Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3123 0 пікір 27 Маусым, 2011 сағат 06:22

Тұтқын сыры

 

 

Осыдан жетпiс жыл бұрын - 1941 жылы 22 маусымда батыс шекарада қанқұйлы соғыс басталғанда, бұл соғыстың барша адамдарға қаншалықты ауыртпалық, қасiрет әкелетiнiн әлi ешкiм бiлген жоқ едi. Әрине, бұл соғыстың қайғы-қасiретi туралы бұған дейiн де сан рет айтылған, айтыла беруi де заңды. Тiптi, Сталиндi ақтаушылар КСРО бұл соғысқа дайын емес, бейқам едi деседi. Бiрақ тарихта бұрын-соңды болмаған қантөгiс қарсаңында алып мемлекеттiң бейқам болуының өзi, жай айтсақ, мемлекет басшыларының бiлiксiздiгi, сыртқы әлемнен мүлдем тыс қалғандығының айқын көрiнiсi. Ол ол ма, 1941 жылы бас-аяғы бiрнеше айдың iшiнде мақтаулы совет армиялары түгелге жуық күйретiлiп, 2,5 млн. адам тұтқынға түстi. Осыған дейiн тарихта ешбiр армия мұндай апатты бастан кешпеген едi. Нәйетi 7-8 жыл бұрын орасан зор қырғынды - Ұлы аштықты бастан өткерiп, тең жартысынан айрылған қазақ халқына да Ұлы Отан соғысы зор қайғы әкелдi. 17-18-ге жаңа ғана толған өрiмдей жастар жаппай майданға алынып, еш дайындықсыз ұрысқа салынды. Жүздеген мың жас қазақтар алғашқы ұрыстарда-ақ қаза тапты, жау қолына тұтқын болып түстi. Немiс фашистерiнiң қолына түскен тұтқындардың жалпы саны - 5 млн. 734 мың кеңес жауынгерi болса, оның 1 млн. 7400 мыңы кеңестiк түркiстандықтар едi. Олардың ауыр тағдыры туралы ақиқаттар әлi күнге толық айтылмай келе жатқаны өкiнiштi. Тiптi соғыс кезiнде жараланып, жау қолына түскен тұтқындарды да Жеңiстен кейiн "халық жауы" ретiнде тағы да 10 жылға түрмеге жапты. Көптеген деректерге қарағанда, немiс концлагерлерiнен гөрi совет түрмелерi әлдеқайда қорқынышты, азапты болғанға ұқсайды.
Белгiлi журналист Есенгелдi Төреқұлов 2010 жылы Орталық ғылыми кiтапхана жанынан сұрапыл соғыс заманында тұтқында болған, шет жерде жүрiп небiр қиындықтарды бастарынан өткiзген боздақтардың елге, туған жерге деген сағыныштан туған, ыстық сезiмдерге толы өлеңдер мен жырлар топтамасын жарыққа шығарған едi. Осы жинақтағы Сыр баласының:

"...Алдым сағым,
Ұшты бағым,
Сұм заманнан тым жаман.
Ойлап көптен,
Қайғы дертпен
Бiр шет елде жүр балаң.
Iште жалын,
Кеттi сәнiм,
Жүрегiмде көп жарам.
Түркiстаным,
Жаққан шамым,
Тiрi болсам барармын"

деген сағыныш пен мұңға толы жолдары бейбақ жауынгерлердiң жүрегiндегi шерiн ашады. Жат жерде опат болған бауырларымыздың әруақтарына тағзым ете отырып, "Тұтқын сыры" жинағынан алынған бiр топ өлеңдердi оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн санадық.

