Жексенбі, 24 Қаңтар 2021
Өнер 2992 11 пікір 27 Қыркүйек, 2019 сағат 12:46

Айтыс – азаматтықты ұмыту емес

Айтыс – екі  халықтың бірінде кездесе бермейтін, қадірлеуге тұрарлықтай-ақ өнер. Оны тіпті, әзіл-шыны аралас ең бір «демократияшыл өнер» десек те болады. Өйткені, нағыз шынайы да ақиқатшыл қаласа ел ішіндегі шен-шекпендінің өзіне шекесінен қарайтын асау ақындар айтыс кезінде жеме-жемге келгенде алтын қалпақ, жез телпек хандардың өзін тықсырып, жанын қоярға жер таптырмайды екен. Ал хандардың өзі әлгіндей адуын да асау, ақиқатшыл ақындардан ығатын болған. Ал біз көзіміз көрмесек те Біржан мен Сараның, Шашубай мен Ажардың, Құлыншақ пен Майлықожаның, Бақтыбай мен Мәйкенің, тәуке батыр мен Ұрқияның, Әбубәкір Кердері мен қыздың (аты есімізде жоқ), Сүйінбай мен Тезектің, Жанақ пен Түбектің, Шөже мен Орынбайдың, репрессия кезінде атылып кеткен Нұрмағанбет Қосжанұлы мен Ашубайдың, Әсет пен Кемпірбайдың қағысуы сияқты айтыстардан хабардармыз.

Бірақ бұрынғы қазекем дәл бүгінгі қазекемшілеп «Күнде жиын, күнде той, думанды елім Қазақстаным» дегендей аудан орталығында, облыс орталығында, ананың 70, 80, мынаның 90, 100 жылдығына, әлдебір қаланың «туған күніне» арнап қысы-жазы, «Аламан айтыс», «Қайым айтыс», «Түре айтыс» сияқты жоспарлы түрде ұдайы айтыс, мүшәйра, аты-жөні жоқ ұлан-асыр той-томалақ өткізді дегенді естіген де, оқыған да емеспіз. Бұрынғы қазекем мұндай әуейілікті «Арсызға күнде мейрам» деген. Бұл Абайша айтқанда «бекер мал шашпақ». Жоғарыда аты аталған ақындардың қай-қайсысы да көзге шұқып, маңдайға нұқып тұрып айтылуы керек ақиқатты да, пенденің ғұмыр бойы қос қапталында қатар шауып келе жататын сүйініш пен күйінішті де, тіпті ел басқарған басты  көсеміңнің де болса көрегендігін көркемдеп, ал  көргенсіздігін  оқтай өткір төкпе тілмен төгілтіп әшкерелеп айтып отырған. Сондықтан да айтыс өз заманының  оңы мен терісіне  арашашы болатын.

Сонда бүгінгі айтысты айтыс емес дегің келіп отыр ма деп дүрсе қоя беретіндер де бар екенін білеміз. Олай деуге хақымыз да жоқ! Айтыс  мүлде қажет емес дей қою да қиын. Бірақ осы күні ана жерде де, мына жерде де, ертелі-кеш теледидарда да көрсетіліп жатқан сапырмай айтыстарды және оның  Жүрсін деп аталатын алмаспайтын «атасын» қысы-жазы, күні-түні көре бергесін амалсыздан бұл неткен бас-аяғы жоқ айтыс деп те қалады екенсің. Әлде, осы айтыстарға қатысып жүрген өлеңшілердің басқа жұмысы жоқ па, әлде айтыскер деген мамандық бар ма олардың тұрақты жұмысы осы ма? Әлде бұ заманда  айтыс пысықсымақтардың күнкөрісіне, солардың өздерін елге танымал қылатын құралына айналды ма? Сондайда кім бергені беймәлім қазір «айтыстың атасы» атанып жүрген Жүрсін Ермановтың

