Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2227 0 пікір 22 Тамыз, 2011 сағат 07:30

Айдын ҚАЙНАР. Артықбаевтың ісі бойынша жаңа фактілердің ұшы қылтиды

Немесе Қазақстанның қаржы полициясы мен кеденді аяқтан шалған кім?

Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің ісі бойынша тергеу жұмыстары сотқа дейін жетпей-ақ тығырыққа тіреледі деп әуел баста тон пішкен «Время» газетінің журналисі Геннадий Бендицкийдің айтқаны айдай келді. Қазір де біздер дәл соның куәсі болып отырмыз.

Айыптаушы тараптың дәлелдеу базасы тым әлсіз болып шықты. Бұл көзге анық ұрып тұр. «Қорғас», «Қалжат» және «Алатау» кеден бекеттеріне тұтқиылдан тиіп, тексеру жүргізген қаржы полицейлері пара алу фактісі бойынша бір де бір кеденшіні құрықтай алмады. Айтпақшы, қаржы полициясының бұл операцияның құпиялылығын қамтамасыз ету бойынша теңдессіз шаралар қабылданғанын ерекше атап өткіміз келеді.

Кеденнен соншалықты қылмысқа жататындай ештеңе табылмады. Тіпті құжат толтыру жағынан да бәрі дұрыс болып шықты. Барлық шкафтарды қопарып, компьютерлердің ішіндегісін түгел қотарып алса да, қоқыс салатын жәшіктер мен дәретханадағы су бактарына дейін мұқият тексерсе де, түк табылмады.

Тоқ етеріне көшсек, қаржы полицейлері қанша жанталасса да, олар күткендей нәтиже шықпай қалды. Өйткені одан бері үш ай өтсе де, осы тергеудің басты фигуранты, полковник Құрманбек Артықбаевқа қарсы айып тағылған жоқ.

Немесе Қазақстанның қаржы полициясы мен кеденді аяқтан шалған кім?

Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің ісі бойынша тергеу жұмыстары сотқа дейін жетпей-ақ тығырыққа тіреледі деп әуел баста тон пішкен «Время» газетінің журналисі Геннадий Бендицкийдің айтқаны айдай келді. Қазір де біздер дәл соның куәсі болып отырмыз.

Айыптаушы тараптың дәлелдеу базасы тым әлсіз болып шықты. Бұл көзге анық ұрып тұр. «Қорғас», «Қалжат» және «Алатау» кеден бекеттеріне тұтқиылдан тиіп, тексеру жүргізген қаржы полицейлері пара алу фактісі бойынша бір де бір кеденшіні құрықтай алмады. Айтпақшы, қаржы полициясының бұл операцияның құпиялылығын қамтамасыз ету бойынша теңдессіз шаралар қабылданғанын ерекше атап өткіміз келеді.

Кеденнен соншалықты қылмысқа жататындай ештеңе табылмады. Тіпті құжат толтыру жағынан да бәрі дұрыс болып шықты. Барлық шкафтарды қопарып, компьютерлердің ішіндегісін түгел қотарып алса да, қоқыс салатын жәшіктер мен дәретханадағы су бактарына дейін мұқият тексерсе де, түк табылмады.

Тоқ етеріне көшсек, қаржы полицейлері қанша жанталасса да, олар күткендей нәтиже шықпай қалды. Өйткені одан бері үш ай өтсе де, осы тергеудің басты фигуранты, полковник Құрманбек Артықбаевқа қарсы айып тағылған жоқ.

Ал кезінде осы іс бойынша бүкіл елге жар салынып, зор мәлімдемелер жасалғаны есімізден әлі кете қойған жоқ. Ақыры мұның бәрі «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» деген қазақтың ескі мақалын еске түсірді, еріксіз.

 

Подполковник Войтович неліктен соққыға жығылды?

Осындай қиын тығырық жағдайында қалған қаржы полицейлері енді тіпті төтенше әдістермен болса да қандай да бір нәтижеге жетуге мәжбүр болған.

Ал бұл жерде төтенше әдіс деп біз асқан қатігездікпен зорлық-зомбылық көрсету арқылы қажетті жауап алуды айтып отырмыз. Мұндай жағдай Алматыдағы тергеу абақтысына түскен «Алатау» кеден бекетінің басшысы Михаил Войтовичтің басынан өтті. Жұртқа қадірлі, қызметтегі адам әлбетте, қаржы полицейлерінен таяқ жеймін деп ойламаған да болар.