 

ҚАЙРАН ЕЛIМ

Асқар белiм,
Қайран елiм,
Таянышым, тiрегiм.
Көптен берi,
Көрмей сенi,
Елжiрейдi жүрегiм.
Тағдыр айдап,
Басты байлап,
Кеттiк шетке:
Қайран ел
Сен ұлыңды,
Тарт өзiңе, қолың бер.
Сүйем сенi,
Мен үнемi,
Асыл, артық туған жер.
Түпсiз қиял,
Қайда сияр,
Iшiм толған қанды шер.
Ел дегенде,
Еңiрегенде,
Қайғым тасып артады.
Ащы зарың,
Ауыр халiң,
Менi ерiксiз тартады.
Күнiм қараң,
Күйiп-жанам,
Сенi ойласам ата-анам.
Алдым сағым,
Ұшты бағым,
Сұм заманнан тым жаман.
Ойлап көптен,
Қайғы дертпен,
Бiр шет елде жүр балаң.
Iште жалын,
Кеттi сәнiм,
Жүрегiмде көп жарам.
Түркiстаным,
Жаққан шамым,
Тiрi болсам барармын.
Зар жылатқан,
Қансыратқан,
Жауыңа ойран салармын.
Күн батыстың
Қыранымен,
Бiр майданда бiрлесiп,
Туған елдi,
Туған жердi,
Өз қолыма алармын.

Зарлық,
Берлин, 26 тамыз,
1943 ж

 

СЫРҒА СӘЛЕМ

Қарт ана - Сырдың суы сәлем саған,
Бағасыз асыл затсың сен бiр маған.
Қасыңнан тағдыр айдап кетiп шетке,
Мен балаң бүгiн саған жыр арнаған.

Сен ана, мең балаңмын оным анық,
Жүрсем де шет жерлерде жаным жанып,
Мен сенiң ақыреттiк адал ұлың,
Бұған куә болады кәрi тарих.

Мендегi мейiрбандық ыстық жүрек,
Сен десе тыным таппай соғады үдеп.
Көрместен күндiз күлкi, түнде ұйқы,
Бiр саған бостандықты жүрмiн тiлеп.

Бiлемiн мен сен өмiрдiң уын iштiң,
Қорлығын көрдiң-дағы қара күштiң.
Ұдайы қапас түнi төнiп саған,
Ноқтасы кигiзiлдi тар тұрмыстың.

Сұм өмiр соққысына шыдай алмай,
Мен-дағы кетiп едiм тiстi қайрай.
Бiрiгiп күнбатыстың қыранымен,
Шығатын кезiм келдi салып айқай.

Түркiстан тарихында қалған мұра,
Айбарлы алмас қылыш алып қолға.
Бұзбаққа тар тұрмыстың темiр торын,
Бел буып айнымастай түстiм жолға.

Жасыма қиындыққа, қайран ана,
Жақындап келе жатыр өмiр жаңа!
Ай мен күн алды-артыңнан нұрын сеуiп,
Айығар жүректегi ескi жара!

Легион әскерi Сыр Баласы

 

СҮЙIКТI ЖАР

Оянғын, сәулем, оянғын,
Бiлегiңдi алшы мойнымнан.
Көзiңдi ашып қарашы,
Қарашы, әне атты таң!

Оянғын, сәулем, оянғын,
Айтшы-"сенi сүйем" - деп.
Гитараңмен күй тартып,
Сүйiктi ән шырқа жақын кеп!

Қ.Қазбек
Неухаммер.
1.4.1943.

 

АЛТАЙ

Алтайдың аты сұлу, қалпы сұлу,
Алтайдың заты сұлу, салты сұлу.
Алтайдың, аспан сүйген ала асқардың,
Алаңсыз астам өске халқы сұлу.

Сол халықтың батыл сарбаз ұлы едiм,
Көп ұлдың елiн сүйген бiрi едiм.
Амалсыз аялдадым бұл кездерi,
Батыстың баян етiп байтақ елiн.

Зарласам, зар илесем, зарлы үнiм,
Алтайға жетер ме екен желмен бүгiн.
Адасқан аққу құстай айдалада,
Зарлаумен өтпек пе екен жастық күнiм.

Дариға, қайта оралмас алтын жазым,
Алыстан көз алдымнан тартып сағым.
Қоштасар шыныменен күн жеттi ме,
Бөленiп жалынды отқа жастық жаным.

Туған жер, аялы Алтай атырабы,
Көрнектi гүлдерi мен жапырағы.
Көзiме бiр көрiнбей осындайда,
Жанымды мұң мен зарға батырады.

Қалғандай дабыл тұрып, толқын тепкен,
Мен бiр орын алған алыс шеттен.
Қысқан қыс, күйдiрген жаз зардабымен,
Қоштасар бiр күнi күнiм келер көппен.

