Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Сайлау 8651 21 пікір 28 Мамыр, 2019 сағат 10:14

Сайлаушылар мен саяси топ өкілдеріне ашық хат

Президенттік сайлау додасы шырқау шегіне жетіп, үгіт-насихат көрігі қызды қазір. Көпшілік сергек, дауыс берсем деген құлшыныс күшті. Бірақ саяси күштер көпті ерте ала ма, оған даяр ма? Әй, қайдам, әзірге жаға жыртысып, бірі біріне пәлені үйіп-төгуден асатын түрі көрінбейді. Қазақ тағдыры, ұлттық мүдде қайда? Амал не, олар ескерусіз, көлеңкеде қалуда.  Дәл қазіргі мезетте білместіктен айығу, бағытты айқындап алу аса маңызды. Ашық хатты көпке сол үшін жолдап отырмыз.

Алдымызда екі-ақ бағыт бар, ағайын. Біріншісі – қазақ тағдырына суық, ұлтшыл ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік бермейтін қасаң бағыт, тар жол. Орыстілді, реформашыл билік қолайы келсе, қазақты «қазақстандық» қылуға даяр тұр. Оның «үш тілділік» (ұрпақ соры), «урбанизация» (ауылға соққы) сияқты стратегиялық жоспарынан жаның түршігеді. Құр даңғазаға да тойдық.

Екіншісі – ұлт тағдыры, ұлттық мүдде көзделген, көкейге қонымды,  һәр жанға ұғымды бағыт. Бұл бағыт үкілеп қосқан өкіл – Әміржан Қосанов. Оның сайлауалды платформасының «Қазақ тілінің конституциялық мәртебесін қоғам өмірінің барлық саласында орнықтырып, оны Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретіндегі рөлін күшейту» деген, тек жалғыз тармағы іске асуының өзі ғана алаш келешегінің кепілі. Қазақ халқы қуанса, сол кезде  қуанбақ, «Ой-хой, пәленше орынға шықтық!» деген жалаң ұранға емес.

Мінеки, алда осы екі бағыт тұрғанын айту бізге серт, оны шындық деп қабыл алу көпшілік – сіздерге серт. Қос бағыттан таңдау жасау, әрине, әркімнің өз еркі.

Оппозиция өкілі Қосановты билік додаға қосты. Неге? Сенімнен жұрдай билікке оның  «ұлт тағдыры – ұлттық мүдде» деген бағыты адасқандық, әне, халық оны қолдамады деп жар салу ауадай қажет. Енді саясатын заңды түрде, ешкімді тыпыр еткізбей жалғастыруға шексіз мүмкіндік туады. Енді саясатымыз «сарабдал» деуге де, қарсы жақты басып жаншуға да құқылы. Бұл саясат құрбаны – қаймана қазақ болды, бола да бермекші.

Құрметті сайлаушылар мен саяси топ өкілдері! Табиғатта бар, қоғамның дамуын қамтамасыз ететін жалғыз күш-қуат – ұлттық мүдде. Бұл аксиома. Әйтпесе жер бетіндегінің күллісі ұлттық мемлекет құрар ма еді. Қазақстан халқы алдындағы жауапкершілікті сезініп, ой-сананы, рухты тұншықтырған жасанды, қияли жолдан бас тартайық. Жан сарайымыз сұранысы – табиғи жолымызға түсейік! Құздың жиегінде тұрған ұлт тағдыры үшін күресейік, «әй-қап!» деп қапы қалуды шапшаң уақыт көтере алмасы анық.

Асан Омаров,  ғалым-журналист

Мүтікен Ошыбаев, еңбек ардагері, қарт ұстаз

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар