Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3088 0 пікір 7 Шілде, 2011 сағат 08:35

Жүкел Хамай. Серіктің соны поэзиясы

 

(ақын Серік Қапшықбайдың өлеңдеріне толғау)

Жұмекеннен (Нәжімеденов) кейін қазақ поэзиясында астарлы өлең оншама жазыла қоймас-ау деп ойлайтын едік. Поэзияның жықпалдылығынан емес, қазіргі ақындардың  ым, емеурінінен.

«Кәрі құмырысқа

Келе жатыр жұмысқа!...»

Серік сөзді осылай саптайды екен...

Поэзия кафедрасын бітіру жұмысында оқылған

«Кәрі жыланқұрт осылай деп,

Қыбырлатты ерінін!..»-, деген өлең жолы үшін комиссия бастығы Д. Цоодолдан: «Бұл не қылған жыланқұрттың еріні. Біздің ақындар қыздың ерінін жазбайтын ба еді?!»,- деген сөгіс естігеніміз бар . Содан қалған «дерт пе?!», Серіктің өлеңін алғаш оқыған тұста сескеніп қалғанымыз рас! Сөйтсек, күдігіміз бекер екен. Ол ойымыз-тәуелсіз поэзияны тәуелділікке балайтын күн көріс мінездің бір ұшқыны екен-дағы, жақсы өлең оқуға сусап қалған біздің көңіл шын әсемдіктен тосырқап қалыпты. Солай дедік те, ақын поэзиясына тереңірек сүңгіп барып,  теңіз табанын қармап қалуды көздедік.

«Кәрі құмырысқа

Келе жатыр жұмысқа!...»

Осы өлең шумағын:

«Көне тастақта

Кәрі құмырсқа

Келе жатыр жұмысқа»-, деп, онсыз да көрінбей тұрған  «тастақты» қосып қалсақ  не болар еді?!.

Серік айтады:

«Қасынан торай,

Өте беріп:

«Олай жүрме деп, ақырды-

 

(ақын Серік Қапшықбайдың өлеңдеріне толғау)

Жұмекеннен (Нәжімеденов) кейін қазақ поэзиясында астарлы өлең оншама жазыла қоймас-ау деп ойлайтын едік. Поэзияның жықпалдылығынан емес, қазіргі ақындардың  ым, емеурінінен.

«Кәрі құмырысқа

Келе жатыр жұмысқа!...»

Серік сөзді осылай саптайды екен...

Поэзия кафедрасын бітіру жұмысында оқылған

«Кәрі жыланқұрт осылай деп,

Қыбырлатты ерінін!..»-, деген өлең жолы үшін комиссия бастығы Д. Цоодолдан: «Бұл не қылған жыланқұрттың еріні. Біздің ақындар қыздың ерінін жазбайтын ба еді?!»,- деген сөгіс естігеніміз бар . Содан қалған «дерт пе?!», Серіктің өлеңін алғаш оқыған тұста сескеніп қалғанымыз рас! Сөйтсек, күдігіміз бекер екен. Ол ойымыз-тәуелсіз поэзияны тәуелділікке балайтын күн көріс мінездің бір ұшқыны екен-дағы, жақсы өлең оқуға сусап қалған біздің көңіл шын әсемдіктен тосырқап қалыпты. Солай дедік те, ақын поэзиясына тереңірек сүңгіп барып,  теңіз табанын қармап қалуды көздедік.

«Кәрі құмырысқа

Келе жатыр жұмысқа!...»

Осы өлең шумағын:

«Көне тастақта

Кәрі құмырсқа

Келе жатыр жұмысқа»-, деп, онсыз да көрінбей тұрған  «тастақты» қосып қалсақ  не болар еді?!.

Серік айтады:

«Қасынан торай,

Өте беріп:

«Олай жүрме деп, ақырды-

Жер сатылды!».

Міне қызық!.. Біз бұл өлеңді табиғат пейзажы деп тұспалдағанбыз. Сөйтсек, ол олай болмай шықты. «Жер сатылды» деген бір ауыз сөзбен Серік маңдайымыздан «тоқпақ ұрды». Иә жер сатылды. Енді не қалды?! Ауыр сұрақ, батпан ой!.. Тағы да қайталайық, біздің мақсат -   осы өлеңнің тұңғиығына батып кетпей тұрғанда, әйтеуір қыбын тауып, жүзіп шығу!..

«Кенет

Ауаны жыртып,

Тарс қойды мылтық.

Шыңғырып қатты

Торай омақасты!»

