Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2587 0 пікір 4 Тамыз, 2011 сағат 08:10

Күлiмхан ЖҰМАБАЕВА. БАСЫМЫЗДЫ БӘЙГЕГЕ ТІККЕН ЕДIК… (жалғасы)

Сергелдең

Сергелдең

Мен де өзгелер сияқты алғаш өз қалаған мамандығым бойынша оқуға түсе алмай жүрген жылдары, жатақханасы мен қалалық тiркеуiне бола, Алматы мақта-мата комбинатына жұмысқа тұрғанмын. 1986 жылдың дүрбелеңi тұсында осы комбинаттың №259 балалар бақшасында күтушi болып жұмыс iстеп жүрдiм. Оқиғадан кейiн қысқы сессияға байланысты жұмысқа бiршама уақыт оздырып бардым. Барсам, комбинаттағы кәсiподақ комитетi төрағасының орынбасары қызметiн атқарып жүрген Алтынай Жанпейiсқызы Байсаринаның белсендiлiгi артып, нағыз шаш ал десе, бас алатын жендетке айналыпты. Бұрын да желпiне екiленiп, жоқ жерде көзге түсуге жанығып жүретiн адам Желтоқсанда құдайы берiп, жарқырай көрiнудiң анық жолын тапқан екен. Сол кiсi мен жұмыс iстеп жүрген №259 бақшаның меңгерушiсi Б.Қауғабаеваға жиналысқа салып, қатал шешiм шығарып, жұмыстан қуу туралы тапсырма берiптi. Шынымен-ақ, менiң келуiмдi асыға күтiп отыр бiлем, Бақыт Қауғабаева iске бiрден құлшына кiрiсiп кеттi.
Жиналыс болардың алдында менi жақтап сөйлеймiз, ақтап аламыз деп батылсынған тәрбиешi қазақ келiншектер Б.Қауғабаеваның жиналыстағы екпiнiн көрген кезде кiрерге тесiк таппағандай, менi емес, дәл бiр өздерiн талауға салып жатқандай, салбыраған бастарын көтерiп қарауға да жарамай қалды. Б.Қауғабаева менi жерден алып, жерге салып барынша қаралауға тырысты. Екiлене сөйлеп тұрған оған мен де ерегiскендей, тесiрейе, көзiмдi тайдырмай қарап отырдым. Алдын ала дайындаған басқа ұлт өкiлдерiне сөз берiлiп, кешегi күнi ғана өтiрiк болса да жымиып жүретiн олар ендi бiр-бiрiнiң аузына түкiрiп қойғандай, қаралайтын сөздерiн қарша боратып жатты. Ақыр соңында, «сценарий» бойынша, бiрауыздан «жұмыстан шығарылсын» деген шешiм қабылданды. Соны заңдастыру үшiн мен аудандық оқу-ағарту бөлiмiне баруға тиiс болдым. Оған дейiн жұмысымды атқаруға рұқсат еттi. Содан ертеңiнде екiншi қабаттағы өз тобыма өтiп бара жатып Б.Қауғабаеваның кабинетiнде отырған қызға көзiм түсiп кеттi. Жүзi таныс сияқты болып көрiндi. Бiрақ қай жерде көргенiмдi есiме түсiре алмадым. Артынша ол екеумiз бiрiншi қабаттағы жуынатын бөлмеде ұшырасып қалдық.

