Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2759 0 пікір 8 Шілде, 2011 сағат 15:24

Қиянатқа қарсылық

Елбасы Н.Назарбаев: «Біздің ең бас­ты құндылығымыз - ол Отанымыз, тәуелсіз Қазақ­стан!» деп үнемі айтудан танған емес. Оның бас­ты себебі бүгінгі жағдайымызға оңай жетпегендігімізден деп ойлаймыз. Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық кезеңі артта қалып барады. Тарихымызды жазуға да еркіндік туды. Тәуелсіздігіміз ұлттық санамыздың оянуына түрткі болды. Бұл тәуелсіздікті бізге біреу бере салған жоқ. Ол - сан ғасырлар бойғы ата-бабаларымыздың осы жолдағы қанды шайқастарының, шындық жолында шыңғырған айтыстарының нәтижесі. Танымал ғалым, академик, көрнекті көсемсөз шебері М.Қозыбаевтың тілімен айтсақ: «Тәуелсіздік жолы - ұзақ жол, ғасырлық жол, ол - ата-бабаларымыз­дың жолы, ерлік жолы».
Қазақ тарихындағы ұлтымыз­дың тәуелсіз болу жолындағы күресі - өзіндік мәнімен, ерекшелігімен, еркімен таныла­тын, мойындалатын өмір шындығы. Ел бостандығы жолын­дағы халықтың таңдауына сол жолдағы күрес шын­дығын жеке бір саяси күштердің немесе жекелеген адамдардың мүдделері үшін боямалап баға беруге болмайды. Шындық түбі бір ашылатыны анық. Нағыз тәуелсіз тарих - шындық! Өйткені Қазақстан тарихы - әр замандағы әлем тарихының бір көрінісі, болмысы. НАРАЗЫЛЫҚ

Елбасы Н.Назарбаев: «Біздің ең бас­ты құндылығымыз - ол Отанымыз, тәуелсіз Қазақ­стан!» деп үнемі айтудан танған емес. Оның бас­ты себебі бүгінгі жағдайымызға оңай жетпегендігімізден деп ойлаймыз. Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық кезеңі артта қалып барады. Тарихымызды жазуға да еркіндік туды. Тәуелсіздігіміз ұлттық санамыздың оянуына түрткі болды. Бұл тәуелсіздікті бізге біреу бере салған жоқ. Ол - сан ғасырлар бойғы ата-бабаларымыздың осы жолдағы қанды шайқастарының, шындық жолында шыңғырған айтыстарының нәтижесі. Танымал ғалым, академик, көрнекті көсемсөз шебері М.Қозыбаевтың тілімен айтсақ: «Тәуелсіздік жолы - ұзақ жол, ғасырлық жол, ол - ата-бабаларымыз­дың жолы, ерлік жолы».
Қазақ тарихындағы ұлтымыз­дың тәуелсіз болу жолындағы күресі - өзіндік мәнімен, ерекшелігімен, еркімен таныла­тын, мойындалатын өмір шындығы. Ел бостандығы жолын­дағы халықтың таңдауына сол жолдағы күрес шын­дығын жеке бір саяси күштердің немесе жекелеген адамдардың мүдделері үшін боямалап баға беруге болмайды. Шындық түбі бір ашылатыны анық. Нағыз тәуелсіз тарих - шындық! Өйткені Қазақстан тарихы - әр замандағы әлем тарихының бір көрінісі, болмысы. НАРАЗЫЛЫҚ

Қазақстан егеменді ел ретінде әлемдік өркениеттен өз орнын тауып, қоғамдық өмірді демократияландыру­ды қолға алғаннан бастап ұлттық тарихы­мызға жаңадан талдауға жол салынды. Кеңестік отарлық саясат кезінде бұрмалаушылыққа тап болған еліміздің бұралаң тағдырына шолу жасасақ, көз алдымызға ең бірінші 30-жылдар зобалаңы оралады.