Серік осындай бір жұмбақ айтыпты. Осы жұмбақты оқып алып, Серіктің табанының қышыры кетпеген,  күсәтті кәрі құмырсқаның нағыз өзі екенін түсіндік. Жұмбақ  өлеңге жұмбақ жауап жазу керек. «Таңғысын жұмысқа келе жатыр едім, доңыз етін жейтін халықтың бір адамы: Жер сатылған, сен бұдан былай осы жермен жүрме! - деді. Мен ашуландым. Жүрегім мылтықтай тарс атылды!»,- деп айта салуға болатын еді...Иә осылай айтылды дегеннің өзінде одан көне түркілік тас-поэзияның иісі аңқиды, «Түн ұйықтамады, күндіз отырмады ...», дегенге сарындас.  Олай айтудан гөрі, Серік:

«Тірлік пен

Түйсік арасына,

Жаным жалғыз барасың ба?»,- дейді де,

«Құс «жүні» ғой,

Сезімнің:

Ағын,

Қырасын да

Өзің

Аласың ба!»,

«Баяғы мен:

Ал балық-

Ауызыма сал балық!»,- дейді, Иман Жүсіп өлеңіндегі «Баяғының хан Құтпанына», ұқсап.

«Құстың (мамық) жүні», «Сезімнің ағы мен қарасы», (Абай өлеңіндегі «Көзімнің қарасы» іспетті), сонан өзіндегі «алалық» (бөлектік, бөтендіктің қайсысымен түсінсеңізде мағынасы өзгермейді!) бәрі-бәрі бір «шұңқырға тоғысып», сені Серікке қарай жақындатады...

Сөзді «поэзия», деп бастағандықтан, ой желісі де сол поэзияға қойылатын шартпен өрілуі тиіс. Поэзия-қарабайырлық емесі- ертеден айтылып келген әңгіме. Серіктің «баяғы мен», деп отырғаны-баяғының қоңыр қазағы. Ағы мен қарасы   бірінен бірі озбайтын сол баяғы қоңыр қазақ, қалт етсе, «көздің ағы мен қарасын» ажырата алмайтын аңқаулығын   көрсетеді. Ашып салған мінезін аңдап отырсаң, әлде бір ащы шындыққа құрылған иүмөр (сатира). Күзгі өзеннің жиегіне қонған қабыршық мұз іспетті, түске дейін болатыны шындық, түстен кейінгісін күннің көзі, құдайдың өзі біледі. Серіктің де тұла бойын тулатқан мінез осы. Дәлел:

«Енді ол

Құдайдың жері емес,

Ал, неге емес!..», дейді. «Неге емес!» екенін жазып отырған Серік білмесе, оны оқып отырған Жүкел біле ме?! Осылай ойлап «мырс етпек» болсаң, тағы да сол қазақы мінсіз мінез адым аштырмайды. Осы сөздің алдындағы «Ал», деген сөзді екпін қосқан бос сөз деп ойлап едік, бекер екен. Оның да астарында, «Ал, бәлем, күл болмақта, бүл бол!» деген, кәрі апамыздың ашуланған тұста жиі қолданатын сөз тіркесі тасаланып жатқан көрінеді. «Ал, бәлем енді, таусылмастай көрінген жеріңнің өзі берер құдайыңның қолынан кетіп, алар (аранды деп түсініңіз!) құдайыңның қолына жетті. Көрейін енді алшаң басып жүргеніңді!», деген салмақты ойды Серік осылайша білдіртпестен, сары майдың қылшығын суырғандай етіп  жеткізген. Осындай ой түйіннен кейін ақын туралы, жалпы поэзия туралы нені айтып «көкуге» болады?! Астарлы ойдың әдібін жазып, сөзді жас жеңгейдің қалжың әңгімесіне қарай бұрамыз ба, жоқ әлде «ауызын буған қара өгіздей» қорқылдап құр босқа  ашуланғансып (іштегі қызғаныштың құрты ғой!), теріс қарап (жерге телміру!), байқатпай, құрт мүжіген тісті тағы бір мәрте қайрап аламыз ба?! Адам баласының қызғаныштан өліп кеткен  кезі де болған. Тағдыр ғой, солай етіп жазып отырған. Ақындардың да тағдыры маңдайларына берген әжім жігінен көп болмаса, аз болмайды. Қалихан айтқандай, Қомшабайдың шілденің қырық градусында шаптап киген көйлектері секілді , не жанға, не дертке дауасы жоқ өзгені қапаландырып тұратын қат-қабат қиындығынан өзге, жанға сая боларлық пайдасы жоқ, бетпақ даланы кезген сайғақ көңіл, сайғақ дерт. Бірақ, ақын тағдырын дерт деуге ыңғайсыз. Тауып алған дерті мен тағдыр салған дертінің арасы жер мен көктей...