Біздің алдымызда оның Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Дауылбаевтың атына жолдаған арызының көшірмесі жатыр. Онда (сөзбе-сөз келтірсек) былай жазылған: «шілденің 21-інен 22-сіне қараған түні мені аяусыз соққыға алды. Соққы кезінде егер қаржы полициясының тергеу органдарымен ынтымақтастық орнатпасам, менің отбасы мүшелерімді де соққыға жығатындарын айтып қорқытты. Менен олардың алдын-ала дайындап қойған құжаттарына қол қоюымды талап етті».

Бар жағдай осы. Ары қарай оқысақ: «Алайда мен өз жауабымда кедендік заңдардың ешқайсысын бұзбағанымды айттым, сонымен қатар, менің бастығым Артықбаев Қ.Ж. да маған ешқашан кеден заңдарына қайшы келетін тапсырмалар берген емес дедім. Менің осы сөздерімнен кейін Ауғанбаев маған «сен әлі өз ойыңды өзгертесің» деп мәлімдеді»...

Содан кейін Михаил Войтович қазір оны өзінің бұрынғы бастығына қарсы түсінік беруге мәжбүрлеп жатқанын, тіпті қарсы түсінік берсең, өзіңе ештеңе болмайды деп көндіріп жатқанын жазады. Ол тек Артықбаевты ұстап берсе болғаны.

Бұл арыз тіпті үрейлі сөздермен аяқталады: «Қазір мен және менің отбасыма қауіп төніп тұр. Егер менімен әлдеқандай жағдайлар бола қалса, онда Ауғанбаев пен оның орынбасарлары бастаған қаржы полициясы қызметкерлерін, сонымен бірге Алматы облысы бойынша қаржы полициясының қызметкері Құрманғалиев Айдарды кінәлауыңызды сұраймын. Құрманғалиев үнемі түрлі жолдармен менен ақша бопсалаған. Менен апта сайын ақша төлеп отыруымды талап еткен. Арыз өз қолыммен жазылды. 22.07.2011. Войтович».

 

Заң мықты ма, шоқпар ма?

Осы жерде сан түрлі ойлар келеді. Егер қазір тергеу жүйесі подполковникті, қоғамда айтарлықтай беделі бар кеден бекетінің басшысын соққыға жығуға жол берсе, онда осы істегі қарапайым фигуранттардың күні не болмақ? Қазір олардың жағдайы қалай? Жәбір көріп, азапталып жатыр ма. Бірақ азаптау арқылы алынған түсініктерді заңды түсінік деп тануға бола ма?

Біздің кей сұрақтарымызға Алматы мен Алматы облысындағы абақты мекемелеріндегі адам құқығының сақталуына мониторинг жүргізу жөніндегі қоғамдық бақылау комитетінің төрайымы Ардақ Жанәбілова жауап берді. «Мен оны (Войтовичті) прокурордан кейін қарап шықтым», - дейді ол: «соққылардың ізі көрініп тұрды. Бұл соққыларды кім жасағаны - арнайы тексеруден кейін ғана толық белгілі болады. Бұл прокуратураға арналған сұрақ. Ал біз түрмелерде адам құқығының сақталуына мониторинг жүргізумен айналысамыз, сол себепті бұл мәселе біз үшін өте маңызды. «Азаптау мен зорлыққа қарсы» Үкіметтік емес ұйымы коалициясының атынан біз қала прокуратурасының атына арыз дайындап отырмыз, Войтовичтің соққыға алынуы фактісіне қатысты тиісті тергеу басталуы тиіс».

«Айқын» газетінің сұрағы: - Жалпы, күдіктілердің тергеу абақтыларында соққыға жығылуы сияқты фактілер жиі кездесе ме?

Ардақ Жанәбілова: - Уақытша тергеу абақтысында мұндай фактімен біз тұңғыш рет кездесіп отырмыз. Бұл жердегі мәселе - осы кеденшілер кіретін топты қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері емес, қаржы полициясы күзетеді. Бұл әрине, дұрыс емес. Қамауға алынғандардың барлығы да бірдей күзетілуі керек. Заң бәріне бірдей. Ал қылмыстық-атқару жүйесінің ішінде өзге, бөтен адамдар пайда болып, өзінің күзетін қоятыны мен үшін мүлдем түсініксіз.