Сонау «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан да асып түскен, ауыл шаруашылығындағы экономикалық қатынастарды саяси төтенше сталиндік-голощекиндік шаралармен алмастыру оқиғасы - айтар ауызға оңай болғанымен, тереңіне құрық бойлатпас ұлттық сорымыз. Тұтас бір халықтың тарихи даму үдерісінде этникалық факторды, халықтың болмысы мен табиғатын жоққа шығарушылық немесе таптық қағидаға бағынышты деп қараудың нәтижесінде көптеген оқиғалардың көлеңкелі жағы көрсетілмей, кейбірі тарихи оқиғалар қатарына енбей қалды.
Қазақ даласында Кеңес өкіметінің күш­пен жүргізген «асыра сілтеу болма­сын, аша тұяқ қалмасын» ұраны­ның нәтижелері халықтың ашық нара­зы­лығын тудырмай қоймады.
1929-32 жылдары Қазақ елінде жүргізілген осындай күштеп ұжымдас­тыруға қарсы 372 наразылықтар мен бас көтерулер болып өтті. 1929 жылдары наразылықтар жекелеген аудандарда басталып, 1930 жылы жаппай қозғалысқа ұласты. Қозғалыстардың өршуі 1930 жылы 1 ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолдармен қайта құруды нығайту және кулактармен күресу шаралары туралы» деген қаулысымен тікелей байланысты болды. Бұл тек қана ұжымдастыру қиянатына қарсылық емес, оның негізінде азаттық аңсаған ұлттың жанайқайы тұр еді.
Ауыл шаруашылығын кеңестен­дірудің зорлығына қарсы көтерілістер туралы мұрағат құжаттарымен танысу кезінде қолына таяқ ұстап, аузынан оқты қарша боратқан пулеметке қарсы тұрған ерліктің негізінде не тұр деп, әлде қазақи аңғалдық па деп те ойлайсың?
Осы орайда Мұхтар Әуезовтің «ерлік» туралы орамды тұжырымы еске түседі. Ғұлама ғалым «ерлік - бірдің үлгісі емес, бардың үлгісі, осы ерлік жайшылықта күнде сыналып, сәт са­йын сарапқа түсе бермейді. Ер екені белгісіз кәдімгі көптің бірі боп жүрген адам күндердің бір күніне жетеді де, қатарынан қара үзіп, самғап ұшады, көп ішінен көлбең етеді де, жарқ беріп, бір-ақ бой көрсетеді. Мұны осылай ететін - өзгеше күндер, көпке жайылған өзгеше күйлер», - деген екен.
Қалай десек те, әлемдік өркениетте Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейін аралықта мемлекет құрудың үлгісін көрсеткен, Ұлы Дала атты елімізді жаудан қорғаған бабаларымыздың ғасырдан-ғасырға ұласып келе жатқан қаһармандық қасиеті ерлерін тағы да азаттық жолына бастады. Оның басты себебі - ата-баба салтында патриоттық рухты қалыптастыру, оны жоғары ұстау дәстүрі мықты болды. Сонау Едіге, Алпамыс, Қобыланды, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Кенесары, Жанқожа, Бұқарбай, т.б. мыңдаған батыр бабалар рухы әрқашанда ел басына күн түскенде қайта жаңғырып оты­ратыны анық. Сондықтан да «Ешкім іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен, көрген тәрбиеге байланыс­ты қалыптасады» деп Батыр Бауыржан Момышұлы тегін айтпаса керек.
Түркі халықтарының көсемі М.Шоқай бұл көтерілістердің себебін «Түркістандағы орыс боль­шевиктерінің әдеттен тыс езуі мен қанауы, қатыгездігі болып отыр», «...олар қызыл орыстардың ауыр тепкісіне тұншыққандықтан... жатып өлгенше, атып өлмекке бел байлап... қолға түскен қаруларын алып көтеріліске шығуда» деп сол кезде дәл айтқанын қазір уақыт дәлелдеуде.
Осындай себептен туындаған бұрын­ғы Қызылорда округіндегі «Ақмырза ахун бастаған наразылық», «Қарақұм қоз­ғалысы», «Қазалы немесе Асандар көтерілісі» деген шартты аттармен бел­гілі т.б. билікке наразылықтар - қазақ­тардың ұзақ жылдар бойы жүргізген ұлт-азаттық қозғалыстарының бір кезеңі.