Серіктің де тағдыр дерті жеңіл болмаған ақын. Ақын дертіне қоса алпауыттар жазасын бек тартқан, ерекше тағдырлы жан. Сонау бір жылдары Шығыс Түркістанда үш аймақтың көтерілісі таптала бере, сондағы қазақ халқын жаппай қудалау қырғыны басталған. Басы өлім жазасына кесіліп , кейінгілері «Тарым» түрмесіне  айдалған. Серік те солардың ішінде «Тарымның» дәмін жиырма бес жыл татқан адам. Дәлірек айтсақ, жат түрмесінің азабын көрген Алаштың күрескер ақындарының соңғы тұяғы. Көкірегіне ұлттық намыстың қуаты терең бойлаған,  қазақ халқының азаттығынан өзге арманы жоқ, ұлтын ұядағы балапандай аялайтын асыл ақын. Асылдығы сол-өзгенің қазақ халқына қарсы істеген түймедей ісі Серіктің көкірегіне түйедей болып қадалады. Сондығымен де Серіктің өлеңдері бізге ерекше әсер береді.

«Сөзді тек

Сөз түртіп шығарады,

Шығарса:

Мемлекет түйенің,

Мен құралайдың құмалағы!..». Асан қайғы бабамыздың «Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады», дегеніндей, тағдыр көрген ақын Серік көкірегін түйреген жарандарға осы сөзді арнаған. «Мемлекет түйенің», адамдар «құралайдың құмалығы» екені рас. Абай атамыз, «Адам бір боқ, көтерген боқтың қабы», деген еді. Серік сол ащты сөзді «құмалақ», деп өзгерткен. Иен түзге сұңғыла қарттың тартқан құмалағындай түсіп қалған «құралайдың құмалағын» аңдампаз, жолы болғыш ақындар ғана көре алады. Сұлу құралай құмалағы көркемдіктің символына айналған. «Құмалақ» деген сөздің айтылып тұрғаны болмаса, бұл жерде құмалақтан өзгеше әсем бір нәрсе көкірекке ұялап, отанның ғажап даласына қарай ақын жанын еліктіріп тұрғандай. Сөздің астарында «Ағаттығың болса да, жүрегімнен ажырамас өз елімсің ғой!», деген асыл ой жатыр. «...Қай төбенің аспаны да арайлы, Қай төбе де туған жер деп мақтануға жарайды .», деп Жұмекен айтқандай, құралайдың құмалағын да «туған ел», деп айтуға келетінін  Серік бізге осылай түсіндіреді. Енді біз осы бір тәтті өлеңді толығырақ оқып көрейік: «

Біссімілла

1.

Әйдік сезімдер

Міне,

Міне ол!

Қақыраған

Қара аспанды да тірер!

Ашылды-ау,

Кең алқа

Кесек жиын.(!)

Жүйтки көр

Кәні,

Жүйрік миым?! (!)

Ұқ

Ағатай, (!)

/Әйтпесе бір қоям!/

Басыңа

Мұндай күн,

Мүлдем тумаған.(!)

2.

Не сөгіс?

Былтыр, биылдар, (!)

Бәз күйімен

Жүрсе ол-

Аң сиырлар. (!)

Біз... (!)

Бізге бұл айып.

Бізге нақ күнә!

Беріпті ғой Тәңір

Қиялды,

Он саусақты да! (!)

Байқа

Ағатай,

/Әйтпесе бір қоям!/

Басыңа

Мұндай күн,

Мүлдем

Тумаған.

3.

Сөзді тек

Сөз түртіп шығарады.

Шығарса:

Мемлекет түйенің,

Мен құралайдың құмалағы.

Бұл түс-

Осы күн (!)

Жауып алса

Тас қып есігін. (!)

Идея ,

Халық,

Мен

Буынған бұзаудай, (!)

Өліп қалатын ем!

Пішту ,

«Не керек

Итке темір?»

Ойбай!