<!--pagebreak-->
- Мен сенi бiр жерден көрген сияқтымын, - дедiм салған бетте.
- Мен де сенi көрген сияқтымын, - дедi ол да. Сәл ойланып тұрды да, «сенi камерада отырған кезде көрген жоқпын ба?» - дедi құлағыма сыбырлай. Камерада көргенiм сонда ғана есiме түстi. Екеумiз құшақтаса кеттiк.
- Мұнда қайдан жүрсiң? - деп сұрадым, iшiм бiр бәленi сезiп тұрған соң.
- Менi оқудан шығарып жiбердi. Политехтың үшiншi курсында оқитын едiм. Мұнда жұмыс iздеп келдiм, - дедi ол. Содан соң сәл күмiлжiңкiреп тұрды да, «ана жағдайды ешкiм бiлмей-ақ қойсыншы» дедi жалынышты үнмен.
- Әрине, ешкiм бiлмейдi, - дедiм де, оның жағдайына алаңдап: - Ендi не болады, оқудан сол күйi қол үзiп қаласың ба? - деп сұрадым.
- Бiзге «Бiр жыл жұмыс iстеп, өздерiңдi жақсы қырларыңнан таныта алсаңдар оқуға қайта қабылдануға мүмкiндiк жасалады» деген. Ендi соған тырысамыз, - дедi. Аты-жөнi есiмде қалмапты, ол қызды бақшаға жұмысқа алды. Екi-үш күннен соң жеке жерде жолыққан кезiмде:
- Сен бұл жұмысты мүлде тастап, басқа жаққа кетiп, амалдасайшы. Ендi мұнда қалар болсаң, бұлар саған күн бермейдi. Саған жақсылық жасамайды, - дедi.
Аудандық оқу бөлiмiнде де маған арашашы болар ешкiмнiң жоқ екенiн iшiм сезген. Олар менi айналып кеп комбинаттың кәсiподақ комитетiне жiбердi. Яғни сол ұйымның жиналысының шешiмiнсiз менiң қызметтен босауым заңсыз екен. Не керек, дәл солай жасады. Ол жиналысқа адамдардың сонша көп жиналғанын көрiп, әуелгiде жүрегiм шайлыққандай күй кешсем де, бiрте-бiрте түйiлiп, жинақталып, мұқалмаған кейiпке көштiм. Олай дейтiн себебiм, басқа барлық жерде менi отырғызып тергеп, талқыласа, кәсiподақ комитетiндегi жиналыста мектеп директорының алдына алып кiрген кiнәлi оқушыға ұқсатып, қақшита тұрғызып талқыға салды. Жиналысты жүргiзiп отырған Адарич кәсiподақ комитетiнiң бастығы деген аты болмаса, тiзгiн А.Ж.Байсаринаның қолына емiн-еркiн тидi. Азуын айға бiлеген ол дауы­сын ерекше нығарлап, қайдағы-жайдағы жамандықтың бәрiн тiзбелеп, дес бермей сөйледi.
Комбинаттың басшылық аппара­тының көбi басқа ұлт өкiлдерiнен тұратын. Солардың iшiнде бiразы Байсаринаның шашбауын көтеретiндер едi, кейбiрi керiсiнше Байсаринаның өзiнiң жағынуға тырысатын адамдары болатын. Сол бес-алтау кезектесе қақылдады-ай, кеп... «Алаңға қалай бардың, не үшiн бардың? Қай жерде, қандай жағдайда қолға түстiң? Неге алаңдағы жағдайды көрген соң керi кетiп қалмадың?..» деген сауалдарды үстi-үстiне қойып, өршелене жауап алып, әй, бiр рахаттанды-ау!.. Одан кейiнгi жерде осыған дейiн ести-ести әбден ығыр еткен: «Бала тәрбиесi саласында жұмыс iстеуге мұндай адамдарды бiр күн де қалдыруға болмайды. Бұл барып тұрған ұлтшылдың өзi. Өзгелерге сабақ болу үшiн, бұл секiлдiлердi қатаң жазалау керек!» деген сөздерiн тағы да естiдiм. Менiң тарих факультетiнде оқи тұра алаңға барғандығым да баса айтылды. Отырғандардың арасында бұрыннан жақсы бiлетiн адамдардың да бар екенiн көзiм шалған. Бiрақ көпке дейiн менi ақтап сөйлер ешкiм шықпады. Үмiтiм соларда болғаны да шын едi. Бiр кезде шыдамы жетпедi ме, Тастемiр Атымтаев ағай орнынан тұрып, менi цехта жұмыс iстеп жүрген кезiмнен жақсы танитынын, өз жұмысыма жауапкершiлiкпен қарайтындығымды, ешқашан тәртiп бұзбағанымды жұмыс нормамды да әр уақытта абыройлы орындап жүргендiгiмдi айта келiп, бүгiнгi бiлместiк­пен болған iске кешiрiммен қарағанымыз жөн дедi. Ол кiсi цех мастерiнiң көмекшiсi болып жұмыс iстейтiн. Ұжымда көп жылдардан берi еңбек етiп келе жатқан сыйлы адам болатын.

