Сәрсенбі, 23 Қазан 2019
Жаңалықтар 1726 0 пікір 26 Қараша, 2013 сағат 04:53

Телехикая саны көбейеді. Сапасы ше?

Кейінгі жылдары қазақстандық телеарналар шетелдік қана емес, отандық телехикаяларды да көрермен назарына көптеп ұсынып жүр. Бірақ, шыны керек, ол хикаялардың ТВ-рейтингі жоғары болғанымен, сериалды тек қызықты оқиғалар желісін көру үшін қарамайтын қазақ көрермені көңіл толмаушылығын ашық білдіріп жүр.


Кейінгі жылдары қазақстандық телеарналар шетелдік қана емес, отандық телехикаяларды да көрермен назарына көптеп ұсынып жүр. Бірақ, шыны керек, ол хикаялардың ТВ-рейтингі жоғары болғанымен, сериалды тек қызықты оқиғалар желісін көру үшін қарамайтын қазақ көрермені көңіл толмаушылығын ашық білдіріп жүр.

«Сериалдардың саны көбейсе, сапасы да артады» деген болжамға қанша иланғың келгенмен, қазақстандық киногерлердің небір «шедеврлерінен» зәрезап болғандықтан, жаңа туынды шығыпты десе, ішінде қазақы танымға тоң-теріс нендей кесір көріністер бар екен деп сұрай жаздайтынымыз жасырын емес. Телехикаяның тәрбиелік бояуы қанық, мән-мағынасы түзік болуы – бүкіл отбасыңмен көретін сүйікті сериалдың кепілі. Осындай қарапайым ғана критерийлерді орындап, жалпы қазақ аудиториясының сұранысын қанағаттандыруға, шыны керек, отандық кинопродюсерлер мен режиссерлерде құлық жоқтығын ішіміз сезеді. Нарық заманында қанша күндік еңбекпен, қажыр-қаржымен таспаланған туындының көрермен тарапынан жақсы қабылданып, сұранысқа ие болуы – қажет дүние екені рас. Бірақ кейінгі жылдардағы телеарналар арасындағы рейтинг-бәйге салиқалы, жылылығы мол, жақсылыққа шақырушы телеөнімдердің де, телехикаялардың да басына құлпытас қоятын түрі бар. Сериалдарға тапсырыс беруші қазақстандық телеарна басшылардың да темірқазығы - эфир уақытын ұлтқа қызмет ету үшін пайдалану емес, жалпытелеарналық айлық рейтинг-марафонда озу ғана боп кеткендей. Тәжірибелі мамандардың мерзімді баспасөзде аракідік жарияланған жанашыр сын-ескертпелерін ескермей, жылтыраққа құмар, поп-мәдениет өкілдерін тұлға көретін, боркемік кейіпкермен қосыла жасы быршып отыратын мектеп жасындағы қыздардың әуестігін «елдің бәрі сүйсініп тамашалауда» деген есеп үшін пайдаланудың зор зиян екені қаперлеріңізде жүрсін. Неге десеңіз, кейінгі бір отандық телехикаяларда ауыл мүғалімі – долы, еркегі – ез, бозбаласы – бошалаң, қызы – қасиетсіз, ақсақалы – алқаш, әкімі – олпы-солпы біреу ретінде суреттеліп, басты герой - жыртық нәски боп кете жаздап жатқаны әлеуметтік желілерде қызу талқыланды ғой. Ал осындай беті – жылтыр, түбі – шірік өнімдерді «елге ұнауда» деп айту – тағы да сондай берекесіз телехикиялардың балалауына ықпал етеріне күмәніңіз болмасын. Ешкімге, ешқандай пайдасы жоқ рейтинг үшін телеарна басшыларының да, телехикаяны қабылдап алатын көркемдік кеңес мүшелерінің де қазақты кәдімгідей қорлаған жала көріністерге көз жұмуы, әсірелеп айтты десеңіз де, ұлт болашағына жасалған кәдімгідей қастандық. Тұтас республикадағы ағайын-жұрт теледидар алдына жиналатын прайм-таймды осылай парық-пайымсыз пайдалануды басқа қалай бағалауға болады?

Жуырда тағы бір отандық телехикая көрермен назарына ұсынылатыны БАҚ-та хабарлана бастады. Жаңа туынды бізді алаңдатқан мәселелердің ауылынан қаншалық алыс қонады? Әрі ол сериалдың басқа-басқа емес, «әкемтеатр» сахнасынан отыз жылдан астам уақыттан бері түспей келе жатқан «Әпке» пьесасы желісінде түсірілгені де кинохикая әуесқойларының қызығушылығын арттырып тұр. «Қазақфильм» болсын, жеке студия болсын шығарған картиналарға әрқашан сергек қарап, ақсақалдық ақылын айтып отыратын Дулат Исабеков өз шығармасының қазақи болмысы бұзылмауын қатаң қадағалаған болар? Эфирге дайындықтың соңғы сатыларынан өтіп жатқан телехикаяның қоюшы режиссері Мұрат Бидосовқа осы тақылеттес бірнеше сұрақ қойдық.

