Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2227 0 пікір 21 Шілде, 2011 сағат 06:03

Мұхан Исахан. Қазақстан кәпірстан емес...

 

 

Саратанның сартап ыстығы күшіне мінісімен сайтан да уасуасасын күшейте түсіп, содырлар қалың бұқараны қайғыға батырып, сары уайымға салды. Желіккен уахапшы жастар шатақ шығарып, тәртіпке шақырған сақшыларды жер жастандырып, ат төбеліндей аз ғана топ Ақтөбені атыс-шабыс алаңына айналдырды. Тақауда ғана келіп кеткен ҚМДБ-ның өкіл имамының асқынған індетке дәстүрлі ислам құндылықтарымен ем-дом жасамақ әрекеті, әбден ауру меңдеген содырлардың сойыл көтеруіне себепші болды. Күлбілтелемей турасына көшсек, әншейінде «мемлекет түзіміне бағыну уәжіп» деп алдауқыратып, уәж айтатын уахапшылар бұл жолы өздерінің шынайы құбыжық бейнесін жасырып қала алмады. Жандайшаптар осы күнге дейін мемлекет мұнайын ұрлаумен нәпақасын айырып, «кәпірдің қаны мен мүлкі адал» деген уахапшылардың пәтуасын жартылай орындап келсе, енді, міне шіміркпестен адам өлтіріп, діни негізі жартыкеш жабайы үкімді толық жүзеге асырып отыр. Тіпті, мұнысымен қоймай даңдайсыған содырлар «Жаңа жол» құбырын жарып жібереміз», «Ақтөбені бөліп әкетіп, халифат құрамыз» деп билікке текекөзденіп, сес көрсетті. Бұрын еліміздегі діни экстремизм ұшқынын көріп «рухани бірлігімізге жарықшақ түсетін болды» деп алаңдаушы едік. Ал, өткен жылдан бергі үсті-үстіне болған сепаратистік сипаттағы жарылыстар біздің «қасиетті дініміздің атын жамылған содырлар мемлекетіміздің біртұтастығына сына қағып, отанымызды ойран еткелі тұр» дабыл қағуымызға негіз болып отыр. Тәңір-Тағала жар болса, сойқанның салдарын да жоярмыз-ау. Бірақ, тамыр жайып кеткен дерттен құлан-таза айығу үшін не істеуіміз керек?

Жалпы, уахапшылардың лаң тудыруына, олардың Қазақстанды кәпірстан санауы (Құдай сақтасын) түрткі болуда. Уахабизм ілімінде Алланың түсірген үкімдері тұрғанда, адамның шығарған заңына мойынсұну, шірктің шіркі саналады. Уахапшылар мұндай мемлекетке қарсы бүлік жасауды «жихад» деп түсінеді. Рас, Алаш елінің низам жүйесі дін негіздерінен тұрмайды. Бірақ, еліміздің Атазаңында діни-сенім бостандығы паш етілген. Яғни, діни рәсімдердің жүзеге асырылуы, қоғам мүддесіне қайшы келмесе, мемлекет оған тосқауыл болмайды. Задында, ортодоксалды (діни-уасит) ислам бойынша шариғат үкімінің орындалуын қамтамасыз ететін мемлекет «дарул ислам» (ислам мемлекеті) деп аталады. Ал, дін негіздерін терістейтін немесе діни рәсімдердің орындалуына құқықтық тұрғыдан бөгеу қоятын мемлекет - «дарул һарб» (кәпір мемлекеті) деп қарастырылады. Бұдан өзге жоғары саяси ұйымның ұстындары дінге негізделмегенімен, бірақ, діни рәсімдердің орындалуына рұқсат беретін мемлекетті «дәрул сулх» немесе «дарул аһд» (дінге келісім беру) деп атаймыз. Қазіргі біздің зайырлы елімізді осы «дәрул сулх» дәрежесіндегі мемлекет қатарына жатқызуға болады. «Дәрул сулх» институты діни рәсімдердің жүзеге асуына рұқсат бергендіктен, Ханафия мазхабының ғұламалары мұндай мемлекеттің қабылдаған заңдарына мойынсұнуды міндетті деп есептейді.

Демек, діни рәсімдердің қоғамдық құндылыққа айналуына мүмкіндік беріп отырған Қазақстан кәпірстан емес. Зайырлы елдің заңына мойынсұнуы да Аллаға серік қосқандық саналмайды. Сондай-ақ, Ханафия ғұламаларының берген пәтуасы бойынша «жихад» жасауға тек мемлекет ғана байлам жасай алады. Сондықтан, уахапшылардың содырлық әрекеті сауапты іс емес, керісінше, адасқан үстіне адасқандық, күнәнің үстіне күнә жамау деген сөз.

Айтпақшы, соңғы жылдары уахапшылардың бір бөлігі өздеріне «қалыпты салафиттер» деген айдар тағып, алаш баласын алдауқыратып, қазақ қоғамына сынамалап ене беруді көздеп отыр. Жыртқыштардың ішінде жемтігіне айласыз ұмтылатын аңқауы да, аңысын аңдып, қыбын тауып барып, бас салатын әккісі де кезігетіні белгілі. «Қалыпты салафиттердің» қазіргі алпыс айлалы әрекеті, сол әккі жыртқышты еске салады. Яғни, дұрысы, әзірше тақия жасап, бүлік шығаруға оңтайлы сәтті күтіп жүрген уахапшыларды «қалыпты салафиттер» емес, бір саусағы бүгулі «әккі салафиттер» деп атағанымыз жөн сияқты. Сайып келгенде айтпағымыз, Алла-Тағала алаш жұртына жақсы мен жаманды айырып, дұшпанының аңқауы мен айлалысын ажырата білуді жазсын деп тілейміз!

«Қазақстан-Заман» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1958
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2260
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1857
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1550