Маған қажет

Ұлт пен өмір!.. (!) »

Міне, мұндай өлеңнен кейін нені айтуға болады. Елін жанына, Ел басын көкейіне қондырып, «әй балам байқа, әйтпесе бір қоям!», деп  әкеңдей еркелетіп, мұндай тәуелсіз күннің бұрын-соңды болмағанын ғажайып көркемдікпен жеткізіп отырған ақынды неге аяламасқа!.. Әйтсе де, жұмбақтамай, Серіктің осы өлеңінен түйген бірлі-екілі ойды айта кетейік. Әуелгі сөзді біз анықтама қойған шумақтарға қарай бұрайық. Иә, өлеңге қойған атауының өзі «Біссімілла», одан кейін орақ тілді Бұқар жыраудай, «Ашылды-ау кең алқа кесек жиын!», дейді. Бұл не қылған «кесек жиын?», әлде ақынның қиялы ма, жоқ нақты болған уақиға ма? Иә, нақты уақиға, қазақтың тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өткен Дүние Жүзі Қазақтарының Ұлы Құрылтайын Серік осылай сипаттаған. Одан кейін «Неге сөгіс былтыр, биылдар!», дейді.  Ұлы Құрылтайды, сол Құрылтайға қатысқандар ғана түсінген...оны көре алмағандар қанша болды!.. Баяғыда  Мұсылмандардың Алғашқы Съезінде  Міржақып Дулат осылай бір салиқалы сөз айтқан еді. Мағжан сол кезде «ерке ақын» болатын. «Алтын күн кешікпей батады!..», деп жар салған... Иә, солардың барлығы айтқан бір ауыз ақиқат сөздері үшін О дүниелік болып кетті де, Мағжанның «Алтын күні» қайта атпай қалды... Солардың шашасын қуып; «Кәні жүйрік миым!»-, дейді, Серік . Бұл жердегі «жүйрік ми», Серіктікі емес, Мағжанның, Алаш ордалықтардың- асыл миы. Серік әуелі сол «миды» есімізге қайта салады. Сонан кейін: «Ұқ, Ағатай!.. »,- дейді. Баршаға сөз арнаған Міржақып Дулатқа  ұқсап. Бірақ, бұл жердегі «ағатай!» сөзі түрлі партияға бөлінген мұсылман молдаларына емес, Қазақтың тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қаратылған. Сол президентімізге Серік Қабшықбаев. «Ұқ, Ағатай!»-деп, «қамшы басқансып», қазақы ілтипатты салтпен көңіл демеулігін танытып, халықтың абызы іспетті президенттің өзін баладай еркелетіп, демеу беріп, «Әйтпесе, бір қоям!», деген қазақтың тұрақты сөз тіркесін шебер қолдана отырып, «ұмтыл алға, артыңда сені қолдайтын қара орман қалың елің тұр!», деген ұлағатты сөзді жарасты қалжыңға айналдыра айтып, терең ой тастайды. Президентке айтқан болып, өзгелерге айбарлы Егемен ел азаматының сұсын көрсетеді. Соларға қаратып: «Беріпті ғой Тәңір, Қиялды, Он саусақты!»-, дейді. Мұндағы «он саусақтың» өзін «жұдырық», деп дөрекіленбей, «он саусақ» (сұлу қыздың саусағындай!), деген әшекей емеурінмен суреттеген. Бұдан кейінгілерге қалатын тәлім- тәуелсіздікке енді ғана қолы жетіп, үш жүз жылғы бодандықтың батпан бейнетінен уақыт оздырмай, тезірек құтылудың қамына кіріскен жасампаз жас ел мен оның бір тұтас бірлігі аңғарылып тұрғаны. Жылқы аунаған жерге де түк қалады аңдасаң ..., дегендейін асыл сарын байқалады. «Күйдім... жандым...», сияқты жалаңдаған бос сөз жоқ. Ақын өлеңдері сипат тұрғысынан ұлы Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінің құрпында  құрылғанымен, әр сөздің тасасына тығылған салмақты ой, есте қаларлық сурет, елдік тұрғыдағы еңселі емеуріндерімен оқшауланады!..

Серік Қапшықбаевтың поэзиясын оқымас бұрын, Тыныштықбектің поэзиясын оқығанмын. Сыртын тозған шапанның тысындай үлбіреген, жұтаңқы сарғыш қағазбен қаптаған кішкентай кітапты күндіз түні жастана, жамбасқа сала жатып, оқып, алақанның жұғы мен Құбылайдың (кенже ұлым!) арқа теріне шіріткенмін. Неге екені «сақманда » көң мен шарананың арасында жатып, тау қыратын айға қарата есінетіп жазған Тыныштықбектің өлеңдері жаныма жақын, азық болған. Одан кейін Тыныштықбек өлең жазбай кетті ме, әлде мен оның өлеңін тауып оқи алмадым ба, қазақы тәтті өлеңге недәуір шөліркеп қалыппын. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...», деп Абай анықтап кеткендей, нағыз өлеңді, нағыз ақын ермек үшін жазбайды. Әйтсе де, өлеңнің ермек болып кеткені қаша-а ан! Серік өлеңдері мені сол «ермектен» арылтты.