- Мұрат мырза, қанша жылдан бері «Әпкені» сахнадан көріп үйреніп қалдық қой. Шығармашылық топ та солай болар. Пьесаны басқа пішінде алып шығу барысында қаншалықты әділ болдыңыздар?

- Менің түсінігімде, көркем шығарманы қаз-қалпында көрсету міндетті емес және ол мүмкін де емес. Дегенмен, айта кету қажет, өткен ғасырда жазылған пьесадағы оқиғаны біз бүгінгі күнге алып келдік, қазіргі заманғы жайттармен байланыстырдық. Бірақ әпке образы сақталды. Бауырлары үшін өз бақытынан бас тартуы, бар қызығын бауырларының бақыты жолында құрбан етуі - бүгінгі өмірдің тынысымен қатар өрілді. Телехикая болған соң қосымша кейіпкерлер, оқиғалар қосылды. Бірақ «Әпке» пьесасындағы негізгі кейіпкерлер өз мінездерімен, өз образдарымен қалды. Жаңа сериал болғандықтан, көрерменге жаңа бейнелерді ұсынғымыз келді. Әпкенің образында, көрерменге бейтаныс болуы мүмкін, актриса Рита Күмісқалиева. Оның бауырлары образдарын Дарын Шыныбек, Қуаныш Керімқұлов, Айдана Асқар, Әли Тұрсынхановтар ойнады. Негізінен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлектері. Сонымен бірге танымал актер-актрисаларымыз Бақытжан Әлпейісов, Ерлан Біләл, Дуылға Ақмолда, Жалғас Толғанбай, Шынар Жанысбекова, Гүлнар Жақыпова ойнады.

- Түсірілім барысында автор – Дулат Исабеков ақсақалмен де кеңесіп тұрған шығарсыздар? Әлде жазушы «сүйегі – менікі, еті - сендердікі» деді ме?

- Кез-келген шығарма автор үшін өзінің туған баласындай ғой. Біз сценарий жазу барысында әркез жазушымен ақылдасып отырдық. Түсірілім барысында да Дулат ағамыз кеңесін айтып отырды. Өзі бұрыннан ойлап жүрген кейбір оқиғалар желісін жетілдірді. Жазушының көзқарасын, шығармашылық шешімдерін толықтай ашуға тырыстық деп ойлаймын. Бұл телехикая Дулат Исабеков ағамыздың алдында да, жалпы көрермен алдында да біз үшін үлкен жауапкершілік болып тұр. Өйткені, «Әкпе» алдымен елге театр арқылы белгілі болды, көрермендер санасында жатталды. Біздің мақсат – театрдағы образдарды бұзу емес, «Әпке» арқылы қазақтың ішкі бір нәзік қалтарыстарында жатқан, адами, көрермендік қажеттілігін қанағаттандыратын туынды жасау. Әуезов театрының беделіне, көрермендерінің молдығына дауым жоқ. Дегенмен, бұл шығарма жалпы республикалық экранда да өмір сүргенінің пайдасы болмаса, зияны жоқ шығар.

- Өзіңіз білесіз, қазір отандық телехикаяларды көптеп түсіру қолға алынып жатыр. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед шетелдік сериалдардың телеарналардан көрсетілуі тоқтатылатынын да айтты. Бірақ біз осыған дайынбыз ба? Сұрағым келгені – Қазақстанда түсірілген телехикаяларды бас бармақпен бағалау қиын-ақ қой...

- Бізде негізі жақсы теле, киномамандар, сценаристер, шебер операторлар, актерлер жетерлік. Бастысы – нағыз мамандарды пайдалануымыз керек. Әлбетте, сіздің телехикаяларға сыни көзқарас танытқаныңыз дұрыс. Өйткені, жалпы мақтау, бас-көзсіз ілтипат адамды бұзады. Сондықтан, әртүрлі көзқарастардың айтылуы дұрыс. Сыналу да керек, өйткені, сын – шығармашылық адамына қамшы болады. Мысалы, біздің отандық телехикаялардың бір проблемасы – сценарий орысша жазылады. Сосын оны қазақшаға қотарады. Қанша мықты аударма жасалды дегеннің өзінде, ол табиғи шықпайды. Сондықтан, айтып отырғанымдай, жұмысқа кіл іріктелген мамандарды тартсақ және «бұл хикаяны кім үшін, не үшін түсіреміз?» деген ниетті дұрыстасақ – Қазақстандағы телехикая өндірісінің көші жүре түзеліп кетеді деп үміттенемін.

- Демек, туындының ұлт жанына жақын болуның кілті – қазақылығында дейсіз ғой?

- Әрине. Мысалы, жаңа айтқанымдай, орысша жазылған дүниені қазақшаға аударып таспалау – қиын. Себебі, қазақ емес сценаристер біздің ментитетті түсінбейді. Ал «Әпкенің» сценарийін кәнігі телевидение маманы, белгілі журналист Арман Сқабылұлы, талай телешығарылымдардың, телехикаялардың сценарийін жазған Жәмит Көшербаев және жас жазушы Сержан Зәкерұлы жазып шықты. «Әпке» жуық арада «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетіле бастайды.

Abai.kz

0 пікір