Сенбі, 4 Мамыр 2024
46 - сөз 4406 7 пікір 26 Қараша, 2019 сағат 12:18

БжЗҚ дағы жиған-тергеніміз бір бөлмелі пәтердің алғашқы жарнасына жарамайды

Бұқараның билікке, мемлекеттің реформаларына, тіпті «жарқын болашаққа» қалай сенетінін зейнетақы қорындағы әр есеп-шоттағы ақша дәлелдеп тұр-ау.

Премьер-министр Асқар Мамин қордағы 5,3 млн шоттың әрқайсысында 500 мыңға жетпейтін қаржы жатқанын айтыпты. Ал 1,6 млн шотта 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жиналыпты. Сөйтіп 6,9 млн шоттың әрқайсысында 1 млн теңгеге дейін ақша жиналған. Зейнетақы жүйесінде барлығы 10 млн 620 мыңнан шамасында есеп-шот бар дейді. Олардың тек 26 пайызында ғана 1 млн-нан 5 млн теңгеге дейін қаржы жиналыпты.

Енді есептеп көрейік. 500 мың теңгеге дейін қаржы жиналған 5,3 млн шот дегеніңіз шамамен сонша адам. 500 мың теңгені айына 40 мың теңге жалақы алатын адам 10 жылда, 20 мың теңге жалақы алатын адам 20 жылда жинайды. Әрине инвестициялық табыс, анау-мынау деген үстемелер бар. Бірақ, ол ештеңе өзгерте қоймайды. Демек он жыл бойы небары 40 мың теңге жалақы алып келгендер саны 5,3 млн шамасында болып тұр.

Әрине сену қиын. Бірақ зейнетақы жарнасының жағдайы осындай. Меніңше бұл бұқараның елдегі түрлі реформалар мен бастамаларға сене қоймайтынын байқататын сияқты. Бәлкім содан да шығар жарна аударуға құлықты болмайтындар жұмысшылардың да, жұмыс берушілердің де арасынан табылады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне сенбейтіндер жұмыс берушімен келісіп, аз қаржы аудартатын тәсіл бар. Қорға бірнеше мың теңге аударғанша, оның қалтасында қалғанын жақсы көреді. Жұмыс берушілер де зейнетақы жарнасын ықыласпен төлеп тұруға тым құлықты емес тәрізді. Енді осы қордағы жиған-тергенді үй алу үшін қолдану мүмкіндігіміз азайып қалды.

500 мың теңге үй түгілі несиге Лада-гранта алсаңыз, соның алғашқы жарнасына әрең жетеді. (Әрине Ладаның бастапқы жарнасы шамамен 320-350 мың шамасында, оның өзінде 10 пайыз жарна болса ғана. Ал 20 пайыз болса 500 мың жетпейді).

Айтпақшы, зейнетақы шоттарындағы қаржы бір жағынан елдегі әлеуметтік жағдайды сипаттауы мүмкін. Жылдар бойы жинаған жарнасы 500 мың теңгеге әрең жеткен азаматтар саны 5 млн-нан асса, онда кедейшілікті жоюға бағытталған шаралардан қайыр болмады деген сөз.

Дамып жатқанымыз, жалпы ішкі өнім мөлшері жан басына шаққанда 9 мың доллардан асқаны жайлы деректер мифке ұқсап кететін тәрізді. Әлде зейнетақы қорындағы қаржыны бізге білдірмей жымқырып жүргендер бар ма? Әйтеуір 5,3 млн шоттың әрқайсысында 500 мыңға әрең жететін сома жиналғаны жайлы ақпарат анық. Сөйтіп, жиған-тергеніміз бір бөлмелі пәтердің алғашқы жарнасына жарамайтынына көзіміз әбден жетті. Осындай азғана тиын-тебен жиналған шоттардағы қаржыны үй алуға алғашқы жарна ретінде пайдалануға мүмкіндік беру үшін Үкімет қандай тетік ойлап табар екен, сол қызық болып тұр. Әлде зейнетақы жарнасын тек 1-5 млн теңге жинаған 26 пайыз салымшы ғана үй алуға пайдалана ма?

5 млн теңге жарна жинаған адам орта есеппен он жыл бойы айына 400 мың теңге немесе 20 жыл бойы 200 мың теңгеге жуық жалақы алып отыруы керек. Ал мұндай азаматтар үйді шекесінен шертіп жүріп, сатып алуға қауқарлы келеді.

Амангелді Құрметұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1151
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1054
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 785
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 910