<!--pagebreak-->
Тастемiр ағайдың iзiн ала Анатолий Дүйсенов те орнынан тұрып, менi жақсы танитынын, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүретiнiмдi, комбинаттағы үйiрмелерге де қатысуға уақыт табатынымды тiлге тиек еттi. Ол кiсi соның алдында ғана цехтың кәсiподақ комитетi секретарынан цех бастығы дәрежесiне көтерiлген-дi. Бұл кiсiлердiң сөзi А.Ж.Байсаринаға мүлде жақпай, тiптi екiлене құтырынып кеттi. «Мұндай адамдарға кешiрiм жасауға болмайды, менiң пiкiрiм: жұмыстан да, оқудан да шығару керек!» деп, сол ойына бекiне табандап тұрып алды. Ақтап сөйлеген екi адамнан кейiн сәл де болса ақылға келгендей болған ортадан тағы Байсаринаны құптап, қолдаушылар шыға бастады. Оның үкiмет жолындағы адам екендiгiн көрсете, патриот­тана сөйлеуi әсерлi шығып, отырғандарды даурықтыра түстi.
Ол тұста жүйкемнiң жұқарғаны да шын едi. Осы жұлқылаулары әбден шегiне жеткен кезде, мен әрi қарай тыңдап тұруға төзiмiм жетпей, бетiмдi басып жылаған күйiмде есiктен жүгiре шығып кеттiм. «Халық жауындай» қаралап, талқылауға салған сол топқа деген ашу-ызадан жарылардай күйде едiм. Дәлiзде кездескен бiр әйел бұрылып келiп не болғанын сұрап, жауабымды күтпестен бос тұрған кабинетке кiргiзiп, алдыма су қойды. Су iшетiн хал қайда?! Ашу-ыза бойымды буып, ащы өксiгiмдi жұтып, ықылық ата жыладым. Байсаринаның пасық болмысы жанымды қатты жаралады. Сөйтiп тұрғанда партком секретары Истомина менi артымнан қуа келiп: «Қай сөз саған соншалықты әсер еттi? Әлде алаңға барғаныңа өкiнесiң бе?» - деп бедiрейiп тұрып алды. Мен жауап бермей жылаған сайын ол өзеурей түстi. Тiптi кетпесiн бiлген соң: «Бәрi!» - дедiм, сол қатты жылап отырған күйiмде. Содан кейiн ғана Истоминаның аптығы басылғандай болып шығып кеттi.
Өз-өзiме келген кезде менi қайтадан әлгi жерге алып келдi. Ел тарап кетiптi. Тек Адарич пен А.Ж.Байсарина отыр екен. «Егер өз еркiңмен жұмыстан шықпасаң, оқудан қуу үшiн әрекет етiп, ол жаққа хат жазамыз. Және еңбек кiтапшаңа алаңға барғандығың жазылады. Одан кейiн Қазақстанның қай бұрышына барсаң да сенi жұмысқа алмайды», - дедi. Менiң уақытша болса да жұмыстан кетуге қиналатыным - дип­лом алуыма азғана мерзiм қалған. Және жұмыстан шықсам, пропискадан қоса шығарыламын. Ал пропискасыз еш жерге жұмысқа тұра алмайтыным және белгiлi. Ал Байсарина онымен санасар пенде емес. Не iстеймiн, амал жоқ, оның керексiнген арызын жаздым да, жұмыстан шықтым.
