Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ел іші... 7772 10 пікір 28 Қазан, 2019 сағат 13:28

«Билемесе бір кемел...»

жармақ жарлықтың жыры

Қазақ тағы теңселіп кетті...

Екеу келіскелі тура екі жүз күн өткенде, өрттей лаулаған өкіреш-өкім шықты.

Қазақ Елінің бүгінгі басшысы:

1. Бас прокурорды,

2. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасын,

3. Ұлттық банк төрағасын,

4. Министрлерді (кейбір),

5. Облыс әкімдерін,

6. Республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әкімдерін,

7. Елдің Президентіне тікелей бағынып, есеп беретін мемлекеттік құрылым басшыларын... бұдан былай тек бұрынғы президент, қазіргі Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасының келісімімен ғана тағайындай алатын Жарлыққа қол қойып, жария қылды.

«Кеңесіп пішкен тонның келте болмасы», ағаның ақылына жүгіну – әбестік еместей көрінгенімен, биылғы жылдың 19 наурызынан бері әлем көз тігіп, алаш алаңдаған басы ашық ақиқат: «Бір елде – екі басшы бола ма?» деген тәмсіл-сауал – қазақ жұртында күн құрғатпай, күн тәртібінен түскен жоқ.

Бұрқыраған сөз, гулеген гәпке басалқыға, ұмытпасам, бұрнағы басшы бірде: «Тоқаевқа ғана бағынып, бәріміз көптеп көмектесейік» деген сыңайлы датын да айтты. Сондықтан, «Отанын сатқандар халықтың тыныштығын бұзғысы келеді. «Қос билік бар» деуге – ешқандай негіз жоқ» – деп ант суын ішкендей аманаттың артынан атойлап-аттандаған толғаулы жарлықтың салмағы тым батпан, жаңғырығы тым зарлы болды.

Тегінде, қазаққа жақсы өмір, жайсаң ғұмыр кешуі үшін – алыстан арбалап, ақыл іздеп; меңіреуден маңызды мағына-мысал тартқылаудың қажеті жоқ. Бес күн жалғанның шым-шытырығы мен шын-өтірігі – ата-бабаларымыздың өрісті өнегесі тұнған өсиет-сөздерінде тұр.

Көнекөз көсем бабам көп сөйлеп-көлгірсімей, нағыз наркесті шындықты шымбайға батырады:

1. «Үлгісізден – би қойсаң, үлгісі болмас,

Қаһарсыздан – хан қойсаң, өсиеті болмас».

2. «Азатын елді – ұрысы билейді,

Озатын елді – дұрысы билейді».

3. «Әмірші есірсе, әлеумет сорлайды».

4. «Ханнан қадір кетсе, қарадан ұят кетеді».

5. «Басшысын таппаған – ел азады,

Жолдасын таппаған – ер азады» т.б.

Бірлік пен берекенің – жұмылған қуатты жұдырықтың жұмырына қонатындығын бағзыдан байыптаған, ханын – аспанға көтеріп, биін – биіктен көрген ұлтымыз: «Мың қосшыға – бір басшы»; «Хан – халқының ұлы, Би – әділдік құлы»; «Жүзден біреу – шешен, Мыңнан біреу – көсем»; «Хан көп болса – жау көп»; «Басшысы көп – қосшы аз, Көбісінің басы – таз»; «Би – екеу болса, дау – төртеу болады» т.с.с. ғибраттарын мұраттаған.

Сөзге тоқтап, сертке сірескен; көзін жұмып, көңілі сенген атажұртымыз: «Ханның – ақысы бар, Қараның – қақысы бар»; «Ескі ханның – ақылы жүрмес, Жаңа ханның – бұйрығы жүрмес»; «Хан кетсе – құт, келсе – жұт»; «Хан – құдай емес, қара – қурай емес» деп қатқыл қайырып, қатты да айтқан...

Өріс оздырар өскелең өзгерістерге ниеттінің қолына кісен, аяғына тұсау салу – ұлы сенімсіздіктің салдары, тапыраң тексіздіктің тұяқ серпуі. Маңдайдан басып, аққұла сендірер ащы ақиқат біреу-ақ: «Екі кеменің құйрығын ұстаған – суға кетеді»...

*** *** ***

Әмбе ақпаратта құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, дереу тып-типыл жоғалған жармақ жарлық – қалың қазақтың қатпарлы тағдырымен етене егіз. Әттең, даулы жарлықтың мағынасының өң-өзегін өртеп-өзгертіп, мәнін майпаздауға тырысқан арзан дәме – дәретті тұстан табылды... «Ханның уәзірі ақылды болса, Қара жермен кеме жүргізеді» дейтін уәжі уытты елдің ғана көсегесі көгеріп, керегесі кеңейеді.

Баянды болашақ, күнгейлі келешектің түйінді түйткілі һәм қозғаушы күші – жуас емес, жігерлі жұрт; момақан емес, мерейлі ел; бейбақ емес, бейбіт ұлт болуға тиіс.

Қазіргі қазақтың болбыр болмыс, бәтуәсіз бітімін қадым заманда ғажап түйсік, сәулелі санамен дөп басып, анық таныған Хакім Абайдың сұңғылалығына қабағат қайран қаласың:

«Көп шуылдақ не табар,

Билемесе бір кемел?..

Берекесі кеткен ел

Суы ашыған батпақ көл...

Единица жақсысы,

Ерген елі бейне нөл...»

Мыңжан Байжанин,

қоғам қайраткері.

Abai.kz

10 пікір