Айтыс үшін – жылпоспын мен, ептімін,

Айтыс десе – тау жығардай екпінім, - дегені еске түседі де шынында да бұл айтыс дегенің  жылпостар мен ептілердің мамандығына айналып кеткені рас болғаны ма деген ой келеді. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазақтың айтыс өнерін кешегі Кеңес заманында алғаш ұлттық өнер тақырыбында қозғап, ғылыми зерттеулер мақалалар жазған, оның қоғамдағы алар орнын, оны жаңғыртуды қолға алған аржағы Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов бержағы Мардан Байділдаевтар болатын. «Айтыстың атасы» деген атақ соларға берілуі керек-ті. Егер инабат, иба, сыпайылық, кішіпейілділік, ар-ұят мәдениеттілік деген өте бір тазайын сезімдерді ұмытып кетпеген болса мұны біз емес Жүрсіннің өзі айтуға тиісті еді. Амал не, ол оның орнына өзін біреулер не білместікпен, не әдейі көпшік қойып, «айтыстың атасы» деп жатса да, жәй өлеңшілерді «Жүрсіннің жүйріктері» деп еншілеп беріп жатса да сәл ыңғайсызданған не олай демеңдер деген бір кейіп байқатқан емес. Мақұл, бұл да мына заманның көп қырсаулығының бірі шығар.

Қазіргі айтыс туралы әңгімелегенде  әнебір жылдары айтыс дегеннен гөрі Парижде өткен бір сауық кеші деуге лайықтау бір іс-шара хақында оқығаным естен кетпейді. Ол туралы менің Көпен курстасым Парижде жусан исі бұрқыраған айтыс өтті деп мадақ-мақала жариялады. Сонымен әңгіме сол «жусан исі аңқыған» бір ғана айтыс туралы. Балғынбек Имашев деген айтысушы айтқандай ол «Айтыстың тақырыбы меценаттар» екен. Бір кезде Отан соғысы тақырыбына, ауыл тақырыбына, жұмысшы тақырыбына, интернационализм тақырыбына арналған әдебиет деген болды. Міне, сол Балғынбек айтпақшы, қазіргі айтыс та солардың бір ізбасарына тақырыптық айтысқа айналдырылды. Әнебір кезде «Тәуелсіздікке тәубе» деген «көп сериялы айтыс» өткізілгенде біраз тосырқағанымыз рас. Ол да негізінен белгілі-белгілі бірсыпыра мемлекет қайраткерлерін мадақтаумен, айтыла-айтыла әбден қасаң болған «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғаны» туралы ұрандаудың жаңа бір нұсқасы деуге болатын еді. Онда көркемдік, шынайылық және поэзия  атаулыға қойылатын өзге де талаптар орындалды ма ол өз алдына бір әңгіме. Бұл  айтыс әп дегеннен Жүрсын Ермановты мақтаудан, сосын өздерін «жүйріктер» деп атаудан басталды:

...Жүрсіннің жүйріктері адам емес

Шашасына шаң жұқпас өңшең аттар.

Жалғыз ғана Жүкеңе алғыс айтар

Айтысқа сан мыңдаған келсе хаттар

Қазіргі айтыс ақындары қашанда ақиқатты ашық айтпай, не тым күңгірттендіріп, тым бұлдырландырып, не мүлде бұрмалап айтатынын көріп жүрген едік. Оған оларды жан байлығынан гөрі мал байлығын дәріптеуге мәжбүрлеп қойған мына қоғам кінәлі шығар және кейбір айтысушылық  бүкіл мақсат-мүддесі айтысқа тігілген көлікке ауып кеткен рухани мүгедектігі, ойын ашық айта алмайтын алакөңілдігі, не кемталанттығы себеп те шығар дейтінбіз. Бірақ өздерін-өздері «адам емес» көрсетем деп «Жүрсіннің жүйріктері адам емес, өңшең аттарға» теңегені нағыз қылқымай қызықтың өзі болды. Шайтаны түспегірдің адамды ақыл-есінен айыра салуы әп-сәтте екен-ау. Әйтпесе, атам қазақ от ауызды, орақ тілді шешендерінің, ақын-шайырларының шеберлігіне таңданғанда «нағыз жампоз екен», «хас тұлпар», «хас арғымақ екен», «ертеге салса түске озған, түске салса кешке озған дүлдүл екен» деп жататын еді. Бірақ біздің эрамызға  дейін де, одан кейін де Балғынбек Имашевтан басқа қазақтың  мақтағысы келген адамын «өңшең аттар» дегенін естіген адам баласы жоқ шығар. Қазақ тұқым таратуға жарамсыз яғни бас, байтал сияқты ұрғашы жылқыға артылудан қалған айғырды піштіріп, жыныстық мүшесін сылып тастайды да оны ат деп атайды. Оны енді тек мініске, соғымға союға ғана пайдаланады. Ал Балғынбек Имашев айтқан «Жүрсіннің өңшең аттарын» не бітіріп жүрген аттар екенін Құдайым білсін. Өздерін осылай масқаралап болып бұл жігіт осы жолы Жүрсінді үлгі тұтарлық небір мақтау сөздерді місе тұтпай,

