Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
5963 3 пікір 26 Желтоқсан, 2019 сағат 15:00

Түркістанда Аграрлық несие корпорациясының жаңа филиалы жұмысын бастады

Түркістан облысының шаруалары үшін оңтайлы хабар. «ҚазАгро» ұлттық компаниясына қарасты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның күнгей облыстағы филиалы ашылды. Корпорация қызметін алу үшін Шымкенттегі ғимаратқа барып құжат тапсырып келген шаруаларға енді үшінші мегаполиске барудың қажеті жоқ.

Жаңа филиалдың ашылу салтанатына корпорацияның мониторинг  және несиелік әкімшілендіру саласы бойынша басқарушы директоры Бағлан Құлтаев пен өңірдің шаруа қожалықтары, несие корпорациясымен етене жұмыс жүргізуші несие серіктестіктерінің төрағалары қатысты.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Түркістан облыстық филиал директоры Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, бұл филиал қажеттіліктен ашылып отыр.

(Файзулла Байдуллаев)

«Өздеріңіз білесіздер, Шымкент үшінші мегаполис атанғанға дейін шаруаларға бір филиал қызмет көрсетіп келді. Күні бүгінге дейін Шымкенттегі ғимаратта жұмыс жасадық. Бірақ, облыстың өзге аудан, қалаларынан келетін халық үшін бұл аздап қолайсыздық танытып келді. Себебі олар құжаттың кейбір түрін алу үшін Түркістанға келеді де оны тапсыру үшін Шымкентке баратын. Аграрлық несие корпорацияның директорлар кеңесінің шешімімен шаруалар ыңғайлығы үшін жаңа филиал ашылып отыр.  Біз қызмет көрсетуде келушілердің жылдам несие алуын бірінші кезекке қоямыз. Осы бағытта бізге келіп түскен өтініштер шұғыл қаралып, мақұлдануға жіберіледі. Біздің негізгі мақсатымыз – шаруалардың уақытын үнемдей отырып, қолдау көрсету»,- деді Файзулла Байдуллаев.

Өз кезегінде мұндай шешімнің қабылданғанына нәсібін ауыл шаруашылығы саласынан тауып отырған шаруалар риза. Солардың бірі – Тастай Шалтаев. Шаруа 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 10 млн теңге көлемінде төмендетілген пайызбен несие алған. Оған қорасындағы ірі қара мал санын көбейткен. Аграрлық несие корпорациясының жаңадан ашылған Түркістан облыстық филиалына келген ол тағы да қолдау көрсем деген ниетін жеткізді.

«Мұндағы қызметкерлерден «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы туралы сұрап білдім. Мақсатым тағы да несие алып, жылқы бағуды жоспарлап отырмын. Нақты қанша сома берілетіні әлі белгісіз, оны маған кепілге қойылған мүлкімнің бағалануына қарай анықталатынын айтты. Маған қаржы көлемі неғұрлым көп болғаны дұрыс, көбірек мал сатып аламын. Қажетті қорам, жайылым жерім бар. Негізі айтар едім, Аграрлық несие корпорациясының жұмысы өзімнің көңілімнен шығады. Тиімді болмаса, екінші рет несие алуға келмес едім ғой (күліп)»,- деді шаруа.

Ал Арыс қаласының 60 жастағы тұрғыны, «Достар-М»  ЖШС-нің директоры Мамытхан Әлімханұлы соңғы 15 жылдан бері мал шаруашылығына аса ден қойып, мемлекеттен алған қолдауының арқасында бүгінде мал басын көбейтіп отыр. Алғаш рет 2004 жылы төмендетілген пайызбен 6 млн теңге алған шаруа берешегін өтеген соң тағы да құжатын тапсырыпты. Екінші рет оған 10 млн теңге берілген. Ал 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы берілген несиеге 77 бас ірі қара мал сатып алған. Уақыт өтіп, оны көбейтіп, қазіргі таңда мал саны бұзауларын қоспағанда 125 аналық ірі қараға жеткен.

«Аграрлық несие корпорациясын ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін өте тиімді, қолайлы қаржылық ұйым деп санаймын. Себебі үстеме пайызы төмен және де берілген қаржыны өтеуде екі жылға босатады. Бұл аралықта несиенің тек үстеме пайызын жылына бір рет төлейміз де, негізгі қарыз  24 айдан соң алынады. Оған қоса мемлекеттің субсидиясы  бар. Мәселен, несие 15 пайызбен берілген болса, оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды (автор: бағдарлама түріне қарай), шаруа 5 пайызын төлейді. Бұл біз секілді қарапайым халық үшін өте тиімді. Алдағы уақытта мал бордақылау бағытын қолға алсам деймін. Ол үшін арнайы алаң салып та қойдым. Корпорацияның орталық аппаратына тиісті құжаттарымды өткіздім. Мақұлданса, несие көлемі көлемді болады. Оған шетелден асыл тұқымды ірі қара мал әкелуді жоспарлап отырмын»,- деді шаруа Мамытхан Айдағараев.

Аграрлық несие корпорациясы  «Сыбаға», «Іскер», «Қарапайым заттар экономикасы», «Ырыс» сынды сегіз бағдарлама аясында шаруаларға қолдау көрсетеді. Бағдарлама түріне қарай несие пайызы әртүрлі.  Ал сомасы 1 млн теңгеден басталып, несие алушының қолдау алудағы мақсаты, кепілдікке қойған мүлкіне қарай шектеусіз. Бүгінгі таңда Түркістан облысында «Іскер» бағдарламасы арқылы қолдау тапқандар саны басым. «Қарапайым заттар экономикасы»  бойынша да қызығушылық танытып отырғандар артып келеді. Ал берілген несие көлемімен «Агробизнес» бағдарламасы көш бастап тұр.

Түркістан өңірі республикада ауыл шаруашылығы саласы дамыған облыстардың қатарында екені белгілі. Мұнда егін мен мал шаруашылығын қолға алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар басым. Аграрлық несие корпорациясындағылардың мәліметінше, саланың дәл осы екі бағыты бойынша қолдау алуға келушілер саны да жыл сайын артып келеді.

Abai.kz

3 пікір