Сенбі, 27 Сәуір 2024
3043 0 пікір 3 Қыркүйек, 2019 сағат 14:30

Жаңадан сайланған сенат депутаттарының үшеуі - әйел

Өткен айда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Жарлығымен Бірғаным Әйтімова бастаған бірқатар сенат депутаттары өз өкілеттіктерін тоқтатқан болатын. Олардың орнына жаңа сенаторлар тағайындалып,  біраз талқыға түскен еді. Айта кетерлігі - жаңадан сайланған сенаттың сегіз депутатының үшеуі әйелдер.

Ол – Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева. Мемлекет және қоғам қайраткері. Тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы. 2006-2007 жылдары “НұрОтан” партиясы төрағасының орынбасары болды.Одан соң мәжіліс депутаты болып сайланды. Кейіннен Қазақстан Премьер  министрінің орынбасары сынды лауазымды қызметтер атқарды.

Екінші сенат депутаты – Ләззат Жаңылысқызы Сүлейменова. Мамандығы - экономист-менеджер. 1997 жылдан Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің  жетекші маманы болды. 2003жылдан бері ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, бірнеше медальдармен марапатталған.

Дана Өмірбайқызы Нұржігіт – мамандығы – музыкант. Телевизия саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол хабар арнасында “Хабар”  арнасында 17 жылдан астам қызмет еткен. Бүгінде ол көпшілікке “Дара жол” бағдарламасы арқылы кеңінен таымал болды.

Ал, 2-қыркүйек күні Парламент Сенатының алтыншы шақырылымдағы бесінші сессиясының бірінші отырысында жоғары палата депутаттары жасырын дауыс беру арқылы бірауыздан Дариға Назарбаеваны Сенат Төрағалығына сайлады.

Дариға Назарбаеваның кандидатурасын Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының атынан сөз сөйледі.

-Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы лауазымына Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваны сайлауды сұраймын, - делінген Президенттің сөзінде.

Ал, Дариға Нұрсұлтанқызы өзіне сенім білдіргендерге алғысын айтып, бар тәжірибесі мен білімін Отан игілігі үшін жұмсайтынын айтты.

-Маған сенім білдіріп қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет. Бұл мен үшін зор мәртебе және үлкен жауапкершілік. Қазақстан Республикасы Парламентінің жоғарғы палатасының басшысы ретінде мен сүйікті Отанымыздың гүлденуі үшін бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді жұмсаймын, - деді Дариға Назарбаева.

Ал, өз кезегінде Дариға Нұрсұлтанқызы Бірғаным Сарықызы Әйтімованың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, зор құрметпен шығарып салды.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Бірғаным Сарықызының Тәуелсіз мемлекетіміздің сыртқы саясатының қалыптасып нығаюына 14 жыл Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде қажырлы еңбек еткенін атап өтті. Қазақстанның сыртқы саясатын жүргізіп, бірқатар елдермен, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастықты нығайтқанын жеткізді.

-Премьер-Министрдің орынбасары, министр, Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі, екі мәрте Сенат депутаты болып тағайындалғаныңыз Елбасының жоғары сеніміне ие болғаныңыздың айқын дәлелі,-деді Дариға Назарбаева.

Сонымен қатар, Дариға Нұрсұлтанқызы Бірғаным Әйтімованың білім және ғылым, балалар мен жастар, әлеуметтік, еңбек, мәдени, денсаулық сақтау салаларының дамуына сіңірген еңбегіне де тоқталды. Комитет төрайымы ретінде әр заң жобасын қарауда сындарлы пікірін білдіріп, өзекті мәселелердің нақты шешімдерін ұсынғанын айтты.

-Бірғаным Сарықызы Отанымызға адал қызмет етіп келе жатқан, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп  айтатын ер мінезді мемлекетшіл тұлға екендігі аян. Сіздің қарапайымдылығыңыз бен ақ көңіліңіз, алдыңызға келген кез келген адамға қол үшін беруге әзір тұратыныңыз ерекше құрметке лайық. Отанымызға, Сенатқа сіңірген еңбегіңізге мың да бір алғыс,-деді Дариға Назарбаева.

