Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
46 - сөз 4519 4 пікір 25 Қараша, 2019 сағат 14:49

Үлкен тіл

Кеше күтпеген жерден Досекең екеуміздің ызаға булыққанымыз...
Алматыдағы бір көшені полиция көлігі бөгеп тұр екен, "Ары жүруге болмайды, солға бұрылыңдыр! Ей, кімге айтып тұрмын?! - деп зіркілдейді... орысша. "Я кәму скәзал?!...Ну-ка дабай нәзәт?!..."

Жоқ жерден бөгетке тап болған жұрт абыр-сабыр. Көлігімізді қойғаннан кейін Досекең жол ортасындағы "жарты құдайға" турасынан тартты. Барып бір ауыз ескерту жасады. Ау, елдің қақ ортасында, кіл қазаққа неге орысша сөйлеп отырсыңдар, ең құрығанда анада-санда ана тілдеріңді араластырсаңдаршы дейді ғой баяғы. Анау екі көзі аларып атып шыққаны...

Атып шыққанда көзі көк, шикілсары біреу екен демеңіздер, көзі де, өзі де қара, қара болғанда да шойқара қазақ капитан. Қай тілде сөйлейтінмді өзім білемін! - дейді. Доскең: Әй, сен қай елде,кімнің жерінде тұрсың? -дейді.
-Қазақша сөйлесем басқалар түсінбейді, - дейді ғой қара қазақ.
- Ал мен орысша түсінбеймін? Сонда басқалар қазақша ұқпаса болады да, мен орысша түсінбесем қылмыс па?
- Түсінесіз. Маған ақыл айтпай барыңыз. Өзім білемін!

Ана полицияның бетіндегі бедірейген бетсіздікке үнсіз қарап тұрған мен де шыдамай әңгімеге араластым:
- Өзің білмейсің. Сен мемлекеттік қызметшісің, маған мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттісің, - дедім ашудан тұтығып қалған кДосекеңді былай ығыстырып. Біз екеулегеннен кейін анау басылайын деді.
- Енді біздің елде қайсысы үлкен тіл екенін білесіз ғой...
Мұнысын Досекең естімеді, ол бұрқ-сарқ етіп кетіп бара жатыр еді. Мен полицейге жирене қарадым:
-Бәсе, үлкен тілің аузыңа сыймай тұр екен.
Теріс бұрылды.

Негізі ол шынын айтып тұр, Қазақстан полициясы орысша сөйлейді. Жол полициясы, көшедегі патруль бәрінің рациясы орысша сарнап тұрады. Үлкендері команданы орысша береді, олардың да үлкендері сөйтеді, солай үлкен жағалап кете береді. Ауылда қой бағып, шөп шауып жүріп қалаға кеше ғана келген балаға сол үлкендерге еліктеу - мәртебе. Үлкендер тілінде сөйлегісі келеді, "Слүшай, кәмәндір экипажа, ты дауай, кәмәнді быпалнәй" деп үлкен болғысы келеді, көшедегі қазаққа: "Ей, меліш, а-ну, иди әтсөда" деп жекігісі келеді... Оларға қазақтың тілі ғана емес, өзі де кішкентай. Кішкентайдың тілін де, өзін де елемеуге болады. Қазаққа құм секілді қарайды, ұсақ-түйек. Тілдеуге, жекуге, сүйреуге болады. Ал басқалар - кесек. Сондықтан үш кесек-кемпір құмдардың ең ірі түйірі Әлиханды бөгеп, атына көше бергізбей тастайды, орыс тілді оқулықтан қате шықса министрің кесек ата-аналар алдына бүрісіп барады. Басқаны былай қойғанда дәл осы күні кей әріптестерім 15-20 жылдық жүрісінен жаңылып фбда орысша жазатын болып жүр. Орысша сөйлеп, жаза аламын, - деген қайта мақтанышқа айналды. Құмдықтан, құлдықтан құтылып кесек болуды армандайды ғой, қайтсін...

Досекең ұзаққа дейін басыла алмады, бұрқылдап жүрді. Үндемедім. Ана полицейдің түк ұқпағанын екеуміздің де ішіміз сезеді.

Серік Әбікенұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 493
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 258
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 284
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 279