Жұма, 26 Сәуір 2024
4200 0 пікір 25 Шілде, 2018 сағат 13:30

Қоғамдық кеңес мүшелері Алматы қаласының қауіпсіздігін талқылады

Фото Азаттық

Кеше Алматы әкімдігі жанынан құрылған қалалық қоғамдық кеңес спортшы Денис Теннің қазасынан кейін кезектен тыс жиын өткізді. Жиналғандар қаланың қауіпсіздігін талқылады.

Қоғамдық кеңес мүшелері Қалалық ішкі істер департаментінің жұмысын жақсартуға қатысты қала тұрғындарының бірқатар ұсыныстарын атап айтты.

Бүгін Қоғамдық кеңес алаңында қалалық белсенділердің, үкіметтік емес ұйымдар мен қала тұрғындарының қатысуымен Алматы қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өткен тыңдалымда Қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов:

"Жұртшылық тарапынан әртүрлі қауіпсіздік жұмыстарына қатысты көптеген ұсыныстар келіп түсті. Мысалы, 102 колл-орталығының жұмысын жақсарту қажет. Бұл орталық қызметкерлерінің санын көбейту қажет, себебі, көп жағдайда адамдар қоңырау шалып, хабарласа алмай жатады. Сонымен қатар, тұрғындар амнистия және пробация жүйесі арқылы босатылған сотталған азаматтарды бейімдеу мен оңалтуға қатысты жағдайға алаңдаушылық білдірді. Қалалық ішкі істер департаменті мен аудандық полиция бөлімшелерінің басшыларына KPI енгізу қажеттігі туралы мәселе белсенді талқыланды. Сондай-ақ, жалақы туралы, кәсіби кадрларды іріктеу мәселелері де бар", - деді.

Өз кезегінде Қоғамдық кеңестің мүшесі Марат Шибутов азаматтар мен полицияның ұсақ құқық бұзушылықтарға төзімсіздік мәселесін көтерді.

"Әлеуметтік желілерде тұрғындар ұсақ құқық бұзушылықтардың көп жағдайда аяқсыз қалатынын жазады. Сол себепті адамдардың полицияға деген сенімі жоғалады. Егер жоғалған кәріз люгі немесе телефонды уақытылы таба алмаса, онда олардың елеулі ұрлық немесе қарақшылыққа қатысты істі аша алатынына сену қиын. Сондықтан полиция бұл мәселеге назар аударуы керек", - деген пікірімен бөлісті Марат Шибутов.

Бүгінгі өткен тыңдалымның қорытындысы бойынша айтылған барлық ұсыныстарды Қоғамдық кеңес заңды тұрғыдан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентіне жолдайтын болады.

Жалпы айтып өтер болсақ, жұртшылық құқық қорғау органдарының басшылығынан аталған ұсыныстар бойынша нақсы іс-әрекеттер күтеді.

Abai.kz

0 пікір