Айтыс үшін сайтанның тілін тапқан

Жүрсін ғана сайтанға сатылмады,-деп Жүрсын «атасын» сайтандармен сыбайлас қып қойды. Міне, қазақ поэзиясының айтыс атты киелі өнерін айтыскер деп аталатын ептілер осындай күйге түсірді бүгінде. Халықтың талап-талғамы құлдырады ма, әлде көңіл жықпастық па, қайдам, осындай, осындай сандалма сөздерді өлең қып домбырасын тарта алмаса да сабалап отыратын осындайларға залда отырған талай қазекемдер  алақан соғып жатады.  Бұл аз болғандай сол жолғы айтыстың қаражатын көтеріп отырған Сәрсенов Өмірзақ пен Амангелді  Ермегияев аман болса, «басқасы біздерге зачем надо» деуге дейін барды. Оның ұстазы Жүрсін де сонау бір кезде:

Өмір деген – тартыс

Кейде төбелес,

Тауқыметін аямады менен еш.

Рас, талай сұрап алдым машина

Тартып алған кездерім де жоқ емес,-деп өзінің ақындығы бар болғаны айтыс деңгейінде ғана екенін көрсетіп алғаны бар. Жүрсекең онысымен қоймай көңілі қалаған нәрсесін «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» алуға бейім екенін айтса, оның Балғынбек Имашев деген «жүйрік аты» әлгі аталмыш екі байдан басқасы «зачем надо» деп ұстазынан да асып түсті. Өз басым әсіресе, Парижде өткен сол айтыс ең бір пәкизат қыздай поэзия сұлуды, қасиетті назымсөзді қорлау емес пе деп қалдым. Неге десеңіз, поэзияда ақын адам мысқалдай болса да даналық ой түйіп, не адам баласына ғана тән әлдебір сезім туралы ұғым, не діни, не дәстүрлік берік бір ұстаным айтпаса ол ақын емес, поэзия да емес. Поэзия дегеніміз кіршіксіз ар-ождан тазалығының, адамгершіліктің, азаматтықтың, халықтың сөзін ғана сөйлейтін жанр. Біз бүгінгі айтыс поэзияны ластап, былапытқа айналдырды дегенде оның осынау асыл қасиеттерді жаңағыдай аяқасты еткенін айтамыз. Оны өтірік мақтаудан, қалталы қоржындыларға жағымпазданудан арашалайық дейміз! Айтысты қазір біреулер кәсіпке, бизнеске, күнкөріске, К.Маркс айтқандай «қажеттілік патшалығына» айналдырып алғанын айтамыз. Иә, айтыс атты қасиетті өнерді азғындататын әлгіндей сандырақтарды кейбір айтыскер деп аталатындар  сахнада сұңқылдатып  жатқанда залдағы көп қазекем мәз болып қол шапалақтап отырғанын көргенде апыр-ай, заман азды ма, әлде адамдардың өнерге деген талғам-талабы азды ма деп өз-өзіңнен түңіліп кете жаздайсың.

