Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
46 - сөз 3858 1 пікір 25 Желтоқсан, 2019 сағат 13:00

Кітап нарығы, сұраныс & Аэропорт

Алматының аэропортынан кітап алатын әдетіме салып, кітап дүкенін іздеп таппадым. Сөйтсем жабылып тыныпты. Орнына кофе сататын дүңгіршек ашылыпты. Көңілім қынжылды да, эмоциясыз есеп-қисапқа көштім.

6-7 кв м жерге ары кетсе 200-250 мың тг төлейтін шығар. Егер әр кітаптан 1000 тг пайда қалса, сатушының жалақысы бар, минимум 600 кітап өтуі керек. Демек, күніне 20 кітап. Күніне мыңдаған адам ұшатын халықаралық әуежайға 20 дана кітап не тәйірі деген ой келді...

Кітап дүкенінің жабылуына 3 себеп бар деп ойладым:

1) Адамдар қағаз кітап оқымайды. Ұшақта айналама қарасам, жұрт көбіне Уатсапта сөйлесіп отырады, ойын ойнайды немесе кино қарап, музыка тыңдайды. 100 адамның ішінде максимум 5-6 жолаушы кітап оқитын шығар. Демек, сұраныс жоқ.

2) Бағасы қымбат. Кеше Меломаннан 4 кітапты 19 300 теңгеге алдым. Баға удай. 200-300 беттік Ресейдің шығарған кітаптары 4000-7000 тг аралығында, қазақтардікі 3000-4000 тг шамасында. Типографияның бағасын білетін адам ретінде айтарым 200-300 беттік кітаптар 1500-3500 тг аралығында болуы керек. Play Market-те электрон кітаптардың бағасы 500-2500 тг шамасында сапасына, тақырыбына, өтуіне қарай.

3) Тематика дұрыс емес. Әуежайда да сол мотивациялық кітаптар, ал ол жерде мотивацияға тойған адамдар жүреді. Аэропортта шетелдіктер көп жүретін болғандықтан, тіл үйренетін тілашарлар, туристерге қажет оқулықтар, Қазақстан жайлы танымдық контент, тарихи-мәдени-бизнеси ағылшынша, қытайша, арабша, түрікше кітаптар тұруы жөн деп ойлаймын. Аэропортта Меломандағы орысша кітаптар өтпейді қысқасы.

Алматыдағы әуежайда кітап дүкенінің жабылуына не себеп деп ойлайсыздар? Дәл сол жерге маркетинг анализ жасап, кітап дүкенін ашсам өте ме? Жалпы кітап нарығы жайлы не дейсіздер?

Нұрлан Жанайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Abai.kz

1 пікір