Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 1116 12 пікір 16 Сәуір, 2024 сағат 16:36

Су тасқаны һәм Ескі Қазақстанды аңсау науқаны....

Кешелі-бүгін «Ескі Қазақстан су тасқынын пайдаланып билікке келгелі жатыр» деген талқы қазақ қоғамында қызу талқылануда.

Тіптен, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазіргі таңда президент Тоқаевты ақпараттық деңгейде дискредитациялау жүріп жатқанын айтады.

Сурет: parlam.kz

«Президент Тоқаев ҚР конституциясы бойынша Қазақстан Республикасының легитимді президенті. Кейбір сын айтушылар - сын айтып отырған жоқ. Олар біздің елімізде саяси дестабилизация жасауға тырысып отыр. Олар реваншистік күштерге керек.

Ал олар қиын-қыстау заманды пайдаланып, қайтадан билікке келуге тырысып отыр. Реваншистік күштер деген кім? Олар бұрынғы мемлекет басшысының айналасында жүріп, байып алған, қалтасын толтырып алған, халықтың бүкіл ақшасын жеп үйренген», - дейді депутат Саиров «Abay live» YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Сөзімізге дәлел болсын, соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде «Шал, кел» деген неше түрлі челлендждер басталып,  ескі Қазақстанды жақтаушылар белсенді бола бастаған. Тіптен «TikTok» желісінде арнайы «Елбасы Назарбаев» деген парақша ашылған. Ондағы контенттің жалпы мазмұны – экс-президент Назарбаевты мақтап, қазіргі президент Тоқаевты даттау. «Шал кел», «Назарбаевқа зар болып қалдық» т.б. Тіпті бір парақшада: «Қара сумен жүрген халықты балға жеткізіп еді! Барыңды бағалай алмадыңдар. Енді жарқырап өмір сүргендеріңді көрейік! Елбасым, сенің қадіріңді түсінбеген халықтан кеткенің де дұрыс болған-ау!», - деген мазмұндағы контент тараған.

Сурет: ҚазТАГ скрині

Бұл мәселеге «Нұрсұлтан Назарбаев» Қоры жауап берді, бүгін. Олардың сөзінше аталмыш қордың анти-Тоқаевтық үгіт-науқанына еш қатыстары жоқ.

«Қазақстанда су тасқыны маусымының өтуіне байланысты шиеленісті жағдай аясында кейбір әлеуметтік медиада Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жүргізіп отырған «биліктің беделін түсіруге және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық науқан» туралы ақпарат орналастырылды. Анонимді дереккөз жариялаған ақпаратты жеке медиа адамдар да айтты, олар да негізсіз айыптаулар жасады. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры бұл жарияланымдар мен мәлімдемелердің ешқандай объективті және нақты негіздері жоқ деп мәлімдеме жасау қажет деп санайды», - делінген қордың сейсенбі күнгі мәлімдемесінде.

Қор оның қызметі «саяси да, ақпараттық-манипуляциялық сипатта да жоқ» деп сендіреді.

«Қордың жұмысы тек әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, қазақстандық жастарды қолдауға, қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және ол жүргізіп жатқан саяси бағытты әрдайым қолдайтынын атап өткіміз келеді.

Бұл күндері тұңғыш президент, еліміздің көптеген азаматтары сияқты, су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға жанашырлық танытуда. Біз Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ел өңірлерінде бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою жөніндегі күш-жігерін толығымен қолдаймыз. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры зардап шеккен облыстардың тұрғындарын қолдау үшін ақшалай қаражат аударып, қаржылай көмек көрсеткендердің алғашқыларының бірі болды», - делінген хабарламада.

Abai.kz

12 пікір