Иә, атам қазақ бүгінгідей жоспарлы, жүйелі түрде айтыс өткізіп, оны үгіт-насихат жұмысына айналдырған емес. Айтыс өткізілсін, бірақ...      Бірақ менің Көпен курстасым (баяғыда құрдасым, замандасым дейтін еді-ау ә?) айтқандай шынында да Парижде жусан исі бұрқыраған айтыс өтсе не өкпе бар?! Әттең, ол керісінше

«Меценаттар ішінде мұнарадай

Өмірзақ деген биік еңселі ат бар!

немесе Ринат Зайытов деген екінші өлеңші айтқандай:

Өмірзақ Сәрсеновты «Өз әкемдей мақтай алам», «Ел мақтайтын Әбекеңдей (А.Ермегияевті айтып отыр!-М.К.) ұлды айтамын», «Амангелді Ермегияев мың жасағыр», «Құрылыстың  бұрымын өріп жатыр», «Соның қызығын ақындар көріп жатыр» деген сияқты ойдан, түйсік-түсініктен жұрдай не өлең емес, не өнер емес өте бір жағымпаздыққа, жиренішті жарамсақтыққа,  байлар не берер екен деп мүләйімсу, дәмету жанрына айналып кеткеніне ішің-бауырың уылжиды. Егер осы айтысшылар өздері мақтап отырған осы екі бай соншама байлықты, қыруар қаржыны, сыйға тартып жатқан қымбат-қымбат машиналарды қайдан алып жүр, сонша байлық, соншама гектар жер-суды қалай алды деген сауал төңірегінде ой қозғаса, Құдай алдында да, халық алдында да ары таза, адамгершілігі таза азаматтар екен дер едік қой. Онда айтыс азғындады деп неміз бар? Амал не, олар да, олардың ұстазы Жүрсін де, менің Көпен досым да бұл жерде мұндай киелі ұғымдарды орағытып өтті. Ойлап отырсақ, осы күні екінің бірі жарыса жамандай жөнелетін Кеңес Одағы кезінде де әдебиет пен өнерде мұндай жағымпаздық, мұндай жарамсақтық, мұндай желсөзділік болған емес. КСРО-ның Ленині мен Сталині Жүрсіннің жүйріктерінің Ермегияевы мен Сәрсеновының қолына су құюға жарамай қалды.

Бүгінгі айтыскерлер «Айтысқа» тігілген бәйгіден құр қалмау үшін ар-намыс деген қасиетті ұғымдарды жинап қойған және мынау не деп тұғырды көрсетсең – тұлпар деп, қарғаны көрсетсең – сұңқар деуден де тайынбайтындар ма деп қаласың. Осының алдындағы бір айтыста «Жүрсіннің жүйріктері» айтысқа машина берген «Қазақмыстың» «жомарттарын» жарысып мақтағанын естіп едік. Сонда бір-екі белгілі ақынның мына айтысшылар айтысты бизнеске айналдырып, поэзияны ластағанымен тұрмай, бүйте берсе жазба ақындарды да намыссыздыққа жетелеп кетпес пе екен деп уайымдағанын да көрдік. Байқап отырсаңыз, бүгінде «Айтысқа» баға берушілер де, ол туралы жазатындар да поэзияға қойылатын талаптар туралы айта бермейді. Өйткені, бүгінде «айтысты» қызықтайтын көрерменнің көпшілігі ондай талап-талғам дегендермен «шаруасы жоқ» екені айтыс кезіндегі залда отырғандардың мәз-мәйрам кейпінен-ақ, арзанқол әжуаға мәз боп дуылдап қол соққандарынан-ақ байқалып тұрады. Сондықтан ондайда оларға да айтысушыларға да тіпті, өлеңнің ырғақ, буын,ұйқас сияқты өте қарапайым шарттарын  сақтау туралы да сөз қозғау мүмкін емес. Жаман сөз естіп қалуыңыз да мүмкін! Өзіңіз қарап көріңіз. Жоғарыда өзіміз ұяла-ұяла отырып, лажсыздан келтірген өлең жолдардан немесе «жүйрік» атанып жүрген Ринат деген жігіттің