«Айқын»: - Қаржы полициясы не себепті кеден ісі бойынша қамауға алынғандар үшін өзінің күзетін қояды? Мұндай жағдайда қаржы полицейлері тергеуде жатқан күдіктіні кез-келген уақытта қорқытып, үркітіп, соққыға жығып, қоқан-лоққы жасай алады ғой. Егер күдікті өз қарамағында болса?

Ардақ Жанәбілова: - Мен бұл фактіге қатысты түсінік бере алмаймын. Бірақ мұның жалпы дұрыс нәрсе емес екені шындық, меніңше.

Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Сонда қазақстандық қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері кеден ісі бойынша тергеуге алынып, қамауда жатқан күдіктілерді өздері күзете алмай ма? Әрине, күзете алады. Өйткені олар өз ісінің мамандары. Онда енег олардың ісіне қаржы полициясы араласады? Мұның жауабы біреу - бұл қамауға алынғандарға моральдық, психологиялық, физиологиялық қысым жасау үшін керек. Дәл қазір Войтович тап болып отырған жағдай да тура осы. Бүйте берсек, Заңнан біреулердің шоқпары күштірек болып кетпей ма!

 

Аяқтан шалу болды ма?

Содан кейін бізбен байланысқа Михаил Войтовичтің өзі шықты. Оған мынадай сұрақ қойдық: «Михаил, не болғанын бізге өзіңіз түсіндіріп беріңізші?»

Михаилдың жауабы мынадай: «Менен өзімнің қылмыс жасағанымды мойындап, өзімнің тікелей бастығым, полковник Артықбаевқа да күйе жағуымды талап етті. Бірақ менің мойындайтындай ешқандай қылмысым жоқ. Сол үшін мені ұрып-соғып, қаржы полициясының қызметкерлері дайындап қойған құжаттарға қол қоюйымды талап етті».

«Айқын»: - Қаржы полициясы жүргізген тексерулер барысында «Алатау» кеден бекетінде әшкереленген заң бұзушылықтар жайында не айта аласыз? Сізді қамауға алуға не себеп болды?

М. В: - Тексерулер барысында «Алатау» кедендік рәсімдеу орталығынан ешқандай өрескел заң бұзушылықтар табылмады. Ал мені қамауға алуға не себеп болды десек, бұл оқиға 2010 жылдың жазында басталған. Сол кезде маған қаржы полициясының қызметкері Айдар Құрманғалиев келіп, біртүрлі ұсыныс жасаған. Ол менен өзінің адамдарының күзетуімен Қытайдан келетін жүк көліктерін еш кедергісіз өткізуді талап етті. Бірақ бұл контрабанда болғандықтан, мен мұндай қадамға бара алмайтынымызды түсіндіргем. Сонда ол маған: «Жарайды, сонда да дос болайық, сен маған ақша сайын өтем ретінде ақша төлеп тұр» деді. Мен оның бұл ұсынысын да қабылдамадым.

Менің осы ұсыныстардан бас тартуым өз кезегінде, қаржы полициясының Алматы облыстық кедендік бақылау департаментіне қарсы екі қылмыстық істің қозғауына себеп болды. Бірақ прокурорлық тексерулер барысында бұл істер тоқтатылған еді. Енді міне, тағы шықты. Неге осылай болғанын білмеймін.

«Айқын»: - Мұның барлығына Артықбаевтың вице-министр қызметіне ауысуына байланысты ақпарат себеп болуы мүмкін бе? Өйткені ол 2011 жылдың 11-ші сәуірінен бастап кеден жүйесінен кетіп, Ішкі істер министрлігінің резервіне ауысқан еді ғой. Сосын күтпеген жерден, сәуірдің 28-і күні қаржы полициясының үш жүз қызметкерінен жасақталған топ тексерумен сау ете қалды. Мұның жай кездейсоқтық екеніне сену қиын. Артықбаевты біреулер қасақана аяқтан шалуы мүмкін бе?

М. В: - Әбден мүмкін.

«Айқын»: - Тағы бір сұрақ, Михаил. Сіздің ісіңіз бойынша он алты адам тергелуде. Сіз олардың барлығын танисыз ба?

М.В: - Олардың ішінен мен тек өзімнің бұрынғы тікелей бастығым Артықбаевты, сосын «Қорғас» кеден бекетінің бастығы Айдаровты ғана білемін. Қалған адамдардың есімдері маған мүлдем таныс емес. Мен оларды танымайды екенмін.

«Айқын»: - Сізді қаржы полициясы қызметкерлерінің күзетуіне не себеп? Мұны қалай түсіндіресіз?

