Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Бетбұрыс 3933 7 пікір 16 Шілде, 2019 сағат 12:57

Сөз түзелді, Үкімет, сен де түзел!

Хәкім Абайдан қалған қанатты, ұлағатты сөз тіркесін кешегі үкіметтің кеңейтілген мәжілісіндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөздері мен Үкіметке жүктеген тапсырмаларының түйіні ретінде алуға болады. Тек "тыңдаушым" дегеннің орнына "үкімет" сөзін ауыстырса болды.
Президент сөздің адамы емес, істің адамы екенін танытты. Оны ол келелі мәселелерге ашу-ыза немесе ерекше шүйілу арқылы назар салу әдісімен емес, ел мүддесі, халық талабы салмақты, сындарлы, сұрауы бар мәселелер екенін Үкімет мүшелеріне таныта білді.

Президент экономика, әлеуметтік салаларда орын алып келген түйіткілді мәселелерді сынай келе, оны дереу шешу қажеттігін айтты. Мұнымен шешім қабылдаған тұлғалардың жауаптылығы мәселесі назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Индустриялды-инновациялық бағдарламаның ІІ бесжылдығы кезеңінде орын алған ысырапсыздық, көпірме сөз, орашолақтықтан туындаған олқылықтарды сынады. Президентше айтсақ, "Көкте сарай салуды" немесе "Ауызбен орақ оруды" тоқтату қажет. Шындығында, көп нысандардың аты бар да заты жоқ. Халық мұны көріп, біліп отыр. Тек Үкімет көрмеген сыңай танытатын.

Мемлекет басшысының назарынан Астанадағы аты-шулы LRT құрылысы да тыс қалмады. Анау-мынау кісінің тісі батпайтын, тілі жүрмейтін қүрылысты сынаған Президент даудың халықаралық сипатын ескере келе, шығыны өте көп құрылысты қалай да болса аяқтау қажеттігін алға тартты. Бірақ шығын сұраусыз қалмайтынын ескертті. Алдағы уақытта мұндай жобаларға жол берілмейтіндігін санасында саңылауы бар тұлғаларға ескертті.

Халықтың көріп-түйіп отырған әлеуметтік мәселелерінің бірі - жұмыссыздық. Бұл бағытта да көпірме сөз, көпшік сандар көп екендігін күнделікті өмірдің өзі көрсетіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев мырза әкімдердің жақсы жұмыс көрсеткіштерінің бірі жұмыс орындарын ашу деп қадағалап айтты. Бұл орайда, экс-министр Тамара Дүйсенованың әлеуметтік салаға қайта келуі - жоғары билік тарапынан символикалық нышаны бар қадам.

Президент Тоқаев әкімдер корпусын жергілікті жердің "әмірлері" деп түйреп өтті. Олар кімнің алдында əмір? Әрине, халықтың және инвесторлардың алдында. Себебі олар жергілікті жерде - өзі би, өзі қожа. Бюджет ашса - алақанында, жұмса - жұдырығанда. Өңірлік əлеуметі мен жұрты азаматтық белсенділігі төмен орта. Не айтса да, басын шұлғи береді, Бизнес жүргізуге қажет тетіктер өз қолында, бақылауында, олар әмір болмай, кім әмір болады? Осындайдан əмірлік сана қалыптасады.

Үкімет мүшелеріне әлеуметтік желілер арқылы жұртшылықпен жұмыс жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті. ХХІ ғасырда өмір сүре отырып, әлеуметтік желінің екпінін ескермеу - көзсіздік. Көкірегінде ой көзі бар басшы әлеуметтік желіні өзінің көмекшісі деп тануы тиіс.

Мемлекет басшысы халықты мазалаған жер сату мəселесіне өз көзқарасын білдіріп, жер шетелдіктерге сатылмайды деді.
Президент білім мен ғылым саласындағы түйіткілдерге де тоқталды. Ғылымға бөлініп отырған қаржының мардымсыздығын атап өтіп, оны әлемдік деңгейдегі көрсеткіштермен салыстыра сынады. "Ғылымсыз алға басу мүмкін емес" деген ойды Үкіметтің назарына салды.

Ендігі үміт - Үкіметте. Үкімет Президент түзеген құндылықтарды басшылыққа ала ма екен, әлде ескі әдетіне салып "айтылды, сол жерде ұмытылды" деген ескі сарынына бой беріп кете ме екен?

Сауал көп, бірақ сұрауы бар заман туып келе жатқан сынды. Лайым, солай болғай!

Алмасбек Әбсадық

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1957
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2257
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1856
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1548