Бұндай тұжырымды алғаш рет Қазақ­стан Республикасының Ұлттық Ғылым ака­демия­сы­ның академигі М.Қозыбаев ке­зінде қазақ халқының үлт-азаттық қозғалысын жеті кезеңге бөліп, «жетін­ші кезең 1917 жылы Ақпан және Қазан ре­волюциясы, азаматтық қарама-қар­сы кезінде дамыды да, күшпен ұжым­дастыру кезіндегі 370-тен астам шаруалар қарсылығының жеңілісімен аяқталды», - деп 1990 жылы жазған болатын.
Бұл толқулардың басталуына ауыл­ды кеңестендіру кезінде сол тұста БКП (б)-ның Қазақ Өлкелік комитетін басқарған Ф.Голощекиннің ұлттық идеяларымызға қарсы мақсаттары сылтау болды.
Халықтың билікке ашық қарсы­лығы­ның себептерінің негізгі көріністерінен фак­тілер келтіруіміз қажет деп ойлаймыз.
1926 жылы Өлкелік партия өкіме­тінің 2-пленумында Голощекин мәлім­демесінен кейін ауылда "Кіші Қазан" төң­керісін жүргізу басталады. Бұл шара бірнеше кезеңнен - байлардың мал-мүлкін тәркілеу, жер аудару, тап ретінде жою арқылы жаппай ұжымдастыруға жеткізуден тұрады.
Қызылорда аймағында тәркілеу науқаны 1928 жылы қыркүйек айының бас кезінде-ақ жүргізіле бастады. Алғашқы тәркіленетін байлардың және олардың малының саны Қазалы ауданында шамамен 7 адам және 2920 бас мал болған. Бұл сол кездегі сегіз ауданның ішінде адам мен мал санының ең көбі еді. "Бұл аймақта байларды тәркілейді" деген хабардан кейін тәркілеуден құтылу үшін жергілікті байлар малдарын айдап, өз ауылдарынан 1000 шақырымға құм арасына көшіп кеткен. Осыдан кейін малдарын туысқандарына үлестіріп беру, көрші республикаларға көшіп кету байқалған. Мысалы, Қазалы ауданындағы "Қарақұм " маңының байлары жедел қарқынмен Бұхара, Хиуа, Самарқанға көшіп кетеді. Ал бастапқы белгіленген 7 адамның орнына 10-нан аса адам бірінші тізіммен тәркіленіп, Адай өңіріне жер аударылған.
Келесі кезең - қайта-қайта салық салу 1927 жылғы жұттан есін толық жия қоймаған халыққа өте ауыр тиді. Өкімет басшылары ұсақ меншікті қожалықтарға келесі салық түрлерін белгіледі: жеке салық, өзіндік салық, бір жолғы са­лық. Сонымен қатар егістік жерлер мен мал басын міндетті сақтандыру төлем­дері, әртүрлі заемдар, төлемдер ұжым­дық шаруашылық құрудың күштеу құрал­дарына айналды. Көшіп кеткен байлар қожалықтарының салығын елде қалған орташалар мен кедейлерге бөліп салды.
Ауданның өкілдері ауылдарға келіп: "ұжымға кірмегендерге артық салық салынады, мүлкі тәркіленеді", - деп үрей таратумен болады. Қазалы ауданының 20 ауылында өкіл шаруаларға Қызылқұмға жайлауға шығуға тыйым салып, арнайы бригада жіберіп, 92 мал шаруашылығын Сыр бойына көшіріп, егін егуге күштеген. Салынған салық мөлшерін орындамаған адамдардың төбесіне мұздай су құю, «тәркіленесің» деп қорқыту, т.б. жазалар қолданылды.
Астық салығымен бірге шикізат салықтары кезінде зорлап күштеу қысты күні қой қырқуға мәжбүр етсе, кейбір ауылдарда жылқылардың жалдары мен құрықтарын қырықтырған. Екінші бір ауылдарда бір қойдан бір пұт (16 килограмнан астам) жүн салық салынған кездер де болған. Ауылда шикізат жинау үш рет жүргізіліп, ақыр соңында жүн салығын орындау үшін жұрт үйлеріндегі көрпелерін сөгуге, киіздерін қайта түтуге дейін барды. Аудандық атқару комитетінің төрағасы "өзім білемінге", бір ауылдың барлық малдарын тартып алған.
