Сенбі, 11 Мамыр 2024
2378 0 пікір 20 Қыркүйек, 2019 сағат 10:24

Ләззат Сүлеймен: Аналарды мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен Министрлік үйінің жанында наразылық шарасына жиылған аналармен кездесті.

Наразылыққа қатысқан аналар сенатор Ләззат Сүлейменге тұрғын үй мәселесін шешуге және аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек алуда кездескен қиындықтары туралы айтып берді.

Ләззат Сүлеймен наразылыққа қатысқан аналарға азаматтардың әлеуметтік осал топтарын мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарқынды жүргізіліп жатқаны туралы хабардар етті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған бағыттар мен сол Жолдауда берілген тапсырмаларын орындау туралы мемлекеттік органдардың жүргізіп жатқан жұмыстары жөнінде де айтты.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Әйелдер көтерген әр мәселе жеке қаралып, тиісті мемлекеттік органдардың құзырына жеткізіледі. Сонымен қатар, олардың осы мәселелер бойынша нақты шешім қабылдауын назарда ұстайтын боламын.

Айта кетейік, еліміздегі көп балалы аналар мәселесі, олардың наразылық шаралары 2019 жылдың ақпан айында Елордада қаласында бес баланың қайтыс болуынан кейін қарқын алған болатын. Алайда, мемлекет бұл мәселеге қатысты тиісті шаралар қабылдап, аналардың әлеуметтік мәселесін шешуге белсене кірісіп кетті.

Мәселен, Алматы облысында жыл басынан бері көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұяларды қолдау мақсатында өңір бюджетінен 500 миллион теңге бөлінген. Ал, өткен жылы Жетісу жерінде екі жүз отыз сегіз мың адам 10,5 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген мүмкіндіктерге қол жеткізген.

Сонымен қатар, аз қамтылған және көпбалалы отбаылардың балалары жоғарғы оқу орындарына түсулері үшін қосымша 100 грант бөлінген. Ал, аталған гранттар үшін облыс қаражатынан 44,3 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ, бүгінде Алматы облысында 206 бала жергілікті бюджет есебінен білім алып жатыр. Олар негізінен көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары. Және, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан он сегіз мың сегіз жүз алты баланың барлығы тегін тамақпен қамтылған. Одан бөлек, жеті мыңға жуық көпбалалы ана қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігіне ие болған.

Мұндай әлеуметтік көмектер барлық өңірлерде қарқын алған. Және, алдағы уақытта да, мұндай жұмыстар өз жалғасын таппақ.

Мәселен, елімізде қазіргі таңда балалы жанұяларды қолдаудың кешенді моделі жасалған. Аталған модельдің ішіне әлеуметтік төлемдер, салу жеңілдіктері, жұмыспен қамту шаралары және мемлекеттік жәрдемақылар бар.

Қазіргі таңда мұндай әлеуметтік көмек отбасыларға 5 санат бойынша тағайындалады:

Олар: көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айырылған және бала асырап алған және баланы қамқорлығына алған отбасыларға, 1 жасқа дейінгі баласы бар аналар мен отбасыларға, мүгедек баласы бар отбасыларға, аз қамтылған отбасыларға беріледі.

Бұл Қазақстандық жүйе әр азаматтың өмірінің барлық кезеңінде қолдау көрсетуді қарастырады. Және, аталған жүйе өмірлік жағдайлар мен әртүрлі әлеуметтік дәрежені нақты, жан-жақты қамтыған. Еліміздегі барлық әлеуметтік төлемдер әр жыл сайынғы инфляция деңгейінде белгіленеді. Сонымен қатар, нәресте өмірге келген кездегі бір реттік жәрдемақы да қарастырылған. Ал, аталған жәрдемақының көлемі туылған баланың санына қарай белгіленген. Биылғы жылы бірінші, екінші, үшінші баланы дүниеге әкелгенде берілетін жәрдемақы – 95 мың 950 теңгені құраған. Ал, төртінші және одан да көп бала туған аналарға – 159 мың 75 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалған. Айта кетейік, 2016-2019 жылдар аралығында әлеуметтік жәрдемақының көлемі 38 % ке өскен. Ал, өткен жылдың қорытындысы бойынша, әлеуметтік жәрдемақы алатын отбасыларды қолдауға берілетін қаржы көлемі 40,7 миллиард теңге болған. Ал, аталған жәрдемақыны елімізде 400 мыңға жуық адам алды.

