Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2230 0 пікір 22 Тамыз, 2011 сағат 09:33

Әмiрхан МЕҢДЕКЕ. Мемлекеттiк билiк пен мемлекеттiк тiл бiр-бiрiмен сыйыса алар емес

ӨЙТКЕНI, БИЛIК - ҚАЗАҚ ТIЛIН, АЛ ҚАЗАҚ ТIЛI БИЛIКТI ӨЛЕРДЕЙ ЖЕК КӨРЕДI

ӨЙТКЕНI, БИЛIК - ҚАЗАҚ ТIЛIН, АЛ ҚАЗАҚ ТIЛI БИЛIКТI ӨЛЕРДЕЙ ЖЕК КӨРЕДI

Обалы не керек, ҚР мәдениет министрлiгi мемлекеттiк тiл туралы заңның жобасын қатырып-ақ жасапты. Бұл заң жобасы қазақ тiлi жанашырларының бәрiнiң де көңiлiнен шықты. Бiрақ... Ал ендi осы жобаны парламентке бiр-ақ ұсынбай, мұны интернетке салудың не қажетi бар едi? Қазақ тiлiне қарсылардың өре түрегелетiнi онсыз да белгiлi емес пе?! Өре түрегелушi­лер­дiң пiкiрiнен өлердей қорқып, Мәдениет министрiнiң орынбасары Ғазиз Телебаевтың "Мемлекеттiк тiл туралы заң жобасынан әне бiр бапты алып тастадық, мына бiр бапты мүлде жойдық, кей жерлерде қаттырақ кетiп қалыппыз, оларды жұм­сарттық..." деуi қалай? Алып тастауға, жұлып тастауға, жұм­сартуға қандай қақысы бар оның? Қазақ тiлiн Ғазиз Телебаев жасаған жоқ! Қазақ тiлiн жасаған - халық, қазақ халқы! Сондықтан да Ғазиз Телебаевтың "алып тастауға", "жұлып тастауға", "жұмсартуға", яғни мемлекеттiк тiл туралы заң жобасына өзгерiс енгiзуге ешқандай құқы да, қақы да жоқ. Заң қатаң болса, талап та қатаң болады. Сол сияқты, мемлекеттiк тiл туралы заң да өте қатаң болуға тиiс. Әне бiреудiң көңiлiне бiр қарап, мына бiреудiң көңi­лiне екi қарасақ, онда мемле­кеттiк тiл туралы заңды жасай да алмаймыз, қабылдай да алмаймыз. Мәдениет министрлiгi мем­лекеттiк тiл туралы жап-жақсы жасаған өз жобасын ендi өзi талқандап, құлағын кесiп құнтитып, мұрнын кесiп шұнтитып жатыр. Мұндай жарымжан, жартыкеш заң жобасы кiмге керек? Қазақ тiлiнiң мүддесiн емес, қазақ тiлiнiң даму, өсу, өрiстеу заңдылығынан келiп өрбитiн мүдде­лердi емес, орыстiлдiлердiң мүддесiн, билiк басындағы орыстiлдi еркетотайлар мен ертiсбайлардың мүддесiн көздеген заң жобасын ендi Парламентке ұсынудың не керегi бар? Сiз не дейсiз?

Темiрхан МЕДЕТБЕК, ақын, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi:

- Менiң өз ойымша, бұл да - сол баяғы сасық қулық. Саясаткер­лердiң сасық қулығы. Әйтпесе, тәп-тәуiр жасалған заң жобасын интернетке салудың, оны тартпақылға түсiрудiң, қақпақылға ұшыратудың не жөнi бар? Ендi билiк қазақ тiлiнiң жанашырларына: "Мiне, бiз сендер қалағандай заң жобасын жасап едiк, оны көпшiлiк қаламады, өре түрегелдi. Сондықтан өзгертуге мәжбүр болдық..." дейдi мүләйiм­сiп. Мәдениет министрлiгi өзi жасаған заң жобасы үшiн неге күреспейдi? Аяғына дейiн күресуге тиiс емес пе? Мәдениет министрiнiң орынбасары Ғазиз Телебаевтың елпеңдеп, орыс­тiл­­дiлердiң алдына түсiп бергенi несi? Менiңше, қазақ тiлiн ұшпаққа шығарудың бiр-ақ жолы бар. Ол - халықтық күрес. Қазақ тiлi үшiн қазақ халқының өзi күресуi керек. Билiкке де, министрлiкке де сенуге болмайды!

Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ, тарих ғалымдарының докторы, профессор:

- Мұның бәрiн iстеп отырған - ұлттық тiлiн бiлмейтiн қазақтар. Мен неге бұлай деп отырмын? Қазақстандағы орыс та, кәрiс те, немiс те, украин да қа­зақты түсiнедi. Ана тiлiнен айырылудың үл­кен қасiрет екенiн олар бiледi. Сондықтан да олар қазақтың өз тiлi үшiн жаны күйетiнiне жанашырлықпен қарайды. Қызды-қыздымен қазақ тiлiне қарсы бiрдi-екiлi пiкiр бiлдiргенiмен, бұлар қарсы әрекетке ешуақытта бармайды. Қазақты түсiнбейтiндер - ұлттық тiлiн бiлмейтiн қазақтар. Қазiр билiктiң, биз­нес­тiң, банктiң бәрiнде ұлттық тiлiн бiлмейтiн қазақтар отыр. Егер қазақ тiлi шын мәнiнде мемлекеттiк тiл болып кетсе, бұлардың да, бұлардың бала-шағаларының да (өйткенi бұлардың бала-шағасы да қазақша ләм-мим дей алмайды ғой) жағдайы қиындап кетедi. Мiне, қазақ тiлiн өрге бастырмай отырғандар - осылар, ұлттық тiлiн бiлмейтiн қазақтар. Бiрақ бiз ұлттық тiлiн бiлмейтiн қазақтар қарсы екен деп күресiмiздi тоқтатпауымыз керек. Айналаңызға қараңызшы, Латвия да, Литва да, Гру­зия да, Армения да, Өзбекстан да, Украина да, Тәжiкстан да, Түрiк­мен­стан да өз тiлiнiң мәселе­лерiн шешiп алды. Бiз де шешуiмiз керек және шұғыл шешуiмiз керек. Ендi ке­шеуiл­детуге болмайды.  

Төлемiс БАЙДАЛИН, философ:

- Мәдениет министрлiгiндегi азаматтар жарады. Қатырып тұрып мемлекеттiк заң жобасын жасады. Мұны кiм жасаса да, өте бiлiмдi, бiлiктi азаматтар жасаған. Естуiм­ше, мұны интернетке салып жi­бергендер - қазақ тiлiне қарсы орыстiлдi қазақтар. Осы министр­лiкте iстейтiн орыстiлдi­лер. Бұлар әдейi шу шығару үшiн осылай жасады. Ал шу шыққаннан кейiн Мәдениет министрлiгiнiң басшылары шошып кеттi. Неге? Өйткенi оларды орнынан алып тастауы әбден мүмкiн. Бұлардың заң жобасына түзету енгiзiп, жанталасып жатқаны да содан. Қазiр қоғамға зер салып қараңызшы. Кiмдер өсiп, өрлеп жатыр? Қазақтың, ұлттың мүддесiн сатқандар. Сенбейсiз бе? Бұған жүздеген мысалдар келтiре аламын. Ерлан Ыдырысов кезiнде "қазақ тiлiнiң дипломатияға керегi жоқ" дедi. Аса өрескел, ерсi сөзi үшiн ол жазалануы керек едi. Бiрақ артынан ол шырқап өсiп кеттi. "Бiз кешкi мезгiлдi қазақ тiлiндегi хабарларға бере алмаймыз. Бұл кез (кешкi 19 бен 21-дiң аралығын айтып отыр - ред.) - елдiң бәрi теледидар көретiн кез. Сондықтан бұл уақытты орыс тiлiндегi бағдарламаларға беремiз" деген қазақ қазiр қайда жүр, соны бiлесiз бе? Жақында ғана үлкен қызметтiң тiзгiнiн ұстады. Соңғы он жылда, мен мұны қатаң қадағалап-бақылап жүрмiн, кiмде-кiм қазақтың мүддесiне қарсы шықса, сол ұзамай-ақ үлкен қызметке тағайындалатын болып жүр. Бұл не? Бұл - қоғамның азғындауы. Кеңес өкiметi құлардың алдында да дәл осылай болған едi. Азғындаған қоғамда ана тiлiмiздiң жағдайы ешуақытта жақсармайды. Жақсарады деп айта да алмаймын...

aika902007@rambler.ru

Әмiрхан МЕҢДЕКЕ

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2029
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2466
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2043
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1590