Өкіметтің қолдан ұйымдастырған нау­қандары кезінде сот, прокуратура қызметкерлері астық дайындау өкіл­дерінің қолшоқпарларына айналды.
Көп жерлерде соттар өкілдер ретін­де жергілікті жерлерге жіберіліп, жауап­кершілігі округтік комитет дайындаған кісілерге жүктелді. Олардың көбісін округтік соттың өзі де білмейтін. Таза бланкілерге қол қойылып, мөр басылып, тағайындалған жерлерінде соттың аты-жөні толтырылады. Прокуратура қызметкерлерін басқа іс-шараларға пайдалану заңдылықтың бұзылуына себепші болды.
30-жылдың қыс-көктем айларында тұқым, астық салықтары шектен шықты. Жоғарыдан түскен қаулыларды мүлтіксіз орындап үйренген жергілікті «шолақ белсенділер» жұмысты «жандандыру» мақсатында түрлі әдістер ойлап тапты. Орта шаруашылығы бар адамдарды қыстыгүні шешіндіріп, салқын ұраларға қамауда ұстады. Астықты, малды жасырдың деп қыл бұрау салу да болды.
Қамалудан, тәркілеуге ұшыраудан қорыққан шаруалар малдарымен қоса есек, иттерді өлтіріп, сүйектерін өткізуге мәжбүр болды. Ет, астық салықтарын орындау үшін малдарды сойып сатушылар «Малды қаскүнемдікпен со­йып тастауға қарсы күрес шаралары туралы» (1930, қаңтар) қаулы арқылы қуғын-сүргінге ұшырады. Бұндай қылмыскерлерді табу үшін бір жыл бұрын қанша малы болғанын, қазір қанша екендігін сұрап алу жеткілікті еді. Мал басы кем шыққан жағдайда анық-қанығына көз жеткізбестен қатаң жауапқа тартылды.
Шаруаларды ұжымдарға бірік­тірудің еркіндік қағидасының сақталмауы, ұжым меншігіне күнкөріс малдарымен қатар тауыққа дейін тартылуы әрбір отбасының аштыққа ұрынуына әкелді.
Ғасырлар бойы діни ағыммен сіңген дәстүрлермен күресу көтерілістің әлеуметтік ағымының кеңеюіне әкеліп соқты. Діни көзқарастарына байланысты адамдарды бай-кедей деп бөлуге болмайтындығымен Кеңес өкіметі санаспады. Дінге қарсы шабуыл кезінде мешіттер тұқым сақтайтын қоймаларға, кеңсеге, «қылмыстылар» қамайтын үйлерге, т.б. айналдырылды. Сөйтіп, адамдардың діни сенімдері аяққа тапталды. Қазалы аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Қайнарбаев дінге сенушілерге салық салу арқылы діни сенімді жоюды ойлап шығарды. Мысалы, № 19 ауылдың тұрғыны Жәмкеге «сопы» деген аты үшін және 2 ат, 1 сиырына 112 астық салығы салынды.
Осында қанқұйлылық саясаттан зәрезап болған қазақтар 1916 жылғы көтерілістен кейін қайта атқа қонды. «Коммунистер жойылсын!», «Дін бостандығы берілсін!», «Дінді қорғайық!» ұрандарымен бас көтеруге итермеледі.

«Асан
көтерілісі»

Осындай бас көтерулердің бірі - Қазалы ауданындағы Асандар көтерілісі. Негі­зінен, Қазалы өңіріндегі шаруалар қар­сылықтарының қолына қару алып ұйым­дасқан ошағы Сырдарияның сол жа­ғалауын көптеп мекендеген Асан руы­­ның ортасы болғандықтан және ел ау­зын­дағы атауға байланысты жазалау­шы органдар шартты түрде «Асандар көте­рі­лісі» деген атпен іс қозғаған. Сол ат­пен мұрағат құжаттары бізге жетіп отыр.
