Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3618 0 пікір 2 Қыркүйек, 2011 сағат 06:47

Дархан Қыдырәлі. Мағжанның мұрагері

Данышпан Абайдан бастау алып, Мағжан арқылы жаңа белеске көтерілген қазақтың тасқа түскен жазба поэзиясы ХХ ғасырда Қасымның өршіл жырларымен жалғасып, Мұқағалимен бірге тұтас дәуірді құрады.

Әрине, қазақ поэзиясы қашанда талантты ақындардан кенде болған емес. Алайда, тұтас поэтикалық мектеп қалыптастырған, артына қалың буын қаламгер ерткен шайырлар сирек. Сондай саңлақ ақынның бірі - Қасым Аманжоловтың аты қашанда қазақ жырымен қатар аталады. Қасымның өміршең өлеңдері, шынайылыққа суарылған шыншыл шығармалары өзі шексіз сүйген ұлтының қалтқысыз сүйіспеншілігіне бөленді. Мұқағали айтқандай «жанартау ақынның» отты жырлары қазақ поэзиясын мүлде жаңа сапалық деңгейге көтерген феномен болды.

Данышпан Абайдан бастау алып, Мағжан арқылы жаңа белеске көтерілген қазақтың тасқа түскен жазба поэзиясы ХХ ғасырда Қасымның өршіл жырларымен жалғасып, Мұқағалимен бірге тұтас дәуірді құрады.

Әрине, қазақ поэзиясы қашанда талантты ақындардан кенде болған емес. Алайда, тұтас поэтикалық мектеп қалыптастырған, артына қалың буын қаламгер ерткен шайырлар сирек. Сондай саңлақ ақынның бірі - Қасым Аманжоловтың аты қашанда қазақ жырымен қатар аталады. Қасымның өміршең өлеңдері, шынайылыққа суарылған шыншыл шығармалары өзі шексіз сүйген ұлтының қалтқысыз сүйіспеншілігіне бөленді. Мұқағали айтқандай «жанартау ақынның» отты жырлары қазақ поэзиясын мүлде жаңа сапалық деңгейге көтерген феномен болды.

Қоғамтану ғылымының атасы, Әмір Темірдің замандасы әйгілі Ибн Халдунның сөзімен айтсақ, өркениет те, ұлт та адам сияқты. Ол да туады, өседі, өркендейді, сосын құлдырап, келмеске кетеді. Олардың ғұмырының әрқалай болып келетіні тамырының тереңдігімен, дәстүрінің діңгегімен, рухының бекемдігімен, ішкі иммунитетінің беріктігімен өлшенеді. Өзге өктем күштер жер бетінен жойып жібергісі келген кезде яки тағдыры әлдеқалай талқыға түскен тұста ұлт, халық маңдайы жарқыраған, көрік кеуделі, кесек мінезді, парасат-пайымды перзенттерін дүниеге әкеліп, өзін осылайша опат болудан қорғайды. Сын сағатта ұлт мұратын ту еткен азаматтардың қайсібірі өзінің аманат арқалаған жан екенін білмеуі де кәдік. Олардың арасында ерлігімен елдің еңсесін тіктеген жаужүрек батыр да, дауылпаз үнімен жұрттың қалғыған рухын оятқан ақын да, ұйқыдағы ұлтының санасына сәуле шашқан ғалым да, жол таппай сенделген топты серкедей соңына ерткен көсем де, орақ тілді шешен де, тіпті, жүрегі шоқтай жанған, бостандық жолында құрбан боп, ақыры есімі елеусіз қалған өндірдей белгісіз жан болуы да әбден мүмкін. Біздіңше, ХХ ғасыр деген алапат аласапыран заманда «болу немесе бордай тозудың» алдында тұрған халқымыздың рухани қалқанына, ішкі иммунитетіне айналған алыптардың бірі - тұйғындай шымыр тұлғасымен от пен оқтың арасында шынығып келіп, тегеурінді жырларымен бұлтты ашқан күндей болып жарқ еткен жасын ақын - Қасым ақын!

Кемел дарын, кесек тұлғаны әдетте заман, тарихи ахуал тудырады, өмір сүрген ортасы қалыптастырады деген пікірдің жаны бар. Қасым феномені тақыр жерден кездейсоқ пайда болған тамырсыз құбылыс емес. Қасиетті Қарқаралы жерінде кіндік қаны тамып, Мәдидің жырларын жаттап өскен Қасым Семейде оқыған тұста алашшыл рухты бойына сіңіре бастады. Қасым шығармашылығында алаш ақыны Мағжанның үлгі-әсерінің көптігі де бізді осындай ойға жетелейді.

