Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Көкжиек 6529 0 пікір 11 Қараша, 2014 сағат 01:00

"АЛАШ ЖАСТАРЫ" ИНТЕЛЕКТУАЛДЫҚ КЛУБ ҚҰРДЫ

«Алаш жастары» интеллектуалдық клубы 2014 жылы қазан айының 6-шы жұлдызында Түркияның Кония қаласында құрылды. Клуб аясында Қазақстан, Моңғолия, Қытайдан келген Қазақ студент жастары жиналды. Интеллектуалдық клуб негізгі үш: басқарушы, байланыс және ақпарат бөлімдерінен құралған.

Қарашаның 8-ші жұлдызы «Алаш жастарының»  «Қазақ хандығы және Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу негіздері» атты алғашқы  шағын конференциясы болып өтті. Клуб алдағы уақытта Түркияның үлкен қалаларында маңызды тақырыптар бойынша пікір-талас алаңын қалыптастыруды жоспарлауда.

akan merkit

Ақан Меркіт – «Алаш жастары» интеллектуалдық клубының төрағасы (Павлодар қаласы):

Қазіргі  бірлік, ынтымақ, бауырластық және осыған ұқсас тағы да басқа ұғымдардың кең етек жайған заманында біздің де “Алаш” атауына біраз көңіл бөлгеніміз жақсы болар еді.Осы сөздің этимологиясын зерттеген ғалымдарға сенер болсақ, Алаш – бауырластар, қандастар деген мағынада ежелгі Түркі тіліндегі сөз. Сірә, Түркі халықтарының бөлінбеген кезінде шыққан ұғым болуы керек. Біздің де қиын-қыстау заманда аталарымызға сан мәрте ұран болған бұл сөзді клубымыздың атауы ретінде алуымыз осы себептен. Шетелде бір-бірімізге бауырмал болу, бір арада бас қосып, бірлікті сақтау және осы бірлікті іс-шаралармен демеп, жүзеге асыру.

«Алаш жастары» интеллектуалдық клубы бастапқыда Кония қаласында құрылса да уақыт өте келе Түркияның басқа да қалаларында білім алып жатқан жастар тарапынан қолдау табады деген үмітіміз бар. Олай болса, ағайын, Алаш мұрасына бірге ие болайық. Сіздер де атсалысыңыздар!

EldosЕлдес Орда-Алаш –  Клуб төрағасының орынбасары, клубтың құрушы идеологы:

Бүгінгі таңда Алаштың талай ұл-қыздары әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатыр. Себептері де түрліше. Барған еліне тастай батып, судай сіңбесі анық. Дейтұрғанмен де, олар барған елінің ішкі саяси ұраны мен фәлсафасына, әртүрлі нарықтық қажеттеріне және тарихи-тілдік ықпалдарына ұшырап жатады. Сол елдің ішкі саяси жағдаятын бітеу жұтып, тарихи, тілдік акценттерін қымсынбай қабылдап, екінің бірі бас қоса қалса шет жұрттың жарқыл-жұрқылын айтып мақтанып, тілін шұбарлай сөйлей масаттанып, ойы мен тарихи санасын өзге жұрттың көзқарасы мен танымына жығып беріп жүргені бар. Біздің Атажұрт, туған еліміз –  Қазақстан бұндай қырық құрақ шүберектен құралған азаматтардан Мәңгілік мемлекет құра алмақ емес. Әртүрлі саяси фәлсафада, түрлі тарихи таным мен сана-сезімде, ойы бөлек ұғымдарда оқыған ұрпақ, ертеңгі күні, Атажұртты сан түрлі көзқарас пен саяси идеяның талас-тартыс алаңына айналдырып жіберуі әбден мүмкін. Шетте оқып жүрген бүгінгі таңдағы Алаш ұл-қыздары осындай  алаңдаушылық туып отыр, оны дер кезінде шешу керек. Бұл – «Алаш жастары» интеллектуалдық клубының басты мақсаттарының бірі.

Түркияда түрлі мамандықта оқып жатқан Қазақстан, Моңғолия, Қытай және Түркия Қазақтарының басын Алаш ұғымы мен Алаш идеясына жинау. Тарихи сана мен ұлттық төл болмыс-бітімдерді клуб алаңында барынша ғылыми талқылап, әртүрлі мамандықта оқып жатқан Қазақ студенттердің арасына Алаш және Алаш идеясында ортақ диалог қалыптастыру.