Бүгінге дейін қатаң құпияда ұстал­ған мұрағат деректеріне сүйенсек, көте­ріліске бет алу 1930 жылы тамыз айының басында басталған. Арал, Қазалы аудандарында малшы-кедей шаруаларға қайта-қайта үстемелей салынған ас­тық салығына шыдамаған жергілікті ха­лық ауылдарға келген өкілдерге өз көз­қарастарын ашық білдірген. Салыстырмалы түрде қарасақ, екі жыл бұрын ғана 1928 жылы бүкіл Қызылорда округі болып, 23 мың пұт астық дайындаған. Енді келіп бір ғана Қазалы ауданынан осыншама астық өндіру талап етіледі. Бұл дегенің шаруаларға артық салық салу деген сөз. Жоқтан бар жаса деп дікілдеген өкілдер Қазалы ауданының малшыларына жоспарда белгіленген 2 пұт астық орнына 8 пұт астық дайындауға мәжбүр етті.
Астық дайындау өкілі Қайыпов Нұрмаханның «Алты арық» елдімекеніне келіп, ауданнан белгіленген 23 мың пұт астық өндіруді жариялаған жиналыста Асанов Дәрмен, Қалдыбаев Бошай, Қалдыбаев Асан, Тілеулесов Әсет, Бәсімов Елдос, Мәденов Бейсенәлі, Халықов Сұлтан, Тілеулесов Байзақ, тағы басқалары астық салығына қарсы шығады. Жиналыста сөйлеген кісілер мемлекетке астық бермейміз, жоспарды қабылдамаймыз, егінді сендер үшін еккеніміз жоқ деп, асты өткізуге шақырып сөйлеген ауылдық кеңестің төрағасы Молдабаевтың сөзін бұзумен болады. Әбден көзі қарайған бірнеше кісілер өкілдерге таяқ ала ұмтылады. Жиналыста сөйлеген кісілер: «Мемлекетке астық бермейміз, жоспарды қабылдамаймыз, сендер үшін еккеніміз жоқ», - деп «Алты арық» елдімекеніндегі жиналыстың хаттамасына астық тапсыру жоспарын қабылдамайтындықтарын жаздырып, мөр басуын талап етіп, қадағалайды. Ел тарап кеткесін Қазалы милициясының бастығы Қаюпов Нұрмахан бастаған топ келесі «Қара арықта» жиналыс шақырғанымен, ол жердегі жұрт Асанов Дәрмен, Қалдыбаев Бошайлардың үгіт-насихатына ерген жұртшылық жиналысқа келмей, қарсылық білдіреді...
1930 жылы 11 тамызда №22 ауыл­дың «Қасқа» елдімекенінде Ақжан Ақмамбетовтың үйінде Әбдіхалық Иімбетов, Мұстафа Өмірбеков, Насыр Мәметеев, Арзақұн Нұрымбетов, т.б. енді көтерілу қажет деген ойға келеді. Осыдан кейін әр ауылға Кеңес өкіметінің астық тапсыру науқанына қарсылығын ұйымдастыру үшін олар өз өкілдерін жібереді. №21 ауылда Нұрымбетов, Қарақұлов, Таңатаров, Асанов, №22 ауылдан Ақмырза көтерілісіне белсене қатысушы ретінде іздеуде жүрген Сәтенов Қодырымбет, №23 ауылда Өмірбеков, Машанов, Еділқараев, №24-25 ауылдарда Қалдыбаев Бошай, Жанқұлов, Қалдыбаев Аңсаттар «Кеңес өкіметі ешкімді аямайды. Барлығын тартып алады. Мешітті құртады, дінді жояды» деген үгіт-насихат таратады.
Осы жерде имам Мақсыммен тығыз байланыста болған, бұрын аты елеусіз жүрген Қалетов Медетбай тұлғасына тоқтала кеткенді жөн қөрдік.