Заманында тепсініп теңдік сұраған марғасқа Махамбеттің адуынды жорық жырларының рухы бар, татардың ұлттық ақыны Ғабдолла Тоқайдың ізі қалған Оралдың да Қасымның шығармашылығындағы орны бөлек. Сондықтан болса керек, «жалынға қызығып», «дауылға құмартып», «желмен жарысып» өскен Қасымның поэзиясындағы айрықша қуатты, ерекше тегеурінді, адуынды отты жолдар жауынгерлік дауылпаз жырлардың жаңғырығындай сезіледі. Құбылған заманда құбыласынан жаңылмаған қайсар ақын осылайша бағзыдан жеткен жыраулық сарын мен алаш рухты өршіл жырларын еуропалық үлгідегі қазіргі заманғы поэзияның керемет бояуларымен үндестіре білді.

Қасым - шын мәніндегі ұлт ақыны, ұлттық ақын. Бұл тұрғыдан алғанда кеңестік кезеңде «қазақ» деген қастерлі сөзді дәл Қасымдай асқақ үнмен, аса мақтанышпен қолданған екінші бір ақынды кездестіру мүмкін емес.

«Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы!

Танимысың сен мені,

Мен - қазақтың баласы!» - деп күркірей жырлаған ол күллі дүниеге қазақ болып үн қатты.

Расында, қазақтың ХХ ғасырдағы поэзиясында Мағжаннан соң ақындық қуаты дәл сондай деңгейде жарқырай көрініп, халықты дүр еткізген Қасымнан өзге есім сол аралықта болған жоқ. Қасымның шығармашылығы шырқау шыңына көтерілген 40-50-жылдардан соң Мұқағалиға дейінгі аралықта да дәл осындай жағдай қайталанған сияқты көрінеді.

Бұл ретте Қасым өз шығармашылығындағы қанық ұлттық бояуымен, кереметтей кестелі көркем тілімен, ен дала төсінде ескен ерке желдей еркін әрі өршіл рухымен тұтас буындар аралығындағы алтын арқау болды. Қасым Мағжан бастаған алаш әдебиеті мен Мұқағалимен бірге қайта өрлеген қазақ өлеңінің арасында алтын көпір қызметін атқарды.

Қазақ қоғамының орны толмас қасіреті болған отызыншы жылдардағы репрессия, қуғын-сүргін және қысыммен тұншықтырылып,  еріксіз өшіп қалған Мағжанның өршіл рухын Қасым зор дауыспен қайта жалғады. Мағжан мен Қасымының қалам тербеуіндегі ұқсастық пен үндестіктің қадам аттаған сайын кездесетініне айқын көз жеткіздік.

Мәселен,  «Арыстанмын, айбатыма кім шыдар,

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?!» деген Мағжанның әйгілі жыр жолдары кеңестік қысымдағы Қасымда:

«Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың!» - деген айбынды тілекке ұласты.

«Өртке шомылып өскендіктен», «іштегі өртті жасыра алмаған» Қасым ақын Мағжанның сарынымен «Күн», «Тәңірі» деген ұғымдарды қайта жаңғыртты. Терең тамырларға бойлап, тарихи сананы жаңғыртып, «Күн боп туып, күнше сүйген» ол «Күннен туған» Мағжанша «Өзім тәңір - бір құда» деп жырлады. Қаламы мен қаруын қатар ұстап, «серінің семсеріндей сертке тапқан өлеңін» ақберен отты жырларға ораған адуынды ақын бұғауға бағынбай, алып құрлықты ат тұяғымен дүбірлеткен байырғы баһадүр бабаларындай буырқанып, бусанып сөйледі.

Мағжан жырларындағы еркіндіктің бір символы - ен далада еркін есетін ерке жел. Сондықтан болса керек, өзге өлеңдерінде көптеп қолданылумен қатар Мағжанда «Жел» тақырыбымен аталатын дербес екі жыр бар. Бұл әрине, кездейсоқтық емес. Бұл ретте Қасымның:

«Мен - дауылдың ұлымын,

Тұра алмаймын дауылсыз.

Қарсы алуға дайынмын,

Соқса да дауыл дамылсыз» - деген жолдары Мағжанмен кереметтей үндестік, жалғастық табады.

Осы жел мен дауыл сөз-баламалары кейіннен екі ақынның еркіндікке құштар табиғатын танытатын ассоцацивті терминдік сөздерге айналып кетті.  Ал Қасымның ақындық болмысын жарқырата ашып, қалам қуатын анық танытқан алғашқы жыр жинағының аты «Дауыл» екені көзі қарақты оқырманға жақсы белгілі. Бұл бейнелі сөз шынында да Қасымның бұрқ-сарқ еткен мінезді, қызу ақындық қуатын танытатындай.

Осындай «мағжандық сарындар» Қасымның қаламында қайта оянып, қазақ өлеңінің құтты қонысымен қайта қауышқанын ашық айтпау әділеттілік болмас еді.