Сол жақта, сұм өмiрден таппай тiрек,
Тәнiмдi марқұм болған жадап, жүдеп.
Алтайдың кең құздары құшаққа алып,
Әлдилеп, аяласа - ақтық-тiлек.

Қабiрiмдi қара тастан соқса биiк,
Жерден жел, көктен күнiм тұрса сүйiп.
Алтайдың аясында өскен гүлдер,
Кешқұрым құрмет етсе басын иiп!

Қобызшы Қорқыт

 

АЛАТАУ

Көз салсаң Алатауға, асқар қырға
Сәулеттi ертегiдей сұлу тұлға.
Қымбатты iнжу-маржан тастарындай,
Бөленген күн сәулесi көркем нұрға.

Тон киген көкшiл мұздан ұлы дархан,
Қайың, тал, қарағайдан алтын алқап.
Салалы сақал-шашы күмiс дархан,
Сұр бұлт түсi суық болған қалқан.

Баурайын мекен еткен түрлi киiк,
Бүркiттер қағып қанат, ұшқан биiк.
Зор кеуде жасы үлкен ақсақалға,
Барлық тау сәлем берер басын иiп.

Күмiстей сылдырайды таза бұлақ,
Тоқтаусыз ағып жатад таудан құлап.
"Таң сұлу, тау еркесi менмiн жалғыз"
Дегендей, мылқау тiлмен жатад құлап.

Жарысып толқындарды толқын қуып,
Бiрiнен бiрi барып, бiрi тұрып,
Мөлтiлдеп меруерттей бұйра толқын,
Жарысқан сайды қуып, сылқ-сылқ күлiп.

Япырай, Алатауда салсам ойнақ,
Ән салып, азаттықта жүрсем ойнап.
Қайтпаған қиялдардан қыран болып,
Алатау өзендерiн жүрсем бойлап.

Алатау ардагерi тұйғын болсам,
Шарықтап қанат қағып барып қонсам.
Шайқалған жұпар жердiң гүлiн құшып,
Ләзатты шырын, тәттi балын сорсам.

С. Легион әскерi

 

ҚОШ БОЛ, ҚАҺАРМАН!

Мәңгiлiк көзiн жұмып жатыр мiне,
бiр жас жан,
Өрден құйған өзендей боп
жүрегiнен аққан қан.
Сен дос едiң,
сен-қаhарман бастайтұғын ұрыста,
Қалды артыңда үмiт болып
ататұғын алтын таң.

Қаhарман ең,
майдандарда бiздi талай басқарған,
Айтқан сөзiң оқтай өткiр,
берiк едi тастардан.
Деушi едiң сен: "жасап, жайнап,
гүлденсiн, деп, - ұлы өмiр",
Аспақ едiң азаттықтың жолында сен асқардан.
Кездейсоқта жаудың оғы жүрегiңе қадалды,
Тастадың сен ата-анаңды
және барлық ғаламды.
Еңiрей, еңiрей көз жасымыз
жердi қаптап көл болды,
Жоғалттық та арамыздан ең сүйiктi адамды.
Шет өлкеде жуылып бiз көздiң ыстық жасына,
Қаза тапқан сүйiктi адам, келдiк мiне, қасыңа.
"Әкеледi деп еркiндiктi" сорлы анаң ауылда,
Күтуменен күндерi өтер, ақ кiрiптi шашына.

Тым ертерек қаза таптың,
мақсатыңа жетпедiң,
Отан үшiн жан аямай, жауға қарай беттедiң.
Сен ерлiк жасап бiзбен бiрге,
ұмытпаймыз бiз мәңгi,
Әжеп емес ессiз оқтан арамыздан кеткенiң!
Бәрiмiз де оттай жанған Түркiстандық баламыз,
Сiздiң атты ұран қылып жауға ойран саламыз.
Қош бол, қош бол мәңгiлiкке, ер-қаhарман ағажан,
Көп кешiкпей атады таң, жаудан кектi аламыз!