12 тамызда «Алты арықта», 13 тамызда «Мақпалда», 14 тамызда «Майдакөл» елдімекендерінде кедей-кепшіктерді жинап, жоғарыда аталған мәселелерді қозғайды. Тамыздағы көтеріліске өз руластарын ұйымдастыруға уәде берген ол өз сөзінде тұру үшін тоғыс руынан 100 шақты адамнан отряд құрады. Қолына түскен «қаруларымен» бұл отряд Қалетовтың басқаруындағы ұйымшылдығымен 4 қыркүйекте болған қақтығыста жазалаушы отрядтың көзіне түседі. Көтерілісшілер талабын мүмкін түсінгеннен, мүмкін қорыққаннан, не болмаса ағайынмен бірге болғысы келгеннен болар, 22-ші ауылдың партия ұйымының хатшысы Әди Ізімбетов те Кеңеске қарсы үгіт жүргізе бастайды. 12 тамызда «Алты арықтағы», 13 тамызда «Мақпалдағы», 14 тамызда «Майдакөлдегі» үгіт жүргізу кезінде «Кеңес өкіметі барлық астықты тартып алады, дінді жояды. Кімде-кім осы жолда қаза болса, жұмаққа барады» деген ұрандар көтеріледі.
Бала ахун мешітін ұстаушы, же­ргілікті аймақта елге белгілі діндар Ті­леу­мұрат Қошанов №14,17,18,19 ауыл­дарынан құралған топты бастайды.
22 тамызда «Алты арықта» болған астық дайындау науқаны туралы жиналыста Асанов, Өмірбеков, Қалдыбаевтар өкілдерді соққыға жығады. Осы оқиғадан кейін 26 тамызда Асанов Дәрмен, Қалдыбаев Аңсат, Тәкиев Бақы, Тілеубаев Жұмашты ГПУ (Мемлекеттік саяси басқарма) қызметкерлері тұтқындайды. Ауданға бет алған оларды А. Иімбетов, Н. Мәметеев, А. Қарақұлов, М.Өмірбеков бастаған үш жүздей адам қоршап, тұтқындарды күшпен босатып алады. Осыдан кейін «Алты арық» жерінде мыңға жуық адам жиналып, қолға қару ұстап, Кеңес өкіметіне қарсы көтерілуге сөз байласады.
Біршама дайындықтан кейін топ белсенділері 2 қыркүйекте «Қаншынгүл» деген жерде соңғы жиналыс өткізіп, көтеріліс басшыларын сайлайды. Көпшілік дауыспен имам Мақсым Орымбетов хан болып, оның уәзірлігіне Әбдіхалық Иімбетов сайланады. Ә.Иімбетов 37 жаста, Кеңес өкілдерінің айтуы бойынша, байлар қатарына жатқызылғанмен, иелігінде 4 ірі қара, үйі, киіз үйі болған. Имам Мақсымның діни кісі екенін ескерсек, көтеріліске негізінен ұйымдастырушылық және басшылық жасаған уәзір болуы мүмкін, себебі мұрағат құжаттарында көбінесе Иімбетовтің аты аталып, Мақсым имамның аты тек хан болып сайлағаннан кейінгі мәліметтерде ғана кездеседі.
«Егер өкімет астық талап етсе, біз қорғасын «нанмен» жауап береміз» деп шешкен «бандалар құрамасын» басу үшін алғашқыда 80 адамнан құралған ОГПУ отряды жіберіледі.
Екі жақтың алғашқы қақтығысы 1930 жылы 4 қыркүйекте Тақтакөпір елдімекенінде болған дейді мұрағат деректе­рі. Көтеріліске қатысушы Сағи­дан Үмбетовтің естелігінде келісілген уақыт­та уәделескен жерге адам қара­сы бұрынғыдан бірнеше есе көп жиналған­дығы айтылады.
Тосқауылда тұрған барлаушылар мұздай қаруланған бір топ әскердің Сырдария өзенінен Әлсейіт өткелі арқылы өтіп жатқанын хабарлайды. Сүтпісірім уақыттан кейін әскерлер келіп қалды» деген хабар шығып, іле аттандаған ұранмен халық топырлай алға ұмтыла жөнеледі. Алғашында қалың жұрттан сасыңқырап қалған отряд тез есін жиып, пулеметтен оқ жаудырып, алғашқы қатардағы оншақты адамды жайратып салады. Бұл жағдай көтеріліс басшыларын «Халық ауыр салықтарға наразы. Бас көтеру - түсініспеушілік. Халық Кеңес өкіметіне түпкілікті қарсы емес, жағдайды түсіндіруге өкіл жіберіңдер» деген ұсыныспен елші жіберуге мәжбүр етеді. Елшілер ұсынысына қызыл отряд командирлері көтеріліс басшыларын ұстап беріп, екі сағат ішінде қаруларын тастауды үзілді-кесілді талап етеді.
