеріп алар жұртың бар.

Берік бол, Имашжан !

Жалғанның көп тайғанақ мұз айдыны,
Тұрса да құлатады
Жүз Ай, Күні.
«Балама пана бол!» деп жалын атқан
Ананың Тәңіріге ұзайды үні.
Ұлы үшін жаны ауырған аналардың
Болайық, ей, Адамзат, біз айбыны.

Әзіз көңіл тілегімен

Софы Сматаев

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1035
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 907
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 681
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 761