«Бұл Бәкең бір халықты тауыпты алып»,

«Айтыспенен жасайын «Алик-Малик» немесе

Бір алса бұл Балғынбек мол алады

Болған соң ақындардың домалағы,

Ат айналып қазығын табады» деген

Ол-дағы әлі айтысқа оралады-деген жолдарын шын зердеге салып көріңізші. Солардың бәрін қосып есептегенде ішінен ой мен сезімнің бірлігі, көркемдік пен шындықтың  қиысуы дегеннің бір мысқалын таба аласыз ба? Өлең атаулыға жан беретін көркем ойдың қуаты қайда? Шіңкілдек домбырасының шіреден жасалған шанағын сабалап отырған, ұлттық киіммен декоративтеліп жан бітіріп сахнаға отырғызып қойған тірі қуыршақтай желдірмешілердің, осындай талаптан хабары бар ма? Хабары болса, олар мұны сәл де болса неге ескермейді? Олардың өлеңдері мағынасыз жел сөзден, жалған шабыттанудан, олақ құрылған сөз тіркестерінен, орынды-орынсыз тықпаланған сөздер жиынтығынан (набор слов) тұратыны несі? Бұл өзі ұлттық дәстүрлі өнерімізді азғындату, жеңіл-желпі күлкіге айналдыру емес пе? Бізді қинайтыны да осы.

Кейде бүгінгі «Айтыстың» мәдениет пен өнердегі ұлттық этиканы, ұлттық салт-сананы жексұрындандырған тұсы да аз емес. Бұл сөкеттік әсіресе, айтысушының бірі – еркек, екіншісі – әйел жынысты болса ұшынып тұрады. Әдетте әлгі ер адам қарсыласына қалжыңдап неше бала тудың, өзің бір әп-әдемі келіншек екенсің деп бастайды. Сосын оның соңы бүгін мейманханаға барғасын немесе осы жолы сені бір көріп алайыншы дегенге ұласады. Бұл кезде сахнада әлгі айтысушы жігіт пен қыздың әкесіндей, анасындай, атасы мен әжесіндей кісілер, бойжетіп келе жатқан сіңлілері мен қарындастары отыр-ау деген ой қаперге де алынбайды. Таза парықсыздық! Кейде айтысушы қыздың не келіншектің өзі қарсылас ер азаматты шабынан түртеді яғни, «повод береді». Мысалы, Айнұр Тұрсынбаева деген айтысшының «Ұлытауға апарып қыдыртайын» деген жігітке «Сосын не болмақ», ананың «Не болушы еді?» «Күн батады»-дегеніне, «Сосын не істейміз» деп өтірік аңқаусуы қазақ қызына тән әдептілікке, ибалылыққа  қандай жат қылық десеңші?!

Бүгінгі айтысты айтыстан гөрі салғыласу деп атауға келіңкірейтін тұсы да көп. Бір ғана мысал: біз әңгімелеп отырған айтыста  Балғынбек Имашев қарсыласы Ринатқа

Бірақ, бірақ Семейден келгеннен соң

Сабильяновтан басқа сен кімді айтасың?»-деді. Бұл жолдардың поэтикалық әсемдіктен гөрі жәй әйелдерше салғыласып депутат Нұртай Сабильяновты бір нұқып өтсе, қарсыласы сөздің кележағында

Ат айналып қазығын табар деген,

Ол дағы айтысқа әлі оралады,-деп  жерлесін жуып-шайған болды. Ал айтысты  адамның айналып табар қазығы деу қандай орынсыз сөз. Бұл дұрыс жолдан тайып, теріс бағытқа түсіп кетіп, жалпақ тілмен айтқанда кейін «есін жинаған адамға қарата айтылатын сөз. Ал әлдебір себеппен айтыстан ат құйрығын үзіп кеткен адамды айтысқа қайтып келсе «қазығын табар» деу  тым ерсі.