(Ерiктi Түркiстан әскерлерi)

 

ҰЛЫ ЖОЛДА
(БАЛЛАДА)

Қан майданның кезiнде,
қарсы алып кешкi iңiрдi,
Жанымдағы жолдасым,
жүрегiн басып жығылды.
Жүректен аққан қызыл қан,
ағып жатты тамшылап,
Жүректен аққан сол қанды,
көрiп тұрды-ау жан шыдап!
Жұбайынан айрылған,
жалғыз қаз ұқсап жас жаным,
Аялдадым амалсыз досымның
сүйеп бас жағын.
Ақтық сөздi айтсам да,
өмiрдiң төнiп түнегi,
Үндемедi ол, көз жұмып,
тек қана соғып жүрегi.
Қанша сөздi айтсам да,
бiлдiм де жолдың болмасын,
Ақтық сөзiн айтар деп, дедiм:
"Жандай жолдасым,
Қарашы әне ата-анаң,
басыңа келiп жылап тұр,
Не болды саған досым деп,
сөйлеуiңдi сұрап тұр."
Жұмылған көзiн ашпады,
жығылып жатқан жолдасым,
Дедiм тағы,
бiлдiм де бұл сөзiмнiң ем болмасын:
"Қарашы қалың орманда, күтiп тұр сенiң жұбайың,
Сен назарды салмасаң,
тартады жарың уайым.
Есiңде ме ертеде жағалап жүрдiң жағасын
Айлы түнде аялы, аралап орман арасын.
Құшақтап нәзiк белiнен,
құмарта сүйiп ернiнен,
Алмап па едiң сол түнде,
жарыңның қымбат сенiмiн!"
Қимылдап көзiн ашпады,
жығылып жатқан жолдасым,
Дедiм тағы, бiлдiм де,
бұл сөзiм ем болмасын:
"Көке!" деп көзден жас төккен,
қарашы әне ұлыңды,
Өзiңнен шыққан ұлыңнан,
көресiң жақсы кiмiңдi?
Ертеңгi күнi ол ер жетiп,
"Көкем не деп кеттi! деп,
Ел үшiн және мен үшiн,
қандай құрмет еттi" деп,
Сұраса ұлың сол кезде,
не дермiн мен ұланға,
Арманыңды айта алмай,
мүдiрiп сонда тұрам ба?!"
Ата-ана және сүйген жар,
болса шет сен үшiн,
Ұлыңа бiраз сөзiңдi айт,
болашақ үшiн, ел үшiн!"
Жығылып жатқан жолдасым,
сол кезде көп күш қылып,
Зор кеудесiн көтерiп,
үш жығылып үш тұрып,
Жұмылған көзiн ашты да,
ақырын ғана сөйледi.
"Тiрi болсаң жан досым,
ұлыма қайғы жегейсiң,
Егер ұлым сұраса,
ел үшiн өлдi дегейсiң".
Түркiстанның жолында,
қиындықты көрдi де,
Түркiстанның жолында,
майданда шейiт болды де!
Дедi дағы жолдасым,
көзiн жұмды тағы да,
Жүрегiнен ағылған тоқтатылды қаны да.
Алтын арай сол кезде,
ұяға кiрдi қызарып,
Өмiр шiркiн осылай өте бердi ұзарып.

Қобызшы Қорқыт

 

ТҰТҚЫН СЫРЫ

Ашшы мынау қараңғылық сарайын,
Бой жазайын, бостандыққа барайын.
Қайда сонау еркiн өскен кең далам,
Көз жiберiп, биiк шыңнан қарайын.

Бар ма екен төбел жүйрiк дөненiм,
Баурайында ойнақ салған төбенiң?
Тыңдайыншы жастан сүйген жарымды,
Айтар ма екен мен туралы өлеңiн?!

Мен дегенде төккен ыстық жастарын,
Қайда екен өскен ойнап достарым?
Жаhан кезiп кетiп пе әлде олар да,
Жыртып тастап болашақтың жоспарын.

Жан достарым, сендер қымбат сыйласқан,
Әлi есiмде айрылысарда қимастан,
Тұрдыңыздар қолдарыңыз қалтырап,
Мөлтiлдетiп көздiң жасын тыймастан.

Ерте кезiм, өткен күнiм - алтын шақ,
Жас өмiрiм қайта ту да жай құшақ!
Серпiл үстен қараңғылық тұрманы,
Аш қойныңды, тарт бауырыңа болашақ!

Сайран
5.8.1942.

Дайындаған Жаңабек ШАҒАТАЙ

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 132
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 62
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 35