М. В: - Мен мұны түсіндіре алмаймын, өзім де түсінбеймін. Менің сұрайтыным тек бізге қатысты тергеудің әділ болуы. Тергеудің ұрып-соғу мен азаптаусыз, қолданыстағы заңдардың аясында жүргізілуін сұраймыз.

 

Аты аңызға айналған адам

Қазір қамауға алынған кеден қызметкерлері осы тергеуде ешкімге жалтақтамай, тік позиция ұстанып отырған Бас прокуратураға алғысын білдіруде. Бірақ тергеу әлі де аяқталған жоқ.

Біз тақырыпты жалғастыра берейік. Осы шулы істің басты фигуранты болып отырған Құрманбек Артықбаев кім өзі? Әріптестері оны қазақстанның «Жегловы», мықты тергеуші, батыл басшы, аты аңызға айналған адам дейді екен. Өзгелерді артынан сүйреген мықты офицер, тіс қаққан тергеуші. Оның жиырма жылдан астам қызметінде өзі басқарған да қатысқан да барлық операцияларын тізіп шығу үшін көл-көсір уақыт керек. Тек кейбіріне тоқталсақ, ол кезінде бүкіл одақты шулатқан атышулы киллер, «Монғол» деген лақап атпен танылған баскесер Аманғалиевті құрықтаған. Алматыдағы пәтеріне тығылған сепаратистерді де ұстаған осы Артықбаевтың командасы. Құрманбек Артықбаев 2001 жылдың мамыр айында «ТұранӘлем» банкінің инкассаторларына жасалған қарақшылық шабуылды да тергеп, осы іске нүкте қойған. ТМД аумағындағы бесінші «мықты», атақты ұры Жора Ташкентскийге де құрық салған сабазың осы Құрманбек еді. Қолына кісен салып қанай қоймай, істі сотқа дейін жеткізген. Жора Ташкентский сияқты серкенің сыртында қандай дөкейлер тұрғанына да қарамады.

Сөйте тұра, Артықбаевты өзгелерден ерек ететін тұсы - ол өз адамдарын ешқашан да қажетсіз жерде оттың өтіне қоймады. Көзсіз тәуекелге бармайтын, көреген басшы. Ол жүргізген барлық полицейлік операциялар арнайы жасақ тарапынан еш адам шығынына әкелмеген.

Мұны біреу керемет бағы бар адам дер, бірақ Артықбаевтың әріптестері әлі күнге Құрманбекті - ерекше талант иесі, қылмысқа қарсы күрестің хас шебері деп бағалайды. Керек десеңіз, оны біздің, қазақстандық Шерлок Холмс деушілер де бар. Әрине, мұндай адам Ішкі істер министрлігінің вице-министрі болса, қылмыс әлемінің көптеген «авторитеттері» мен олармен ауыз жаласқан шенеуніктердің күйі мүшкілге айналар еді. Бұл онсыз да түсінікті... Мүмкін, оның қамауға алынуы мен тергеу абақтысына жабылуының сыры осында шығар???

 

Қаржы полицейлеріне де жанымыз ашиды

Өзіміз көріп отырғандай, іс жүзінде жағдай тым күрделі. Ең алдымен көзге түсетіні, сол атышулы тексеру жүргізілген кезде Құрманбек Артықбаев ендігі кеден жүйесінен кеткен, кеденшілер қатарында жоқ адам есебінде болатын. Ол 2011 жылдың 11-ші сәуірінде барлық істерін тапсырып, Ішкі істер министрлігінің резервіне ауысқан, осылайша Ішкі істер министрлігінің вице-министрі лауазымына бекітілуін күтіп жүрген.

Әрине, сол себепті де, Артықбаевтың қандай қызметке тағайындалатыны туралы ақпарат таратылғаннан кейін бірер күн өтпей жатып қаржы полициясының тексеру жүргізуі қоғамда сұрақ туғызбауы мүмкін емес. Бұл жерде, әсіресе, қаржы полициясының осы операциясының тым кең ауқымда жүргізілгені таң қалдырады.

Сол сәттен бастап Артықбаевты жаулары мен қарсыластары әдейі арандатты деген сөздер гулей бастады, өйткені Артықбаевтың жаңа лауазымы олар үшін тура кеңірдекке тірелген өткір пышақтың жүзіндей көрінді. Қазірдің өзінде көпшілік Артықбаевты «тапсырыстың» құрбаны деп санайтындар жетіп артылады.