Жалпы «айтысты» Парижге алып барудың бүгінгі өнеріміздің өресі өсіп, бұ жақтағы қазақты айтпағанда о жақтағы қазаққа келген бір рухани пайда болды ма? Рас, бұл жақтағы бірнеше байшыкештер мен олардың ыңырсыған бәйбішелеріне Парижді  көрсетіп қайтты. Олар ертең, әрі кеткенде пәленшекеңнің көзі тірісінде Еуропаға сапары туралы естелік жазар, оны кітап қып шығарар. Одан әдебиетіміз бен өнеріміздің жотасы жоғарылай ма? Ал о жақтағы қазақтар ше? Олардың ата-аналары бұл елден қара үзіп кеткеніне қазір бір ғасырдың жүзі болды. Олардың қазақшасынан гөрі түрікшесі басым, ал немісше, ағылшынша, французша араластырып сөйлейтін балаларының өзі 60-70-те десек, 20-30-дағы немерелері сенің Амангелді Ермегияев « құрылыстың бұрымын өріп жатыр» дегенің түгіл «Әйелімен екеуі осында келіп жатыр» десең де түсінбеуі мүмкін. Олардың біреуіне «Қазақша неге сөйлей алмайсың?»-десең, «Се ля ви» десе қайтесің? Әрі-бері десін сол Франциядағы, Норвегиядағы, Германиядағы қазақтардың ішінен бір әдебиет, өнер, мәдениет қайраткері шықты дегенді естісек не дейсің? Олардың көбі тері-иилеуші, дүкенші, ұсақ-түйек саудагер. Ең шырқауы – орташа  кәсіпкер ғана. Бір сөзбен айтқанда олар поэзияны, әсіресе бүгінгі қазақ поэзиясын түсінетін жандар емес. Олардың санасына шетелдік мәдениеттің, шетелдік өнердің әуені сіңісті болған. «Байдың малын байғұс қызғанады» сенің нең бар» дейтіндер де табылар, бірақ сонша жерге, сондай ортаға, соншама қаржы шашып, париждіктердің өздері де біле бермейтін әлдебір «Хош» деп аталатын ғимараттың ішінде «әләуләйға» салып қайту шынында да әрі еріккеннің ермегі, әрі бірнеше адамның даңғаза дақпыртқұмарлығы ғана десе де болар еді. Бұндай мақтаншақтық шараның орнына  қазақ байлары өздерін тегін келген қаржыны судай шашып, бағзы замандағы Римнің Меценат деген ақсүйегі сияқтанамын деп даңғойланғанша сол қаражатты Алматыда үй-күйсіз, баспанасыз қаңғырып жүрген, бала-шағасымен қоса қыс ортасында жатақханадан қуып шығарылып жатқан, ата-бабадан қалған ұшы-қиырсыз жерден алақандай жер бұйырмай үйлері қиратылып жатқан қазақтарға қалқа, қақыра, ықтырма, жаппа салып алуға көмектессе екі дүниеде ары таза болар еді ғой. Бір ауыз сөзбен айтқанда мұндай айтыстарды  «Айтыс» деуге мүлде болмайды. Ал оларды халқымыздың өнерін өрге өрлетудің, айтыста қоғамдағы ақиқаттар айтылады халықты алдау ғана.

Әнебір жолы қалың қазақтың сүйікті де сүйкімді әншісі Айгүл Қосанова сұхбат беріп отырып Францияға, Англияға барып өнер көрсеткенін әңгімеледі. Әшиінде шетелге барып келген біздің әншілер, домбырашыларды тыңдап отырсаң, еуропалықтар олардың өнеріне таң қалып, есінен тана құлап қалған екен деп ойлайтынбыз. Ал Айгүл сөз арасында оларды біздің өнермен, тіпті, еуропалықтарға жақын эстрада өнерімен де таңдандыра алмайсың дегенді сыпайылап болса да шынайылықпен жеткізіп айтты. Ал солар біздің айтысшылардың үстіндегі қызыл-жасыл камзолына таңдана қарайтыны болмаса, мағынасыз ұйқасқа ғана құрылған өлеңдеріне, домбыраны сабалағанына таң қалды деу жұртты бала сияқты алдамақ болу ғана. Ішінде мемлекеттік қызмет деңгейіндегі адамдары бар, бір топтың уылдап-шуылдап сонау Еуропадағы бір кішкентай ғимараттағы кішігірім сауық-сайранға барып, сейіл құрып жүруі де өзге жұрттың алдында өте ерсі. Оны алып бара жатқан ұлтжандылық, өнерсүйгіштік деуге де келмейді. Қазір осындай бір сауық-сайранды енді Лондонға барып қоямыз деп желөкпеленіп жүргендер бар. Бұл ұлттық дәстүрлі өнерді шлягерлікке айналдыру деген сөз.

