Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2562 0 пікір 23 Тамыз, 2011 сағат 05:56

Дос Көшім: "Қазақ тіліне сары орыс емес, «қара орыс» қарсы"

Мәдениет министрлігі дайындаған «Тілдер туралы» заң жобасы орыс баспасөзі мен ұйымдары тарапынан қарсылыққа ұшырап, оған қазақ баспасөзі шыр-пыр болып араша түсіп жатыр. Ал, ұлттық ұйымдар, зиялы қауым неге үнсіз? Біз осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім мырзаны әңгімеге тарттық.

- О баста аталған министрлікте «Тілдер туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияға мені де шақырды. Сол кезде мен: «Мемлекет тіл туралы заң» қабылдау ойларыңызда бар ма?» - деп сұрағанмын. Өйткені,  тіл жанашырлары тұрақты етіп осы мәселені көтере берген соң атқарушы билік сондай бір ыңғай білдірген еді кезінде.  Алайда, билік «Мемлекеттік тіл туралы заң» қабылдаймыз» деген уәдесінде тұрмады. Әйткенменде, «жоқтан бар» дегендей министрлік жіберген «Тілдер туралы» заң жобасының алғашқы нұсқасын қарап шығып, әр тармақшаның жанына өз пікірімді жазып бердім.  Олардың дайындаған жобасы менің көңілімнен шыққан жоқ.

- Неге?

- Мысалы, заң жобасында «мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде білуі тиіс» делінген. Бірақ, «белгілі бір деңгей» деген ол қандай деңгей? Оның көлемі, ауқымы қандай деген мәселе туралы нақты ешнәрсе жоқ. Әлгі «деңгей» жөнінде жобаның бір бабында адам түсінбейтіндей етіп, күрделендіріп бір нәрсе жазыпты. Тоқ етері, мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді білуі мен меңгеру дәрежесі анықталмаған.

Ал, орыс баспасөзі байбалам салатындай заң жобасында «өрескел» нәрсе жоқ. Шындығында, ұлттық ұйымдар орыс ұйымдары мен баспасөзінің айғай-шуына жауап бере-бере шаршады. Олар бәрібір қазақ тіліне қарсы көзқарастарынан таймайды. Ол  айдан анық. Бұл  олардың дерті. Орыс қауымы бәрін біліп, түсініп тұрса да орыс тілінің үстемдік ете бергенін қалайды.

Ең бастысы  қоғам мемлекеттік тіл туралы мәселені көтермес үшін билік соның алдын орап, «Тілдер туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге заң жобасын дайындап, «міне, біз қазақ тілінің барлық мүддесін ескердік, енгіздік» деп елді алдаусыратып қойды. Сөйтіп,  заң жобасын талқыға салу арқылы орыс баспасөзін қазақ тіліне қарсы айдап салып, шулатып: «Көрдіңдер ме, мұның арты ушығып кетеді. Сондықтан тіл мәселесін тағы бір он, жиырма жылға шегере тұрсақ қайтеді?!» деп ең маңызды мәселенің бетін тағы да жылы жауып қойды.

- Демек, билік орыс баспасөзінің қолымен астыртын түрде от көсеп отыр дейсіз ғой?

- Мына ойынның түрі соған келеді. Ақиқатында, мұның бәрі биліктің өзі жасап отырған дүние. Әйтпесе, мемлекеттен қаржы алып отырған орыс баспасөзі неліктен аяқ астынан шу ете қалады?!

Бұл жерде екі түрлі айла бар. Бірі -  соңғы жылдары «мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек» деген қоғамның талабын орындаған түр таныту. Ондағысы ««Тілдер туралы» заң жобасына мынадай қарсылық болса, онда «Мемлекеттік тіл туралы» заң қоғамды екіге жарып тастайды» деген жалған түсінікке елдің көзін жеткізгісі келеді. Екіншісі, билік өзіне бағынышты орыстілді газеттерді осы ойынға белсендінің бірі етіп қатыстырып отыр.

- Яғни, заң жобасының төңірегіндегі дау-дамайдың ар жағында биліктің өз мүддесі жатыр екен ғой?

- Биліктегілер балаларының, немерелерінің болашағы үшін орыстарды қалқан етіп отыр. Қазір біздің ұйым солтүстік облыстарда жиі жұмыс жасап жүр. Байқағанымыз: шовинистік бағытты ұстанып алған бірлі-жарым орыс ұйымдары болмаса, орыстар ешқандай қарсылыққа бармайды. Олар болашағының қазақ тіліне байланып тұрғанын біледі. Яғни, қазақ тілінің өз жерінде, өз мемлекетінде салтанат құруына сары орыс емес, өзіміздің ішіміздегі «қара орыстар» қарсы болып жүр.

Дәл қазір Мұхтар Шаханов, Оразалы Сәбден бастаған бір топ азаматтар «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын дайындап жатырмыз. Дау-дамайдың бәрі осындай істердің алдын алу мақсатындағы саяси қадам әрі биліктегі орыстілділердің өз болашағынан қауіптенгендіктен жасап отырған әрекеті.

- Сіздер «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын жасап жатырсыздар, қазақ баспасөзі «Тілдер туралы» заң жобасының маңындағы мәселемен күресуде. Қоғам  үнсіз. Тіл күресінде бірлік, үйлесім жоқ секілді.

- Бірлік жоқ екенін мойындауымыз керек. Бәріміз бір бағытта жұмыс істей алмаймыз. Біз мемлекеттік тіл туралы заң жобасын дайындап, оны диаспоралардың басшылармен кездесіп, соларға ұсынған соң барып, қоғамның алдына шығарғанда ел оны қолдаса, саяси-қоғамдық ұйымдар мен  халықтың бірлігі осы жерде көрінеді деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

«Абай-ақпарат»

0 пікір