«Құс ұшпай ма (қарапайым-абсалюттік шындық!),

Мен недәуір ұша алам!..(күрделі ғарыштық ұғым!)

Бір түрлірек көрінер-ау, (контраст!)

Өлеңім-

Маңдай тісі жалпақ адам (тұрақты нышан!)

Құсаған.» (көркем ойлы баян-сурет!). Ал, енді осы өлеңнен көркемдікті іздеп көрелік! Ауызын ашса тісі, тісін ашса, қолқа жүрегі көрінетін, тағы сол қара қазақтың қақ маңдай қасқа тісі. Серік оны «жалпақ» деген. Мүмкін жалпақ та шығар! Өзі емес, тісі сөйлейтін қазақтың тілі мен мінезін Серіктің «жалпақ» деген жалғыз сөзге сидырғаны-оның қазақ тірлігінде білмейтін қатпары жоқ ақын екенін көрсетеді! Жұмекен айтатын, өз өлеңін мінеген тұста: «үтірі мен ноқаты көп демесең!..»-, деп. Мүмкін Серіктің өлеңінің де «үтірі мен ноқатының» көп болғаны ғой! Тіпті де, өзгеден оқшау, тосын мінезді,  «маңдай тісі жалпақ адам» нені айтпақ. Осы сөздің тереңіне бармас бұрын, біз маңайымыздағы жалпақ тістілерді түгендейміз. Жалпақ тісін айға қаратып ат қана есінейтін. Ал, жалпақ тісін өзіңе қарсы қадап отырған адамды ат дейсің бе, әлде адам дейсің бе?! Ат пен адам бірігіп кеткен...  Серік атамекенге келіп шығарған алғашқы жинағын «Жылқы ішінде ала жүр », деп атаған екен. Осы өлеңнің ішінде де, сол ала жылқының мінезі жүр!  Біржан салдың айтатынындай, «бал жалаған ноғайлардың» шындығы жоқ, құйрық сорған қазақтың қара өлеңі. «Жалпақ тіс»- жаныңа жақын сөз тіркесі. Әспеттеу, жалған мақтау емес, жалғанды жалпағынан айту. Соның арасына апарып, «Мен недәуір ұша аламын», деген шойын ойын «білместікпен» төге салған. Әуелі айтпақ болып ойланған ғой, бірақта сол ойын өзі ме, немесе ақындық талғамы ма, білдіртпей, сөз жықпалына сыналап жіберген. Әлемдік поэзия теориясында мұндай әспетті ойларды қытайдың Таң ұлысының дәуіріндегі поэзия өкілдеріне телитін. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтып күн көрер...», деп келетін азулы қазақ поэзиясы шет қалатын. Серік соны меңзеп отыр. Айтар ойын ел шекерасынан шалғайға апарып, аспан биігінен, «Мен недәуір ұша аламын!», деп ескертіп, айтпағын   сол «қонақтардың» қоржын қалтасына білдіртпей салып отыр!.. Енді сол «қалтаны» ақтарып көр! Мұндайда қазақ атамның, «өзіңді өзің силасаң, жат жанынан түңілер!» деген аруақты сөзі еске оралады. «Мен», деген ыммен айтылған елдік сөзді бұдан өзге қалай айтуға?! «Әй сендер нені айтасыңдар, біз-қазақтар да біраз жерге ұша аламыз!», деп, өзгелерге қарсы келе берсек, елдік сипатымыздың не болғаны?!.

Нағыз өлеңді оқып, одан ләззат алу үшін адам баласына қыс ұйқыдағы аюдың тыныштығы керек. Екі құлағыңа уақыт ағысынан өзге ештеңе естілмей, дүниенің тыныштығына бөленуің шарт. Сонда ғана сен алаңсыз, ой тереңіне бойлап, ой түбінен «алтын шабақ» ілесің.   Симфония жанға рахат болса, нағыз поэзия ақыл ойға азық болатыны содан ғой! Демек, әуелгісі-фәнилік, соңғысы-мәңгілік. Жаның жанатқа (Хашир) ұшса да, ақыл ойың кейінгіге мәңгі қалады. Серік осыны өн бойына терең сіңіріп, ақыл аспанында шарлаған ақын екен. Ол «недәуір ұша алады», бірақ «ұшып жүрмін», деп өзгеге айқай салмайды. Ұшып жүргенімді көріп ал, дейді!..

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1792
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1782
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1501
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1399