Қасымның «Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен», - деп сүйіспеншілікпен жырға қосқан Сарыарқаның сары даласын Мағжан бір кезде «Сарыарқа сайран жерім-ай!», - деп жырлаған болатын.

Осы орайда бодан кезде қазақ елінің астарлы сипатын білдіретін «Сарыарқа» сөзі термин деуге лайық символдық сөз қызметін атқарған-тын. Туған елге деген перзенттік табиғи махаббатын кең көсіліп, еркін, ашық жырлай алмаған ақын, қаламгерлер осындай әдіске жүгінген еді. Міне, Мағжан лексикасындағы осындай символдық ұғымдарды Қасым дәл тауып,  қайта тірілтті, арнасын кеңейтті. Бұл рухтас екі ақын шығармашылығының сөзсіз сабақтастығы.

Қасым туралы ойлағанда ең алдымен оның өмір туралы кең ауқымдағы философиялық ой-пайымдарының түйіні тәрізді әйгілі «Өзім туралы» атты толғауы еске түсетіні анық. Ақынның оған қаншалықты мән бергенін осы шығармасын ұзақ жылдар бойы жазғанынан аңдауға да болады. «Өзім туралы», бейнелеп айтқанда, Қасымның өзіне өзі қойған ескерткіші іспетті. Аңдаған адамға оның осы толғауы мен Мағжанның «Жан сөзі» атты ұзақ жыры арасында да айқын үндестік пен ұқсастық бар.

Мінезі «өртке тигендей дауылдай» болғанымен, жаны нәзік Қасым ақын Мағжанның лирикалық жырларын ерекше үндестікпен жалғастыра білді. Осындай рухани туыстықты қос ақынның «Орамал» деген ортақ атпен аталған өлеңдерінен де анық аңғарамыз. Тек тақырыбы ғана емес, мағынасы мен сарыны, тіпті буын санына дейін ұқсастық байқалатын аттас өлеңдерге шайырлар майданға аттанған жауынгердің артында қалған мұңлық жанның сағынышын арқау еткен. Бұл орайда Мағжанның «Орамалы» Қасымның қаламынан:

«Орамалға, тілесең,

Жүрегімді орап ал.

Кіршіксіз ақ орамал,

Көз жасыммен жуғанмын.

Жаным сендік, қабыл ал,

Бір сен үшін туғанмын.» - деп қайта туғандай болады.

Мағжан мен Қасым мұрасында осындай аттас, тақырыптас, орайлас өлеңдер көп. Айталық, екі ақын да «Алатау» деп өлең шығарып, екеуі де сұлу Көкшеге арнап жыр маржандарын тізген.

Қасым мен Мағжанның өлеңдерінің үндесетін тұстарымен қатар өмірлерінде де бірін бірі қайталайтын кезеңдер болды. Мағжанды 30-шы жылдары «ұлтшыл-байшыл ақын» деп қуғын-сүргінге салған кеңестік кер замандағы сұрқия саясат 50-ші жылдары Қасымды да дәл сондай желеумен қаралап, қысым көрсетті. Екі ақынға тағылған бұндай айып негізсіз емес болатын. Олар шынында да халқын шексіз сүйген ұлтшыл ақындар еді.

Қасым Аманжолов әрине, өз заманының перзенті. Ол Кеңес үкіметінің тұсында ержетті, оқыды, оның кейбір игіліктерін көріп, майданда «ортақ Отанды» бірге қорғады. Дегенмен, болмысы бостандықты ту еткен оның жырларында озбырлыққа көнбеу, өктемдікке төзбеу, әділетсіздікке қарсы тұру сезімі айқын байқалады. Мәселен Қасымның:

«Басқаның «жерін, суын» тартып алып,

Бір тамшы татырмапсың шөлдегенге.

Талай «ер» қалған жалғыз жетім болып,

Талай әйел қалыпты жесір болып,

Талайдың ауызынан жырып жепсің,

Сорлатыпсың талайды «кесір» болып.

Тарихыңды тексеріп, тергеп жатыр,

«Лига наций» сықылды құрылған топ» - деген жыр жолдары сол тұста салтанат құрған зұлымдыққа қарсы жазылғандай әсер қалдырады.

Қасымды кеңінен танымал еткен соғыс жылдарындағы, жалпы майдан, ерлік тақырыбындағы жауынгерлік жырлары - қазақтың бағзыдағы жорық жыршылары - жыраулар поэзиясының қайта жаңғырған алапат рухы деуге лайық. Бұл тұрғыдан алғанда, Қасым Аманжолов өзінің алдындағы күрескер ақын Махамбеттің жорық жырларын қайта тірілтіп, оны жаңа заманға лайықты түрде қайта жалғастырды.