Зәудеғалам, біз Алаш және Алаш идеясы төңірегінде диалог құрып, пікір мен орынды көзқарас, жарасымды ой топтастыра алсақ, жат ел, жат жұрттың саяси  тарихи және ол елдің ішкі таным-пікірінен туған бөгде көзқарастың бүйдасына, жат ұғымның жетегінде кетпеген боламыз. Алаш ұғымы және идеясы шетте жүрген әрбір Қазақтың ортақ танымы, бағыт сілтеуші бағдары, көкжиек кеңістігінің темірқазығы, көкірек көзінің шамшырағы болуы керек. Осындай ұлттық идея мен тарихи сана-сезім қалыптастыру мақсатында біз қазан айының 6-шы жұлдызы Түркияның Кония қаласында «Алаш жастары» интеллектуалдық клубын құрып отырмыз. Бір-бірімізді ел-елге, ру-руға бөлмей біртұтас «Алаш жастары» деп атадық.

Дүниенің саяси, тарихи оқиғасында болсын немесе Түркі әлемі геосаяси, тарихи сахнасында болсын «Алаш» және «Алаш идеясы» ұғымы жұлдызы бөлек туған, мақтанышқа ие есім. Қолымыздан келгенше Алашқа адал қызмет етуді алдымызға мақсат етеміз. Аталмыш интеллектуалдық клуб Түркияның басқа да қалаларында оқып жатқан Қазақ студенттердің арасында құлашын  кеңге жайып, пікір-талас алаңы мен диалог ортасын қалыптастыруды жоспарлаудамыз.

HuseinХусейн Билгич – Анкара университеті тарих докторанты:

Алты Алаштың тарихында ерекше тұлғалар бар. Егер оларды түсінсек қадымдан қалған мұрамызды түсінген боламыз. Біз қазына үстінде отырмыз, кейде оның қадірін білмейміз. Алаш – біздің тарихымыз, санамыз бен мекеніміз тұрғысынан бізді тарих пен тарихтың арғы жағы арасында геотарихи алаңымыз және тағдырымызбен байланыстырады. Осыдан әрекетпен «Алаш жастарының» мақсаты: болмысымыздың геотарихи жағдаятта пайда болмағанын ғасырлар бойы орасан мәдениеті, өркениеті зор білігіннен өз іс тұтастықтарын күшейтіп, өз саяси құрылымдарын орнықтырып геосаяси, геомәдени, гоеэкономикалық өзгерісті геотарихи алаң және тағдырмен ұштастырып көрініс беру үдерісін тереңдету.

Кония қаласында құрылған «Алаш жастары» ұжымының осы мүдделері Қазақстанда және Түркі әлемінде болған маңызды өзгеріс, үдерістерді әрбір аймақтағы көрінісі әртүрлі болады. Сондықтан біз Алаш жастары орта Азияның жаңа және ортақ кең-кеңістік қажеттілігін жүзеге асыру жолында жұмыс істеу. Қазақстанның тағдыры орталық Азияда, орта Азияның тағдыры Қазақстанда. Бауырмалдық негізінде жаңа кезеңді ұғынып,жаңа қалыптасу шараларына кірісу. Санамыз бен қоғамымызды қайтадан қалыптастыру біздің өткеніміз бен келешегіміздің сілтемесі Алаш сөзінің мағынасында жатқан тарихи және мекендік тереңдіктің көрінісінде болғанына азамат ретінде үлес қосу. Қадымнан тоғысқан бүгінгі Алаш мағынасында жатқанын айқындау Алаш азаматтарының ұлы тұлғаларының алдында міндетті деп есептеймін.

AigerimАйгерім Сарпекова – журналистика, клубтың ақпарат бөлімі мүшесі (Алматы облысы).

 Қазақ халқының өткені мен бүгіні туралы сыр шертіп, МӘҢГІЛІК  елдің болашағына теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосу мақсатында  Түркияның Кония қаласында білім алып жатқан Қазақ жастарының тарапынан  «Алаш жастары» интеллектуалдық клубы құрылды. Клубтың басты мақсаты шетелде оқып жатқан Қазақ жастарының басын  Алаш ұғымының  астына  біріктіре отырып, түбі терең  тарихымыздың  тылсым сырлары мен  бүгініміздің ащы шындықтарынан сөз қозғау.  «Алаш жастарының» құрылуы тек қана клуб мүшелері үшін ғана емес Кониядағы Қазақ қоғамы үшін, Түркия Қазақ жастары үшін маңызды деп ойлаймын. Алаштың жолын жалғау, жастарды бір мақсатта, Қазақ халқының мүддесі жолында біріктіру, тәуелсіз еліміздің даму жолында  көмегі тиері сөзсіз.   «Жастарыңды көрсет, еліңнің ертеңін айтайын» деген екен бір  ғұлама ойшыл. Тек өз саласында ғана білім алып қоймай,  ұлтының тарихын жетік білетін, халқының ертеңіне алаңдайтын ұлтшыл жастар керек тәуелсіз Қазақ еліне.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін,- деп Мағжан атамыз айтпақшы біз, тәуелсіз елдің жастары,  бізге халқымыздың, Алаштың артқан үлкен сенімін ақтай білуіміз керек.

OzatОзат Шамшиев – дінтанушы, клубтың байланыс бөлімі жетекшісі (Тараз қаласы).