Сонымен қатар, қазір Қазақстанда баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойнша да әлеуметтік қолдаулар қарастырылған. Ал, мұндай қолдау аналардың жұмыс істеуіне, жұмыс істемеуіне қарамайды.

Мәселен, жаңа туған нәрестенің анасы жұмыссыз болса, нәресте өмірге келгеннен кейін оған 1 жасқа толғанша бала күтімі бойынша жәрдемақы төленеді. Аталған жәрдемақы ай сайын бір жыл бойына беріліп тұрады. Қазір мұндай айлық жәрдемақының көлемі 14 мың 544 теңгеден 22 мың 473 теңгеге дейін жетіп отыр.

Айта кетерлігі, өткен жылы мұндай жәрдемақыны елімізде 125 мыңға жуық отбасы алған. Ол жәрдемақының жалпы көлемі 30 миллиард теңгені құраған. Ал, 2016-2019 жылдары мұндай әлеуметтік жәрдемақы көлемі 19 % ке артыпты.

Әлеуметтік төлемдер бір жасқа дейінгі сәбиі бар ананың жұмысы болса да беріледі. Ол әлеуметтік жәрдемақы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы беріледі.

Яғни, жүктілік және бала туу кезінде берілетін төлем. Аталған төлемнің көлемі босанған ананың соңғы бір жылдағы орташа айлық табысы негізінде белгіленеді. 2018 жылдың нәтижесі бойынша мұндай төлемнің орташа мөлшері 391 мың 170 теңгені құраған.

Сонымен қатар, жасқа толмаған нәрестенің күтімі бойынша берілетін жәрдемақы соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 % ін құраған. Ал, өткен жылы бұл жәрдемақының орташа көлемі 32 361 теңге болыпты.

2018 жылы барлығы 400 мың ата-ана Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 165 млрд. Теңге болатын жәрдемақы алды.

Одан бөлек, мемлекет жүкті әйелдердің декреттік демалысында орташа айлық табысынан 10 пайыз көлемінде міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялайды.  Бұл бала күтімімен демалыста отырған әйелдердің зейнетақы жинағы тоқтап қалмау үшін жасалып отыр.

Жұмыс істейтін әйелдердің құқығы мен кепілі еңбек заңнамасымен қорғалған. Мысалы, экономикалық себептермен штатты қысқарту негізінде, жұмыс көлемін төмендетуде еңбек келісім-шарты бұзылмайды:

- жүктілігі туралы анықтамасы бар жүкті әйелдермен;

- 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен;

- 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған (18 жас дейінгі мүгедек-баласы бар) жалғыз басты аналармен.

Өз кәсібін ашықысы келетін әйелдер үшін, біздің елде әйелдер кәсіпкерлігін қолдайтын әртүрлі  бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.  2018 жылы  нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша   3033 әйел микрокредит және  1243 әйел жаңа бизнес идеяларын дамытуға 100 АЕК көлемінде грант алды.

Мемлекет көпбалалы аналарға ерекше көңіл бөледі,онда бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Әрбір көпбалалы анаға,  «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алғандарға немесе бұрын «Батыр Ана», 1 және 2 дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталғандарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі.  Бұл жәрдемақы өмірбақи беріледі және ана зейнеткерлікке шыққан күнде де тоқтатылмайды, сондай-ақ ол оның табысынан тыс беріледі.

Жәрдемақының көлемі 16 160 теңгені (6,4 АЕК)  құрайды және жыл сайын инфляция деңгейінде белгіленеді.  Бұл жәрдемақы құрметті  атаққа ие болған аналарға беріледі. Сондықтан ол төменгі күн көріс деңгейіне байланыстырылмайды. Бүгінде Қазақстанда мұндай құрметті  атақ 237 мың анаға берілді. Жыл сайын осы төлемге бюджеттен 45 млрд теңге бөлінеді.

