Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
2850 0 пікір 13 Тамыз, 2019 сағат 15:28

Дана Нұржігіт: Халыққа барынша жақын адам болғым келеді

12-тамыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт Қазақстан Республикасы Парламент сенатының депутаты болып тағайындалды. Бұл еліміздегі нәзік жандылардың әр салада кәсби тұрғыда шыңдалуына мемлекет тарапынан үлкен қолдау болып отырғанының бір көрінісі.

Осы уақытқа дейін көпшілікке көгілдір экран арқылы танылған Дана Нұржігіттің депутат болып сайлануы көптеген қордаланған ұлттық мәселелердің шешімін табуға жасалған бір қадам деп санауға болатын сияқты. Себебі ол осы уақытқа дейін әртүрлі әлеуметтік, интеллектуалдық хабарларды жүргізді. Ал, соңғы жылдары Қазақстан телеарнасынан көрсетілген “Дара жол” хабары көрермен қауымды ұлтқа еңбегі сіңген талай тұлғалардың өмір жолымен таныстырды. Көпшіліктің көзайымына айналған атлмыш бағдарламада академик Асқар Жұмаділдаевтың, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың, актер Асанәлі Әшімовтың тағы басқа көптеген ұлтқа еңбегі сіңген тұлғалардың тағдыр жолдары таспаланды. Сондықтан мұндай хабарды жүргізген Дана Нұржігіттің де ұлттық мәселелерге бей-жай қарамайды деген пікірлер де айтылды.

Ал, Мемлекет басшысының бұл тағайындауы туралы Дана Нұржігіттің өзі де әлеуметтік желі арқылы оқырмандарымен бөлісті. Дана ханымның айтуынша, көпшіліктің көзайымына айналған Дара жол хабары тоқтамайды.

-Қадірлі оқырмандарым,қымбатты отандастар! Маған жолдаған құттықтауларыңызды оқып отырмын.Көп рақмет! Президент Жарлығымен маған жүктелген міндеттің мәртебесі қаншалықты биік болса,салмағы атан түйеге жүк боларлық соншалықты ауыр екенін жіті түсініп отырмын. Халық аманатын көтеріп,көптің үмітін ақтау енді біздің буынға жүктеліп отыр.Арық сөйлеп,семіз шықсын деймін... Қал -қауқарымша адал еңбек етіп, ел өмірінен ажырамай,кабинет қызметкері емес,халық қызметшісі болуға ұмтыламын.Оны айтып отырған себебім: "Dara jol" хабары тоқтамайды.Сол жердегі кездесулер,үлгі тұтар тұлғалардың ақылы,тәжірибесі,кеңесі халық пен заман тынысын, тіршілік тамырының соғысын сезінуге айтарлықтай септігін тигізері анық. Батаңызды беріп,ақыл қосқан баршаларыңызға алғыс айтамын! Алла абырой берсін деймін...
Зор құрметпен:
Дана Нұржігіт
,- деп жазды.

Дана Нұржігіттің сөзінен ұққанымыз – ол халықпен етене байланысын үзбейді. Өз сөзімен айтқанда, кабинет қызметкері емес, халық қызметшісі болуға ұмтылады. Әрине, мұндай халықтың арасынан шыққан адамдардың жоғары билікке баруы көңіл қуантады. Себебі, олар халықтың жай-күйімен, жағдайымен етене таныс.

Ал, Парламент Сенатының депутаты болып тағайындаатынын Дана ханымның өзі де аз күн қалғанда білген.

-Шынымды айтсам, мен бұл тағайындау туралы бірнеше күн бұрын ғана білдім. Бұл мен үщін үлкен тосын сый болғанын жасыра алмаймын. Бұл тағайындаудан бұрын менің осы уақытқа дейін жасаған жұмыстарым талданып, сараланған деп ойлаймын. Әрине, аздап қорқынышты. Себебі, қайталап айтайын, бұл – үлкен жауапкершілік, биік мәртебе. Сондықтан халыққа айтқан әр сөздің маңызы бар, -дейді оның өзі.

Сонымен қатар, ол саясатқа біржола бетбұруы әлі де күмәнді екенін айтады.

-Мен де әлеуметтік желінің қолданушысымын. Барлығымыз үйде отырғанда оны қалай істейтінімізді білеміз. Сондай-ақ, сізге бір істі жасауға мүмкіндік бергенде әуелі көріңіз, жасаңыз дейді. Сосын барып сіз нақты іске кірісесіз. Сол сияқты, мен әлі де нақты бұл туралы шешім қабылдаған жоқпын. Бірақ, соғыс жоспарды көрсетеді, -деді.

Ал, депутат ретінде нақты қандай мәселелерді көтересіз деген сауалдарға Дана Нұржігіт білім саласы мен көпбалалы аналар мәселесін күнтәртібіне қоюды жоспарлап отырған көрінеді.

-Мен анамын. Сондықтан қазіргі білім жүйесінде не болып жатқанын жақсы білемін. Сонымен қатар, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы жайы мен толық емес отбасылардың және тұрғын үй бағдарламасы туралы жағдайлардың қандай екенін білемін. Әрине, ел игілігі үшін жасауға тиіс істер шаш етектен, - дейді ол.

Тағы баса айтатын бір дүние – депутаттық креслоға отырса да, телеарнадағы тележүргізушілік жұмысы жалғаса береді.

-Мен кабинеттік шенеунік болғым келмейді. Халыққа барынша жақын адам болғым келеді. Бұған кәсіби қызметімді тоқтатпауым жәрдемдеспек. Бұл заңға қайшы келмейді. Яғни, менің ел алдына шығуым, адамдар арасында болуым, әр қаладағы іссапарларым, журналистік қызметім, мені ұйқыға кетуге мүмкіндік бермейді. Мен көп нәрсені сезініп, импульсті қолыммен ұстаймын. Бұл бағытта сөзсіз халықпен тікелей кездесулер болады. Бұл менің депутаттық қызметіме жәрдемдеседі деп ойлаймын,- дейді Дана Нұржігіт.

Айта кетейік, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен сенаторлар Бірғаным Сарықызы Әйтімованың, Асқар Асанұлы Бейсенбаевтың, Дулат Рашитұлы Қосдәулетовтың, Георгий Владимирович Кимнің, Сергей Николоевич Громовтың, Рашид Төлеутайұлы Түсіпбектовтың депутаттық өкілеттіктері тоқтатылды.

Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына Дана Нұржігіттен бөлек, Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева, Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед, Ләззат Жаңылысқызы Сүлеймен, Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп, Қанатбек Бейсенбекұлы Сафинов, Андрей Иванович Лукин сынды бірқатар азаматтар тағайындалды.

Байқағанымыздай, сенат депутаттығына тағайындалған жеті адамның үшеуі әйел адамдар. Демек, нәзік жандылардың саясат сахнасындағы беделі мен абыройы уақыт өткен сайын артып келеді деген сөз. Өйткені олар да ерлермен иық тірестіре жүріп, қоғамдық ұлттық мәселелерді биік мінберлерден көтеруде батылдық таныта алады. Одан бөлек, әр салада жемісті қызмет атқарып жүрген министр, әр аймақтағы әкімдермен түрлі шенді қызметтерде де осы әйел адамдардың салмағы артып келеді. Халықтың НұрОтан партиясының да тең жарымынан астамы нәзік жандылар. Демек, еліміздегі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналған Елбасының гендерлік саясат тұжырымдамасы қоғамда оң нәтиже беріп келеді деген сөз. Бұған толық негіз бар.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2169
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2571
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2450
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1672