Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 4911 8 пікір 11 Желтоқсан, 2019 сағат 12:08

Саяси мәдениеті жоғары ұлт қайдан шығады?

Ерлан Кариннің жазғанын оқып шықтым. Бізге прагматикалық көзқарас керек депті. Провинциалды ойлау жүйесінен кетуді айтыпты.

Жалпы прагматик, саяси мәдениеті жоғары ұлт қайдан шығады? Жауабы да қарапайым. Саяси конкуренцияны, әділ сайлауды, партиялар арасындағы сауатты бәсекені практикада көрген саяси жүйеден шығады. Қазіргі біз айтып жүрген "Уақыт өте келе демократиялы ел боламыз" деген әңгіме бос сөз егер саяси жүйемізде конкуренция болмаса әрі оны халық практикада көрмесе. Дәл қазіргі темппен біз алдағы 40-50 жылда да көп ілгері кетпейміз. Артта қалған үшінші сортты елдің деңгейінде қаламыз. Неге? Жауабы да қарапайым. Себебі, халық ештеңе көрген жоқ. Елдің көргені "Нұр Отан" мен Елбасы. Бітті. Оның өзінде Елбасыны сынауға қорқады. Қызметтен өсу үшін "Нұр Отанға" қатты сөз айтпау керек. Тыныш жүру қажет. Мұндай белгілі рамка мен шаблонный жүйедегі ұлттың саяси санасы, мәдениеті қалай өседі?.. Өспейді! Сол деңгейде қалады. Бұл жолдың жауабы да, барар жері де белгілі.

Жалпы, партия дегеніміз не? Партия - билік үшін таласатын саяси институт. Партия басшылығында кімдер болады? Білімді, оқыған, әр саладан жан-жақты хабары бар тұлғалар, экономистер, саясаттанушылар, бір-бір саланың мамандары жиналады. Партияда "Ертең билікке келсек Гарвардты бітірген, 10 жыл экономикада жұмыс істеген тәжірибелі мына маманымыз экономика министрі, КазГу-ды бітірген, саясатта 15 жыл жүрген мына маманымыз сыртқы істер министрі болады" деген секілді қоғамды өзіне тартар әңгіме айтылады. Партияның экономиканы, ауыл шаруашылығын, ішкі саясатты, халықаралық қатынасты осы бағытта дамытамыз деген бағдарламасы, оны іске асыра алар білікті кадрлары болады. Осының бәрі жинақталып билікпен сауатты конкуренцияға шығады. Осы қарапайым саяси жүйе жұмыс істегенде бәсеке пайда болады. Халық фейсбукта әр жерден бір шыққан ақылмандарды емес, нақты партияның білімді мамандарын, сауатты лидерін тыңдай бастайды. Салыстырады. Көкірек көзі ашылады. Сайлауда ұнаған партияға, лидерге дауыс беріп билігін ауыстырады. Осының бәрін практикада көргенде халықтың саяси санасы өседі, прагматикалық бағытта көзқарасы қалыптасады. Конкуренция болғаннан кейін билікке де, оппозицияға да қамшы басып екі есе жұмыс істеуге тура келеді. Себебі, жұмыс істемесе ұтылатынын біледі. Бұл халыққа тиімді. Ел осылай дамиды.

Біздің қазіргі сәл сөйлеген ақынның, мықты жазған блогердің сөзін тыңдап жамырап жүргеніміз сол сауатты саяси жүйенің, білікті кадрлар жинақталған партия мен лидерлердің жоқтығынан. Сауатты саяси партияның білікті кадрлары санаңа құйып тұрып талдап беріп жатса ақымақсың ба қайдағы бір фейсбукте отырған блогерді тыңдап?..

Енді жоғарыда аталғанның бірін де Карин мырза айтпайды. "Нұр Отан" болса да айтпайды. Неге айтпайды? Жауабы қарапайым. Конкуренцияға шыдамайды. Талқаны шығып жеңілетінін біледі. Бұлар конкурентті ортада жұмыс істеп үйренбеген. Әкімшілік күш арқылы ғана ел басқара алады. Сәл басы істегендер, олигархтар, білімді жастар шығып реально партия құрып, бәсекенің иісін шығара бастаса тұншықтырады. Себебі, ел бұл жүйеден шаршаған. Жеңілетінін біледі. Өздері дайындап шығарған Қосановтан өздері ұтылып қалған жүйеден басқа не күтуге болады?!

Елдегі картина осындай екені бәрімізге белгілі. Мұндай жағдайда жүйе не істейді? Жауабы да қарапайым. Ертегі айтады. Қандай ертегі? "Бізге демократияға ерте. Халықтың деңгейі төмен. Демократия эволюциялық жолмен келуі керек. Әлі 20-25 жыл жүретін жолымыз бар. Кейін бәрі жақсы болады" деген 2030, 2050 секілді ұзааақ күтуіміз қажет ертегілерді ойлап табады. Басқа жолмен билікте қала алмайтыны анық қой енді. Ал, шындығында даму конкуренция, идеялар бәсекесі, ақыл ойыны, осының бәрін елдің практикада көруі арқылы келетінін айтпай айналып өтеді. "Провинциалды ойлаудан кетейік" деген секілді ақылды адамның образына енеді. Бірақ, провинциалды ойлаудан кету үшін саяси жүйеге сауатты бәсеке керектігін айтпайды. Осылай 30 жыл жалғасып келеді.

Қысқаша, елге түсінікті, қарапайым тілмен айтқанда "Халықты ақымақ қылып басқару" дейді мұның атын. Болғаны осы. Кейбір азаматтар мұны біледі. Түсінеді. Бірақ үндемейді. Неге үндемейді? Жауабы қарпайым. Қорқады жүйеден. Ақша керек. Қызметтен өсу қажет. Материалдық құндылықтарға жету бірінші орында қысқасы.

Бауыржан Серікбайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Abai.kz

8 пікір