Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ел іші... 6639 25 пікір 14 Мамыр, 2019 сағат 09:19

Әміржанға аманат

Мен қазағымнан қорқайын дедім...

Алдымен бір әфсана. Мінәйі себептермен Алла-Тағала он ұлттың он өкілінің не тілесе де айтқанын беретін болыпты дейді. Бірақ, бәріне де бір шарт қойыпты: «Сенің көршіңе сенің сұрағаныңнан – ол менен ешнәрсе сұрамаса да – екі есе көп етіп беремін!» Біреуі бала, біреуі байлық, біреуі бақ, біреуі ұзақ өмір сұрап жатыр дейді. Кезек қазаққа келгенде: «менің бір көзімді ағызып жібер!» депті...

Мен бұны ешкімге тең көрмейтін қазағымды мұқату үшін айтып отырған жоқпын. Күйгенімнен айтып отырмын. Әйтпесе, әлемде жан басына шаққанда қазақтай талантты, дарынды, қабылетті, алғыр, бейім, төзімді ұлт жоқ! Бірақ, әділеттігі де шексіз, сол себепті жақсы мен жаманды қамшының өріміндей бірге жарататын Алла бізге күншілдік, көреалмаушылық, іштарлық, алауыздық, рушылдық, жүзшілдік секілді адымымызды аштырмайтын, құлашымызды создырмайтын қасиеттерді де аямай берген. Және сана да беріп, қандай таңдау жасауды өз еркімізге қойған...

Президент сайлауына Әміржан Қосанов деген азамат қатысамын дегелі, әсіресе ол үміткер ретінде ресми түрде тіркелгелі бері оны жерден алып, жерге салып, небір «масқарасын шығарып» жатқандар көбейіп кетті. Түптеп келгенде одан Қосановттың қылшығы да қисаймайды, ұтылатын баяғы қазақ қана болады. Өйткені, 28 жылда бірінші рет - салыстырмалы түрде болса да – жалпы халық атынан үміткердің сайлауға қатысуына мүмкіндік беріліп отыр  Біз осы кішкентай мүмкіндікті барынша молынан пайдаланып қалуға міндетті емеспіз бе? Неге оның өткенін қазбалай береміз? «Жұрт оның кім екенін білсін!» Жақсы, білді, күнәсі көп пенде екен. «Мен – періштемін!» дейтін қайсыңыз бар?! «Арылайын десем де пенделіктен, арылатын болмадым. Ол неліктен?!» деп еңіреп өтті Мұқағали. Ең болмаса, осы бір айға пенделіктен арылайық та, бауырлар! Әміржан әкемізді өлтірген болса да, тек соған дауыс берейік.

«9-маусым 2019 ж. Ұрпағымыздың болашағын айқындайтын күн. Қателессек құрдымға кетеміз. "Қазақстан" деген ел картадан өшіп, орнында Батыс Қытай, Оңтүстік Ресей, Солтүстік Түрікменстан болсын демесең, сайлауға барып, өз таңдауыңды жаса!» Өмір Шыныбекұлы досым фейсбукке осылай деп жазыпты. Ел ағасының сөзі. Дөп сөз!

Біз – көппіз. Халық – Алланың 99 есімінің бірі. Мәселе Әміржанның өткенінде емес, мәселе бүгінгі күнде. Өткенге – салауат, алдағыға – аманат! Міне, біз ұстанар ұстаным.

Біз бұл сайлауға қатысқаннан ештеңе ұтылмаймыз. Тек қана ұтамыз. Біріншіден, бір айға жуық уақыт не айтқымыз келеді, бәрімізге соны жеткізіп қалуға мүмкіндік туады. Екіншіден, кімнің кім екені айқын көрінеді, көп адамның бетпердесі сыпырылады. Оның ішінде биліктің де, оппозия аталып жүрген ұйымдардың да. Үшіншіден, ең бастысы да осы, қарапайым халық теңдессіз тәжірибе жинайды.  Жоғарғы билік тұрмақ, әлі күнге дейін сот пен прокурордың өзін жарты құдайдай көретін жұрт билік дегеніміз бар болғаны біздің, халықтың өз ақшасына жалдап отырған жалдамалы қызметшілері ғана екеніне көзі жетеді. Билікті ауыстыру өзінің қолында екенін  көзімен көреді, көңіліне тоқиды. Бүгін өз үміткерін таққа отырғызған халыққа ертең ол уәдеден айныса немесе оның қолынан сөз болмаса іс келмейтінін көрсе, оны да ауыстырып ала қоятын болады...

Осы жерде екінші әффсана.

«Мен мүгедек болуға да дайынмын!»

Бағзы заманда туған жерінен жырақта жүрген бір бабамыз бір төбелес үстінде қолы қате тиіп, қарсыласын өлтіріп қойыпты. Төрелік жасаған қазы-билер өлім жазасына кесіпті. Қылмыскер сонда: «Менің адам өлтіру деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе еді. Маңдайға жазылған екен, амал жоқ... Еліме барып, әке-шеше, қатын, бала-шағаммен қоштасып, қарыз-парыздарымнан құтылып қайтайын» деп, бір айға мұрсат сұрапты. Қазы «бұл жігіт уәдесінде тұрады» деп кім кепіл бола алады дейді. Ешкім оны танымайды. Сол кезде белгілі бір азамат кепілдікті мойнына алады. Жігіт болса сол кеткеннен мол кетеді. Уәделескен уақыт бітіп, кепіл болған кісіні дарға асайын деп жатқанда жігіт те жетеді. Сонда қазы оны дарға асардан бұрын: «Сен құтылып кеткен жеріңе қалайша қайтып келдің?» деп сұрайды. Жігіт сонда: «Мен қайтып келмесем болашақ ұрпаққа уәдеде тұрмау, серттен таю деген жаман өнеге қалдырып кетемін ғой деп, соны ойлап қайтып келдім» дейді. Қазы енді өз елінің азаматына бұрылады: «Сен неге сеніп кепілдік бердің?» «Мен кепілге алмасам, болашақ ұрпақта сөзге сенбейтін жаман өнеге пайда болады ғой. Сенім деген ұлы ұғым жоғалып кетпесін деп, соны ойладым» дейді. Сол шақта қаза тапқан жігіттің ата-анасы: «Бұндай адамның сөзіне сенбесек, болашақ ұрпақта кешірім бермейтін жаман өнеге қалыптасар» деп, әлгі жігітті жазалаңдар деген талабын қайтып алған екен...