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» атағын алған көпбалалы аналар жекелеген салық түрлерінен және мемлекеттік баждан босатылған:

-көлік құрадары салығынан және жер салығынан;

-тұрғылықты жерін тіркеу барысында, төлқұжат және жеке куәлік алуда нотариалдық және заңгерлік маңызы бар  қызмет түрлері үшін мемлекеттік баждан;

4 және одан көп кәмелет жасқа толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларына арнайы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Өткен жылы 271 мың отбасы осындай жәрдемақы алды. Жалпы сомасы 32,8 млрд теңгені құрайды.

Зейнетақымен қамтамасыз ету  мәселесінде 5 және одан да көп бала туған аналар 53 жасында зейнеткерлікке шығуға құқылы.

Табысы төмен отбасыларын мемлекеттік қолдаудың жекелеген шаралары қарастырылған. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап аз қамтылған отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі енгізілді. Оны тағайындау үшін кедейлік шегінің мөлшері күн көріс деңгейінен 40 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтылды. Осылайша 2017 жылмен салыстырғанда Атаулы әлеуметтік көмектің орташа көлемін 2 есеге арттыруға мүмкіндік туды.

АӘК жаңа форматта  беріліп жатыр  және тек ақшалай төлеммен ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылуда. Соның ішінде жұмысқа тұруға қолдау көрсету, оқыту, микрокредит беру және т.б.

Сондай-ақ, біздің елде мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларын, асыраушысынан айырылған отбасыларын  және тағы басқаларды қолдау үшін  жекелеген әлеуметтік шаралар  қарастырылған.

16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаға берілетін ай сайынғы әлеуметтік көмектің көлемі 41 578 теңгені құрайды. 16 жастан 18 жасқа дейінгілерге мүгедектік тобына қарай беріледі: бірінші топтағы мүгедек балаға – 57 021 теңге, екінші топтағыға- 47 220 теңге, үшінші топтағы балаға – 35 638 теңге.

Осы төлемге қоса, кәмелет жасқа толғанға дейінгі мүгедек-бала тәрбиелеп отырған тұлғаларға жәрдемақы беріледі. 2018 жылдың қортындысы бойынша 80,6 мың адам осындай жәрдемақы алды. 2019 жылы жәрдемақы көлемі 31 183 теңгені құрап отыр.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша,  18 жастан асқан бала күнінен бірінші топтағы мүгедек жанға күтімі бойынша жәрдемақы беру енгізілді. Өткен жылы оны 11,5 мың адам алды. 2019 жылы жәрдемақы көлемі 31 183 теңгені құрады.

Сондай-ақ, техникалық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуді қажет ететін балалар (жасанды–ортопедиялық көмек, сурдо, тифло-құрал), жүріп-тұруы үшін қажетті құралмен (арба), шипажайда емделу және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі.

Асыраушысынан айырылған отбасыларына, бюджеттен 25 541 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған,бұл  асырауындағы бір бала үшін, ал асырауында  алты және одан да көп бала  болса 62 663 теңге беріледі.

Халық үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамту мақсатында, өткен жылдан бері қызметтің 4 түрі бойынша проактивті режим енгізілді. Бұл дегеніміз – азаматтар мемлекеттік органдарға барып жатпай-ақ, қызмет түрін ала алады. Жаңа туған баланы тіркеу,  балабақшаға кезекке қою, бала туғанда берілетін жәрдемақыны және 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін төлемді рәсімдеу бір проактивті режимде беріледі.

Жалпы ана мен баланы қорғау аясында қабылданған шаралар оң нәтижесін көрсетіп,  демографиялық ахуалды жақсартты. Соңғы 10 жылда бала туу  10 пайызға артты (2008 жылы 356,6 бала туса,  2018 жылы – 391 мың бала өмірге келді).

Түйін. ҚР Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректерін келтіре отырып, еліміздегі көп балалы аналарға арналған жан-жақты қолдауларды атап шықтық. Байқауымызша, мемлекет тарапынан аналарға көрсетіліп жатқан қамқорлық аз емес. Бұл қарқын алдағы уақытта да бәсеңдеейді деп сенеміз.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1935
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2119
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1757
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1532