Еліміздің үміт артып, Қазақстанға жоғары дәрежеде ілім алып келеді деген мақсатта жіберілген бірқатар Алаш жастары өздеріне артылған міндетті орындау үшін аянбай еңбек етуде. Олар дін саласында, медицина, журналистика, туризм, экономика және тағы да басқа түрлі салаларда білім алуда. Ішінде Алаш оты алаулаған Қазақ жастары тек өз саласында ілім үйреніп қоймай, бұнымен қоса бір ісшара атқаруға шешім қабылдады. Түркияда оқып жүрген Алаш жастары бірқатар маңызды себептен бір ортаға жиналып, бас қосуды ұйғарды.

Біріншіден: шетелдіктерге ауызбіршіліміздің мығым екендігін көрсету үшін.

Екіншіден: өзара танысып, елімізге оралған кезде ауызбіршілікпен жұмыс жасауымыз үшін.

Үшіншіден: бізден кейін Қазақстаннан келетін ілім ізденушілерге үлгі-өнеге қалдыру үшін.

Алты Алаштың ұл-қыздары атсалысқан бұл бастамамыз өз жалғасын табады деген үміттемін.

askerhanӘскерхан Шауа – журналист, клубтың ақпарат бөлімі мүшесі (Моңғолия, Баян-Өлги).

Түрік елінің Кония қаласында білім алып жатқан Қазақ жастырының, тарихтың терең тамырларынан нәр ала отырып, береке-бірлік ішінде құрған «Алаш жастары» интеллектуалдық клубының алдағы күндерде Қазақ халқының болашағы үшін атқарар қызметі зор деп ойлаймын. Тарихын білмеген халықтың болашағының жарқын болуы мүмкін емес. Сондықтан, әр Қазақ баласы тарихын тереңнен білуі шарт. Міне осылай, пікірлер түртпегінен, қилы кезеңдерге ата-бабамызға рух берген Алаш ұраны астында бас қостық. Ата жолын жаңғырту әр Қазақтың міндеті. Олай болса, қандастар, ынтымақ, бірлік ішінде Алаш мұрасына ие болайық.

lazzatЛәззәт Райымхан – медицина, клуб хатшысы (Түркістан қаласы).

Тарих – ұлттың тірегі, мәдениетіміздің асыл діңгегі. Қазақ халқының замандар сарыны мен тарих толқынында орын алған оқиғалар, ұлы тұлғалар ешқашан маңызын жоғалтқан емес. Осы орайда, Қазақ тарихы мен мәдениетін ұлықтап, пікір алмасу мақсатында құрылған «Алаш жастары» интеллектуалдық клубы тәуелсіздік туымыздың жоғары желбіреуі жолында үміт пен талпынысты қатар алып күрескен халқымыздың халқымыздың тарихын тереңдете үйреніп, бағалай білуіміз үшін өте маңызды бастама деп санаймын. Тамыры тереңде жатқан Қазақ елінің қаһарманды тарихын жан-жақты үйрену мен пікір алмасу келешекке жол бастаған жастарды ұлттық рухқа бөлері анық.

dastanДастан Сүлейменов – дінтанушы (Шымкент қаласы).

Заман ақыр жастары,

Қосылмас ешбір бастары.

Біріне бірі қастықтан,

Қойнына тыққан тастары,- деп Абай атамыз айтқандай жастарымыз бірігіп ел болуды, аға буынды құрметтеп, іні буынды ізеттеуден шығып барады. Қоғамда парақорлық, алдау, тонау тағы да басқа сорақы істер белең алып барады. «Алаш жастарының»  мақсаты Қазақ елінің болашағына үлес тигізер азаматтар ретінде шағын да болса ауызбіршілікті нығайту мақсатында тілімізді, дінімізді, тарихи, ұлттық құндылықтарымызды үйреніп, сақтай отырып келешек ұрпаққа лайықты түрде жеткізу. Бұл ісіміздің берекетін Алладан сұрай отырып, өзімізге әрі қандас бауырларымызға да пайдасы тиер деген үміттіміз.

myrzabekМырзабек Исабек – дін фәлсафасы магистранты (Оңтүстік Қазақстан облысы).

Есімі –  Алаш жастары – Түркияның Кония қаласында оқып жүрген ұлтжанды, патриот студенттердің құрған пікір-сайыс, интеллектуалдық клубы. Мақсатымыз Қазақстан тарихын және басқа да білім салаларын жақсы игеріп, отанымыз Қазақстан үшін болашақта жақсылап қызмет ету. Қиын және қилы кезеңдерді өткерген Қазақ  мемлекетінің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне не бәрі 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы жас мемлекетіміздің күшеюіне кішкене болса да үлес қосу мақсатымен шетелдегі Қазақ студенттері осындай ұйым құруға бел байладық.

«Алаш жастары» интеллектуалдық клуб ұжымы

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 289
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 143
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 139
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 137