Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
46 - сөз 4114 2 пікір 14 Мамыр, 2019 сағат 13:23

Бермингем абақтысынан хат

1963 жылы сәуір айында қара нәсілді адамдардың құқығын қорғап, ереуілге бастап шыққаны үшін абақтыға тоғытылған Мартин Лютер Кингтің хаты. Бұл тұлғаның Америкада неліктен ерекше құрметке ие болғандын енді ғана түсінгендей болдым. Сүйсіндім. Біліміне, ойының тереңдігіне, адами болмысына. Содан кейін, өзімше қысқарған, еркін аударма жасап, сіздермен бөлісейін деп шештім. Ұққан адамға ой да, тағылым да жетерлік екен.

Хақ жолындағы қадірлі бауырларым!

Сіздерге, не себептен Бермингем абақтысында отырғанымды түсіндіргім келеді... Атлантада алаңсыз отыра алмадым, себебі Бермингем заңсыздық билік ететін өлкеге айналды. Бір жерде болып жатқан әділетсіздік жер жаһандағы әділеттілікке әсер етпей қоймайды. Сіздер Бермингемде өтіп жатқан ереуілді өрескел, жөнсіз іс-әрекет деп таныған боларсыздар. Алайда, ереуілдің себебін ұғынбаған сияқтысыздар.

Кез келген бейбіт шеру 4 сатыдан тұрады: 1) заңбұзушылық болғаны жөнінде нақты дәлелді анықтау 2) келіссөз жүргізу 3) өз-өзіңді дайындау 4) іс-шара қолдану.

Біз Бермингемде бұл сатылардың бәрінен өттік. Нәсілшілдік қоғамды жұтып барады. Қара нәсілділерге қатысты заңның әділетсіздігі жалпақ жұртқа мәлім шындық. Өткен жылдың қыркүйек айында экономика саласында беделді біраз ақ нәсілді тұлғалармен келіссөз жүргізген едік. Нәтижесінде олар бізге дүкендердегі бейәдеп жазбаларды алдырып, бәрін ретке келтіреміз деп уәде еткен. Күндер, апталар, айлар жылжып жатыр, еш өзгеріс жоқ. Сондықтан біз келер саты, өзіміздің рухымызды нығайтуға көштік. «Ертең абақтыға жауып, қинаса төзе аласыңдар ма?» деп сұрадық. Қорлықтан зәрезап болған аға-бауыр, іні-қарындастарым қолдау көрсетті. Атақты Сократтың айтқанындай, тұңғиықтан жарыққа шығу үшін ой- сананы өзгерту қажет...

Тарих – қуаныш пен қайғыға толы ұзақ әңгіме. Бір білеріміз, ешқашан қолында билігі бар күш иелері адамгершілік пен мейірім жолында биліктегі орынтақтарын босатқан емес. Кеше бір заңгерден тамаша сөз естіп едім: «Ұзаққа созылған әділет – шындығында әділетсіздік» деген. Біздің жайымыз дәл осындай. «Күтіңіздер, сабыр етіңіздер» деген сөз әр қара нәсілдінің жадында сақталып қалған.Себебі жылдар бойы еститініміз осы сөз ғана. Азия және Африка елдері зымыранның жылдамдығындай саяси тәуелсіздік алу жолында алға жылжып келеді, ал біз болсақ атжеккен арбадай тасбақаның жүрісімен келеміз. Қорлық көрмеген адамның «Күтіңіздер» деп айтуы оңай, алайда, егер сіздің аға, бауыр, қарындастарыңызды полиция қызметкерлері аяусыз жаншып, тепкілеп жатса, абақтыға жапса, заңды өз қалауларымен пайдаланса, өлтірсе, жазықсыз қарияларыңызды соққыға жықса, 20 млн-нан астам қара нәсілді ағайындарым шалқыған байлықтың ортасында отырып, жоқшылықпен күн кешсе... т.т. бізді түсінетін едіңіздер.

Шыдамның да шегі бар.
Сіздер, бізді заңбұзушы деп айыптайсыздар. Мәселе заңның екі түрі бар: әділетті және әділетсіз. Әулие Августинмен келісемін: «Әділетсіз заң – заң емес» деген. Әділетті заң Ар алдында да, Құдай алдында да ақ болады. Әділетсіз заң – ар заңына сәйкес келмейтін ережелер жиынтығы. Адамның адамгершілік болмысын қорғайтын кез-келген заң әділетті болмақ. Ешқашан ұмытпайық: Германияда Гитлердің қылған ісі заңды еді, ал, венгрлер заңбұзушылар болды. Заңбұзушы венгрлер еврейлерге көмектесіп, оларды ажалдан аман сақтап, тығып, мейірім танытты. Бұл заңсыз әрекет еді. Егер мен сол кезеңде Германияда өмір сүрген болсам, еш ойланбастан еврей халқына көмек қолын созар едім. Сіздер мені көпшілікті шатастырып жүрген экстремист ретінде айыптайсыздар. Бұларыңыз, тарихтағы Сократқа жасалған қиянат тәрізді. Пәлсапалық ойлары мен ақиқат жолындағы адалдығы үшін Сократқа бір жұтым цикутты (улы өсімдік сығындысы) ішкізген қатігез көпшілік емес пе еді? Менің бір Техастағы ақ нәсілді досым хат жазыпты: «Қара нәсілділер түптің түбінде ақ нәсілділермен тең дәрежеде болатынын бәрі біледі. Бәлкім, сіздер тым асығыс шешім шығарып жатқан боларсыздар. Христиан дінінің орнығуына екі мың жылдан астам уақыт керек болды» - деп. Шындығында уақыт бейтарап ұғым. Ойлап отырсам, залымдар уақытты дұрыс пайдалана алады екен. Біздің дәуірдегі адамдарға залымдардың күнәсі мен сөзі үшін ғана емес, мылқау адамдай үнсіздіктері үшін де кешірім сұрау керек. Құдайдың жолында адамзатқа игілік істеу үшін де батылдық пен күш-жігер қажет.

Біз бостандыққа қол жеткіземіз. Бермингемде де, бүкіл Америкада да еркіндік орнайтын кез келеді. Себебі, бұл жерге дін таратушылар келмей тұрып-ақ біздің ата-бабаларымыз осынау Плимутты мекен етті. Джефферсонның қаламы тәуелсіздік декларациясына қол қоймай тұрып біз осы жерде болдық. Ата-бабаларымыз ақысыз маңдай терімен үй салып, еңбек етіп, осынау өлкенің тарихын жазып шықты. Қанша ғасыр құлдықтан азап шексе де төтеп берген біздің халық, енді, тәуелсіздікке қол жеткізеді. Себебі, одан басқа мақсатымыз жоқ. Сондықтан, әділет жолында бостандық үшін күресеміз.
Егер мен тар қапаста отырып жазған осынау хатта әлдекімнің көңіліне қаяу түсіріп, жанын жараласам, я өтірік(артық не кем) айтсам, ғафу етіңіздер. Құдайдан да кешірім сұраймын. Сіздердің ар сенімдеріңіз бекем деп сенемін. Баршамыз бірігіп, нәсілге бөлінбей бейбіт өмір сүретін күнге жетеміз, мені түсінерсіздер деген үміттемін.

Бейбітшілік пен бірлік жолындағы кіші Мартин Лютер Кинг.

Қарлығаш Әубәкірованың facebook парақшасынан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1495
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1349
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1095
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1137