Осы тұста айта кетер бiр жағдай: Мәскеуден шығатын газеттерде Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарды «нашақорлар, бұзақы топтар, арақ iшiп алып барған көшенiң бейбастары» деп қаралаған, адамның жүрегiн жаралап, жанын түршiктiрер материалдар күн құрғатпай шығып жатты. Қазақ тiлiнде жарық көретiн басылымдар оны аударып басты. Бұл бiзге соққы үстiне соққы боп тидi. Одан кейiнгi жерде өз басым газет атаулыға тiксiне қарайтын халге жеткенiм сондай, тiптi басқа тақырыптағы материалдарын да оқымайтын болдым.
Жұмыстан шығып қалғаннан кейiнгi жерде қаланың iшiнен аяғымнан тозып жүрiп жұмыс iздедiм. Пропискасыз қабылдайды деген пошта бөлiмшелерiне барып, басшыларына жолықтым. Ешқайсысы жұмысқа алмады, орын жоқ дедi. Ендi ойласам, Желтоқсаннан кейiнгi жаппай жұмыстан шығару, оқудан қуу науқаны жұмыс iздеушiлер қатарын еселеп көбейтiп жiберiптi ғой. Олардың денi қудалауға түскендер екендiгi айқын болғандықтан да, көп ретте бiзге әсiре сақтықпен қарады. Прописканың жоқтығы да алдымызды кес-кестедi. Таныс, жаны ашиды деген адамдарға да жолықтым, бiрақ бәрi де менен аулақ болуды жөн көрдi.
Жұмыс табуға деген үмiтiм үзiлген соң, комбинатқа қайта барып, диплом алғанға дейiн кез келген жұмысқа ала тұруларын жал­барына сұрадым. Алдында көнбегенi­мен, соңы­нан олар цехта жұмыс iстей тұруы­ма келiсiм бердi. Бiр қиыны, комбинаттың қарауына қайта түскендiктен, қай күнi оқу орныма хат келедi деген ауыр да азапты ойдан арыла алмадым. Аудиторияға кiрiп келген кез келген адамға сескене қарадым. Емтиханға дайындалудың берекесi кеттi. Сезiк пен секемшiл ой миымды шағып, зықымды шығарды. Екi емтиханнан соң аудиторияға тағы бiр бейтаныс адам кiрген сәтте жүрегiм дiр ете қалды. Сөйтсем, ол жай жүрген кiсi екен. Бiрақ бәрiбiр бұдан әрiге төзiмiм жетпедi. Тарих факультетiнiң деканы Әдiлханов ағайдың кабинетiне бардым да: «Мен жұмыс iстейтiн орыннан сiздерге хат келген жоқ па?» - деп сұрадым. «Қандай хат?» - деп таңдана қарады ол кiсi. «Алаңда қолға түсiп қалғанмын, соған байланысты жұмыс орным оқудан шығарту туралы хат жазбақ болып едi», - дедiм. «Ондай хат әзiрге келген жоқ». «Мен бәрiбiр емтихан тапсыра алмаспын, ағай. Бiр жылға босатыңызшы, келесi жылы келiп тапсырайын. Екi емтиханнан әзер дегенде үш алдым», - дедiм даусым дiрiлдеп. «Жоқ, болмайды, - дедi декан ағай. - Қайтсең де биыл диплом алуға тырыс. Келесi емтихандарға дұрыстап дайындал. Соңғысы менiң пәнiмнен ғой, үш қоймаймын...».
Осыдан кейiнгi жерде ғана кiрген-шыққан адамдардан тектен-текке сезiктенiп, үрейленбейтiн болдым. Соңғы емтихандарымды жақсы бағаларға тапсырып шықтым.
Диплом алғаннан кейiн Бiлiм министрлiгiне барып жолдама сұрадым. Торғай жерiнен ғана сұраныс қалған екен, бiрден баруға келiстiм. Шыны керек, шалғай ауылдағы мектеп өмiрi жағдайымды сәл де болса ұмыттырды.