Шиеленіскен істің бейбіт жолмен бітпейтініне көздері жеткен көтері­лісшілер бұл талаптан бас тартады.
1930 жылы 6 қыркүйекте Қазалы стан­циясында бас штабы Алматы қа­ласында орналасқан Қазақ ұлт­тық кавалериялық дивизионы көмек­ке ке­леді. Аталған отряд Біріккен мемлекет­тік саяси басқарма отрядтарымен қосыла Сарысу, Талас, Созақ, Қарақұм, Ырғыз, кейіннен Адай, тағы басқа көтерілістерді жазалауға белсене қатысқан. Осылайша Қазақстанның партия-чекистік басшылары жергілікті халықтан құрал­ған отрядтар арқылы қазақтарға өз қолы­мен от ұстатып, көтерілістерді ба­сып-жанышқан еді. Көмекші отряд шақы­рылуына имам Мақсым басқарған қоз­ғалысқа қатысушылар саны 5000-ға жетті деген хабар себеп болғандай. Шынында да, келіп қосылушылар саны күннен-күнге көбейе түскен болатын. Қазалы ауданы­ның 21-ауылынан 160 адам ауыл­дық кеңестегі қызыл туды жұлып тастап, жақында Кеңес өкіметі жойылады деген оймен Орымбетовке келіп қосылады. Бұндай топтар «Мақпал», «Қасқа» елді­мекендерінен, Арал ауданынан да келіп, көтерілісшілер санын толықтыра түседі.
1930 жылы 6 қыркүйекте Қазақ ұлттық кавалериялық дивизионы келген күні шаруалар жазалаушыларға қарсы тағы шабуыл жасайды. Алайда 40 адамнан айырылып, оның ішінде Мақсым да бар, 14 адамы жараланған көтерілісшілер тобы бытырай кейін шегінеді. Шаруалар ауыр жағдайларына байланысты ұрысқа түскенімен, ұзақ тіресуге шамалары келмей, жан-жаққа, тіптен елден тыс жерлерге де көшуге мәжбүр болады.
Қозғалыс тарағаннан кейін төтенше органдар оларды аяусыз жазалауға кіріседі. Олар­дың ішінде көтерілісті ұйымдастырушы ретін­де 9 адам Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің атышулы 58-ші бабына сәйкес, Иімбетов Әбдіхалық, Еділқараев Қалымбет, Өмірбеков Мұстафа, Нүрекеев Пірімбет, Мәметеев Насыр, Нұрымбетов Арзақұн, Таңатаров Айжарық, Қарақұлов Әбдірахман, Қонысов Жұбатқандар 1931 жылы 4 мамырда Қызылорда қаласында атылады. Бұған Қызылорда қалалық Біріккен Саяси басқарманың бастығы Маевский, өкімет өкілінің көмекшілері Маркевиц, Агибаловтар қол қойған ату жазасы туралы үкімнің орындалғаны туралы акт дәлел болады. Бұл құжат Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің мұрағатында сақтаулы. 1931 жылы 6 маусымда тоғыс руын көтеріліске ұйымдастырған Қалетов Медетбай да атылады. Қаншама адамды елдің сыртында қамысты паналап, тығылып жүрген жерлерінде аңша аулайды. Көптеген кісілердің тағдыры бүгінге дейін беймәлім болып отыр.
Асан немесе Қазалы көтерілісі жайлы көптеген деректердің негізгі көзі - МСБ өкілдерінің жүргізген тергеу істе­рі арқылы 80 жыл бұрынғы оқиғаны то­лық шынайы ашу мүмкін емес.
Сонымен бірге мәліметтерде шынымен банда тобы болғаны жөнінде дәлел жоқ, тек қана халық жиналыстары айтылады және көтерілісшілердің қанша зиян келтіргені дәлелденбеген. Ауылдық партия ұйымының хатшысы Ізімбетов өз жауабында «елдегі құрғақшылық жоғары­да аталған ауылдар үшін 23 мың пұт астық жинау мүмкіндігін бермейді» деп көрсеткен. Алайда өкіл Қаюпов бұ­ған көңіл бөлгісі және жағдайды түсінгісі келмеген.