Бірақ, енді қарап отырсақ, осы бір тым сәтсіз шыққан тексерудің арқасында қаржы полицейлерінің өзін біреулер арандатып кеткен сияқты. Осылайша, дәл қазір қаржы полицейлерін тым келеңсіз тұсынан көрсету тағы біреулер үшін тиімді болған сияқты. (Олардың кім екенін білсек қой? Бұл кім үшін тиімді болды екен?)

Енді қаржы полицейлеріне де жанымыз ашиды. Өйткені қаржы полициясының тергеушілері де қолынан бәрі келетін құдай емес, олар тек қолында бар материалдарына ғана сүйеніп жұмыс істейді. Ал Войтовичті соққыға жыққанына қарағанда, соңғы кездері рұқсат етілмеген әдістер арқылы (жетіскеннен емес, әрине) жұмыс істеуге көшкеніне қарағанда, олардың қолындағы материалдар тым жеткіліксіз сияқты.

Енді осы бір істің түпкі мәні жайында сөз қозғағымыз келеді. Ең түсініксіздігі, қаржы полицейлерінің кеденнен үстіміздегі жылдың 28-ші сәуірінде әшкерелеген заң бұзушылықтары (егер заң бұзушылықтар шынымен де болса) кеден құрылымынан 2011 жылдың 11-ші сәуірінде кетіп қалған адамға қаншалықты қатысты болуы мүмкін? Тексеру басталғанға дейін он жеті күн бұрын қызметінен кеткен адамда несі бар? Бұл дегеніміз, асханадағы тұзы жетіспеген сорпа үшін бір жыл бұрын жұмыстан шығып кеткен аспазды кінәлаумен тең. Иә, тура солай.

Тағы бір мәселе - «ұйымдасқан қылмыстық топ» деген сөз тіркесіне қатысты. Артықбаев та, Войтович та қазір Алматы облыстық кедендік бақылау департаментіне қатысты іс бойынша тергеліп жатқан он алты адамның ішінен «Қорғас» кеден бекетінің бастығы Айдаровтан басқа ешкімді танымайды. Сонда, егер бірін-бірі танымаса, білмесе, бұл қандай ұйымдасқан қылмыстық топ болуы мүмкін?

Енді міне, қаржы полицейлерінің қолында болған соңғы «көзір» де жойылды. Артықбаевтың есеп-шотынан жарты миллион доллар табылды. Сонымен бірге, қала сыртындағы екі-үш үйі, жаңа шетелдік автокөлігі бар екен. Бұл әңгіме мұнша «байлық» мемлекеттік қызметкерге қайдан келді деген сұраққа байланысты. Бірақ біздегі көптеген бастықтар үшін жарты миллионыңыз - соншалықты мол ақша да емес. Оны біздер жақсы білеміз ғой.

Мұның жауабы тым жеңіл. Артықбаев кеденге қызметке келмес бұрын өзінің Алматының жоғары бөлігіндегі үйінің сүрілуіне байланысты жақсы өтемақы алған болатын. Құрылысшылар сол кезде оның есеп-шотына екі траншпен алдымен сегіз жүз мың доллар, сосын тағы бір миллион екі жүз мың доллар аударған екен. Жалпы сомасы - екі миллион.

Бірақ бұған да таң қалуға болмайды. 2006 жылы қалада баспана бағасының қандай болғанын есіңізге алып көріңіз. Сол жылы есімде, қалалық жол полициясы басқармасының маңында орналасқан, үйден гөрі қораға көбірек ұқсайтын күркесі мен жер телімі үшін бір кемпірге бір миллион төрт жүз мың доллар төленген.

Ал Артықбаевтың үйі күрке емес шығар. Әрине, өзінің екі миллионына Артықбаев қала сыртынан екі-үш емес, тіпті он ауылдық үй сатып ала алады. Бұл дегеніміз - оның есеп-шотындағы ақша мүлдем қылмыстық жолмен келген ақша емес. Бұл ақша оған кеден қызметіне келмей тұрғанында-ақ келген. Мұның да бұлтартпас айғақтары бар.

Шыны керек, сұрақтар көптеп жиналса да, біз тек екі сұрақты қойғымыз келеді.

Біріншісі. Егер үш ай бойы тергеу абақтысында жатқан Артықбаевқа қарсы ешқандай айып тағылмаса, онда неге оны ендігі бостандыққа шығармайды?

Енді екінші, ең басты сұрағымыз. Қазақстанның қаржы полициясы мен кеденді аяқтан шалған кім сонда?

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2018
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2435
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2013
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1586