Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Зерттеу 10167 15 пікір 19 Желтоқсан, 2019 сағат 12:12

1925 жылы Петропавлды «Қызыл-Жар» деп атау туралы шешім қабылданған

Ресейдің іргесінде жатқан солтүстіктегі бірнеше қаланың атауын қазақшалау жайлы көптен бері айтылып келеді. Әсіресе, Павлодар мен Петропавл сынды ірі қалалардың әлі күнге орыс апостолдары Павел мен Петрдің атымен аталып жүргені көптің өкініші. 

Қазақстанның байырғы тұрғындары Павлодар қаласын Кереку, Петропавл қаласын Қызылжар деп атағанды жөн көреді. Бірақ аталған екі қалаға тарихи атауларын қайтару оңай шарауа болмай тұр. Қала аты түгіл, кішігірім көше атауын ауыстыру үшін де әркімнің қас-қабағына қарайлап жүретін қазақ билігі бұл мәселеде мүлде жалтақойлық танытып отыр.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтаса да Павел мен Петрге әлі күнге әліміз келмейді. Қазақ билігі Павлодар мен Петропавлды қазақшалай алмай жүргенде, ғалымдар осыдан 95 жыл бұрын жарияланған құжатты тауыпты. Ол құжатта жазылуынша, 1925 жылы сол кездегі билік Петропавлды Қызыл-Жар деп атау туралы ресми шешім қабылдаған екен.

Бұл құжаттың табылғанын тарих институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов растап отыр. Ол кісінің айтуынша, 95 жыл бұрын большевиктер істеген істі, бүгінде Тәуелсіз қазақ билігі істей алмай отыр.

Зиябек Қабылдинов, т.ғ.д., профессор:

- 1925 жылдың 18 шілдесінде Ақмола губерниялық атқару комитеті Президиумының әкімшісі Н.Курочкин қол қойған (ол кезде Петропавл қаласы провинция орталығы болған) құжатта қаланың Қызыл-Жар болып өзгеруі туралы шынайы тарихи қаулы шығарылған. Бұған себеп, қала қасиетті Петр мен Павлдың құрметіне Петропавл деп аталған. Бұл атауда діни мән болғандықтан, сол кездегі заман талабына сай келмеген (РФ Мемлекеттік мұрағаты, Ф.5677, оп.6, д.427).

Осыны ескере отырып, олар Қазорталық атқару комитетіне өтініш жолдайды. Өтініш сол кездегі республика орталығы Қызылорда қаласына жолданады. Бұл өтінішті Қазорталық атқару комитеті төрағасы Мыңбаев пен хатшы Аралбаев та қолдайды. Әрі сол жылы шыққан республика картасында Петропавл өңірі Қызыл-Жар деп көрсетіледі.

Ол кезде қаладағы қазақтардың үлесі 10 пайызға да жетпейтін. Оның үстіне бодан елміз, тәуелсіздігіміз жоқ, конституциямыз жоқ. Соған қарамастан орыс азаматының қолынан қала атын қазақшалау туралы ұсыныс шығып, ол шешім қабылданған. Ал біз Тәуелсіз ел бола тұра, ширек ғасыр бойы қала атауын қазақшалай алмай отырмыз. Менің ұсынысым, келесі жылы біз сөз етіп отырған құжаттың шыққанына 95 жыл толады. Соған орай Петропавл қаласының тарихи атауын қайтарып берсек ешкім қарсы болмас еді...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

15 пікір