Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 5289 0 пікір 5 Шілде, 2019 сағат 11:52

Таусылған әңгіме

Сүйген адамыңмен ұзақ уақыт сөйлеспей қоюға болмайды. Жалғыз өзің тыныштыққа кетіп қала берме. Әрине, әр адамның өмірі сан алуан оқиғаға толы, бітпейтін іске, таусылмайтын шаруаға айналасың. Ашылып сөйлесуге мұрша жоқ деп өзіңді алдарқатасың. Алда талай уақыт бар деп сенесің. Әлі талай әңгіме соғармыз, жан дүниедегі жиналып қалған сырды ақтарармыз деп бәрін кейінге қалдырамыз. Бір-біріміздің көзімізге қарап, ыстық шайды сораптап, бар жаңалықты айтып, өзіміз жайлы сырға қанығамыз деп ойлаймыз.

Деп жүргенде уақыт сырғып өтіп, бір-бірімізді оңаша көргенде айтар әңгіме қалмағанын сеземіз. Құдды біреу араға оқшаулайтын қабырға тұрғызғандай. Ол қабырғадан аттау қиынның қиыны боп қалады. Не болды өзі? Түк те болмады. Сен өзгердің. Адамдар ылғи сөйтеді. Жаңа таныс, жаңа орта, түрлі оқиғалар бірігіп кеп адамның портретін өзгертті. Бір-біріңе бұрынғыдай қарағанмен, танымай қала бересіңдер. Әңгіме таусылған.

Бірге жүріп бөтен боп кеткеніңді сезбегенсің. Жат боп кеткенсіңдер. Сол баяғы адам ғой деп қарайсың. Жоқ. Саған бастан-аяқ тесіліп қараған адам бөтен боп шығады. Саған түсініксіз бөтен тілде сөйлейді. Екеуіңнің араңда басты нәрсе жоғалған. Түсінісу жойылған...

(Алина Ермоллаевадан аударған Шынар Әбілда)

Шынар Әбілданың facebook парақшасынан

Abai.kz

0 пікір