Құбылмалы мінез

1989 жылы тамызда М.Шаханов ағайға жолықтым. Ондағы ойым - өзiм жұмыс iстеген комбинаттағы үй кезегiмдi қайта орнықтыру едi. Ол кiсi өзiнiң хат жазып көмектесетiнiн, бiрақ оған дейiн менiң арнайы құрылған комиссияға барып жолығуым керектiгiн айтты. Комиссиядағылар үй кезегiн қайта қалпына келтiру үшiн сол жерге барып, цехқа болса да, жұмысқа тұруым қажеттiгiн түсiндiрдi. Солай iстедiм де. Алайда осы iстiң соңында жетi ай жүрген комиссия оң нәтиже шығара алмады. Себебi жұмыстан «өз еркiмен кеттi» деген арызымнан басқа талқыға салған, қудалаған, шешiм шығарған бiр жапырақ қағаз да болмай шықты. Байсарина: «Жай ғана жиналысқа салғанбыз, қудалау көрген жоқ, өктемдiк жасамадық» деп бет бақтырмады. Жазушы Тұрсын Жұртбай ағай бастаған үш кiсi ендi жиналысқа қатысқан адамдар арқылы дәлелдеп көрудi ойлады. Сол кезде өзiмдi жақтап сөйлеген А.Дүйсенов ағайға жолықтым. Ол кiсi мен үшiн жұмысынан алынғанын, осы жақында ғана орнына қайта қойғанын, бала-шағасы үшiн ендi ондай iске араласа алмайтынын ашық айтты.
Мен қайтып келген 1989 жылы үй кезегiнде 656-шы болып тұрғанымды өз көзiммен көргенмiн. Ал жұмысқа тұрғаннан кейiн ол тiзiмнен алынып тасталыппын. Соны айтқанымда, Байсарина: «Ондай қателiктер бола бередi. Бiрақ дәл сенiң сол тiзiмде болуың мүмкiн емес», - дедi. Өстiп, көргенiмнiң өзiн жоққа шығарды. Бiрақ мен тоқтамадым. Содан 1990 жылдың сәуiрi күнi комбинат басқармасына келген Т.Жұртбаев бастаған комиссияға Тастемiр Атымтаев ағай менi талқыға салған жиналыс жайлы айтып бердi. Бiрақ қолында сол баяғы менiң арызым тұрған Байсарина бастаған топ: «Өз еркiмен жұмыстан шығып кеткен адам үй кезегiнен алынып тасталынады. Оны қайта орнына қоя алмаймыз», - дедi. Осылайша комиссия қанша әрекеттенсе де, өткен iстi дәлелдеуге мүмкiндiк таба алмады. «Ең болмаса өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына көмектесiңiздер», - деген ұсыныс айтты. Сол кезде А.Ж.Байсарина егер прокуратурадан қағазым болса, көмектесетiндерiн айтып, сүттен ақ, судан таза боп шыға келдi. Соның өзiнде «орын болмай жатыр» деген желеумен, сегiз ай созбақтатып барып, жатақханаға тәрбиешi етiп зордың күшiмен орналастырды-ау. Ол да болса комиссияның ықпалы едi...
Мен тәрбиешi болып жұмыс атқарған тұс қайта құру, дәстүр-салтымызды жаңғырту, тiл мәселесi т.б. да жаңашыл бастамаларға толы кезең болатын. Әрбiр жатақханада осы бағытта бар ынта-шынтамызбен жұмыс жүргiздiк. Жатақханадағы жастардың жеке мәселелерiн шешу де бiздiң мойнымызға жүктелдi. Атқаратын жұмыстарымыз қызған үстiне қыза түстi. Осы тұста А.Ж.Байсарина кесiрткедей өңiн өзгертiп, Желтоқсанның тұсындағы жендеттен - қайта құрудың ұраншысына айналды. Бiздiң күн демей, түн демей атқаратын жұмыстарымыз Байсаринаның қанжығасына байланатын болды. Аяқтан тозып, төккен терiмiздiң арқасында жүзеге асқан жақсы iстерiмiздiң қызығын Байсарина көрдi. Ол газет пен теледидардан түспедi. Алматы қалалық кеңесiне депутаттыққа сайланды.
Кейiнiрек фабрикалар қысқар­тылып, жабылған тұста да А.Ж.Бай­саринаның мұртын балта шаппай Алматыдағы «барахолканың» бастығы болып кеттi. Соны «малданып», менiмен араласып тұрған бiр келiншекке (ол да тәрбиешi болған): «Қазiр пәлен мың сом жалақы аламын!» - деп дарақылана күлiп, мәз бопты. Мiне, ел сайлаған, халықтың жоқшысы боламын деген адамның бар сиқы...
Иә, сол бiр шақта алаңға алғаусыз адал ниетпен шыққан жастарды таяқтап қана қоймай, оларды рухани жағынан да басып-жаншып, таптап, тұқыртуға әрекет етiлгенi жалған емес. Алайда заман келбетi өзгерген кезде соны жасаған екiжүздi жандайшаптар дереу өңдерiн өзгертiп, жаңа кезеңнiң белсендiсi болып шыға келдi. Содан соң мұндайларды өз қара басының пайдасынан басқаны ойламайтын, ары үшiн бас қатырмай-ақ, неше бiр сұрқиялықтарды жүзеге асыра беретiн құзғындар демеске бола ма?!

