Жұма, 4 Желтоқсан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 134706. Жазылғандар — 118643. Қайтыс болғандар — 2034
Саңлақ 2883 8 пікір 27 Мамыр, 2019 сағат 12:43

Қазақстанның «Халық Барысы» анықталды

26 мамырда Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде ұлттық спорт түрі белдесуден екінші кезекті республикалық «Халық Барысы» турнирі өтті.

«Халық Барысы-2019» турниріне еліміздің әр өңірінен келген мыңдаған балуан қатысты. 25 мамыр күні жарыстың іріктеу кезеңі өтіп, 32 балуан негізгі кезеңге жолдама алды.

Белдесу - балуанның жасы мен салмағына шектеу қойылмайтын нағыз халықтық спорт. Осы турнирдің бірден-бір ерекшелігі де сол, жарысқа 18 жастан 50 жасқа дейінгі кез-келген азаматы қатыса алады. Басты шарт, әрбір қатысушының салмағы 70 келіден асуы тиіс. Жарыс Қазақстан Республикасы федерациясы бекіткен ережелерге сәйкес өткізілді.

Екі күнге жалғасқан аламан доданың нәтижесінде, мыңнан оза шапқан төрт балуан арнайы жүлдеге ие болды. Айта кетерлігі, биылғы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады.

Сонымен, ақтық сында қостанайлық Талғат Жиентаевті жеңген Дәурен Нұралинов (Алматы қаласы) Қазақстанның екінші кезекті «Халық Барысы» атанды. Оған 9 млн теңге, диплом, медаль, шапан сыйға тартылды. Оның бапкері әрі тұңғыш кезеңті «Халық Барысы» турнирінің жеңімпазы Мақсат Қиқымовқа 1 млн теңге сыйақы берілді.

Ал финалда сүрінген Талғат Жиентаев (Қостанай облысы) 4,5 млн теңге, диплом, медаль және шапан сыйға алды. Оның бапкері Тоқтар Жиентаев 500 мың теңгемен сыйланды.

ІІІ орын алған Ғалымжан Қырықбаев (Жамбыл облысы) 2,7 млн теңгеге ие болды. Бұдан бөлек, арнайы диплом, медаль, шапан сыйға тартылды. Жаттықтырушысы Бахтияр Ақбергеновке 300 мың теңге табысталды. ІV орын иегері Ернар Мағауинов (Алматы қаласы) 1,8 млн теңгеге қоса, диплом, медаль, шапанмен сыйланды. Оның жаттықтырушысы Ермек Насиевке 200 мың теңге берілді.

Ұлттық спорт ұлықталған турнирге ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Е.Рамазанов, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, Мәскеу олимпиадасының жеңімпазы Ж.Үшкемпіров, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері Д.Биткөзов, ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті А.Шораевтар қатысты.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

8 пікір