Қасым Аманжоловтың өлеңдеріндегі өршіл рух пен ақжарма сезім, айрықша жаңашыл бейнелілік, көркемдік көру кеңістігінің кеңдігі баршаны тәнті етіп, оқырманды бірден баурап алды. Оның ыстық сезімге толы сыршыл өлеңдері жоғарыдағы сияқты аса әсерлі теңеу, тапқыр сөз, тосын суретпен қабысқанда оқырманға ғаламат әсер беретін құдіретке ие.

Қазақ деген халқын қалтқысыз сүйген Қасым Аманжолов Мағжан сияқты еркіндікті, бостандықты аңсап:

«Есе тиер, енші алар,

Ел болсам деп ойлаушы ем.

Қазақпын деп айта алар,

Мен болсам деп ойлаушы ем» деп ашық жазды.

Дегенмен, ойға тұсау, тілге кісен түскен кеңестік кезеңде «түрі - ұлттық, мазмұны - сталиндік» сыңаржақ саясат пен социалистік реализм дегенін істетпей тұрмады. «Ұлтшыл» деп айыпталған Қасым ақын теперіш көріп, маңдайы тасқа тиді. Соған қапаланған қайсар ақын:

«Әлде мені тап дұшпаны дей ме екен,

Менен қорғап таптың қамын жей ме екен,

Әлде мені тап жолынан тайған деп,

Сескене ме көріп «құбыжық» бір бөтен» - деп жазды.

Ақынның денсаулығының нашарлауына, ғұмырының қысқа болуына, шығармашылығының тұсалуына сөзсіз әсер еткен тұрмыстың таршылығы, баспанасыздық мәселесі екені белгілі. Өзінің ізін баса шыққан Мұқағалидың сөзімен айтқанда «Қасым-тағдыр» сол кезгі қазақ қоғамының басындағы ахуалды сезімі сергек ақын жүрегінен өткізе суреттеді, ғұмыр кешкен әлеумет өмірін әдемі лирикаға ұштастырды. Соның нәтижесінде ол қазақ әдебиетіне тұтастай әлеуметтік сарын алып келді.

Қанша тауқымет тартса да, «туған жер топырағында тіп-тік өскен қара емендей қасарысқан» Қасым-қазақ қайысқан жоқ, тағдырына мойыған жоқ, ол «дозақтық жалынына жанын салса да, жанам деп сескенбеді». Өзі айтқандай «арпалыс алақұйын заманалар арбасып тұрып алса да», еркіндік аңсаған ақберен ақын тәкаппар тұрысынан, текті қалпынан жаңылмаған қалпы тізе бүкпей өмірден өтті. Ол өзінің еркімен өмір сүрді, өз қалауымен ғұмыр кешті, «күлемін бе, жылаймын ба - тек өз еркім» деп, күлсе - қуанғаннан емес, жыласа - қиналғаннан емес, тек өзі қалағандықтан ғана солай ететінін жария етті. Қиындықтар қабырғасын қайыстырса да, ешкімге алақан жаймады, безбүйрек жасанды жүйенің қысастығына мойымады. Оның тәкаппар болмысын сындырып, мойындатқысы келгендер оның әр қадамына тосқауыл қойды. Алайда ақын:

«Жығылам деп жүре алмаймын жай басып,

Жүгіремін киіп-жарып, айқасып,

Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар

Іш пыстырып, жал-жұлт қарап, байқасып» - деп, «кеудесінде тынған дауыл күштің ту алып қайта шығар» сәтін күтті. Жаулары сенімсіздік танытып, ынсапсыздары «жанын күйдіріп, қасқырдай талағанымен», оның бойына ерекше рух бітті: «ұлан-байтақ туған елі көкірегіне тұтас сыйып, «от шашқан жанартаудай» жүрегіне ерекше қуат, күш берді. Ол ендігі өмірі мен өлеңін туған еліне арнады. Дауылпаз ақынның:

«Туған ел, бұл дүниеде сен болмасаң,

Өзімді отқа атар ем әлдеқашан» - деп жырлауы да сондықтан.

Қапаста ғұмыр кешсе де еркіндікке ұмтылып, бостандық алар бақытты болашаққа сенген ақынның асыл арманы азаттықпен бірге айдай ақиқатқа айналды. Оның қуатты дауысын Мұқағали бастаған шоғырдай топ іліп әкетіп, тәуелсіздікке жалғады. Міне, тәуелсіздік тұғырына қонған құтты белесте ардақты ақынының тойын бүкіл халық болып дүбірлетіп тойлап жатыр. Ендеше, дүниеде қазақ деген туған елі барда Мағжанның мұрагеріндей болған Қасымның жанартау жырлары да мәңгі жасай береді.

Ақын бақыты деген де осы шығар.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
тарих ғылымдарының докторы

0 пікір