 

* * *

Желтоқсан - қазақ жастарының саналы түрде, ұлт болашағы үшiн жасаған үлкен бұлқынысы. Оны өз қолдарымен тұншықтыруға барынша тырысқан партиялық билiк бұл халықтың iштен қайнап шыққан ашу-ызасы, қарсылығы екенiн жете бағамдауға құлықты болмады. Сөйтiп, қазақ халқының мүддесiн жалаулатып шыққан жүздеген мың адамның үнiн әп-сәтте-ақ өшiремiз деп өктемсiдi. Бiрақ көтерiлiсшi жастар ұстанған мақсаттарынан айнымай, 17-сi күнi қантөгiс болғанына қарамастан, 18 желтоқсан күнi алаңға қайта шықты. Алматының аппақ қары тағы да бейкүнә жастардың қызыл қанына боялды. Осының бәрi орталықтың әрiден ойластырып жасаған сұрқия саясаты болатын. Уыстан шығып бара жатқан бұйдадан қараптан-қарап айырылып қалмау үшiн жасаған шовинистiк пиғылы едi. Елiнiң болашағын ойлағандарды «ұлтшыл» атандырып, 1937 жылдың қара күйесiн тағы да аямай баттастыра жағуға тырысты. Бiрақ өз ұлтын сүюде тұрған қандай қылмыс болуы мүмкiн? Сол себептi Желтоқсан - ұлтшылдықтың емес, басынушылықтың нәубетiне айналды. Сөйтiп, ызғарлы желтоқсан күндерi жастардың қанға малынып, өктем күштiң аяусыз құрбаны болуымен ерекшеленiп, өте шықты. Алайда бiздiң күресiмiз сонымен тоқтаған жоқ. Ол күрес Желтоқсан көтерiлiсiн ақтап алмайынша, саяси бағасын бермейiнше бiтпек емес. Өйткенi горбачевтiк билiктiң қылмысы қалыңдаған қатпар-қатпар күйi мұрты бұзылмай тұр. Оған Қазақ елiнiң кешегi және бүгiнгi билiк тiзгiнiн ұстағандар арасында да «еселi үлес» қосқандар аз емес...
Өз басымнан өткерген қасiретке қатысты ойымды осылай тәмамдай салар едiм. Әйтсе де есiме Роза оралып отыр. Ол жоғарыда айтып кеткен Алматы мақта-мата комбинатында еңбек етiп, бөлмелес болған құрбым - Мамаева Роза. Көтерiлiстен кейiнгi жылдары оның денсаулығынан айырылып, жұмыстан қысқартылғанын естiгенмiн. Тәуелсiз ел атанған тұста жанбағыс үшiн базарға шығып, денсаулығын мүлде жоғалтты да, анасы ауылына алып кеттi. Розаның әкесi бұрынырақ қайтыс болған. Соңынан өзiнен үлкен бауыры көз жұмған. Анасы Розадан кейiнгi бiр қыз, бiр ұлымен ауылда тұратын. Ауылы - Алматыға жақын жердегi Қарғалы кентi.
Көтерiлiске қатысқандардың көбi Роза құрбым сияқты денсаулықтарын бұзып алды. Алайда солардың ешқайсысы да алаңға шыққанын мiндет етпегенiмен, бiр-ақ рет берiлер өмiрлерiн өксiтiп алғандарын аянышпен ауызға алады. Ел намысы, болашағы үшiн жастық жалынын ту еткендерге өз кезегiнде қоғамы сүйеу болса керек едi. Бiрақ олай болмай, өздерi ескерусiз, елеусiз шеттеп қалды. Солардың қиын-қыстау тiрлiгiн көрiп, өркенiмiз дейтiн өскелең ұрпақтың қайсысына әдiлет үшiн арпалысыңдар, адал да абыройлы болыңдар, қазағыңды қастерле, ұлтыңды ұлықта дегендей ақыл айтып, рух берiп, жiгерлерiн жани аламыз? Желтоқсандықтардың өршiл iсiн жыл сайын 17-18 желтоқсан күндерi ғана тек қызыл сөзбен дәрiптеуден аспау - аты бар да, заты жоқ бейшара саясат емес пе? Бәлкiм, содан шығар, олардың көбi әлi күнге дейiн үрейден арылып кете алмаған. Себебi өздерiне тiзесi батқандар қазiр де құрықтары ұзын, ықпалды орындарда қонжиып отыр. Солардың кесiрiнен көтерiлiске қатысушылар бiр емес, бiрнеше рет, үстi-үстiне зардап шегумен келедi. Ол аз болса, ендiгi кезекте денсаулықтарынан айырылып, соның азабымен арпалысуда.
Желтоқсан батырларының iсiн ғана емес, өздерiн де дәрiптеп, қолдап, қолпаштар қоғамның болмай тұрғаны, әрине, өкiнiштi...

 

Күлiмхан ЖҰМАБАЕВА,
Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушы

http://anatili.kz/?p=7121

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1788
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1778
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1495
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1395