Тергеу құжаттары орыс тілінде аудармашысыз жүргізілгендіктен, куәлердің сауатсыздығына байланысты әділ толтырылды деп айтуға болмайды.
Кеңестік кезеңде бұл оқиғаларға саяси тұрғыдан баға беріп, ақ-қарасын ажырату мүмкін емес еді. Бұл жерде тарих ақиқаты жасырын ұсталса, оның халыққа беретін саяси-тәрбиелік сипатының жойылатыны ескерілмеді. Жазықсыз ауқатты шаруаларды тәркілеуден, қара халыққа есепсіз салықтар салудан, бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік талаудан басталған сорақы реформа ұлтымыздан 2 200 000-нан астам адамның кез келген жерде аштан талып, ісіп-кеуіп өліп, көмусіз қалуына немесе атажұрттан үдере көшуіне әкеліп соқты.
Сол жылдардың саяси зорлығы адамдардың бостандығынан, ақыр аяғы адам болу құқығынан, отбасын құрып, ұрпақ сүюден айырды.
Әлбетте, адамның әр ісі, жасаған барлық жақсылығы мен жамандығы кейінгі ұрпақтар тарпынан әділ баға­сын алмай қоймайды. Мінеки, ғасыр­лар аңсаған тәуелсіздік арқасында тотали­тарлық жүйенің сорақы бір көрінісі «Асан­дар көтерілісінің» себептерінің кей­бір жақтарын ашуға мүмкіндік туып, оның тағылымдарының ақиқатына қол жет­кізіп отырмыз.
Академик-жазушы М.Әуезов: «Ер - ел тарихының белі» дейміз... Бір кезде бел көрінсе, келер ұрпақ тарихына өз тұсында көрсетіп кеткен көмегімен, орнатып кеткен туымен, тастап кеткен үлгісімен, нұсқап кеткен бетімен, енді бел ғана емес, биік тұғыр боп, асқар тау боп көрінеді», - деп жазған екен. Кеше ғана қатысқандардың өздеріне ғана емес, кейінгі ұрпағына да салқыны тиген азаттық аңсағандардың «бүлікшілдік» іс-әрекеті бүгін тәуелсіздікті нығайтуға қажетті ерік-жігердің асқар тауы болып қайта оралды.
Зерттеу барысында «Асан көтерілісі» атанған Қазалы жеріндегі қозғалыс методо­логиялық маңызы бар ұлт-азат­тық қозғалыстардың бір кезеңі екеніне көзіміз жетті. Өйткені ұлт-азаттық қоз­ғалысы отарлаушыларға қарсы бо­ла­ды, сондықтан да ұлттың әртүрлі әлеумет­тік топтарының көзқарасы бір арнаға, яғни азаттық жолына, өздерінің ұлттық мүддесін қорғайтын мемлекеттігін, дербестігін қалпына келтіру жолына ұйысады. Шынында, көтеріліске қатысушылар әртүрлі әлеуметтік топтар­ға, бай-кедей, діндар, дінге сенбеуші, кәрі-жас т.с.с. болып бөлінбей, ұйым­дасты. Сонымен қатар орталарынан хан сайлауы, кезіндегі тәуелсіз өмір сүрген қазақ хандығын, яғни тәуелсіз ел болуды аңсағандықтан туған жағдай деп есептейміз.
Атақты тарихшы М.Қозыбаевтың «ата-баба ерлігі - халық мұрасы, оның тарихы, оның мақтанышы» деген тұжы­рымын еске ала отырып, арды ойлаған аға ұрпақ өнегесін құрметтеу, бойымызға сіңіру қазіргі ұрпақтың азаматтық борышы болып табылады деп ойлаймыз.
Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі жолында жанпида болғандардың өршіл рухы мен асқақ мұраттары халқымыздың жүрегінде мәңгілік орын алсын.

Мұстафа Матаев,
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры,
Қызылорда қаласының
Құрметті азаматы

Наурызбай Байқадамов,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тәрбие жөніндегі проректоры, «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының президенті

http://anatili.kz/?p=6883

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2551
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2364
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661