Бауырлар! Біз бүгін болашақ ұрпақтың қамын ойласақ үлкен өзгерістің, қара басымыздың қамын күйіттесек үлкен дүрбелең, топалаңның алдында тұрмыз. Халықтың Құдайдан бір жас қана кіші екеніне күн санап көзі жетіп келе жатқан көпшілік қазір өткенге кешіріммен қарап, Әміржанға бәрі бір адамдай дауыс берсе, оның алмайтын асуы жоқ.

Екінші жағынан, халықтың белсенділік деңгейі де Әміржанның өзіне тікелей қатысты. Үлкендер жағы саған сеніммен, кішілер жағы үмітпен қарап отыр, Әміржан. Сайлауалды платформаң өңкей жалпы сөзден құралыпты. Әрине, оған сен кінәлі емессің.  Оның Орталық сайлау комиссиясының сүзгісінен жүнін жұлған тауықтай болып шыққанын көзі ашық жанның бәрі түсінер. Енді, үгіт-насихат науқанында сенің өзің, сенің сенімді өкілдерің сол жалпы сөздерге жан бітіріп, нақтылай білсеңдер болды.

Мысалы:

1). Қазақтың ең жанды жері - Жер ешкімге сатылмайтын болуы тиіс. Ол үшін Жер кодексін өзгерту, оны өзгерту үшін Конституцияны қайта қарау керек.

2). Қазба байлықты өндіріп жатқан алпауыт кәсіпорындарымыз шетелдіктердің қарауынан қайтадан түгел мемлекет қарауына өтуі тиіс.

3). Шетелдік компаниялармен жасалған барлық келісім-шарттар (о.і. бірінші кезекте қытайлық 51 кәсіпорын туралы) қазақтың Ұлттық Мүддесі тұрғысынан қайта қаралуы тиіс.

4). Қазақ тілі 3 жыл ішінде – Парламент пен Үкімет үшін 6 ай да жеткілікті! - іс жүзінде толық мемлекеттік тілге айналатын бағдарлама қабылданбай болмайды.

5). Парламент бір палаталы, депутаттар тікелей сайланатын болып қайта құрылуы тиіс.

6).Шетелдердегі келемін дейтін қазақ қанша, нақты зерттеліп, 5 жылдың ішінде  олардың бәрін әкеліп алу керек. «Ол мемлекет үшін ешқандай проблема емес, тек саяси жігер керек». Бұл - сонау 2005 жылы маған сұхбат берген кезінде  Ораз Жандосовтың айтқан сөзі.

7). Жоғары және арнайы оқу орындарында білім алу тегін болуы тиіс.

8). Ғылымға бөлінетін қаржы бүгінгідей ЖІӨ-нің 0,29 пайызын емес (айтуға ұят!), кемі 3 пайызды құрауы керек.

Әміржан! Саған ешкім бұл жерде ақыл айтып, данышпансымайды. Жұрт айтса өзінің талабы мен тілегін ғана айтады. Мен өз басым Американы Ұлы депрессиядан құтқарған Ф.Рузвельттің: «Мен елдегі ең ақылды жігіт емеспін. Бірақ, қасыма ертең ең ақылды жігіттерді жинап алуға ақылым да, ерік-жігерім де жетеді» деген сөзі есіңде болса деймін. Және ол күні ертең сенімді өкілдерді таңдағаныңнан-ақ көрінеді. Сол сенімді өкілдерің әр облыста өзге үміткерлердің өкілдерімен дебатқа шыққаны жөн болады.

Алда не күтіп тұрғанын бір Аллаға ғана аян. Көптің жүгіне арқаңды тосқан екенсің, алдыңнан жарылқасын! Тек «жаман айтпай жақсы жоқ», о дүниелік болып кетуден бастап мәңгілікке мүгедек (Рузвельт секілді) болып қалуға дейін (беті аулақ, әрине), бәріне даяр бол. Алла-Тағала: «Әуелі адамның ойына беремін. Сосын сөзіне  беремін. Сосын өзіне  (яғни, ісіне) беремін» деген екен. Әзірге қандай ойың барын уәжді, дәлелді, дәйекті, нақты сөздермен жеткізе білу деген мәселе тұр. Ол сенің қолыңнан келеді. Мұхаммед пайғамбар (с.ә.с): «Адам істің дұрыс істесін-дағы, қалғанын Аллаға тапсырсын» деген. Ал, істің дұрысы – халыққа шындықты айту болмақ. Не айтсаң да тек шыныңды айт! Ертең бір жерден  жалған сөзің шығып қалып, жарға жығып жүрмесін. «Шынайылыққа негізделмеген ешбір іс баянды болмайды» деген америкалық жазушы Т.Драйзер. Шынайылыққа негізделмеген өмірге қазақ тойып болды...

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

25 пікір