Ал, жаңа сенатор Дана Нұржігіт Парламенттегі алғашқы жұмысы туралы ойымен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Онда ол - Қазақстан Республикасы Парламентінің бірлескен отырысында жарияланған Президент жолдауы, Ант қабылдау рәсімі, Комитеттің алғашқы отырысы жайында айтты.

Айта кетейік, Дана Өмірбайқызы "Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік" комитетінің мүшесі болды. Аталған комитет  -  мемлекеттің өзге елдермен қатынасын, еліміздің қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы проблемаларын және осы мәселелерге қатысты заң жобаларын қарастырады.
Сонымен қатар ол Президент Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Халыққа жолдауы жайлы айта келіп Президенттің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы айтып өтті.

-2015 жылы 13 000 мың оқырманнан басталғаннан инста-парақшамды бүгінде жарты миллионнан астам адам оқиды екен! Біздің диалог жалғасады. Қасым-Жомарт Кемелұлын залда тыңдап отырып, жолдаудың кей тұстарын өзімнің қойын дәптеріме түртіп алған едім. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес енді сенат депутаты ретінде мен сіздерді диалогқа шақырамын! Менің қойын дәптерімдегі жолдау тезистерінің кейбіреуін келтірейін:
1. Билік пен қоғам арасындағы диалог;
2. Шағын және орта бизнесті дамыту. Табысқа салынатын салықтан үш жылға босатуды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету;
3. Әуе тасымалдаушылардың билеттер құнының қымбат болу себебін анықтап реттеу;
4. Үкімет пен Парламент жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту бағытында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу. Әрине,Президент жолдауында көптеген басқа да өзекті мәселелер қамтылды. Дегенмен, сіздің қосарыңыз бар ма
?,- деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қалай десекте, жаңадан сайланған сенат депутаттарының арасында әйел адамдардың болуы еліміздің гендерлік саясат, яғни, әйел адамдардың әр салада еңбек етуіне, олардың саясат пен экономика сынды маңызды салаларда қызмет етуіне барлық жағдай жасалғанын аңғартса керек. Ал, алдағы уақытта  да билік өкілдерінің халықпен диалог орнатуға бағытталған жұмыстары оң нәтиже береді деп сенеміз.

Түйін. Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның дамуындағы нәзік жандылардың баға жетпес рөлі туралы үнемі айтып келеді. Елбасының айтуынша, бүгінде қоғамның әр саласында қызмет ететін мемлекет қызметшілерінің жартысынан астамы әйел адамдар екенін айтып келеді. Яғни, бүгінгі таңда, әлемде қалыптасып дамып келе жатқан гендерлік саясат біздің қоғамда да айтарлықтай үлкен ықпалға ие болған.

Аталған саясаттың елімізде кең қанат жаюы үшін Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып келеді. Және жыл сайын елімізде бала туу көрсеткіші өсіп, сәйкесінше жаңа туған нәрестеге тағайындалатын жәрдемақы көлемі де ұлғайып келеді. Яғни, жыл сайын ана мен балаға көрсетілетін мемлекеттік көмектің көлемі артқаны байқалады. Елбасының бұл саясаты алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Ал, саясаттағы нәзік жандылардың биліктің биік мінберіне шығып, ел өміріне қатысты маңызды шешімдер қабылдай алуы – еліміздегі гендерлік саясаттың оң ықпал етіп жатқаны сөзсіз.

Сондықтан, жаңа тағайындалған Дариға Нұрсұлтанқызы бастаған сенаттағы әйел адамдардың алдағы уақытта ел мүдесі үшін оң шешімдер қабылдап, халықтың үмітін ақтайды деп сенеміз!

Abai.kz

0 пікір