Иә, мейлің айтысушы ақын, мейлің жазба ақыны бол, ақындық, шайырлық өнер ар тазалығын, жүрек тазалығын қалайтын өте бір киелі де шікәмшіл қасиет екенін естен ешқашан шығармау керек. Аузыңды қайшылап айтысқа шықтың ба ел басындағы қоғамдағы тақсіретті ашық айт. Егер өтірік арқасы бар ақынның роліне салып екі иығыңды изеңдетіп, тарта алмсаң да домбыра байғұсты сабалап, біреулерді өтірік мақтап немесе қарсыласымды жеңсем болды деп екінші біреуді нахақ ғайбаттап сөйлесең, күндердің күні болғанда өзіңе болмаса ұрпағыңа кесірің тиюі мүмкін. Нағыз ақынның сырт келбеті,  жүріс-тұрысы жәй пендеден аса айрықша болмаса да оның ішкі сарайында, жан-дүниесінде, мінезінде әйтеуір бір ерекшелік бар екені рас. Шын ақын тек жүректен шыққан сөзін айтуы керек.

Несін айтасыз, бүгінде өнер атаулы саудаға түсіп, қалтасы қалың демеуші тапқан дүмше әнші, дүмше сазгерлер дүмше өлеңшілер салтанатты сахналарда сайран салып, қолдаушысы, қаржысы жоқ нағыз дарын иелері жетім баланың күйін кешіп жүрген заман туып тұрғанын Алладан да, адамнан да жасыра алмайсың. Бүгінгі айтысты сол саудампаздықтың бел ортасынан көретінімізді де жасыру тағы да мүмкін емес. Рас, айтысшылардың ішінде әнебір жылдардағы Шорабек Айдаров, Есенқұл, Жақыпбеков, (мархұм) Қатимолда, бүгінгі Бауыржан Қалиолла, Дәулеткерей Кәпұлы сияқты ақиқатты көзге шұқып, маңдайға нұқып, өмірдің кейде балдай нәрлі, кейде запырандай зәрлі шақтарын, ел басқарып жүрмін дейтін шонжарлардың көрегендігі мен көргенсіздігін әрі шұрайлы, әрі шырайлы, өткір де төкпе тілмен төгілте жырлайтын жампоздары да жоқ емес. Бірақ біз бүгін мысал ретінде келтірген  Парижде болған, не дұрыстап домбыра тарта алмайтын, не асқақтаған, не сыңғырлаған даусы жоқ, айтып отырған өлеңінде не поэзияға тән әдемі теңеу, не терең ой жоқ, әйтеуір «меценаттар», «өңшең аттар», «деген ат бар», «көп алады», «домалағы» деген сияқты қырық жамау сөзді, жаттап алған жолдарды қайталау сияқты айтыстарды айтыс деу ұлттық өнерге қиянат демеске лаж жоқ. Қорыта айтсақ, бүгінгі өткізіліп жүрген айтыстардың өнерден гөрі бизнестік, жеке адамдардың күнкөрісіне деген салмағы басымдау  деген ой көлденең тұрады да қояды. Біздің ешкімге «бес бересі, алты аласымыз» жоқ. Тек халқымыздың қасиетті рухани қазынасын, оның ішінде айтыс сияқты киелі өнерді біреулер «айтыстың атасы» дегеніне ұялмайтын Жүрсін Ерманның, кейбір дүмше өлеңшілердің, «ауылы» поэзиядан алыс жатқан актер  «төрешінің» тәп-тәуір күнкөрісіне айналып, ұлттық поэзияны соншалықты құлдыратып жібергені жанға батады.

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

11 пікір